Ал мен Бердің ұрпағы
22.01.2025
299
2

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде жаз жайлауы Қазығұрт, қыс қыстауы Қорасан, Қаратаудың қойнында, қалың қыпшақ елінде Алпамыс ат­ты ата мен Зербалақ сынды анадан Ал мен Бер ат­ты егіз ұл дүниеге келіпті. Қалың қазақ жиылып көрімдігін беріпті…
Әлқисса, Ал тойған қозыдай момақан болды. Бер қолды-аяққа тұрмай безек қағып емшек іздеді. Бер емізгенде де бір мамасын ақысы кеткендей алқына сорып, екіншісін бір қолымен басып ұстап отыратын. Сегіз айлығында Алдың тілі «Әке, Әже» деуге келді. Бердің алғашқы сөзі «Менікі», «Маған әкел» болды. Екі жасқа келгенде Бер көршінің балаларының асығын ала қашты. Үш жасқа келгенде әр үйдің жаюлы тұрған ірімшік-құртын үйге тасыды. Бес жасында тамағын теріс қарап ішті. Он жасқа келгенде «куәгері жоқ» деп әкесінің қарызын бергізбей қырғын салды…
Ал кәдімгі балаға ұқсап өсті. Аңқау болды, алданды. Ойыннан басқаға мойын бұрмады.
Ер жетіп, есі кіргенде Ал береген, Бер алаған болды. Ал жарлының қызын ұнат­ты. Бер байдың қызын сүйді. Ол кездің адамдары бөлек-ті. «Бар малыңды берсең де, бастықпен жақсы бол». «Қойманың кілтін ұстамай адаммын деме». «Күнің түспейтін адамның жұмысына бұрылма, жолыңнан қаласың». «Адамгершілік деген ақымақтың сөзі» деп бар ақылын сарқып айтып отыратын Сөлпекбай емес қой. Пайғамбар жасына келіп Алпамыс атамыз дүние салыпты. Өлерінде екі баласына баға беріпті. «Ал шырағым, сен аз боларсың, қоңыр қаз боларсың. Бер, сен, шырағым, көп боларсың, құнарсыз шөп боларсың», – депті. Қарияның сөзі екі айналмай келген. Алдың әйелі жалғыз ұл туып қақшиып қалған. Жалғыз ұлдан – жалғыз ұл… Жіңішкеріп барып бесінші аталыққа келгенде екі ұлды болған. Жетінші аталықта үш ұл туып ұрпақты аз-кем көбейткен. Ал Бердің әйелі түсік жоқ Айтыс, Тартыс, Ұрлық, Қарлық, Өтірік, Өсек, Күншіл, Қулық, Сұмдық, Ақырзаман деген он ұл туған. Он ұлдың әрқайсысынан он ұл… Әкеден қалған мұраға таласып, Бердің он ұлы бірін-бірі көрмей кеткен. Жеті атаға жеткенде жер бетіне сыймай таласып-тартысып, айтысып, күндеп, өсектеп, жалалап, қулықпен, сұмдықпен өзара жауығып жан-жаққа тараған. Көбісі қалаға көшкен. Қала жұртының қаталап бара жатсаң да таңдайыңа қара су тамызбайтыны содан деседі ел іші.
Далада Алдың аз ұрпағы ауыл болып отырыпты. Бұған қалаға көшпей қалған Бердің Өсек деген бұтағын қосқанда ауыл дегенің өсекшілдеу, думанды, тәуелсіз, суверенді мемлекет болып шыға келген еді.
Алдың отыз тоғызыншы ұрпағы Балдан алыс ауылда тұрды. Көңілдің байлығы болмаса, дәулеті шағын болды. Ауылға келген-кеткен қонақты қол қусырып үйге шақырып, қозы-лағын сойып, арақ-шарабын күліп отырып беретін. Бір күні аудандағы қызмет орнына барып есеп берді. Сағат он екіде кеңсе қызметкерлері бір-бірлеп ығыса бастады. «Бір жерге кіріп шығатын шаруам бар еді», – деп Телпекбай кет­ті. «Әйелім үйде жоқ еді», – деп Келдекбай кет­ті. «Балам емханада еді», – деп Қауға кет­ті. «Пойыздан балдызымды күтетін едім», – деп Сауға кет­ті. Балдан көңілі көл өзіндей көріп біреуі: «Балдеке, біздің үйден дәм татып шықпасаң, өкпелеймін», – дейтін шығар деп отыра берген. Бірақ өкпелейтін ешкімді көрмеді. Ең соңында құлақшынын баса киіп, танауы әлденеге қусырылып Кейкі шығып бара жатқанда Балдан:
– Ау, ағайын, мұнда мен отырмын ғой, – деп айқайлап жіберді.
Кейкі есітімеген кейіп танытып артына бұрылып та қарамай, кете барды. Балдан салы суға кетіп, көңілі құлазып ең шеткі жег-жатының үйіне келе жат­ты. Содан соң ол кеңсе қызметкерлерін көрместей болған-ды. Көрмеуді Құдай жазбапты. Жазғы демалыста Телпекбай екеуінің Алматыға жолы бір түсті. Бір купеден орын алған соң Телпекбай:
– Балдеке, көмектесіп жіберіңіз, – деп кастөмінің ішкі қалтасын көрсет­ті. Қалтаның екі шетінен бірдей қашықтықта симметриялы екі темір ілгек «кілт­теніпті». Тесігі тар болып оны Балдан әрең ағыт­ты. Одан соң қос рельстей боп төрт-төрт­тен жарыса қадалған сегіз түйреуішті босат­ты. Қалтадан әмиян шықты. Әмиянның ішінен тағы бір әмиян. Оның ішінде шүберек. Шүберектің ішінде қалың сары қағазға оралған ақшаның әдемі әлпеті елес берді. Телпекбай қағаздың арасына дүрбіге үңілгендей қарады да:
– Балдеке, менде бұзық жоқ екен. Барғанша арақ-шарап сенің мойныңда болсын, қайтарда өзіме сене бер, – дегені.
– Тіпті жақсы, – деп келісе кет­ті Балдан. «Қайтар шамада қалтам да сыр беріп қалар. Мына ұсыныс тамаша болды-ау». Балдан Алматыға жеткенше арақ-шарапты Телпекбайдың кеңірдегінен келтірді. Келген соң бір жетіден ке­йін екеуі осы вокзалда кез­деспекші болып уағдаласты…
Балаларға базарлығын алып, Балдан вок­залға келді. Телпекбайды көп күт­ті. Пойыз жүрерде түсі бұзылып, ентігіп Телпекбай да жет­ті-ау.
– Амандық па?
– Амандығы бар болсын. Жаңа көк базарда бар ақшамды ұрлатып алдым. Нанбасаң мұнда қара, – деп қалтасының алмас қиған астарын көрсет­ті.
– Әйел, бала-шағаңа базарлық алмап па ең?
– Әлі алған жоқ едім.
– Алмағаның дұрыс болған. «Жақсылық қылсаң бүтін қыл» демей ме? Аз-мұз жұмсап қойғаныңда ұрыларға обал болатын еді. Ақырғы сағатқа де­йін түк жұмсамай түгел қолдарына «ұстата» қойдың. Ұрылар енді саған дән риза ғой, – деп Балдан әзілдей бастады.
– Өзіме де обал жоқ. Сыртқы қалтама сала қойып ем, – деп қынжылды Телпекбай.
Пойыз жүйткіп алға тарт­ты. Қанша жүйіткігенмен Борсық бойы жеткізіп болар ма. Балдекеңнің қалтасында қалған жиырма-отыз сомды екеулеп тауысты. Мұндайда қас қылғандай таныс та кез­десе қоймайды. «Әт­тең, Тәңір-ай, менің ақшам ұрланбағанда Шалқарға де­йін екеуміз бір шайқайтын едік», – деп Телпекбай да мұның мысын құртады. Келесі күні түн бұлар елге құлады. Ертеңіне әкелген базарлығын артынып-тартынып Балдан автобусқа кетіп бара жатқанда, алдынан Телпекбайдың әйелі кез­десе кет­ті.
– Ағыке-ау, – деп бастады ол сөзін өз сүйегінен ағайындығын алға тартып, – Әлгі біздің албасты балаларға киім-кешек әкел деп берген бар ақшаны көзі қиып жұмсамай, үйге қайтып әкелгені. «Киім-кешек қымбат екен», – дейді. «Тіршілікте жиғаның сүйегіңе салынсын!», – деп іші-сыртын мес қылып қарғап-сілеп шыққан бетім. Үй-ішінің, балаларының игілігіне қимаған ақшасын судай шашайын, күйініп өлсін, марту басқыр…
Балданның жүрегі мұздай болды. Бұдан ке­йін ол, Телпекбай сияқтылардан іргесін аулақ салып жүр еді. Бес-алты ай өткенде жалғыз қызы Бердің қырқыншы ұрпағына қашып кет­ті де, жалғыз ұлы қаладағы атышулы сараң Алапаның қызын аламын деп, көзі ақшия қарады әкесіне.
– Одан басқа ештеңе болмады ма, балам?
– Жоқ, әке, содан басқаны алмаймын!
– Алапа қызын дау-дамайсыз бере қоймас. Жұрт­тың балалары сияқты алып қашып келе қойсайшы.
– Әкемнен сұрап алмасаңдар, қаша алмаймын, – дейді.
– Пәле десейші бір…
Баласы «сүйіп тұрмын, күйіп тұрмын» деген соң амал жоқ қаңтардың қақаған боранында екі жүз шақырым жолға машина жалдап, Балдан інісі Алданды жұмсады. Машина боранға ұшырап, екі күн арып-ашып жет­ті-ау.
Ішке кірген-шыққан із жоқ, қабаған ит­тің суреті салынған темір қақпадан әрі өт­ті. Ішектей созылған үйдің төргі бөлмесінде теріс қарап құда жатыр екен. Бұларға бұрылып та қараған жоқ.
– Балалардың уәдесі солай болған екен. Жатжұрт­тық бала болған соң ағам Балданның баласына қызыңызды сұрап келіп отырмын, – деп Алдан әңгіменің ашығын айт­ты.
– Мен ешкімге уәде берген жоқпын, – деп құда ұяты кем табақтай бетін бері бұрды, – Қызым уәде берсе, одан ештемесі кеміп қалмаған шығар. Он мың сомды алақаныма әкеп салмай беретін қызым жоқ. Жаны жоқ темір машина да он мың сом тұрады. Оның бер жағында менің қызым адам ғой. Адам темірден бағалы болса керек.
– Жегжат адамның қабақ шытыспағаны, бет жыртыспағаны жақсы. Қазір қыз сататын заман емес. Оның үстіне өзіңіз – оқыған адамсыз.
– Оқыған адам ғой адамның бағасын білетін.
Құданың әйелі мәселені тұйыққа тіреді. «Айтып болдым» дегендей, Алапа әңгімені әрі созған жоқ. Бетін құбылаға қайта бұрып, жатып алды. Алдан амалы таусылып, ауылға қайт­ты. Мұны естіген Балдан күйіп-пісті. «Дүниеде қыз құрығандай мына шіріктің қол салған жерін қарашы. Өзім болсам дүниеқоңыз әкенің қызын алмай кетіп, ит­тен қор етер ем».
Осы күнгі балалардың «осы қызды алмасам буынып өлемін» деп әке-шешесін мақтамен бауыздайтын сөздері есіне түскенде шошып кет­ті. «Азғындардың сөздерін қарашы. Қандай ит­тің баласы ойлап тапты екен осы сөзді. «Өлсем де әке-шешемнің еңбегін ақтаймын», «өлсем де бір қорғансыз жанға пана боламын», «өлсем де ұрпақтан-ұрпаққа жететін бір мәңгілік еңбек жазып кетемін» деген сөз ауыздарына түспес еді-ау. Тауып айтып тұрмын деп ойлады ғой, байғұстар. Сөздің бағасын білсе-ші. Не де­йін, алдарына келсін. Бұлардың да балалары өздерін осылай қинасын». Әйелі бала көтермей кешігіп, сан жылдар сарғая күтіп, көзі қарайғанда көрген жалғыз ұл өскен соң не болса сол үшін «буынып өлемін» дей берсе, өз әке-шешесіне жасаған зәбірін сонда түсінер еді. Қазір не дейсің бұларға…
Өз қолын өзі кесе алмай, қарызданып-қау­ғаланып, шарт­тасқан ақшасын қалтасына салып, Алдан тағы ат­танды.
Балдан сол жылы құдасымен жылы сөзге келген жоқ. Бір ай өткенде үйіне екінші құдасы Түйебай келді. Ас-су ішіп болған соң бұйымта­йын сұрады. Кешегі жауында ешкі қорасы құлап қалып, соған белағаш сатып алуға көмек сұрап келіпті. Құдасының ұсақтығына іштей ренжісе де, сыр бермей бір айлығын беріп құтылды.
Жүрегі айнып, Бер атаулының ұрпағын көргісі келмей Балдан бір сәт көзін жұмды.

Төрежан МӘНДІБАЙ

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 16.02.2025 | 23:45

Я думаю, что Вы не правы. Я уверен. Пишите мне в PM, обсудим.

Қонақ 10.04.2025 | 05:07

аренда яхты франция

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір