Жазира (әңгіме)
25.05.2025
236
0

Жазира бүгін жол жүретін болды…
«Пойызбен Шымкентке жетіп, әрі қарай Ташкентке автобуспен баратын шығармын» деп жобалап қойған. «Жол қалай болар екен» деп қиналатындай бұрын көрмеген жері емес. Ерсілі-қарсылы сан рет қатынаған таныс жол. Қолға ұстайтын басы артық жүгі де жоқ. Киім-кешек салған қара сөмкесін алады да, көшеден такси ұстап, пойыздың қозғалар сәтіне жетіп үлгереді. Қашан да жиналуы тез, көтерілуі жеңіл.
Бүгін бұны шығарып салып, перронда қимай қоштасатын ешкімі жоқ. Қызы жұмыста, жиырма жасар ұлы түске таман: «Қашан қайтасың?» – деп сұрады да асығыс шығып кет­ті. Бір қызбен танысып,асы айналып жүр. Үшеуінде де пәтердің бір-бір кілті бар. Қайда барды, қайда тұрды бір-біріне есеп беріп жатпайды. Шығарып салып, қарсы алу да әдетке енбеген. Қыдырыстап, бос жүріске салынғанын ұлына да, қызына да байқатқан емес. Бұл үйге бөтен еркек келмейді.
Ұзақ күнге үйге қамалып, жападан-жалғыз шоқайып отырғанда «қашан келеді?» деп күтетіні Сәтжан ғана. Ұл мен қыздың ол адамға әбден бойы үйренген. Оның орнында басқа біреудің дәл солай еркінсуін екеуі де елестете алмайтын секілді. Сәтжанның келген-кеткені еш реніш туғызбай, қалыпты жағдай деп ұғылатыны анасы оны жақсы көреді… Үйдегі артық сұрақ туғызбайтын, наразы болмайтын өзара орныққан үнсіз келісім – осы.
Күйеуі өлгелі бес жыл болды. Аға­йын-туыстан көмек жоқ. Тіпті олардың араласуы да аз, ауылдары алыста. Осы үйдің бар ауыртпалығын бір өзі көтеріп, бірде олай, бірде былай қалтақтап күн кешіп жүр. 
Соңғы кез­де заман күрт өзгеріп күнкөріс қиындап кет­ті. Бәрі қымбатшылық. Аз жалақы киіміне де, тамағына да жететін емес. Бір ұлды киіндіріп, көшеге шығарудың өзі күшке түсіп, азын-аулақ тиын-тебенді шыдатпай барады. Қыздың үсті-басы да жүдеу. Өзіңдей ұзақ боянып-таранып, айна алдынан шықпайтын сәнқой әйел үшін қатардан қалудың күйініші көп.
Біреулердің ақылымен өткен жылы баспадағы ұзақ жылғы редакторлық қызметін тастап коммерцияға ауысқан еді.
Бұл салаға әлі көндіге алмай, кейде еңбегі еш кетіп, әрі-сәрі жүр. Көбірек ақша тауып, тұрмысымды түзеймін бе деген алдамшы үмітпен, ертеңгі күннен дәмеленіп, бастаған істің қайырын күтеді. Бұрынғы үйреншікті ортадан қол үзіп, алыстап кеткен. Олар бұны сыртынан сөз етіп, «бизнеске барып байып кет­ті» деп ойлайтын шығар. Қалтасы қалыңдап қарқ боп кеткені шамалы. Ескі таныстары кез­десе қалып «не тындырып жүрсің?» деп сұраса не дейтінін өзі де білмейді. Әйтеуір, бизнес десе көзге көп ақша елестейді. Жұрт бірді алып, бірді сатып, шетелге барып-қайтып, лезде байып алғандарды көреді. Әңгімеде соларды үлгі етіп сөйлейді. Солардай бола алмасаң, сенің жамандығың секілді. Ескі таныстармен кез­дескенде осы жағынан қысылып, күмілжіп сөйлеп, тезірек кетуге асығады. Ойлап қараса, тұрмыс жағынан әлгі таныстарынан еш асып кетпепті. Қызмет­ті тастаймын дегенде Сәтжан бұл ойды ұната қоймаған. «Заман осы қалпында тұрмас. Өтпелі кезеңнің қиыншылығы ғой. Елдің тұрмысы түзелер. Шыдасаң қайтеді. Байқа, қазіргі күніңе жете алмай қалып жүрме», – деген. Ғылым кандидаты болғанмен оның өзінің де жалақысы бүгіндері мардымсыз болып қалды. Өз үйінен аспайды.
