Қалжың қалта
27.09.2023
364
0

 МАҒАН ҚАЛМАҒАНБЕТОВ КЕРЕК!

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген халқымыз. Егер, қисыны келіп жатса, неге әзілдеспеске?! Бірақ «жөні осы екен» деп, шектен шықпаған да дұрыс.
Өткен ғасырдың 85 жылдары болатын. Қазір Астана қаласында тұратын зейнеткер, белгілі тележурналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Дәния Омашева ол кезде Қарағанды телевидениесінде аға редактор еді. Екеуміз бір бөлмеде отырамыз. Арамыздағы жалғыз телефон кенет шыр ете қалды. Аз-кем әңгімеден соң, Дәния тұтқаны қойып жатып:
– Көптен реті келмей жүр еді, қатырдым оны! – деп сылқ-сылқ күлді.
– Не болды, айтсаңызшы? Біз де бірге күлейік, – дедім қарап отырмай.
– Кейін естірсің, – деп құтылды.
Сәлден соң, «Жас қанат» хабарын жазып, бөлмеме кірсем, Дәкеңнің көңіл күйі көтеріңкі екен. Сөйтсем, бірер сағат бұрын мұғалімдер білімін жетілдіру институтынан құрбысы, ұлағатты ұстаз, әрі жеңгесі Сара Мұқанова:
– Қыз-ау, «Қалмағанбетов­тің» жұмыс телефонын айтшы? – депті.
Дәния болса, «Жаңалықтар» редакциясының редакторы, соғыс ардагері Шамшит
Қалмағанбетовті меңзеп тұрғанын іштей «біле тұрып», оған фамилиясы ұқсас, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші секретары (қазіргі үрдіспен айтқанда облыс әкімінің орынбасары) Жәлел Қалмағанбетовтің жұмыс телефонын берген ғой. Апамыз оны білмейді, әлгі жазып алған «телефонға» ізін суытпай хабарласады.
– Қалмағанбетов қайда? – деп сұрапты салған беттен.
– Кешіріңіз,
Қалмағанбетов обкомның бюросында, жиналыста отыр, – дейді хатшы қыз. Шамшит ағамызбен әрдайым әзілі жарасып, әрі жездесі ретінде қалжыңдасатын Сара апамыз телефон тұтқасын қойып жатып:
– Бюродан шыққан соң, мен оны бұйралатамын! Солай деп айтқын! Қарай көр, өзі шұғыл телефон соқсын дейді де, менің қоңырауымды тоспай, жиналысқа кетеді. Шыққаннан кейін міндетті түрде маған хабарлассын! Айтқын, Сара Балқашовна звондады, телефоны мынау! – деп сес көрсете сөзін аяқтапты.
Содан, «Апам да аң-таң, мен де аң-таң!» демекші, өмірі ондай өктем сөзді естімеген ақ үйдің хатшы қызы тосын жағдайға тосырқай қарайды. Арада жарты сағаттай уақыт өтеді. Әлгі «Қалмағанбетов» хабарласпаған соң Сара апамыз оған «сыбағасын» берейін деп қайтадан телефон соғыпты.
– Әлгі шал, жиналыстан әлі шыққан жоқ па?! Ол онда не істеп жатыр? Жоқ, әлде менің сөйлейтін сөзімді жазып отыр ма? – деп мәселені көлдеңінен бір-ақ қойған көрінеді.
– Кешіріңіз, Жәлел
Шубаевичке айтып едім, ол кісі сізді танымаймын, ондай адамға телефон шалсын деп айтқаным жоқ деді. Сондықтан хабарласпады.
– Танымағаны қалай, есі дұрыс па?! Қалқам-ау, ол өзі аты-жөнін өзгертіп, «секретарша» алған ба?! Түсінсем бұйырмасын!?…
– Кешіріңіз! Сіз қайда, кімге телефон соғып тұрсыз? – депті мәселенің мән-жайын білгісі келген хатшы қыз.
– Облыстық телевидениеге… редактор Қалмағанбетовке!..
– Кешіріңіз, сіз қателесіп тұрсыз! Бұл, телевидение емес. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Қалмағанбетовтің қабылдау бөлмесі.
– Ой, не..е..е.. дейді!.. Құдай-ау!.. Кешір қалқам, кешір!.. Мен телеарнаның «Жаңалықтар» редакциясындағы редактор Қалмағанбетовке звондап отырмын!, – деп Сәкең сасқанынан телефон тұтқасын қоя салыпты. Сол кезде барып, «тосын» жағдайдың тұзағына қалай түскенін, құрбысы
Дәнияның қалжыңынан соң, бір-ақ білген ғой. Аталмыш оқиғаның мән-жайын телефоннан естіген Дәкең рахаттана күліп отыр.
– Подруга, «терме тезек, келер кезек» деген – осы! Бірінші сәуір – күлкі күні мені «жақсылап» алдап едің, енді өзіңнен көр!
«Қалмағанбетов, Қалмағанбетов…» – деп қылқылдап қоймаған соң, обком партияда бір шаруасы болған шығар, – дедім де бастықтың телефонын бергенім рас. Редактор Шамшит Қалмағанбетовтің аты-жөнін ашық айтпайсың ба? – деп, қалжың сөздің қайырмасын қайталап, екеуі тағы да телефон арқылы біраз уақыт… «күлкісін» тия алмады.
Шіркін-ай! Өмірде осындай әдемі әзілдердің болғанына не жетсін!

Қапы қалды…

1982 жылдың қаңтар айы болатын. Сарыарқаның сары аязы басылар емес, ызғары өкпемізден өтіп барады. Соған қарамастан астықты Осакаров ауданына шұғыл іс-сапарға шықтық. Кеше ғана Мәскеуден қуанышты хабар жетті. Темір тұлпарды тізгіндеген облысымыздың мақтаулы механизатор қызы – Ғалия Канафина Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атаныпты. Мақсат – жерлесіміз жайлы «Жаңалықтар» бағдарламасына тездетіп бейнесюжет дайындау.
Әйтеуір, қарлы боранмен айқасып, түс мезгілінде Маржанкөл елдімекеніне әрең жеттік. Уақыт оздырмай қажетті бейнекөріністерді түсіріп, әңгіме-сұхбатымызды таспаға жазып алдық. Жұмыстан соң, совхоз директоры Еркінбек Теміров үйіне шақырып, дастарханынан дәм берді. Келгенімізге ризалығын білдіріп жатыр. Кештетіп Қарғандыға қайттық.
Жолда келеміз, сағат түнгі бірлер шамасы. Аспан шайдай ашық, бірақ күн керемет суық. Ол кезде қазіргідей мініс көлігіміз мықты емес, ГАЗ-69 маркалы машинамыздың іші аяздан азынап тұр. Соған қарамастан тоя ішкен тамақ пен бой жылытар арақ-шараптың қуатынан кинооператор Мейрам Ғабдуллин мызғып, жарық беруші Жұмабай Тұрсынбеков қалғып отыр. Арасындағы сергегі – мен. Қалаға жақындай бергенде ГАИ бекеті көрінді. Бір кезде «қызыл жағалы» жігіт алатаяғын ұстап жолға шыға бастады. Арамыз алыстау болса да, ай жарығынан оның қимыл- әрекеті айқын көрініп тұр.
– Әлеке, құдай ұрды! – деді бір кезде жүргізуші жігіт. Оның үрейлі даусынан бәріміз шошып кеттік. Бірден тоқтап, мәселенің мән-жа­йын сұрап, білдім. Сөйтсек, біз кино түсіріп жүргенде әлгі тізгіншіміз суықтан тоңған соң, ешкімге білдірмей «ащы судан» ұрттап алыпты. Енді, не істейміз? ГАИ қызметкері болса шамамен 150 метр жерде тосып тұр. Далада 40 градус аяз.
– Болар іс болды, не де болса барайық, – дедім жігіттерге. Бір кезде Мейрам:
– Әлеке, әлгінде совхоз директоры үйге барған соң, жеңгейге берерсіз деп бір-екі жартылық салып жатқан еді ғой. Соның біреуін іске асырайық, – деп, аяқ астынан қолқа салды. Содан соң бөтелкені ашып, Кеңес одағының 200 грамдық қырлы стақанына толтыра құйды да:
– Енді жүре бер! – деді жүргізушіге. Ақырындап манадан бері бізді тосып, дір-дір етіп тоңып тұрған ГАИ қызмекеріне жақындай бердік… Қасына келіп тоқтағанда ол қалыптасқан дәстүрмен оң қолын маңдайы­на тіреп, көлік жүргізушіден құжаттарын сұрады. Сол кезде Мейрам артқы есіктің терезесін ашып, міне «құжат!» – деп әлгі арақ толы «қырлы стақанды» ұсына қойды…
Бізді тосып, аяздан әбден тоңып қалған ГАИ қызметкері жан-жағына бір қарады да, әлгі стақандағы «ақаңның» бір тамшысын қалдырмай жұтып алды. Тіпті, «Закуска» да сұраған жоқ. Бір тілім тіске басар қазы-қартаны ұсынып едім, басын шайқап, аузын жеңімен сүртіп, бірауыз сөзге келместен «Жүре беріңдер!. Жүре беріңдер!..» – деп қолын бірақ сілтеді. Осылайша, Мейрамның аяқ астынан тапқырлық танытқанына риза болып, «Қайдасың Қарағанды?!» деп, біз де машинамызды қамшылай түстік.
– Шіркін-ай, арақтың да кейде пайдасы тиеді екен ғой! – деп әзілдеп қоямыз. Артымызға қарасақ, әлгі «қызылжағалы» жігіт қолындағы алатаяғын қолтығына қысып, жылы орнына жүгіріп барады екен…

 

 

Әли ТОЙЖІГІТОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір