АҚЫННЫҢ АРҒЫМАҚ ДӘУІРІ
Олжас Сүлейменов жасындай жарқ етіп, әдебиет әлеміне келгелі тұп-тура елу бес жыл болды.
Ғарышқа алғаш адам ұшқан 1961 жылдың сәуірі адамзат ғұмырнамасында жаңа дәуірдің ғана емес, тарихқа алпысыншы жылғылар деген айбынды, айдынды атпен еркін енген асау толқынның атақты өкілі Сүлейменов Олжас есімді 25 жасар ақынның да томағасын қалай сыпырғаны ел есінде, тарих жадында. Тұяғының дүбірі алыстан жетіп, алысқа кетер ақынның бүгінгі арғымақ дәуіріне бастау болған сол сәулелі сәуірден бері де тұп-тура елу бес жыл өтті.
Халқымыз «елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Елу жыл ішінде жұмыр бас пенделердің мәңгілік мекені болған қара жер адам танығысыздай өзгерді. Күні кеше ғана іргесі шайқалмастай көрінген «алтыншы империя» тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып, екі ғасыр тоғысында әлемнің саяси картасына жаңа атаулар енді. Адамзат баласын алаң көңіл еткен тарихи дүмпулер, аймақтық қақтығыстар молайып, құндылық атаулының ең ұлысы – сөз өнері де жаңа дәуірдің алуан түрлі сын-сынақтарын көре бастады.
Оқырман қатары азайғанымен сөз өнерінің өрісін кеңейтуге ұмтылушылар саны кемімеген бүгінгідей аламаны қалың заманда көркем сөздің туын жықпай, биік ұстау қолына қалам алған әрбір жазушыға қалай сын болса, әдебиетінің тағдыр-талайын ойлап, ұлтының рухани тұтастығын толғаған елге де, ел тізгінін ұстаған азаматтарға да солай сын.
Өйткені…
Әдебиет – елдің кескіні, ұлттың ұлы қазынасы.
Олжас – өзгерген заманда өзгермей ғұмыр кешіп келе жатқан сол әдебиет есімді ел кескіні мен мінезін танытар ғажайып әлемнің қайыпберен мінезді қайсар өкілі, Алаш жұртының ойлау параметрлерінің мүмкіндігін алты құрлыққа еркін танытқан, ойы мен сөзі ер үстінен түспеген ұлттың кемеңгер бітімді перзенттерінің бірі, бірегейі!
Ол – халқының ары мен ожданын, жігері мен намысын арқалап, Тәңір бұйыртқан ақындық дарыны мен қайраткерлік қарымын өзінің туған еліне, жұртына қалтқысыз арнаудан еш жаңылмаған, арын, иманын тұмар қып түйген тұғырлы тұлға.
Ол – құбылыс!
Ол – жиырмасыншы ғасыр тұсауын кескен ұлт феномені!
Иә…
Олжас шығармаларын орыс тілінде жазады.
Бірақ…
Тұлға табиғатына байыппен қарап, барынша тереңірек үңілген зерделі жан оның жаны, рухы, болмысы Қазақ екеніне еш шүбә келтірмейді. Олжастың орысшасынан жусанды дала мен бетегелі белдің, төрт түлігін өргізіп, ондаған ғасырлар бойына ұрпақ өсіріп, өзінің ұлттық бітімін сақтаған сайын сахараның иісі аңқып тұрады. Сары даланың сағымын кешкен ақын қиялына қанат біткен сәттерде жер-жаһанды кезуі заңды. Соның өзінде ақынның мына он сегіз мың ғаламның жұмбағы мен сырын арқалаған киесі де, иесі де ұлы Жаратушы болған. Жер хақындағы толғанысынан қазақы мінезді аңғармау мүмкін емес.
«Кружись, айналайын. Земля моя!
Как никто
Я сегодня тебя понимаю.
Все болезни твои
на себя принимаю.
Я кочую, кружусь по дорогам твоим…», – деген жолдардағы далалық дүниетанымның саумал самалындай есіп тұрған жалғыз «айналайын» сөзінің өзі неге тұрады?! «Арғымағы» ондаған ғасырларға жалын сүйгізіп, Тәуелсіз жұртымызға – Ұлы Дала Еліне рух берген «Шығыстың шұғылалы шағы»; замана, дәуірлер соқпағынан бағыт түзеп, бағдар іздеген, «Қыш кітабы», «Аз и Я»-сы, «Адамға табын, жер ендісі!»; ұрпақ, ұлт ойына қанат бітірер, тамыры тым тереңде жатқан түркілік дәуірлерді ұйқысынан оятар «Мың бір сөзі» – берісі – ұлттық әдебиеттің, әрісі – адамзат өркениетінің қазынасын молайтар құндылықтар санатынан екені айдан анық.
Қара орман қазақ пен аламаны қою Алаш мәдениетін әлемдік абыройдың асқарына көтерген, жалынды сөзімен жүректерге от өрген, «Махамбеттен қалып қойған бір тамшы, мен бейбақ Хафиз болып тусамшы» деп, өз шығармаларымен өркениет дүниесіне кең өріс ашқан Олжас Сүлейменовтің ұлт мәдениеті мен ұлт әдебиетіндегі орны, абыройы мен беделі ерекше екенін уақыт дейтін ұлы сыншы дәлелдеп отыр.
Ақынның отандық әдебиетті дамытуға қосқан айырықша үлесін, сондай-ақ, бейбітшілік пен азаматтық келісімді нығайтуға бағытталған белсенді қоғамдық қызметін жоғары бағалай отырып, Ел Президенті өз пәрменімен Олжас Омарұлы Сүлейменовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қоюы біздерді – руханият әлемінің қайраткерлерін, әсіресе қаламгерлер қауымын зор қуаныш сезіміне бөледі.
Елбасы сенімі – ел сенімі!
Елбасы құрметі – ел құрметі!
Сайып келгенде, бұл – ұлт руханиятына, ұлт әдебиетіне көрсетілген сенім мен құрметтің нышаны!
Алаш әдебиетін айдынға бастар ағалық кезеңі құтты болсын!
Мерейіңіз үстем болсын, Олжеке!
Құрметпен,
Сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы
Нұрлан ОРАЗАЛИН.
18 мамыр, 2016 жыл.