ҚАЗАҚИ ҚИЯЛДЫ ҚИСЫНДЫРҒАН ХАМАҢ
Маңайына мейірім шуағын шашып, айналасына жақсылық тілеп жүретін жаны жайсаң адамдар болады. Өмір бойы жоғарғы мектепте ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген Абдул-Хамид ағамыз сондай адам еді. Ол өзінің жанашырлығымен, аталы сөздерімен, әдемі әзілдерімен, орынды юморларымен алдынан өткен мыңдаған шәкірттерінің есінде жақсы адам ретінде қалды. «Атым шықсын десең, мен сияқты есіміңді екіге бөліп дефис арқылы жаз» деп әзілдеуші еді марқұм. Жасы кіші әріптестері Әбеке деп еркелетсе, тұстастары оны Хама деп сыйлайтын. Оның тосыннан айтып қалатын арқалы афоризмдері, еріксіз езу тарттыратын зілсіз әзілдері ел арасына жайылып кеткен.
Қазақ ғылыми-фантастикасының негізін қалаушы, жазушы, филология ғылымының докторы, профессор Абдул-Хамит Мархабаевтың мәңгілік сапарға аттанғанына биыл он жыл болыпты. Кеше ғана жарқылдап арамызда жүретін, әзілдесіп, еркелетіп отыратын Әбекеңнің орны ойсырап қалғаны араласқан адамдарға әлі де қатты сезіледі. Бүгінде әйгілі фантасттың өзі де қиял-ғажайыпқа айналып кеткендей.
Абдул-Хамит Файзоллаұлы елу жылға жуық әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде ұстаз болды. Өмірінің соңғы күніне дейін осы қара шаңырақта сабақ берді. Осы уақыттың ішінде Әбекеңнен дәріс алған мыңдаған шәкірттері бүгінде Республикадағы барлық дерлік бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік қызметтерде еңбек етіп жүр. Олардың арасынан талай танымал мемлекет қайраткерлері, министрлер, депутаттар, ақын-жазушылар шықты. Сол шәкірттерінің барлығы Мархабаевты ақ пейілді жақсы адам, ақылшы аға, қызметіне адал ұстаз ретінде біледі. Ұстаздың ғалымдығы, білімділігі, ғылыми фантастика саласындағы жазғандары өз алдына, оның адами қасиеттері үшін шәкірттері, әріптестері, айналасындағылардың барлығы жақсы көрді.
Абдул-Хамид Мархабаев 1964 жылы республикалық «Білім және еңбек» ғылыми-көпшілік журналына келіп, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1967 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің қазақ журналистикасы кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент болды. Университеттегі педагогикалық қызметтен қол үзбей жүріп, 1967–1983 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналына бас редактор болып істеді. 1971 жылы «Қазақ әдебиетіндегі фантастиканың даму және қалыптасуы» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атанды, 1973 жылы Жазушылар одағына мүше болды.
А-Х. Мархабаев – қазақ әдебиетініндегі фантастика жанрының тарихы мен теориясын зерттеуші тұңғыш ғалым. Ол ғылыми атаққа ерте жеткенмен, докторлық еңбегін кеш қорғады. «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және…» (1978), «Қазақ фантастикалық әдебиеті» (1998), «Қиялгер қисындары» (2002), «Қазақ фантастикасының поэтикасы» (2008) сияқты докторлық еңбекке тұрарлық көлемді монографиялар авторға зерттеуші мәртебесін бергенмен, ғылыми атақты қорғау үшін қосымша еңбектену керек болды. Осылайша, Әбекең жетпіске таянған шағында, 2006 жылы филология ғылымының докторы дәрежесін алуы үшін «Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы» деген тақырыпта диссертация қорғады. Бұның өзі үлкен ерлік, табандылық дер едім.
«Сабыр түбі – сары алтын» деп қазақ бекер айтпаған деп отыратын Әбекең. Өзі ешқашан қатты ашуланған адам емес, ашу шақыратын жерде мәселені ойлы әзілге айналдырып, түйінді оңай шеше салатын, қандай да болмасын тығырық жағдайларды юмормен орнына келтіретін. Сонымен қатар алған бетінен қайтпайтын бірбеткейлігі де бар-тын. Бір жағынан жас кезінен соғыстың ауыртпалығын көріп, қиындықта өскен баланың мінезі осылай қалыптасуы заңды шығар. Бір әңгімесінде Әбекең:
«Арал қаласынан әріректе Көкарал деген жерде дүниеге келдім. Қазір ол арал жоқ, материкке ұласып кеткен. Туған жер деген ыстық қой, ұмытыла бастаған кейбір жайттар есіңе түседі. Әкеміз соғыстан оралмады. Мен ол кезде жас баламын, кескіні есімде еміс-еміс қалыпты. Кейіннен Арал қаласына көшіп келдік. Шешем нанбайшы болды. Соғыс кезіндегі қиыншылықтарды сезініп өстік. Әлі есімде шешеміз кешкісін жұмыстан келгенде мұз болып қатқан қара нанды пештің үстіне жылтуға қоятын. Аштықта талғажау болған қасиетті қара нанның дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Бала кезімізде кептер асырайтын едік. Соғыстан кейінгі балалар бейбітшілік құсын ерекше жақсы көрдік. Өйткені сол жылдары оба ауруы жайлап, ұшқан құс, жан-жануарлардың бәрі дерлік қырылып қалды. Ойын балаларының бар ермегі кептер асырау болды. Сабақты үздік оқыдым. Өте намысшыл едім. Тақылдап айтып берген жауабыма бес қоймаса ерегесіп мектепке бармай қоятын қырсықтығым болған. Бесінші сыныпта оқып жүргенімде бес қоймаған мұғалімге өкпелеп, мектепке мүлде бармай қойдым. Сөйтіп, келесі жылы 5 сыныпты қайта жалғастырдым. Журналистика саласына алып келген де осы мінезім болды. Математик боламын деген арманның жетегімен Алматыға келіп жоғарғы мектепке оқуға түстім. Институттың бір мұғалімі физикадан «төрт» деген баға қойып жіберіп, соған наразы болып, оқудан кетіп қалдым. Сөйтіп, журналистикаға ауыстым. «Қазақ әдебиеті» газетіне фантастика жанрындағы бірнеше әңгімелерім жарияланып, осы салаға біржолата бет бұруға себеп болды», – деп еді.
Сол кездерде маған берген өзінің кітабына жазған қолтаңбасында: «Сендерге үлгі болуға тырысып жүргенімді білсең ғой, Қайрош! Құрметпен А-Х. Мархабаев» деп қол қойыпты. Ондағысы – «қартайғанда докторлық диссертациямды қорғадым» дегені. 1971 жылы кандидаттық диссертацияны қорғаған болса, докторлығын 35 жылдан ке-йін қорғады. Басқалар болса, қолын бір сілтер еді, ал Әбекең ондай емес. Ол өмірінің соңына дейін еңбек етті және сол табандылығының арқасында көп нәрсеге қол жеткізді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, соған қоса әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің озық оқытушысы атағы мен төс белгілерін иемденді. Жетпістен асқан шағында республикалық жоғары оқу орындары бойынша Жылдың үздік оқытушысы атанды. Бертінге дейін оның ғылыми-фантастика жанрында жазған кітаптары баспадан шығып жатты. «Жазушы» баспасынан 2011 жылы шыққан «Қазақ қиялының «жүріс-тұрыстары» кітабын, «Фантастика жанры: тарих және теория» атты жоғары оқу орындарының гуманитарлық факультеттері мен бөлімшелеріне арналған монографиясын студенттер оқулық ретінде пайдаланады. Педагог-әдіскер дәрежесінде «Ислам=Ғылым+Журналистика», «Ислам ілімі – Ғылым алгоритмі» оқулық кітап жазды.
Қайтыс болардан бір жыл бұрын Әбекеңнің 75 жылдығы өзі қызмет істеп жүрген ортасы, ҚазҰУ Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен кең көлемде атап өтілді. Халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды, оған шетелдерден бір топ ғалымдар қатысты. Абдул-Хамид Мархабаевтың артында том-том фантастикалық шығармалары, ғылыми зерттеулері қалды. Фантаситка жанрына 1959 жылдан бері әңгіме-повестер жазыпты. Содан бері «Арал әуендері», «Жарылқаушы…», «Балалардың аман қалғанын айт!», «Тосын ғарышхат», «Шаян планетасы, сен кінәлісің!» сияқты он-он бестей дүниелері жеке кітап болып шықты. Осылардың ішінде біраз шығармалары «Молодая гвардия» баспасының жыл сайынғы «Фантастика» жинағында орыс тілінде, Киевтегі «Молодь» баспасында украин тілінде, Кишинев қаласындағы «Литература артистика» баспасында молдован тілінде аударылып жарық көрді.
ҚАЛАМГЕР ҚАЛЖЫҢЫ
Дипломды жазған кім?
Брежнев пе, әлде Қасымбеков…
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы болса керек. Ол кезде жоғары оқу орындарында Коммунистік партияның көсемдері Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Владимир Ильич Лениннен сілтеме жасалмай, бірде-бір диплом қорғалмайтын. Бұл – Леонид Ильич Брежневтің бүкіл мемлекет басшыларын қапсыра құшақтап, қос бетінен шөпілдетіп сүйіп, дәурені жүріп тұрған шақ. Сондықтан оның да өзі жазбаған, тіпті оқымаған еңбектерінен сілтеме жасауың қажет. Сондай тоқырау кезеңінде диплом қорғап жатқан Әбдіғани Қасымбеков деген студент бітіру жұмысында Брежневтің еңбектерінен көбірек сілтеме жасап жіберсе керек. Соны айтқысы келген емтихандық комиссияның мүшесі Абдулхамит Мархабаев сөз кезегі келгенде мінберге шығып тұрып:
– Бұл дипломды жазған Брежнев пе, әлде Қасымбеков пе? Мен соны айыра алмай тұрмын, – дейді мемлекеттік комиссия мүшелеріне мысқылдай қарап.
– Бәлкім, екеуі қосылып жазған шығар, – дейді комиссия мүшелерінің бірі Қалижан Құсайынов. Сонда Абдулхамит Мархабаев:
– Бәлеге қалатын жайымыз жоқ. Онда жұмысты өте жоғары бағалауға тура келеді, – деген екен.
***
Абдул-Хамид Мархабаев – қырық жылдан астам уақыт жоғары оқу орнында дәріс оқыған ұстаз, қазақ әдебиетініндегі фантастика жанрының тарихы мен теориясын зерттеуші тұңғыш және жалғыз ғалым. Ал оқырман қауым оны ұстаз емес, қиялгер-жазушы ретінде көбірек біледі. «Осы екі мамандықтың қайсысы сізге жақынырақ, қай жағына уақытты көбірек бөлесіз?» деп сұрадым бірде ол кісіден.
«Мамандығы дәрігер орыстың жазушысы Антон Чеховтың: «дәрігерлік менің – әйелім, ал әдебиет – ашынам» деген сөзі бар. Мен болсам, оқытушылықты бірінші орынға қояр едім. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абайдың осы бір дана сөзінің мағынасы өте тереңде деп білемін. Жастар – еліміздің болашағы, ертеңгі дүниенің тұтқасы солардың қолында. Оларға беретін тәрбиеміз, біліміміз болса аянбай еңбектенуіміз керек. Менің жағдайымда бүгінгі студент – ертеңгі журналист, әріптесім. Олардың әрқайсысы өздерінің ерекшеліктерімен, мінездерімен жеке-дара «жанр» тәрізді. Сондықтан оқытушылыққа үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Мен осы уақытқа дейін үш бағытта жұмыс істеп келдім. Алдымен, фантастика жазудан бастадым. Кейіннен, жоғары оқу орнына қызметке келіп ұстаздық жолға түстім.
Бүгінгі күнге дейінгі негізгі жұмысым – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде баспа ісі және редакциялау кафедрасында оқытушылық. Жоғарғы мектепке оқытушы болып келгеннен кейін осы фантастиканың тарихын саралап, терең зертеумен айналыса бастадым. Кейіннен оның теориясын жасаумен шұғылдандым. Ұстаздық ете жүріп, осы салаға көп уақытымды жұмсадым. Соған байланысты алдымен, қиялгер-жазушы, кейіннен, фантастиканы танушы, зерттеуші болдым деп айтуыма болады. Соған жеттім деп ойлаймын. Ал өзім айналысып жүрген ғылыми-фантастикалық жанрдың педагогикада көп пайдасы бар. Ғылыми-фантастика саласындағы жазған еңбектерім жастардың арманын асқақтатып, қиялдарын ұштайды, болашақтың техникаларын, технологияларын меңгеруге жетелейді деген үміттемін», – деп жауап берген еді Әбекең.
Кейіннен әкемдей болып кеткен Әбекеңмен мен сексенінші жылдардың соңына қарай жақын танысып, етене араласа бастадым. Студенті болдым, көрші тұрдық. Әкелі-баладай қарым-қатынаста болдық. Мархабаевтар отбасымен осы күнге дейін сыйластығымыз, байланысымыз үзілген емес. Әбекең ұстаз ретінде білімге тәрбиеледі, аға болып ақылын айтты, құрдасы сияқты жан сырымен бөлісті, еркеліктерімді әкемдей қабылдап, өзі де еркеледі, кейде маған балаша өкпелейтін кездері де болатын. Арамыздағы жас айырмашылығы жиырма жылдың үстінде болса да, біз осындай дос едік. Ертемен телефон шыр ете қалса, трубканың арғы жағынан Әбекеңнің «Әй бала, ояндың ба?» деген дауысы естілетіндей болып тұрады. Таңғы сағат 5-тен тұрып алып жұмыс істейтін Абдул-Хамид ағамның жұмысқа баратын уақытта үйге қоңырау шалып, ұйқым ашылғанша әңгіме айтатын әдеті еді.
«Ертегілердің бәрі қиялдан туған. Ертегілердегі «Жеті қабат жердің астындағыны еститін Саққұлақ», «аяғына тас байлап жүретін Желаяқтар» бүгінгі күннің техникалары түрінде дүниеден орын алды. Солардың бірі – ауызекі түрде осы күнге дейін жеткен Қорқыт аңызы. Су бетіне кілем жайып, Қорқыттың біраз уақыт ажалды жолатпауы жай айтыла салған сөз емес, күндердің күнінде өлімді кідіртетін шараның болатынына сенушілік, соны аңсаушылық», – дегені бар. Бұл фантастика емес пе? Халықтың осы аңсауын жүзеге асыру жолында геронтология ғылымы бүгінде зерделі жұмыстар жасап жатқанын білеміз. Демек, күндердің күнінде ғалымдардың оған да қол жеткізуі мүмкін ғой. Соған қарағанда, Қорқыт «көтерген мәселе» пәлендей негізсіз болмағаны шығар…» деп еді фантаст ағамыз бірде. Сол күнге өзі жетпеді, бірақ оның қиялы жетті.
Қиялгер ағамыздың оймен алысты болжайтын, алда болатын нәрсені сезетін қасиеті де болды. Зайыбы Мағрифа апай «мұның аспанмен байланысы бар шығар, айтқаны тура келеді» дейтін. Бірде ол: «Құдайға шүкір, біршама жасқа келдім, бірақ жасы жетпістен асқан адамның ертемен тұрғанда бір жері ауыру керек қой. Ал менде ол жоқ, соған қарағанда ақырзаманның шалдары ауырмай өле салатын шығар», – деп әзілдегені есімде. «Қойыңыз, Әбеке, сөйтіп айтуға бола ма екен, Құдайдың құлағына шалынбасын», – деймін. Содан біраз уақыт өткеннен кейін немересі Тайыр екеуі келе жатқанда аяғы тайып құлап, Әбекең жамбас ұршығын сындырып алды. Осындай жазым боларын өзі сезген-ау деп ойлаймын. Сөйтіп, ағамыз жоқ жерден бейнет тауып, өмірінің соңғы жылдарында балдақ ұстайтын болды. Оны да мойындағысы келмейді, әзілге айналдырады. Үйі университеттен алыс емес, сабаққа көлікпен барып, лекциясын оқиды да сол көлікпен үйіне қайтып келеді. Үйде отырған адам ішқұса болады ғой, телефон шалып күнде үйіне шақырады. Мен ол кезде «Айқын» газетінде тілші болып істеймін, жұмыс уақытында уақытым көп бола бермейді. Бармағаныма біраз күн өтсе керек, бір күні «балдақты тастайтын болдым, ортопедиялық орталыққа апарып маған таяқ алып бер» деп телефон соғады. Бардық. Әдемі таяқтардың бірін таңдап алып сүйеніп жүріп көрді. Болмады. Таяқпен жүруге әлі ерте екен. «Саған еркелегенім ғой, әйтпесе жындымын ба, балдақты таяққа айырбастап», – дейді. «Балдақты тастаңыз, аяқты жүруге үйретіңіз!» десем, жұлып алғандай «Неге тастайды екенмін, оны қанша ақшаға алғанымды сен білесің бе?» – дейді кейіген болып. Әбекең осындай ауырсынып тұрып күлетін, әзілмен бәрін жеңетін асыл азамат еді.
Жақсы адамның артында жақсы сөздер қалады. «Мархабаев айтқан екен» деген ұшқыр ойлар, ұтымды жауаптар, афоризмдер, еріксіз езу тарттыратын әдемі әзілдер халықтың аузында жүр. Әлеуметтік желіде көптеген шәкірттері қайтыс болған ұстазы туралы естеліктерін жазып, кейбіреулері естерінде қалған осындай әзілдерін әлі есіне алып отырады. Ұстаздың ғалымдығы, білімділігі, ғылыми фантастика саласындағы жазғандары өз алдына, оның осындай адами қасиеттері үшін оны шәкірттері, әріптестері, айналасындағылардың барлығы жақсы көрді.
Осындай ағамыздың жанында жүріп биік адамгершілік қасиеттерін тереңірек біле түстім, шәкірт кезімдегідей ол кісіден көп нәрсені үйрене бергім келді, өмірлік ұстаз тұттым. Әбекеңнің айтқандарының, берген тағылымдарының ұшығына қазірге дейін жете алмай жүрмін. Білімі ұшан-теңіз, берері әлі де мол асыл жан еді ғой қайран ағамыз. Кісімен де, кішімен де бірдей бола білетін, тең жүретін, жарықтық. Отбасымызбен араласа жүріп, ағалық мейірімінің шуағына бөленген сол жылдардың енді сағынышқа айналып кеткені жаныңды жабырқатады.
Өмір деген – осы. Бабалар салған жолменен рухани өміріміздің шырақшысы, қара сөздің қаламдозы, қиял-ғажайыптың шабандозы, талпынып ұшқан талай жас таланттардың ұлағатты ұстазы көзімізден бұлбұл ұшып кете барды, бірақ жүрегімізде ғажайып баяны қалды. «Жақсымен өткізген жарым сағаттың өзі жарты ғұмырға татиды» деуші еді ғой бабалар.
Осы Әбекең сияқты аяулы азаматтарды меңзеп айтылған сөз шығар. Ұстанымы жақсы ұстаз, ғибраты мол ақылшы болған Абдул-Хамид Мархабаевтай ағаммен өмір жолында ұшырасқаныма «тәуба» деймін. Сіз қашан да шәкірттеріңіздің жадында жүресіз, құрметті ұстаз!
Қайыржан ТӨРЕЖАН
Зейнолла Қабдолов,
ҚР Ғылым академиясының академигi,
Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты:
– Сөз өнерiн сүюшi қауым, қазақ әдебиетiндегi фантастика жанрында Мархабаевтың қаншалықты еңбек сiңiрiп жүргенiнен хабардар болар. Ол өткен ғасырдың 60-жылдарында әдебиетiмiзге екпiндi жас қиялгер-жазушылар легiнiң ең алдыңғы шебiнен табылған-ды және тек қана көркем шығармалар жазумен шектелiп қоймай, бiз үшiн «тұмса жанр» – фантастиканың тарихы мен теориясын қарастыра бастады.
Тұрсынбек Кәкiшев,
филология ғылымының докторы, профессор:
– Осы Абдул-Хамиттан басқа кiм фантастика саласы бойынша еңбек еттi және қандай дүниелер жасады? Мен фантастиканы жақтап жүрген адамдарды кездестiргем жоқ.