ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІН ОЙЛАСАҚ…
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург
Бүгінгі таңда Қазақстанды ең дамыған отыз елдің қатарына қосу міндетін алға қойып отырмыз. Бұл үшін қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану қажет. Сол мүмкіндіктердің бірі – мәдени-рухани байлығымыз: яғни әдебиет пен өнер. Осыған орай, Қазақстан Үкіметі мәдениетімізге, оның ішінде ұлттық әдебиетімізге қолдау көрсетуге әрқашан да айрықша назар аударуы қажет. Бұл жөнінде көңіл қуантарлық жақсы істер де баршылық. Мысалы, әдебиет пен өнер саласындағы Президенттік және Мемлекеттік стипендияны ең көп алып жүрген – ақын, жазушылар. Дегенмен, тез арада шешуді қажет ететін күрделі мәселелер де аз емес. Солардың ең бастыларының бірі – жазушылардың жаңа кітаптарын жарыққа шығарып, тарату мәселесі. Қазіргі кезде бұл жұмыс ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама әдебиетімізді дамытуға, қаламгерлердің жаңа, сапалы шығармалар тудыруына жағдай жасап, жарық көрген кітаптардың қалың көпшілікке көптеп жетуіне қызмет етуі тиіс. Бірақ бағдарлама өз міндетін ойдағыдай орындай алмай отыр. Мысалы, мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптардың таралымы – 2 мың ғана. Бұл, басқаны былай қойғанда, еліміздегі кітапханалардың оннан біріне де жетпейді. Ал сонда жұртшылық өздеріне қажетті кітаптарды қайдан алады? Сондай-ақ, кітаптың шынайы иесі – авторға төленетін қаламақы мәселесі де шешілмеген.
Әдебиетіміз бен кітап шығарудағы мұндай жағдайдың қалыптасуының себебі неде?! Мұның себебі – біздегі кітап шығару жұмысы қазіргі заман талабына, яғни нарық заңдылығына мүлдем бейімделмеген. Бұған нақты дәлел келтірейік. Нарықтық қатынасқа арқа сүйейтін өркениетті елдерде әдебиетті дамыту мен кітап шығару негізінен үш сатыдан тұрады. Оның біріншісі – кітаптың түпнұсқасын автордан сатып алу. Екіншісі – ол түпнұсқаны кітап етіп, басып шығару. Үшіншісі – дайын болған кітапты тарату, негізінен саудаға шығарып, сату. Осыған орай, өркениетті елдерде кітап шығару – бизнестің ең тиімді түрінің бірі. Оларда кітап саудасының менеджменті барынша дамыған. Жақсы жазушының табатын табысы да, кітаптарының таралымы да барынша жоғары. Тіпті, бұл мәселе өзімізбен көрші Ресейде де айтарлықтай алға басқан. Қазір Қазақстандағы кітап дүкендерін Ресейдің өнімдерінің «жаулап» алуы – осының нақты дәлелі.
Ал біздің Қазақстанда бұл үш саланың тек екіншісі ғана нақты жұмыс істейді. Яғни біздегі мемлекет тарапынан кітап шығаруға арналған «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы, аты анық көрсетіп тұрғандай, тек кітап шығаруға ғана арналған. Ал сонда өзге елдердегідей кітапты автордан сатып алу, шыққан кітапты жұртқа таратумен кім айналысады?! Бұл белгісіз. Кітап шығаратын жекеменшік баспалар, негізінен аталмыш бағдарламадан бөлінген қаржыдан тиісті үлестерін алып, автордың дайын қолжазбасын баспаханаға өткізіп, кітапты мемлекеттік тапсырыста көрсетілген 2 мың таралыммен ғана шығарып, оны тиісті жерге жеткізіп , соған жұмсалған шығындардан қалған пайдасын көріп, үнсіз отыра береді. Әдебиетті дамытайық, тек қана жақсы шығарма шығарайық, халықтың сұранысын ескеріп, кітаптың таралымын көбейтіп, менеджмент мәселесін қолға алайық деген ешкімнің қаперіне кірмейді.
Ал енді осы айтылған кемшіліктерді қалай түзеп, дұрыс жолға қайтіп қоямыз? Бұл үшін, ең алдымен, өркениеттегі елдердегі кітап шығару мен таратудың жоғарыда айтылған нарыққа негізделген тәжірибесін дұрыс пайдалана білу керек. Сондай-ақ, өзіміздегі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасының ауқымын қазіргіден әлдеқайда кеңейтіп, оны авторлардан жаңа шығарма сатып алу және тарату туралы мақсат-міндеттермен толықтыру қажет. Әрине, қазіргідей күрделі кезеңде бұл бағдарламаға бұрынғыдай бірден мол қаржы бөлінеді деп айта алмаймыз. Бірақ алдағы бір-екі жылда экономикамыз қайта көтеріледі. Сондықтан да жаңа бағдарлама ұзақ мерзімге арналып, кешенді түрде жасалуы тиіс. Ал мұндай жаңа бағдарлама жасалмаса, әдебиетті дамытамыз, жазушыларға қолдау көрсетеміз, халықты кітаппен қамтамасыз етеміз деген мәселенің бәрі ешқашан жүзеге аспайтын бос әңгіме болып қала береді.
Сондықтан әдебиетіміздің ертеңін ойласақ, оның болашағына жанымыз ашитыны рас болса, осы мәселені жедел қолға алу керек.