Бұның коммерцияға көңілі кеткеніне көзі жеткен соң көп таласпай: «Өзің біл», – дей салған. Мойындамайын десе де, оның алдағыны жобалап, дәлелдеп айт­қан бірталай сөзі расқа шықты. Басы бос әйел үшін бұл жұмыс қиын боларын ескертіп, төндіріп-ақ айтып еді…
Пойыздың жүруіне әлі үш сағат бар. Өзі тұратын «Ақсай» шағынауданынан вокзалға такси кезіге қалса жарты сағат­та жетеді. Қайда асығамын деп үйде бөгеле түсті.
Уақыт өтпеген соң алданайын деп теледидарды қосып еді, жаңалықтарды беріп жатыр екен. Көңілді серпілтетін оңған хабар жоқ. Өңкей жүдеу тірлік, бір-бірімен атысып, соғысқан елдер, ертелі-кеш, жағы талмай сайрайтын саяси қайраткерлер, түрлі апат­тар… «Заман не боп барады?» деп іштен кейіді де теледидарды өшіріп тастады. Біреу түрткендей орнынан лезде көтеріліп дереу музыка қойды. Шетелдік мұңдылау әуен құлаққа жағымды естіліп, билегендей сәл тербеліп тұрды.
Көңілі тез бұзылды. Қанша ойламайын десе де әлдебір күдіктен отырса да, тұрса да арыла алмады. Миында шегеленіп, мазасын кетірді. Көңілі нені сезеді?
Дәл осы жолы Ташкентке барғысы келмейді. Бұның еркіне салса осы үйден табан ат­тап шықпас еді. Фирма бастығы Самат­тың жұмсауымен амалсыз көніп отыр.
«Ол жақтағылар сіздің таныстарыңыз. Біз олармен сіз арқылы ғана білістік. Өзіңіз бастаған шаруаны өзіңіз аяқтаңыз», – деген соң үнсіз келіскен. Келісімшарт жүзеге асқанша арада жүретін де өзі. Егер сәтсіз аяқталса оған да бұл жауапты болмақ. Одан арғысын ойламауға тырысты.
Апаратын жүкті Каһрамонға өткізгені туралы оның қолын қойдырып, келісімін алып қайтса барған шаруасы осымен тынар еді. Қайтып келген соң келісім жүзеге асқан жағдайда Самат­тың фирмасы бұған тиесілі ақшасын қолма-қол төлейді. Құдай жарылқап сол күнге жетсе, алатын ақшасы аз болмауға тиіс. Сонда, шіркін, тұрмысы бір көтеріліп қалар еді.
Ендеше, асығудың орнына кежегесі кері тартып, осы жолды ауырсынғаны несі?
Өзіне қойылған осындай сұрақтың жауабы да жоқ сияқты. Телефон шырылдады. Жайлап басып, тұтқаны көтергенде, арғы жақтағы біреу жылы амандасып, бұның халін сұрады. Кім екенін есіне түсіре алмай, салқын сөйлесіп, еріне жауап берді. «Халім жақсы» деді де не айтар екен деп тыңдай түсті. «Мен пәленшемін» ғой деп атын айт­қанда, түрі көз алдына келді. Осының алдында ғана өзіне пайдалы бір істі бастамақшы боп жағалатып, әңгімелесіп көріп, тез айныған. Сөз сыңайынан уәдешіл көптің бірі екенін аңғарды. Ол қоярда қоймай, бұның телефонын жазып алған. Енді кез­десейік деп жалынған үнмен қиыла өтініп ресторанға шақырып тұр. Таныспай жатып сүлікше жабысады. Не дәмесі бары белгілі. «Сендерден-ақ көрдім-ау», – деп ызаланып, тұтқаны тастай салды. Телефон ұзақ шырылдады. Бұл тұтқаны қайта көтермеді. Әбден ығыр еткен үйреншікті жағдай. Әлгі бір сүйкімсіз танысының ызасы ма, жоқ әлде мұңдылау әуеннің әсері ме диванға бүк түсіп құлай кетіп жылағысы келді.
Дереу бойын тік ұстап тұрып қалды. Ширыға түсіп магнитофонның үнін өшірді. Мына төрт қабырғада қамалып қалмауы үшін қозғалуы керек. Қауіптеніп қиналатындай әзірге ештеңе бола қойған жоқ. Көңіл күдіктенбей тұрмайды. «Барған соң көре жатармын» деп ойлады.
Шұғыл бұрылды да, есік жақтағы үлкен айнаның алдына барып тұрды.
«Жұртқа осы менің қай жерім ұнайды?» деп осы сұрағына жауап іздегендей айнадағы кескініне көз тоқтатып қарады.
Толқынданған қара шашын ке­йін сілкіп, бетін аша түсті. Үңілген сайын ажары айқындала берді. Жұқалтаң ақсары өңді, беті сопақшалау. Кішкене қыр мұрыны үшкірленіп біткен. Доғаланып иілген жіңішке қасын көтергенде, жазық маңдайда қатарланған ұсақ әжімдер білінді. Күлімдеп еді, көздері жәудіреп дөңгелене түсті. Жұқа еріндерін жымқырып езу тартқанда, екі беті бұлтия қалды.
Ажарына көңілі толғандай тәкаппарсынып, баяу денесін қозғады. Сәндене бұрылып, өзіне қырынан көз тастап тал бойын сүзіп шықты.
Денесі талдырмаш, бойы сұңғақ. Жіңішке белі бұралып тұр. Майысып, билей жөнелгенде, басқалар бұған еріксіз ілесіп жетегінде кететін тәрізді. Көз қызықтырып әдемі билейтінін өзі де мойындайды. Еркек атаулы бұның шығыңқы кеудесіне еріксіз көз сұғын қадайды. Әсіресе кеуде жағы ойыл­ған қынама бел, кең етек көйлек кигенде қос анары томпайып, көзге ұрады. Сонда біреулердің үміт етіп ұрлана қарағанын байқайды. Әйелдік өзімшілдігі ұстап, көлбеңдеп қызықтыра түссем дейтін қылықпен көздерін одан сайын қытықтайтын.
Айна алдында билегендей денесін бұлғаңдатып, көзін ашып-жұмып төңкере қарап, қасын керіп қайта түсірді. Біресе жымиып, біресе қабақ шыт­ты. Осылайша, бетін құбылтып, өзін түрлі кейіпте елестетіп, айнадан байқап көрді. Қаласа, басқаны қылығымен де тартады.
Айнаға соңғы рет тесіле қарап, бас-аяғын түгел шолып өтіп, терең күрсінді. Адам ажарымен де өтімді. Күлімсіреп, қиыла қарағанда біреудің сезіміне шоқ тастап, желігін қыздыратын тәрізді. Көз салса болды, дәмеленіп, жабысып қалмайтын еркектердің әдеті бұны мезі еткен. Тез танысып, тез тіл табысып кететін жайдары мінезінен де тауып жүр. «Осы маған сөз айтып, соңыма түсіп жүрмесін» деп сезіктеніп, бой тарта бастайды. Әлдебір кез­десу, отырыста өзін еркін ұстап, ашылып, ақ жарқын болайын десе көзге ілінбей қалмайды. Көңіл көтеріп, ойнап-күліп жайбарақат отырғанда «сіз маған ұнайсыз» деген сөзді естіді-ақ, бірден тіксіне қалады. Қадалған көз енді бұны бағады. Кез­десіп, тілдесер сәтін аңдиды. Неге олай екенін өзі түсіне алмай-ақ қойды. Еркекті өзіне тартатын не қасиеті барын кім білсін. Бір көргеннен «жеңіл жүрістің адамы» дегізерлік ойнақы қылықтар жасамайды. «Біреуге ұнап, таныса қояйын» деп те ойламайды. Сонда көптің ішінен осыны көретіндері қалай? Бұны бағы емес, әбден запы болғандықтан сорына балайды. Әлдебір сиқырлы күш бұның еркін жүріп, ойнап-күлгенін көпсініп тынышын кетіру үшін көлденең еркекті әдейілеп үнемі соңына салып қоятын секілді. Біреуінен құтылса, екіншісіне кезігеді. Жолын андып, күн ілгері бұны күтіп тұратын тәрізді. Адамдары ауысқанмен ниет­тері ұқсас. Әуелден маңдайына жазғаны осы ма еді?! Кімдер қызықса да желікпей бойын тежеп, қарсыласумен, қорғанумен келеді.
Әлденелер есіне түсіп, күйінгендей демігіп кет­ті. Жайлап басып бөлмеде ерсілі қарсылы жүрді.
Бөлме тып-тыныш. Электрон сағат­тың цифр көрсеткіші жанындағы тарыдай ғана секундтық нүктесі тынымсыз сөніп-жанып тұр. Қан тамыры да осылайша, тоқтаусыз бүлкілдейтін болар. Секунд нүктесі бір қалыпты соғып тұрған өзінің жүрегі боп елестеді. Ешкімге жазығы жоқ сол жұдырықтай жүрегін өзгелер неге ауыртады екен? Қарадан-қарап көңілі босап жылағысы келді.
Төсек арқылы тұрмысын түзеген жесір әйелдерді де біледі. «Пәленше пәленшемен жүреді екен» дегенді де естімейді, көрмейді емес. Соларға құлақ қойып қызыққан да, «мен де солардай болсам» деп еліккен де жайы жоқ. Адамды – адам деп танып, бөтен ойсыз сыйласып, еркін аралассам ба дейтін. Осындай көңілмен томаға-тұйықталмай, қай ортада болсын ағынан жарылып, жайдары жарқын жүргенді жаны сүйетін.
Күйеуі тірі кезінде алаңсыз еді.
Ойын-тойда сәнімен киініп, өзін кербез ұстап сыланған қалпында биге шыққанда бұған ұмтылып, құшағына алғысы келетіндер аз болмайтын. Жақсы көретінін айтып, телефонын сұрап, кез­десуге шақырып, сыбырлап үлгеретіндер де, белінен ұстап бетінен сүюге құмартқандар да болады. Кейбірінің сөзін қызық көріп, кейбірінің көңілін қимай «әрі қарай не айтар екен» деп өзінше келіскен пейіл білдіріп, ынтықтыра түседі. Тым тереңдеп бара жатса, ешбір қиналмастан бетін тойтарып тастайды. «Күйеуім бар» деген сенімнің өзі-ақ әйелді батыл етеді екен. Қасында айбарың, қорғаушың болғанға не жетсін. Күйеуінің көзі тірісінде басқа біреулермен жүрсе ұялар еді… Қайтар жолы, жатар төсегі бір болған соң күйеудің арқасында талайдың көз сүзіп, қолқа салғаны әнше­йін ойын секілді еленбеді. Әбден көңілі ауып, құмарын қандыра алмай өршелене ізіне түскендерден өзіне еш қауіп жоғын да біледі. Ұнатса көнетіндей, қаламаса маңына жолатпай қуатындай ерікті жағдайы бар. Бәрі бір өзіне, көңіл қалауына байланысты. Сезімге ғана бой алдырып, соның ықпалымен кетуі мүмкін.
Ал күйеуі өліп, екі баламен жесір қалғанда, бұдан басқаша күй кешті. Қорғансыз, жетімсіреген халде болды. Ұзақ жылдар қызмет­тес боп, бір ортада араласып жүрген өз таныстарының, сыйлас санаған адамдарының бір-біріне білдірмей оңашада бұған жақындағысы келіп, мазалағаны жанына қат­ты бат­ты. Орайлы сәт­те, құшақтап сүйіп алуға да дайын. Әрқайсысы да өзіне қаратып, дегеніне көндіру үшін түрлі айла-шарғы, амалды іздеп жағынғысы келеді, қызықтырмақ болады. Соларға көңілі ауып, құшағына кіре­йін деп елігіп жүрген бұл жоқ. Бұрын сәлемі түзу, сыпайы сөйлесетін әнше­йін біреулердің басы бос деп басынғанына күйінді. Құмардан шығуды көздеген еркектің өз бағасын кемітіп бейшара халге түсуі де, жалынып-жағымпаздануы да лезде екен. Кешегі ірі санаған кей жігіт­терің бұның көз алдында төмендеп-ақ қалады. Осы кез­де кімнің қандай екені жөнінде өзіне іштей көп жаңалық ашты. Бұны төңіректеп, түртініп қоймаған соң бет­терін қайтарып, қолдарын қағып, кеудеден итеріп қат­ты да айт­ты, қарсыласып та бақты. «Енді қоятын шығар, құтылдым ба» деп отырса, қайтадан қыр соңына түсіп, мезі етеді. «Жесір әйелдің көрген күні осы екен ғой» деп оңашада қапаланып, қамыққанмен жұрт көзіне еңсесін түсірмей,бұрынғыша жарқылдап, сәнін бұзбай жайнап шыға келеді. Біреулері ызаланып, біреулері өшігіп қыспаққа алғанмен ешқайсысына алдан­бай, алдырмай өз жөнімен жүріп жат­ты. Бірақ жұмыстан ке­йін баратын жері азайып, көрер қызығы кеміп оңашаланып, жалғызсырай берді. Оңаша кез­десуге ресторан, кафеге шақырса бармайды. Топты жерде көрінеді. Көптен істеген үйреншікті қызметі, тұрақты жалақысы болған соң басқаға тәуелді емес. Қырындауын қоймаған бастығы бұл пейіл білдірмеген соң ерегесіп, түртпектей бастаған. Өзіне қаратамын деп бұның қызметін де өсірмек болған, жұрт­тан жасырып, қымбат тартулар жасап, үйіне қонаққа да барғысы келген… Қайта-қайта кабинетіне шақыртып әңгімеге тартып, өзінен ұзатпай көз алдында ұстауға тырысты. Бар амалы таусылған соң бірден өзгеріп қудалауға кірісті. Жандайшаптарын соңына салып қойды. «Сондағы менің жазығым не?» деп бұл үйіне келіп қыстығып жылайды, тағдырына налиды.
Сөйтіп, көңілі жүдеп жабырқап жүрген кезінде ойда жоқта Сәтжанмен танысты. Бәрі өзгеріп сала берді. Бұдан былай біреу­лер мазалап, ұнататын ыңғай білдірсе: «Жақсы көретін адамым бар», – деп бірден жолын кеседі. Бұны және оларды менсінбей айтады. Қорғаны, қамқоры табылғанына қуанды. Сәтжанға көңілі ауып, құлай берілгенін былайғы жұрт та аңғарып, енді бұның басы бос еместігімен келіскендей кешегі көз салып, ізіне түскендердің бәрі жайымен қалды. Бастығының түртпегінен де құтылды. «Осының бәрі Сәтжанның арқасы» деп ойлады. «Құдай мені енді жылатпайын деген екен ғой» деп шүкіршілік етіп, бір қалыпты орнықты күйге көшті. Адам қалайша тез өзгереді. Кешегі көз сүзіп, мазасын алғандар қайтадан сыпайы, сыйлас бола қалды. Өзінің көндіре алмағанына, Сәтжанның үстем болғанына іші күйе ме, төмендегені ме, бетпе-бет кез­дескенде көзін тайдырып, теріс айналады.
Бұның ендігі тірлігінің арқауы бір Сәтжанға тірелген тәрізді.
Әт­тең оның сүйіп қосылған әйелі, балалары бар. Өз отбасынан кетіп бұған біржола келе алмайтынына әбден көзі жеткен. Өзіне тиесілі аз қызықты көптей көріп, барына қанағат етеді. Соған көнген.
Қабағы түсіп терең күрсінді. Басы айналғандай шайқалақтап, еріксіз диванға отырды. Аяғын айқастырып, арқасын диванға тіреп, басын шалқайта ұстаған қалпында көзін бір нүктеге қадады. Екі қолын екі жағына бос тастап, терең тыныстап, мүлгігендей еш қимылсыз отыр.
Тағы да Сәтжанды ойлады.
Оған әбден бой үйретіп, бауыр басқаны сонша ол жоқта жалғызсырап қалады. Қазір де өз шаруасымен басқа қаладағы ағайынына кеткен Сәтжанды сағынғанын сезді.
Өз күнін өзі көріп, тұрмыс жағынан оған тәуелді болмаса да көңілінің қалауымен оны көруге, кез­десуге құмартады да тұрады. Танысқалы үш жыл өтсе де бір-бірін жалықтырған емес. Айтар әңгімелері де таусылмайды, Сәтжанның бұл үшін орны бөлек, басқаға ұқсамайды. Соны дәлелдей түскендей, сырлас құрбылары: «Ондай адам жоқ», – деп қызығып та, қызғанып та отырады. Сонда оның қадірі одан сайын артады. Бұның білетіні: түрі – аппақ, өзі – ақылды. Денесі тығыршықтай, орта бойлы, қырық бестегі жігіт­тің түріне тесіле қарап, «шынымен осы менің нақсүйерім бе?» деп үздіге түседі. Көп жігітке ұқсамайтын мінезі бар, өзгеше бір бітімді, кескін-келбеті келісті жан. Көңілінің қыбын тауып, еркелетіп, өзіне тәнті етіп, табындырып қояды. Ол да бұны бір көруге, кез­десуге асығатын секілді. Үнемі хабарласып, келіп-кетіп, көрініп жүрсе, бұған сол да жеткілікті. Ал көңілі нені қалайтынын Сәтжан айтқызбай-ақ біледі. «Сен басқаларға ұқсамайсың» деген сөзді өзіне сүйсіндіріп қойған соң ауыздан еріксіз шығады.
