«Сен есірке, тыныш ұйқтат, бақ сөзіме!»
22.07.2025
63
0

Ұлы Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма…» деп басталатын жан азасын ақтарған толғау жыры бар. Абайдың бұл толғауы – расында ағайынмен арзу айтысқан, келер ұрпаққа мұңын шағып, тіл қатқан реквием жыр. Ақшатау бауырындағы Көшбике жайлауында болған болыстық сайлауда Абайға қамшы тиеді.

Хакімге қамшы тигені туралы баласы Тұрағұл заманында былай деп ашына жазған екен: «Біздің қазақ сорлы мансап­қа таласпай жүре ме? 1898 жылы сайлау болғанда, бұрынғы Мұқыр атанған елдің сайлауына менің әкем барған.
…Мұқыр болысының ішіндегі менің әкемнің тілеулестері жалынып, жалпайып апарған. Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қас пен көздің арасында тұратұғын қазақ, менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа қарай ауыса бастаса керек. Бастығы Оразбай жолдастарымен, «осының өзіне қол тигізіп, бір таңба салмасақ, ел ескі әдетімен ауа береді» десіп, уезнойдың қасында әңгімелесіп отырған Абайға қолдарыңды тигізіп, жанжал шығарыңдар деп жіберген.
…Таяқ тиді не, тимеді не, әйтеуір, «Абайды ұрдық!» деген атын көтеріп мұратына жетті».
Абайға қамшы сілтеген, таяқ көтерген, әрине, айтаққа жүгірген тобыр ғой. Сол тобырдың ішінде еліріп, желөкпе жастар да жүргенге ұқсайды. Өкінішке қарай, Абаймен алысатын әсіре даңғой әумесерлер бүгінгі жастар мен жасамыстардың да арасынан көрініп қалып жатыр. Шағын деректі фильмдер түсіріп танылған журналист-блогер жуырда Ақылбай, Әбіш, Мағыштай айбоз ұлдарды дүниеге әкелген Ділдә анамыз бен Абай арасындағы ерлі-зайыптыларға тән табиғи жақындықты анайы сөзбен жариялап, естіген елдің бетін қызартты. Онысы әлгі журналист-блогердің өзінше хайп қуғаны болса керек. Әлгінің ізін ала тағы бір дүлей: «Абай баласы Ақылбаймен әйелге таласқан, Абай маған авторитет емес», – деп шықты. Шет елде тұратын бір ғалымсымақ, «Абай өлең жазбаған, Абайға ой да, ақындық та қонбаған» дегенді айтып жер-әлемді шулатып жүр. Бір сұмдығы – осының бәрі тұтас ел болып және ЮНЕСКО дәрежесінде аталып өтіп жататын Абай Құнанбайұлының айтулы мерейжастарының қарсаңында әр-әркімнің аузынан айтылады да әрі қарай бықси жөнеледі. Соған қарағанда, бұл қазақтың Абайдай асқар тауын құлатып, рухын сындыруға арналған астыртын әрекеттердің бірі ме деп қаласың.
Біздің елімізде Мемлекет басшысынан бастап, Парламент депутаттарының, судьялардың, қоғам қайраткерлерінің, қарапайым азаматтардың құқығын қорғап, ар-ожданын қорғайтын заң нормалары Конституциямызда, Қылымыстық кодексте, Баспасөз қызметінде арнайы көрсетілген. Бірақ бұл заң нормалары «ортамызда жүрген азаматтың ар-ожданына қол сұқпа, абайла, оның көзі кеткен соң не десең де өзің біл» дегенді ғана талап етпесе керек. Қазақтың ахлағында: «Өлген адамның жаманы жоқ…». Біз – бәріміз, ел болып, жұрт болып, заң, құқық мәселесін қадағалайтын органдар мен қоғамдық иниституттар болып, Абай мен өзге де асылдарымызды аузы лас арам ниеттілерге қорлатпай, жас өскінді ұлттық инабат пен әдепке шақыруымыз қажет.
«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма…» атты реквием-жырында Абай кел­ер ұрпаққа қаратып не деп еді? Еске алайық­шы.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйқтат, бақ сөзіме!
Жүрегіңнің түбіне терең бойла, жас ұрпақ! Хакім атаңды орынсыз ыржақпен текке мазалама!

Қазақстан Жазушылар
одағының хатшылығы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір