ҚАЗАҚИ ҚАЛЖЫҢ

«Малтүгел»
«Әр елдің салты басқа…», – деп қазақ тегін айтпаған. Оған дүниежүзі халықтарының салт-санасы, әдет-ғұрпы дәлел болып отыр. Кез келген жерде өзіне тән қызық оқиға, әзіл-оспақ эпосты жырлар мен аңыз әңгімелер ғасырдан ғасырға мирас болып сақталып келеді. Осындай аңқаулық, момындық, аңғалдықтан туындап, халық аузында аңызға айналған, күлкіге, көңілашар қызыққа толы оқиғалар біздің «Малтүгел» аулына да тән қасиет.
Ертеде өмір сүрген Әйең деген аңқау, момын, сонымен бірге аса бай адам болыпты. Момындығы сонша, сан санай да білмепті. Көп жылқысын Биесимастың шатына әкеп иіргенде түбек толса, мал түгел дейді екен де, түбек орта болса, мал кем деп жан-жаққа сабылып, жоқ іздейді екен. Малды осылай түгендеуден барып Әйең аулы «Малтүгел» атанып кетіпті.
Малтекеңдердің тұз егуі
Ол кезде тұзды да туу алыстан сатып алатын кез. Бір пұт тұзын атының жамбасына өңгеріп алып, Малтекең келе жатса, Сыбан аулынан бір қу жігіті жер жыртып жүрсе керек. Аман-сәлемнен кейін:
– Ой, не егіп жүрсіңдер? – деп сұрайды Малтекең.
– Тұз егіп жүрмін, – дейді жігіт бүлк етпей.
– Ой, тұз да шыға ма екен?! – дейді, тұз жаламаған малы құрғыр маңқа бола бастаған Малтекең өзінің мұқтаж затына мойынсына.
– Шыққанда қандай, біздің былтырғы еккен тұзымыз басын көтере алмай жығылып қалды, – дейді жігіт.
– Япыр-ай, ә? – деп Малтекең ойланып қалады. – Сонда осы бір пұт тұзды қанша жерге себуге болады?
– Қом арқаннан он арқанды жалғасаңыз жетіп жатыр!
Ауылға келе күрекпен жер ойып, әлгі тұзды сеуіп тастайды. «Тарбағатай» совхозының бірінші фермасы орналасқан елді мекенді әзірге дейін «Әйең ащысы» деп атайды. Содан бұл ауыл «тұз еккен малтүгел» атанып кетіпті.
Алакөлдің өлшемі
Ол заманда бұл секілді жұмыс бар ма? Ақсақалдар кешке таман Қартамыстың Қарашоқысының басына шығып алып, өткен-кеткенді айтып, әңгіме-дүкен құрады екен. Сондай бір бастары қосылғанда алыстан мұнартқан Алакөлге көздері түсіпті.
– Әй, осы Алакөлдің суы қанша болар екен? – дейді ақсақалдың бірі, өзгелердің бәріне ой салып. Сонда екіншісі отырып:
– Көңіл қазы, көз таразысы, Әйекеңнің қара қазанымен өлшенсе жүз қазаннан аспас, – деген екен жарықтық.
Құрықпен берілген қол
Жазғытұрымғы қар еріп жатқан кез екен. Шәкіртінің өзені арнасынан асып-тасып жатыпты. Малтекең мал қарап жүрсе керек. Арғы жақтан Әбіш деген құрдасын көреді. Амандасайын десе қолдары жетпейді, ауыз аманын азсынады. Енді қайту керек? Құрық та болса қолымда ұстап тұрмын ғой дейді де, құрықтың ұшын жағадағы құрдасына ұсынады. Әбіш қушыкештеу кісі екен. Тартып қалғанда құрықты қысып ұстаған Малтекең атынан ауып, тасып жатқан суға көміліпті де кетіпті. Құрдасының аты мықты екен, суға тұншыққан Малтекеңді әзер алып шығыпты.
Айранды өзен
Арық-тұрақ малына шөп шауып алу үшін Малтекең ауыл азаматтарын жинап, шалғы-орағын алып, айран-қатықтарын қанжығаларына байлап, Өкпекті–Қызылтастағы қыстауына келеді. Шалғы тартқан жігіттер шөлдеп, «қатық езіп ішейік» десе тостаған, саптыаяқтарын ұмытып кетіпті. «Бәрібір суға езіп ішпейміз бе, – дейді ақыл тапқан бірі. – Одан да бастауға төгейік те, шетінен іше берейік». Қалғандары ақыл екен деседі де, торсықтағы айран-қатықты ағын суға құяды. Айран аға бастайды. Жігіттер жүгіріп жүріп жұта береді. Су тұра ма, шалаптанып аға береді, аға береді. Көздері қимай ағарған суды көп ішкен жігіттер түгел іштері кеуіп, жұмыс істей алмай үйлеріне қайтады. Содан былай бұл бастау «Айранды өзен» атаныпты.
Ой, бауырым!
Малтекең жарықтық «Ешкіөлмес» жақтан елік қарап жүрсе, қарсы алдынан Қабыш деген араласып жүретін адамы жолыға кетеді.
– Ой, сен Қабышпысың?
– Иә, Қабышпын.
– Әкеңді өлді деп естіп едік, рас па?
– Рас.
– Онда сен де атыңнан түс, мен де атымнан түсейін, қазір екеуміз көрісеміз, – дейді. Қабыш түсіп жайғасып отырғанша Малтекең желіңкіреп едәуір жерге барады да, «ой, бауырымдап» қайта шабады. Ажырататын адам болмай екеуі айдалада көп уақыт көрісіп тұрыпты.
Әулие апа
Малтекеңнің қартайған апасы қайтыс болады. Ол заманда өлген адамды түйеге артады екен. Сүйек артқан түйе Берікқараның бауырын бөктерлеп жанама жолмен жүріпті. Азалы адамдар алдыға түсіп аяңдап отырады. Кешке таман қабыршыларға жетеді. Түйені шөгерсе үстіндегі сүйек жоқ болып шығады. «Апамыз әулие адам еді ғой. Алладан аян болып, Меккеге алып кетпесе?» – деседі жиналып алып.
– Солай болған шығар. Сүйінші сұратып ауылға кісі шаптырайық, – деген тоқтамға келеді. Шабарман ауылға келсе, жол үстінде сырғи-сырғи түйеден түсіп қалған өлікті, жолшыбай жүргіншілер тауып алып, ауылға әкеп отырыпты. Сөйтсе, «еті ауырмасын» деп ақырын байлаған екен. Түйе ілгері-кейін изектеп жүргенде сусып кетіпті.
Астың иесіне арнаңыз!
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Апама ас беремін деген Малтекең ат шаптырып ел жияды. Құран-хатым түсірген молла арабшасын айтып-айтып келіп, ақырында: «Адам ата, Хауа ана, жүз жиырма төрт мың пайғамбар, отыз үш мың сақаба, уа, әм, әулие-әмбиелерге, күллі мұсылман әулетіне үшбу, хатымды бағыштаймын», – деп артын қазақшалап қолын жаяды. Сонда Малтекең орнынан тұрып:
– Молдеке, мұныңызға риза емеспін. Әлгі айтқанның бәріне бөлсең, қасқа аттың еті түгел салсаң да жетпейді. Біреу үшін біреу мал жиып жүрген жоқ. Әлгі Құраныңызды осы үйден шыққан астың иесіне арнаңыз, – деген екен.
Әзірейіл келе жатыр
Малтекең көбінесе қасына бір жігіт ертіп, мал аралап жүретін көрінеді. Осы әдетінше Егізқызылдағы жылқылар қасына барып, жылқы аралап жүргенде кенет боран соғып, қайтерін білмей қатты сасады. «Жасаған иемнің жазуы осы шығар», – дейді де, аттан түсіп, қардан кеуектетіп үңгір қаздырады. «Хайуанның қарызы қалмаса, аттардың ауыздығын алып, тізгіннің түр де, үзеңгісін қайырып байлап қоя бер. Менің түлкі тымағымды құрықтың ұшына байлап, қарға шаншы. Соған қарап сүйегімізді тауып алады. Ал қане, қарағым, артық-ауысымыз болса кешейік. Көзіміздің тірісінде көрісіп қалайық», – деп көрісіп арыздасады. Екеуі кеуекке кіргеннен кейін кешкі боран кешікпей үңгірдің аузын жауып тастайды.
Ертеңіне қостағы жылқышылар мал түгендеуге жылқыға келгенде, ер-тоқымды аттарды көреді. Жан-жақтан іздеп жүріп, шанышқан құрыққа кез болады. Кеуекте жатып, жылқышылардың дүбірін естіген Малтекең:
– Әзірейіл келіп қалды, не дейміз? – дейді сасып-салбырап.
– Мұсылман екенімізді білсін. Дінім ислам деңіз, – дейді жанындағы.
Осы кезде жылқышылардың қар шұқыған құрығы кеуекті тесіп кетіпті.
Садақаға берген бидай
Ойдағы егіншілерден екі пұт бидай сатып алып, қоржынының екі жақ басына салған Малтекең Қарағаш өзенінің бойында отырған ауылдардан шай ішпек болып бір үйге түседі.
– Ауылдан шыққалы көп болды. Біздің ауылдан хабар білдіңдер ме? – деп сұрайды жайғасып отырған соң. Қонағының мінезін білетін қудың бірі:
– Аман деп естиміз, – деп аздап қипақтайды. – Кешеден бері Өкпектінің тауы құлап, көп ауылды басып қалды деген қауесет шығып тұр. Анық-қанығын білмедік.
– Япыр-ай, – деп Малтекең абыржиды, – біздің ауыл сол таудың бауырында еді, көп жыл жасады ғой жарықтық. Астына су кетіп, құласа құлап та қалған шығар. Астығым осында тұра тұрсын, шауып барып біліп келейін, – деп шайға қарамай жүріп береді. Қайтып келгенше бидайды бәрі бөлісіп алыпты.
– Уа, ағайын, аманатымды алайын деп келдім, – дейді Малтекең.
– Сіз кеткен соң, біз де қорқып, енді бұны кім жейді деп садақаға таратып жіберіп едік, – дейді жігіттер. Сонда Малтекең:
– «Садақаны сауда бер» деген ғой. Өкпекті құлап қалса, күніміз не болар еді, – деп жайына кете барыпты дейді.
Тоқсан өгіздің терісі
Малтекеңнің қалың малы қыста отарлап, құмға, Құлыстайдың қалың қамысына, Еміл өзені бойына дейін барады екен. Алып айдаhардың сиыр тіліндей болған, Ебі желі, екі арнаны қуалай соғып, бір жағы Құлыстайды құлдаса, екінші жағы Алакөл, Үшаралды басып, Балқашқа дейін барады. Ебі бір соқса, бір жеті соғады. Ол кейде қарды қойып, жердің қара топырағын ұшырады. «Құлыстайдың құты да, жұты да осы Ебі» деген сөз осыдан қалған.
Найзақараға шығып отырған бір отырыста ақылгөй былай дейді:
– Осы Ебіні Орқашар тауындағы үңгірден шығады деп естідім. Апанның аузын бітеуге тоқсан өгіздің терісі жетеді дейді.
– Онда оңай екен ғой, – дейді Малтекең. – Тоқсан өгізді сойғызып, соған өзің бас болып барып, бітеп қайтыңдар. Малға жылы жайылым болсын.
Олар Еміл өзенін өрлеп, Ақсу, Көксу өзендерінен өтіп Қорымсу, Маралсу, Күрті деген жерлерге жетіп дем алып жатыпты. Орқашар тауының шын аты – «Ұры қашар» екен. Қалың жынысқа бекінген қарақшылардың бастығының аты Рай көрінеді.
Рай олардың ат-көлігін тегіс сыпырып алып, өздерін жаяу-жалпылы қоя береді. Сауға сұрап, жандары әзер қалады.
Ебінұр көлінің шайқалуымен Ебі желінің көтерілетіні Малтекең жарықтық қайдан білсін. «Райдан сақтаған Құдайға ден қойдым!» – деп мал атап сойыпты.
Қазыхан ӘШЕ