Әйел боп төсек көргелі құмарлықтың соншалық қызулы, тәт­ті екенін алғаш рет Сәтжаннан сезінді. Мұндайды кім білген. Еш селт етпейтін ұйқыдағы осал буындар кенет­тен бусанып ашқарақтанып атой салғанда не болғанын өзі де түсінбей қалды. Тәт­ті бір күй баурап әкет­ті. Құмарын тежеуге дәрмені жоқ. Өзі үшін бұрын болмаған ұят­ты жағдай секілді көрінгенмен қыздырып, күйдіргені ұнайын деді. Сәтжанның ыстық демі құлақ түбін қытықтап тұла бойын шымырлат­ты. Тереңнен көтерілген әлдебір қызулы толқынның әсерімен денесі күйіп-жанып барады. Тамағы құрғап, еріндері кеуіп, ауа жетпегендей алқына бастады. Өзі де тосын еріксіз қимылдар жасап елігіп, елти түсті. Үздігіп көзін жұмды. Кенет жанартау атылғандай қат­ты бір серпінді сезіп, алпыс екі тамыры иіп сала берді. Бүктеліп, жиырыла түсіп, Сәтжанды құшырлана қысып, шыдамай дауыстап жіберді. Дүние мұндай тәт­ті болар ма?! Бойы балқып, рақатқа батып жатыр. Жаны жай тапқанын сезді. Шөліркеп, демін жиілете алды. Асау толқын кемерінен асып төгілді де біртіндеп басылайын деді. Сөйлеуге, қимылдауға шама жоқ. Әйелдік құмарлығы тоят­тап, моп-момақан, тып-тыныш халде жатыр. Сонда алғаш рет «мұндай да рақат болады екен-ау» деп ойлаған. Сәлден соң бірден қат­ты ұйқыға кет­ті. Біраздан ке­йін көзін ашып, қасында бас түйістіріп, үнсіз жатқан Сәтжанды көргенде, қуанғанынан күліп жіберді. Шексіз ризалықпен сүйсініп: «Неткен қуат­ты едің», – деген және сол бір рақат сезімді сыйлаған Сәтжанға одан сайын көңілі ауды. Осындай қызуы күшті құмарлық сәтін көбірек сезіну үшін де оны еріксіз керексініп, ыстық құшағын аңсайтынды шығарды. Құмары қанып, оның кең құшағында алаңсыз дем алып жатқанында кей-кейде «Сендей еркек барын өзге әйел­дер білсе ғой», – дейтін. Ол сәл жымиып: «Сонда не болады?» – деп сұрағанда бұл оның бетіне үңіле қарап: «Мен сені қат­ты қызғанамын», – дейді де жабыса түседі. «Осы мені тастап кетпес пе екен?» деген іштегі қаупі де бар. «Үй-күйі бөлек, бөтен адам. Көңіліне жақпаса кетеді де қалады. Оған не істейсің?» Қашан да осы ойдан қорқады. Сәтжан тұрғанда еркек ауыстыру деген өзінің миына да кіріп шықпайды. Сәтжанның өтірігі жоқ, екі сөйлемейді. Бұның тілеуіне қарай, әзірше кететін ыңғай білдірген емес.
Бір жаққа кетерде, тіпті үй шаруасымен көшеге шығарда оған телефон соғып, жүрген-тұрғаны жайында хабарлап, есеп беріп отыруға әдет­тенген. Сонда «мен жоқта үйге келіп бекерге күтіп қалмасын» деп алаңдайды.
Тағы да күрсінді.
Шіркін, Сәтжан, өзгеше жаратылған жансың-ау. Әзілің де, әдебің де өзгеше. Сенімен қатар отырып, бірге жүрудің өзі қуаныш. Әт­тең, маған неліктен кеш кез­дестің. Маған бұйырмадың…
Ол қазір қайда жүр екен. Кейде оны қарадан-қарап қызғанатыны бар. «Мен жоқта қыздарға қырындаған шығарсың?» деп әдейі қажап, тиіскенді ұнатады. Сәтжан жымиып қана күледі.
Оның тым болмаса даусын естір ме еді. Бұл сонда телефонмен сөйлесіп «жаным-ау» деп үздігер еді.
Көңілі едәуір тынышталды. Сәтжан бұл үшін өзінше бір ем. Қиналғанда соны ойлайды. Шақырса келетінін біледі. Қысылғанда көмектеседі. Ойламаған жерден қуантып, үнемі сюрприз жасайды. Қолынан келгенше бұны жалғызсыратпай көңілін аулауға тырысады. Керексіз етіп көрген емес. Бірақ «сүйдім» деген сөз аузынан шықпайды. Не ойласа да ішінде. Сондайлық дәтіне берік. Бұдан басқа да орны бөлек үлкен бір тірлік барын естен шығармайтын секілді. Ол жақтың сыры ашылмайды, ауызға алынбайды. Басқалар үшін бұның тірлігі де құпия. Екі жақты да көңіліне сыйғызып, кімнің қадірі қандай екенін бір өзі ғана біледі. Бірінен кете алмай, екіншісіне жете алмай қысылып, қиналатын да шығар. Бітеу жүріп, іштегісін сездірмейді-ау, сездірмейді.
Өзінің ол үшін әнше­йін алданыш еместігіне әбден көзі жеткен. Бұған аяныш та танытқан емес. Әрдайым асыға жетіп үйге кіргеннен-ақ бірден еркінсіп: «Бұл – менің жанға жайлы, тыныш мекенім», – дейтін.
Қазір де осы қалада болса тез-ақ жетіп келер еді. Қоштасарда кеткісі келмей есік алдында біресе сағатына, біресе бұған қарап қипақтап тұрғаны әрі ұнап, әрі қинайтын. Ұнайтыны бұны жақсы көреді екен, қинайтыны ол кетіп, бұл жалғыз қалады. Шығып бара жатып, бәсең үнмен: «Тағы да келемін», – дейді. Содан соң басын кегжитіп, артына қайырылып қарамауға тырысады. Артына бұрылса, бұның есікті жаппай, босағада соңынан телміре қарап тұрғанын көрер еді. Көрер еді де тез қайтып оралып, бауырына қысып бетінен сүйер еді. Құшақтары жазылмай босағада екеуі үнсіз тұрар еді. Әр жолы да осылай қайталана береді. Анда-санда ол ретін тауып бұл үйге қонып кететін. Түнімен оның құшағында жатып емін-еркін сүйісіп-аймаласу дүние­нің рақаты. Сол түндердің ләззаты үшін де Сәтжанды өзге еркекке айырбастамас еді. Оны мейірлене құшақтап: «Мен сені қат­ты қызғанамын», – дейді. Жылағысы келеді…
Еркектердің өзіне сөз салып, соңына түскенін әдет­тегідей көріп, үйреніп алған. Тойтарыс беріп, тыйып тастауға да, амалын тауып алдап кетуге де бар. «Сенімен кез­дескелі бері өзге еркектерді менсінбейтін болдым», – деп ағынан жарылып, шындығын айт­қанда Сәтжан сәл жымиып: «Әй қусың-ау. Мені алдайсың ғой», – деп әңгімені әзілге айналдыратын еді.
Бұның қазіргі жұмыс жағдайымен жүріп-тұрғанына қарсылық етпегенімен іштей көндіге алмайтынын біліп-ақ тұрады. Қазір бұл көбіне еркектермен араласып, бар мәселені солармен шешеді. Кез­десу, келіссөздерден ке­йін ресторандарға шақырылады. Жалғыз бұл емес, тобымен барған соң бас тарта алмайды. Басталған істің сәт­тілігі үшін таныстықты жалғастырып, қарым-қатынасты тереңдете түсу керек. Сәтжан осы жағдайды түсініп, сабырмен ақылға жеңдірген болады. «Бұл – менің жұмысым. Бүгін біреуі, ертең басқасы – маған кім болса да бәрібір. Күнкөріс үшін ақша тапсам деп жүрмін». Осы сөзге ол иланатын тәрізді. Не айтса да «өзің біл» деуден айнымайды. Ашықтан-ашық қызғанып, тартысып-таласып жатпаған соң «өзің біл» деудің салмағы ауыр екен. Күдіктеніп сынағаны не сеніп, келіскені белгісіз. Әрі-сәрі ойда қалдырады.
Коммерциямен айналыса бастағанда-ақ баяғы Сәтжанға кез­дескенге де­йінгі «жүріс алған жесір әйел» деп қарайтын жағдайға қайтадан тап болды. Үйреншікті орта Сәтжан көрінген соң-ақ оны мойын­дап тез тыйылған еді. Ал мына бүгін бар, ертең жоқ кез­дейсоқ бөтен еркектер кімің бар деп онымен санасып жатқан жоқ. Ақшамен қызықтырып, алдыңды орап, алдап соққысы келеді. Өзіне тәуелді екенін сезсе, өктем сөйлейді. Ақшаға табынатын ортаның әдет­тері де басқа. Жатқан бір сауда, ішкі есеп. Біреудің бағы екінші біреудің сорына айналуы мүмкін. Соның шет жағасын аз уақыт­та бұл да танып үлгерді. Жеке адамның қалауымен жасалған келісімшарт соның талабына бағынышты етеді. Көнсең ұпайың түгел, қарсылассаң күйреуің ғажап емес. Қинаса амалсыз көтересің. Әйтпесе мәселенің шешімін әдейі сүйретпеге салып соңғы сөзіңді күтіп тұйық­қа әкеліп тірейді. Кімдердің жетегінде кетіп, қай жағада қалғаныңды бірден білу де қиын.
Аздап өзінің де бастан кешкені бар, басқадан да естігені бар, коммерция дегенің алда не болары белгісіз, айла-амалы көп қиын жұмыс екен. Дәл солай деп әуелде кім ойлаған. Бір кіріскен соң, әзірге басқа салғанды көріп бағады. Өзін жұбатқаны ма, жоқ әлде қамшылаған түрі ма, көбіне-көп «әзірге» дей береді.
Қайда барып, кімдермен кез­дескені, нендей әңгімелер болып, қай ресторанда отырғаны Сәтжанға түгел баяндалса ғана бұның ішкен асы бойына сіңетін тәрізді. Құр бекерге күдігін молайтып, жүрегін ауыртып қайтемін деп кімдер қырындап, кімдерге ұнағаны ғана айтылмайды. Сөз салған, көз сүзген біреудің ырқына көнбеу­дің кесірінен ісі оңбай жатса Сәтжанға оны басқаша түсіндіреді. Сонда оның бетіне үңіле қарап отырады да, үнсіз күрсінетін. Ойында түк жоқ, ақша табамын ба деп әлек боп, анамен де мынамен де араласып, арпалысып жүргенде бір Сәтжанның бағасын кемітпей, оған деген адалдықтан айнымасам екен дейді. Бір-екі рет жақсы басталған ісін амалсыздан құрдымға жібереді. «Бар жақсылықты мұның басына үйіп-төгемін» деп уәде етіп, әурелеп қоймаған біреуден әрең басын алып қашқан. Құрығынан шығып кеткен соң ол да тез өзгеріп, жолына тосқауыл болды. Әне-міне қолға тиер деп, асыға күн үміт­теніп жүргенде сол оңбаған бұны тақырға отырғызды. Бұйырмаған ақшаның күйігі жаман екен. Қанша жоғалтқанын ойлағанда өкініштен іші удай ашыды. Сәтжаннан соны да жасырды…
Орнынан қинала түрегелді. Қазір жол жүреді. Аяғы ілгері баспай-ақ қойды. Кімді іздеп барады? Сол сәт­те кенет көңіліне үрей кірді. Мазасызданып терезенің желдеткішін ашты. Сырт­та қар. Ақпан айы ызғарлы боп тұр. Суық ауадан бойы тоңазып еріксіз дір ет­ті. Қайтадан көңілін орнықтырғысы келіп күбірлеп сөйлеп: «Бәрі жақсы болуға тиіс», – деді. Менде кімнің не шаруасы бар, біреулер «сіз маған ұнайсыз» деп жолына тұрса бір жөнін табар. Жаңа көріп жүрген құқайы емес қой. Осы ойдан ке­йін көңілі аздап сергігендей болды.
Бұл қазір кетеді. Өз үйіне өзі қонақ. Тамағын істеп, шіркін, күйеуді күтіп отырса ғой… Бірақ әлі де сол тік жүріс, жолаушы қалпы. Кеудені қысып, бүйірі шаншығандай күрсініп қалды. Қасында Сәтжан болғанда ғана көңілі тыншиды. Қазір ол жоқ. Кітап сөресіндегі Сәтжанның суретіне тоқталып, тесіле қарады да қимастықпен: «Жаным, мен кетіп барамын», – деп күбірледі. Сыйынған Тәңірінің алдында тұрғандай бірден іші жылыды.
Жалғыздық деген – осы. Қоштасар, шығарып салар ешкім жоқ. Денесі ауыр тартып есікке бет­теді. Шығарда көрші бөлмеден ала мысығы жүгіріп шығып, мияулап аяғына оралды. Кәдімгідей көңілі елжіреп мысығын көтеріп алып бауырына басты. Жүні жұп-жұмсақ жылы екен. Иіскелеп, сипалап еркелет­ті де жерге түсірді. «Мысық ашығып қалмасын» деп, қызына қағаз жазып, үстелге қалдырды.
Зорға дегенде түс ауа сүйретіліп үйден шықты. Таксимен вокзалға тез жет­ті. Сәтжанның бұл қалада жоғын білсе де, жан-жағына алаңдап кідіріп тұрды. Кейде ол вокзалдың кіреберісінде тығылып алып, бұны сыртынан бақылап, жақындағанда қорқытпақ боп бірден бас салатын. Сонда екеуі де арсалаңдап, мәз болатын. Бүгін бұған ондай қызықты жазбағаны ма?! Соңғы рет жан-жағын анықтап бір сүзіп шықты да терең күрсініп басын төмен салды.
Бір-екі ұмтылып вагонға зорға көтерілді.
«Маған бүгін не болған?» деп еріксіз ойланды.
Состав ақырын жылжып, жүрісін үдете бастағанда бұл: «Кет­тім, – деді. Осы сөз аузынан қалай шыққанын өзі де аңғармады.

(Ахат Жақсыбаевтың бұл әңгімесі баспасөзде тұңғыш рет жарияланып отыр)

 

 

Ахат
Жақсыбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір