Алтынсарин жаққан алау
15.07.2025
189
0

Мұқабадағы иллюстрацияның кітап мазмұнын алақандағыдай анық тұспалмен жеткізіп тұрғаны елең еткізді. Көзге ыстық, жанға қымбат қазақтың кең өріс шалқар, байтақ даласында ат арба үстінде кетіп бара жатқан жолаушы бар. Алдында бұрылысты, бұралаңды қара жол. Жотадан аса бере көзден тасалана түскен тұсында қақ ортасынан ашылған үлкен кітап аспанмен астаса түсіп көз тартады.

Ғасырлардың өзін жып-жылдам жұтып алатын Уақыт­тың ұлт тағдыры мен тарихындағы бір бедерлі тұсында айрықша ғұмыр кешкен айтулы тұлғаның еңбегі, өмір жолы жаңа бір жанрлық үлгіде, әлемдік озық тәжірибеде ілгеріден бар тұлғатанудың өзгеше бір тәсілінде өнеге жайып, адамның аз ғана, өлшеулі, жылдам жылдарда тындырып үлгеретін, жан қуатын сарқып жасап кететін еңбегі туралы жаңа бір баян жазуға тәуекел еткен жазушы Нұрдәулет Ақыштың «Алтынсарин алауы» ат­ты төрт бөлімді тарихи романының алғашқы екі бөлімі мазмұн түзген бірінші кітабын қолыма алғанда кәдімгідей тебірендім.
Ыбырай Алтынсарыұлы қазақ танымында «Кел, балалар, оқылық!» болып орныққалы да бір жарым ғасырдың ар жақ, бер жағындағы жылдар жатыр. Тұтас отарлық езгіде қалған ел тарихында өктем билеуші елдің түпмүддесін жұртының қатарға қосылуына бейімдеп, екі от­тың ортасында (М.Әуезов) жүріп мүлдем дәрмені кетіп бара жатқан ұлт тағдырына араша түсуге пәрмені жеткен, кісілік күш-әлеуетін нақтылы білім беру жүйесін қалыптап, орнықтыруға, өркендетуге жұмылдырған Ыбырай Алтынсарыұлының есімі қастерлі Білім сөзімен қатар тұр.
Ыбырай Алтынсарыұлы туралы көркем шығармалар бар, зерт­теу еңбектер жазылып келеді. Алтынсарыұлының ұлт болмысымен біте қайнасқан ғибрат­ты ғұмыры әрдайым, жаңа дәуір, жаңа кезеңдер өрісіндегі сәулесі бәсеңсімейтін өміршеңдігімен өзекті.
Ширек ғасырдан астам уақыт жоғары мектепте ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқу міндетімде; зар заман ағымы, Шортанбай Қанайұлының әдеби мұрасы, ХІХ ғасырдағы көркемдік үдерістің тарихи-поэтикалық негіздері бағытындағы зерт­теу жұмыстарымда Ыбырай Алтынсарыұлының қайраткерлік ғұмырбаяны, шығармашылық өзара ұстанымдары ұдайы назарымда болды.
Жиырмасыншы ғасырдың бастап­қы ширегінде Ташкент­тегі «Талап» үйірмесінде Алаш қайраткерінің бірі Мырзағазы Есболовтың Ыбырай Алтынсарыұлының тарихи еңбегін алыпқашпа әңгімеден арашалай отырып жасаған баяндамасы, Мұхтар Әуезовтің Алтынсарыұлына тоқталуы, Әнуар Дербісәлиннің «Ыбырай Алтынсарин» ат­ты деректі баяны жұмыс үстелімнен кеткен жоқ.
Нұрдәулет Ақыштың ұлт ұстазы, қазақтың жаңа замандағы білім бағыт­тарын орнықтырушы, жаңа өркениет табалдырығынан ат­татқан тұңғыш мұғалімі туралы жаңа туындысы мені бейтарап қалдырмады. Кітаптың аннотациясынан бастап, отандық ыбырайтанудағы жетекші ғалым Серікбай Оспанұлының «Тарихи шындыққа жақын» деп жазған жолашар Алғы сөзінен бастап соңғы нүктесіне шейін үзбей оқып шықтым. Кідірістеп, аялдап, ойланып, толқып тоқыған тұстарым аз емес.
Жазушы Нұрдәулет Ақыш роман жазу барысында Ыбырай Алтынсарыұлы туралы Кеңес дәуірінде айтылмаған, айтуға болмаған тыйымды материалдардың негізінде арнайы еңбек жазған, ыбырайтануды дерекнамалық негізде толықтыру бағытында тынымсыз шаруада жүрген Серікбай Оспанұлымен шығармашылық байланыста болған, кеңесіп, ақылдасып отырған екен.
Жанрлық синтезде жазылған бұл деректі тарихи романда Ыбырай Алтынсарин ғұмыр кешкен дәуірдің беталыс-бағдары, қазақ даласындағы шешімін табуы неғайбыл түйткілді өмірлік, тұрмыстық, рухани ахуал, Ыбырайдың бастан кешкен нақтылы шиеленісті ситуациялардағы жан күйі ыбырайтануды беймәлім, белгілі деректерді ұқсатып көркем қорыту; Ыбырай Алтынсарыұлының өз еңбектерін, хат­тарын «сөйлету» арқылы өмірлік шындықта көркемдік кеңістікке шыққан.
Ыбырайдың әкеден жастай қалуы, Балғожаның балаға деген айрықша пейіл, мейірімі, алыстан барлаған аталық қамқорлығы, Әймен ананың перзентіне шуақ төккен жылы жүрегі Алтынсарыұлының өмірбаянындағы бұл халді ілгеріден естіп, біліп жүрген оқушыны кітаптағы сезімтал баяндаулар өрісінде елеңдетіп, елжіретпей өтпейді. Бала Ыбырайдың қаршадайынан Орынборға оқуға баруы, атасы жанына қарайлап жүретін елдің бір жігітін ақы-пұлын өзі төлеп, бірге тұрғызып кеткенінің өзінде біртүрлі аяныш туғызып отырады.
Романның келесі екі бөлімінде нағыз қанқызу майдан, рухани текетіресте дегенін жасап, бір өзі «мыңмен алысқан» Ыбырай Алтынсарыұлының шешімді, кесімді әрекет­тері, қазақ баласына арнап ашқан мектебіне оқулықтар жазуы; сол оқулық мазмұнын өрелі педагогикалық талаптарда жазылған, ауызекі әңгімеден қара үзіп шыққан жанрлық жаңа өлшемдерде, жазба әдебиет үлгісінде туған туындыларымен толықтыруы; қазақ тілінің тазалығын сақтау жолындағы мақсат­ты шығармашылық өрісі; қазақ тілінде төрт парақты «Қазақ» ат­ты қолжазба газет шығару тәжірибесі; ел тұрмысындағы толып жатқан өзекті өмір мәселелері тыншу бермеген сәт­тер; ат-көліктің қиын уақытында шалғай, тынымсыз сапарларда болуы; ақыр соңында қазақ даласындағы білім берудің ғылыми негізді озық дәстүрін қалыптастырып кетуі, бірнеше жалпы кәсіптік білім беретін оқу орындарын ашуы; Ыбырай ғұмыр кешкен патша заманындағы қырық құбылған дін саясатының отына түскен күрделі тағдыры осы бірінші кітаптағы көркемдік алымында, кеңістік ауқымын әлде де тұғырландыра түсіп көркемдік шешім табатындығын болжап, қуандық.
Шығарма авторы ендігі ұрпақ үшін де аяулы, ардақты тарихи тұлғаның замана өткелдеріндегі әлемдік деңгейде тындырған мәртебелі миссиясына қайырылып, қарайлап, деректі тарихи роман жанрына тәуекел жасағандығы ұлт руханиятындағы игілікті шаруа.
Оқушы аңыз адам Алтынсарыұлының тіршілік иірімдерінде ағысқа қарсы жүзген қайраткерлігін сезіне түсер, мақтаныш сезімі туып, аялдап, аялап оқитын сәт­тер сол дәуірдің шындығына сай иланымдылығымен өтімді.
Ыбырай Алтынсарыұлының анасы Әйменнің төркін жұрты атақты Шеген би әулеті, Бірімжановтар болғандығы, екі нағашы туысының өзіне алғашқы оқушы болғандығы – жүрек жылытатын маңызды деректер.
Романда қилы әлеумет­тік топ өкілдерінің, билік адамдарының, ғылыми ортада жүргендердің, елдің шаруа баққан момын жұртының, жаңа заман мүмкіндігінде мал тауып, ылпып тұрған пысықай пенделердің, қазақ әйелінің, тағы да қилы жағдайда сыр ашып, іші-тысын көрсетіп жүретін типтік бейнелердің қарасы қалың болуы Ыбырайдың тынымсыз, қауырт, жан-жақты іскерлік болмысындағы өмір ортасының шынайы қалпында негізделген.
Деректі романдағы Ыбырай болған жерлер, сондағы ел-жұрт­тың, дәстүр-салты туралы танымдық мағлұмат­тар өткен тарихты білу үшін де, ендігі болашақты құру үшін де мәнді дер едік.
Роман «Ашуы тұтанған ақсақал», «Оқуға қабылдау әуресі», «Сабақтастар арасында», «Сағынып жеткен туыстар», «Жаңа оқу жылында», «Шәкірт­тің өмір сурет­тері», «Дімкәс Дыньков», «Соңғы экзамен», «Орынбор – Тобыл сапары», «Орыс болып кет­ті дей ме?», «1857 жылдың күзі», «Би атаның тапсырмасы», т.б. Ыбырайдың оқуға жазылу, Орынборға келу, сынақ тапсыру, оқуын аяқтап қызметке кірісу, ағартушылық жолдағы бастапқы кезеңнің елеулі сәт­теріне екпін түсіріле отырып, он тоғыз тарауда мазмұн түзген.
Бірінші кітап Николай Иванович Ильминскиймен танысу, Георграфиялық қоғам тапсырмалары, Ыбырайдың судьялық қызметі бағытында деректі, шешуші оқиғалар өрісінде «Бас қатырған» бұратаналар школасы» ат­ты тарауға келіп тұйықталып, аяқталады.
«Бұратаналар школасы» деген сол тұстағы екпінді, емін-еркін қолданыста жүрген тіркес енді біртүрлі тіксіндіреді.
Бұл тарауда да келер заман, бұлыңғыр уақыт­тың ұлт тағдырындағы бетбұрыс кезеңдері тарихи жағдайлар аясында бой көтеріп отырған.
«Бұратаналарды оқытуға келген кезде, – деді Николай Иванович жауапты басқосуларда жылдам сөйлейтін дағдысымен. – Ресми орындардың өзі екі топқа бөлініп отыр ғой. Бірінші топтағыларға оқуды киргиз және орыс тілдерінде жүргізейік деп тұжырымдайды.
– Мәртебелі Николай Иванович, орыс және киргиз тілдерінде десеңізші, – деп қалды полковник Кузнецов. – Орыс рухы жоғары тұруы тиіс дейміз де, орысты соңында атаймыз. Болмайды ғой ол.
– Орыс алфавитімен оқыту арқылы, – деді Ильминский, – киргиздар арасындағы магометандық рухты, діни фанатизмді әлсіретуге болады деседі мұны қолдаушылар.
Татар фанатизмінің әсері киргиздар арасында әлі де бар. Сондықтан оқыту барысында киргиз халқының санасын улай бермеу үшін ол тілді араластыру керек емес деген ойды айтып келе жатырмыз» (сонда, 388-бет).
Бұл мәселенің әрі тарт, бері тарт ұзақ талқысына жазушы мақсат­ты түрде екпін түсіреді. Бірінші, екі бөлімде берілген бұл томның осылай, шиеленісті мәселенің шешімі бағытындағы кикілжің пікірталаспен аяқталуы Ыбырай Алтынсарыұлы өмір сапарындағы қиын уақыт, қысталаң сәт­тер күтіп тұрғандығына меңзейді.
Қазақ жұрты баламызды орыс оқуына алып, шоқындырмақ болып жүр деп, іргесін аулақтату ниетін жасырмаса, өктем билік күші жасап тұрған империя адамдары Ыбырай Алтынсарыұлының әлемдік тәжірибеде экзегетикалық дәстүрде, Құран кәрім мазмұнын, дін негіздерін ұғындыру міндетінде жазылатын еңбектер өнегесінде арнайы, дін біліміне жетік молданы шақыртып жазғызып, өзі баспаға әзірлеген «Мұсылманшылықтың тұтқасы» («Шариат ул ислам») еңбегін 1879 жылы дайын болғанына қарамастан, бұл жинақты да кирилл қарпімен басылған «Қазақ хрестоматиясының» қалпында орыс жазуымен шығару керек деген сылтаумен 1884 жылы ғана баспаға рұқсат берген ғой.
«Шариат ул исламды» ескі араб графикасымен шығару Ыбырай Алтынсарыұлына оңай болған жоқ.
Роман Ыбырайды толқытқан болашақ мектеп, оқу жайындағы әлдебір сенім, тасыған сезімді, лепті, пафосты нотада осы тұстан аяқталады. Жалғасы бар. Күтеміз.
Ыбырайдың үй-іші, отбасылық өмірі қосақабат қатарласа өрілген қайраткерлік жолының бастапқы кезеңі, азамат­тық тұлғасының жастайынан басым көрінген кесімді, шешімді, сабырлы, ақ ниет, адал сипат­тары иланымды, тебіреністі көркемдік шешімде өріс жайған бұл романның тағылымдық, танымдық, рухани ізгілік бағыты әлемдік тәжірибедегі тұлғатану өнегесін сіңірудің жаңа бір сәт­ті қадамы деуге болады.

Қанипаш Мәдібаева

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір