ТЫНЫШ МҰХИТ
28.07.2023
273
0

 

Қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен Тыныш ақын – Тыныштықбек Әбдікәкімұлы 70 жасқа толды 

Сонау студент шағымыз еді. Бір күні Семей жақтан жанартау атқылады. Бұрын да әлденеше рет сыртқа лықсып, тыным таппай жүрген болуы мүмкін. Бірақ бұл жолғы атқылауы жойқын-ды. Жас жанартау. Жырдың жанартауы. Тынши бермейтін жанартау. 

Әдетте жанартау түгілі жырдың жаңбыры сіркіресе, елең ететін кезіміз. Алты қырдан алпыс құлан қайырып, Алматыны шулатып жүретін арқалы ақындардың арасында жоқ еді ол. Өзінің өсіп-өнген өлкесінде өлең өріп өмір кешіп жатқан көрінеді. Содан Алатаудың етегін жайлаған елу бақсы, сексен шайырдың бір құлағы Семейге қарай үнемі түрулі болды. Сондағы Тыныштықбек ақынның сөзбен салған суреті мынау еді:
Не деп саған жазайын,.. қой қоздаған,
Тау мөңіреп, аспанда Ай боздаған.
Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,..
түсініксіз діріл бар бойда аздаған.

Не деп саған жазайын,.. төбет үрген…
Сандырақтап Түз жатыр көне тілде.
Аш байғыздар пәлекет шақырады,
осы түнде қырылып өлетіндей.

Не деп саған жазайын,.. көк өспеген.
Өмір сүріп жатырмыз елеспенен.
Тірі тышқан көрмеген тарғыл мысық
даңғырлатып ойнайды тегешпенен.

Сұқ саусағы әр қойын санап бағар
Қойшы қойды қораға қаматпаған.
Түн қылауын қидалап құлағымен,
осқырынып қояды торы ат маған…

Ол сол арқылы поэзия пейзажының жаңа тұрпатын жадымызға жаттатты. Санамызға сіңірді. Ойымызға орнықтырды. Миымызға мінгізді. Сол мінгеннен мол мінді…
Оның аты Тыныш болғанымен, заты тыныш емес-ті. Семейінде жай жатпады, жырғап жатты. Қазақ өлеңін ішінен де, сыртынан да түрлендірді. Адам айтқысыз эксперименттер жасады. Жыр ағыны мен ой ағынының қос бұйдасын қатар ұстады. Жырдың шалқымасынан ойдың аңқымасына дейінгі жанкешті жолдан өтті. Атамекенін тастап Алатауды қоныс қылуға қызыққан да жоқ. Тұрпаты бөлек, тынысы ерек Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Қарт Семейді саялап, Қарт Мерейді аялап, қара өлеңді маялап, мағыналы ғұмыр кешіп келеді. Бір кездегі Тыныш бұлақ, Тыныш қайнар қазір кемерінен асып төгілген Тыныш мұхитқа айналды. Қазақ поэзиясының Тыныш та Тынық мұхиты!

** * 

Бүгін бір мұхитты тербеттік. Төрт мұхитты түгелдемей-ақ қояйық… Жер-әлемді де, жыр-әлемді де жалт қаратқан жайдары жұпар жетпісіңіз құтты болсын, аға! Толғана беріңіз, толғай беріңіз, тереңдей беріңіз!

Бауыржан
ОМАРҰЛЫ 

Тыныштықбек АҢҚЫЛЫ

Шәр-Семейде – «Шәкерімнің даңғылын»
Мекен қылып тұрып жатыр Ар-Ғұн ұл.
Күйікқанат періштеге ұқсайды ол,
Кешіп келген жұмақ жақтың шалғынын.

Құстарынан сәуір үні саңқыған,
Бұлттарынан мамыр үні аңқыған;
Айды арқалап аққулары қалқыған,
Жұлдызында Тәңір үні балқыған –
Сұрапыл бар – сай жылайтын зарпынан,
Бір ақын бар – Ай құлайтын антынан!
…Шөгіп қалған жықпылына жанының
Дегелеңнің үстіндегі бар тұман.

Түсіп кеткен тіл салақтап тиынға
Келе алмайды ол мұнша батпақ жиынға.
Айтқыза ма білгенінің біреуін –
Миллион көз тұрса алақтап миында?!

Тарпаң ба, әлде ырғып өткен араннан,
Салқам ба, әлде тысқарылау санаңнан?
Түршіктіріп жалған ауа жаланған,
Бүршікті іліп Ар Жақтағы Ғаламнан,
Ыршып шығып жербетілік харамнан,
Нәрем алған Жұпар Иіс тағамнан.
Жердің қиы сатылғанда өліп ол,
Жердің мыйы атылғанда жаралған!

Қара тастың тамырына шам жағып,
Жарығына отырады таңданып –
Мөр басылған Пешененің Аллалық –
Көшірмесін Ақ Қағазға Таңба ғып.
Сана көзін тұмшалап ап бір Ақ Мұң,
Самалына алып шыққан жұмақтың.
Тұнығында – аңқылы бар бұлақтың,
Ұғымында қаңқылы ұран жүр Аққу,
Жұлынында – жалқыны бар Шырақтың,
Төбесінде көшіп барад бір Ақ Мұң!..

Ел қондырған Шыңғыстауға, шамасы,
Мамай батыр – асыл сойы – бабасы.
Абай жатыр – дақыл еккен данасы,
Шүпілдейді дәнге толы қанасы.
…Мұңайтады еске түсіп анасы,
Көрінгенде Қарауылдың қарасы.

Мас боп түсіп қалған Ғарыш-Қайықтан,
Кетеді ұқсап келген жанға Ғайыптан.
Қайық қайда? –
Түсіре алмай Есіне
Қиналады сәтінде енді айыққан.

Көрешегі қолында ма адамның?! –
Сонда да оған шағым айтам, шағам мұң:
«Бытқылында қаңғып кетпей Ғаламның,
Тұтқынында жүре тұр, – деп, – Шағанның!..»
Семей шәрі – сегізінші қабатта,
Енген сынды Сегізінші Абатқа,
Шығып қалған пендешілік санақтан,
Құлыпты алған – Пейішке еніп Санаттан;
Қауырсыны Қара Түнді қанатқан,
Қанатының жарқылында жаны аққан
Шәйір тұрып жатыр.
Қара!
Қарап қал!

Қарасаңыз –
ұл ұғынса, ұқса қыз,
Санаңызбен шайнамай-ақ түк сағыз –
«Тыныштықбек Аңқылына» өтесіз,
«Шәкерімнің Даңғылынан» шықсаңыз!..

Айт-Ман

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір