ФАНТАСТИКА – ҒЫЛЫМИ ОЙ-ӨРІСТІ ТӘРБИЕЛЕЙДІ
Шәмшиден ӘБДІРАМАН,
жазушы
Қазақтың рухани қазынасының Қара шаңырағы санатында аталатын Одағымыздың жыл ішінде өткізілетін осынау жиынында жетістігімізді жіліктеп, асатын асуларға назарымызды аудара тұрсақ та, Тәуелсіздіктің ширек ғасырында әлі бастай алмай жатқан істеріміз жайлы сөз қозғаудың әбестігі болмаса керек.
Бірден айтайын, бұл әдебиетіміздің ғылыми-фантастика жанрына тікелей байланысты мәселе. Себебі, сонау ықылым заманнан-ақ шіркін солай болса деп аңсаған әлеуметтік жағдайын әу баста өсер ұрпағының арманымен қанаттандырар әдебиет дейтін ауылдың алғашқы қара қосы болып тігілген, ал бүгін біздер ауыз әдебиеттің қиял-ғажайып тақырыбы деп ертегі-әпсаналарға еншілеген өнер бастауын шығармашылығымыздың шынары емес дей аламыз ба? Менімше, жоқ. Кәзір соның жұрнағын ғылыми-фантастикалық жанр деп те, кейде ойланып жатпай оны болашақтық деп те, кейде болжамдық деп те, кейде ғылыми-қиялдық деп те болмыстық шындыққа жанастыра қазақшалайтынымыз осыдан болса керек. Дей тұрсақ та, маған салса табиғи талантымен дараланатын қаламгер атаулының бәрін де фантастар тобына жатқызар едім. Өйткені, қаламгердің қайсысы болсын таңдаған тақырыбының иін қандырып, шынайылығына оқырманын сендіру үшін өзі куә болған жәйттарды ғана емес, ғылыми ой-өрісіне қол артары ақиқат. Мысал үшін алысқа бармай-ақ, Ұлы Дала деп аталатын аймақты жайлап жатқан қазақ деген ұлттың халық болып қалыптасқан кезеңдерін ойша шолып өтсек те жеткілікті ғой деймін. Қазір ғылымда осы аймақтағы қазақ ұлтының түп-тұқияндық алғашқы ұйысуы 60-70 мың жыл бұрын басталатындығы шүбәсіз дәлелденді де. Сонда біздің бабаларымыз Жер ғаламшарындағы адамзат өркениеттің бастауындағы басты дәуірлерді бастан өткерген болып шығады екен. Атап айтсақ, бұл осыдан, 40 мың жылдай бұрын Жер шарының соңғы мұз дәуірінде терістік пен түстіктен жылжыған мұз құрсауындағы Каспий теңізінен Қиыр Шығысқа дейін созылып жатқан құрлықтағы адамзат тіршілігіне қатысты болып шығатындығы. Өйткені, қазақтар сол заманның алып жануары мамонтты Зіл деп атағандығы және бүгін де ауыр затты – зілдей деп жататыны соның нақты дәлелі демекпіз. Мәселен, ағылшындар мамонттың атауын латын тілінде атайды. Себебі, ол кезде бүгінгі Англияның мекені болған арал болған емес-тін. Ендеше, өткенімізге үңілгісі келген жазушы ғылыми ой-өрісін кеңейтпей тұрып, қалам ұстамасы талассыз. Егер қазақтың сонау қауымдық дәуірінде үскірік аяздан қорғанысы тас үңгір болды десек тілімізде күні бүгінге дейін тілдік қолданыстағы қараңғылықты да «тастай» деп, тәнді тітіркетер суықтықты да, қаттыны да тасқа балай тұра, шақпақ тастан алынған от жылуының тек тән рахатын ғана емес, адамның рухани ой-өрісінің, қоғамдық формацияның қозғаушы күші болмады дей аламыз ба?! Әрине, жоқ. Сонда бүгінде қайсыбіріміз «от+басы» атауын жанұя деп жүрсек, осы атаудың өзі тас үңгірлік ғұмырдың өңін мәңгі бұзбас портреті болып қала беретіндігіне кім шүбәланар! Ал өскен ұрпағының бір отбасына сыймай, басқа жерден ошақ ашуын – «от+ау» дегізетін дербестік пен «Отан» деген қасиетті ұғымының бастауы сол «от» емес пе! Демек, осының бәрі сонау қазақ қауымының басынан өткерген ғұмырлық жәдігері емес дей аламыз ба?! Жоқ, әрине. Немесе талант тас жарады, тас жармаса бас жарады делінетін мәтел ше немесе «тас» сөзіне тілі келгенде нәрестенің еңбегінің қатаятындығы, яғни бүгінгі медицина ұғымында адам жадының нағыз алғырлық кезеңі 3-5 жас арасына бағалайтындығы да жәдігерлік фактор емес дей алмаймыз. Және де тіліміздегі бүгінде алғашқы мағыналық ауқымында ұғым беретін «аңыз» сөзінің де сол кезеңдегі бабаларымыздың аң ізіне байланысты қолданған ақпараты емес пе! О кезде қалта телефоны жоқ аңшылар ізге қарап сақтанатын жыртқыштардың немесе аулайтын аңның мекен бағытына болжайтын мәліметтерді белгі-таңбалармен меншіктемеді деймісің. Осылайша бүгінгі қазақ даласында жиі ұшырасатын тастағы тамгалардың туындатқан басты себепті де аңғару қиын емес. Түптеп келгенде, бұл кейін жүйелік негіздегі иероглифтік белгіні құрап, әліппеге айналғандығын ғылым бекерге шығармайды. Бүгінде біздер Орхон-Енисей жазуынан бұрын да түркі жұртына руналық жазудың болғандығын білеміз. Егер жазу-сызу адамзат өркениетін шырқау биіктікке көтергендігін мойындасақ, қазақ қауымының бүгінгі мекен-жайы әлі оқылмай жатқан тарихи қазына екендігі күмәнсіз. Осыдан кейінгі бүгінгі Қазақ Елін неге Мәңгі Ел демеске?! Мұның басқаға емес, алдымен өзіміз айта білуіміз қажет.
Бірақ біздің айыбымыз күні бүгінге дейін санамызды жайлап алған құлдық психологиядан құтылуға ұмтылмайтындығымыз ғана. Әйтпесе Ресей тәрізді федеративті мемлекет басшысы Путиннің «Қазақтарда бұрын мемлекет болмады», – дегенде, осы отырған ағайындар арасынан олай емес деп дауыс көтергендердің кездеспеуі қалай? Иван Грозныйды орыс патшасы деп жариялау мерзімінің өзі қазақ хандығынан он жылдан кейін ғана болды емес пе?!
Дегенмен, бүгінгі қандас ғалымдар арасынан санамызға сәуле түсіретін жайттар жоқ емес. Мысал үшін КГБ қудалауында жүріп 40-50 жылдай байырғы жерімізді мекендеген ұлтымыздың – 40 ғасырдан әрі кететін ғұмырлық кезеңін дәлелдеп шыққан ғалым Оразақ Смағұловтың зерттеуін бәріміздің білмеуіміз де ғажап емес. Бұл тұжырым соңғы кезде АҚШ ғалымдарының тектік теориясындағы алғаш Африкада пайда болған адамзаттың кейпі – бүгінгі Азияны мекендеген халықта, яғни қазіргі Қазақ даласындағы тегіміздің 60% деңгейінде сақталып қалуы Смағұлов зерттеуінің растығын дәлелдей түседі.
Өткен жиырмасыншы ғасырымыздың басында есімі мен шығармалары әлем оқырмандарына белгілі Жюль Верннің (дұрысы Julies Verne) ғылыми-саяхаттық, ғылыми-географиялық деп жазған романдарын орыс тіліне аударғанда ағылшынның «Shience Fiktion» – «Ғылыми болашақтық» терминін гректің «фантазия» сөзіне тұспалдап жіберілгені белгілі. Сөйтіп, бұл термин Кеңес Одағы аясында бізде кең тарап кетті де.
Несі бар, әдебиетіміздің жанрлары проза, роман, поэзия (поэма) деп те, драма деп те топтастырып жүрміз ғой. Осы отырғандардың аты-жөнін құжаттағанда мағынасыздыққа бойымыз үйреніп алғаны сондай, оған мән беріп жатпаймыз. Оған мысал 10-15 жылдың ауқымында «Кеңестік көшпенділер» сериясында 12 фантастикалық роман берген жазушы Сақиев екендігінен жаңылыспаймыз. Бірақ қазақта «Сақи» деген сөз жоқ қой! Мағынасыз атаудың білдей қаламгердің қазақи есімін бермей тұрғанына Жүніс әріптесіміз соңғы шығармасында Сақұлы деп өз тегін «ев» пен «ов» жұрнақтарынан аластай келіп, фантастиканы «болашақтық» деп өзгертейік деген ұсынысынан оның жанайқайын түсінуге болады.
Сан-салалы әдебиетіміздің алғашқы қара қосының қадасын қаққан А.Машанидің бірде жаңа замандағы қазақи фантастиканың бастауын – Ұлы бабамыздың қанжығасына байлағаны бар-ды. Дәлірек айтсам, Әл-Фараби бабамыз сол кездегі Испаниядағы Кордова қаласын астана еткен екінші Халифаттағы әрі ғалым, әрі ақын шәкірті әл-Туфилге «Мың бір түн» кемесінен белгісіз аралда қалып қойған жанның жанкешті ғұмырлық сюжетін ұсынғандығын айтқан еді. Бұл кітап «Яқия» деп аталған фантастикалық романға айналып, орта ғасырлардағы Батыс Еуропа елдері тіліне «Мәңгі жасайтын Яқия» деген атпен аударылады. Бірақ бұл сюжет Даниел Дефоның «Робинзон Крузо» кітабына ауысып, тек кейіпкер әйелдің исламның қасиетті күні Жұма деп айтылуымен ізін суытқандығын да білеміз. Сен осыны зертте деген Ақжан абыздың үнтаспасындағы сұхбаты 2007 жылы шыққан «Ақжан Машани» эссе романыма кірген-ді.
Құрметті әріптестер, сөзіміздің басында ескерткендей, айтпағымыз бүгінгі жазушылар қауымының бір пайызына жетпейтін фантастар санына қарай шығармашылық деңгейінің төмендеп кеткендігі еді ғой. Бүйте берсек енді 20-30 жылда әлемдік фантастика жанрынан алатын орнымыз бетімізге шіркеу бола ма деп те қауіптенемін. Бұның басты себебі, осынау Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық дәуірінде жасөспірімдердің ғылыми ой-өрісін тәрбиелеу мүлдем жадымыздан шығып кеткендей. Мұның дәлелі – жастарға арналған бірде-бір мезгілдік ғылыми-көпшілік басылымның болмауы. Осындай ұрпақ тәрбиенің заманауи талабына қоғамдық пікірге мұрындық болатын жазушылар қауымының сырт қалуы қалай? Рас, өткен жылдардың бірінде ҚР Үкіметі мен Білім және ғылым министрлігіне арналған пікір де ұсынған едік. Одан әлі хабарсызбыз.
Егер кешегі коммунистік қоғамда Қ.Сәтбаев сынды ғалымның «орысша шығатын ғылыми-көпшілік басылымдар сияқты қазақ тілінде неге журнал шығармасқа», – деген пікірі қамшы болды ма, 1960 жылы «Білім және еңбек» (кейін «Зерде» аталған) журналының алғашқы жылдардағы таралымы 40 мыңға жетіп, оқырманның игілігіне айналғандығын ескерсек, мәселенің көкейкестілігіне шүбәланбас едік. Бүгінде жасы 80-ді алқымдап қалған қазақ фантастарының қатары сол кезеңде бой көтергені белгілі. Қазір олардың біразы түйе қарауға кетті. Бірақ қатарымыз соңғы 25 жылдың ауқымында өсе қойған жоқ. Осы ретте Елбасымыздың келесі жылдан бастап жастарға кәсіби-техникалық білім беруді қолға алуды қарастыруын ескерсек, бүгінгі жас буынның ғылыми ой-өрісін өркендету де күн тәртібіне шығатыны күмәнсіз.
ПІКІРЛЕР5