АҚЫН, ОЙШЫЛ АБАЙ
27.02.2025
801
1

Шынында, Абай деген кім? Өзекті сұрақ. Жұрт назарына іліккен тұлға туралы аңыз-әңгіме көбейіп, аңызы қайсы, шындығы қайсы араласып кететіні бар. Абайдың кім екенін толық баяндап, жазып берген – Мұхтар Омарханұлы Әуезов. «Абай жолы» – даусыз, классикалық-көркем шығарма. Абай өмірі мен шығармалары хақында айтылған, жазылған шын сөздер жеткілікті. Сонымен бірге қауесет­тер де қалар емес. Абайды білетін, түсінетіндер мен оған дәрмені жетпейтіндер қағаз шимайлап, тіптен «кітаптар» шығарып әуреленуде.
Мұхтар Әуезов бүкіл әлемге Абай есімін паш ет­ті. Мұхтар Әуезов Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы үш рет көлемді-көлемді зерт­теу жазған.
Абайға орнатылған ескерткіштер хақында сөз айтсам, ақынды шал етіп көрсету дәстүрі болды. Бұл – теріс тәжірибе. Ол небәрі 59 жас ғұмыр кешкен. «Абай жолының» төрт кітабында жазушы Абай портретін мейлінше толық берген, мәселе мүсіншілердің көбі романды байыптап оқымаған.
«Кемеңгер Мұхтар» кітабында «Абайдың портретін» теріп жаздым. «Аққулы» ауданында Абайдың мүсінін орнат­тым. Содан «Абай күні» мейрамға айналды.
«Ғұлама-наме» трилогиясында Абайды, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтермен қоса баяндадым, сөзім толық болғанға ұқсайды. «Ғұлама-наме» – энциклопедия. Ол – әрбір зиялы қауымның үйінде орын алатын кітап.
«Абай жолы» романы оқуға және түсінуге қиын болғандықтан, «Кемеңгер Мұхтар» кітабын жаздым. «Кемеңгер Мұхтар» кітабымен танысқан Қасым-Жомарт Кемелұлынан хат алдым.

* * *

«Абай кім?» дегенге бірінші жауап, ол – мұсылман. Мұсылман қазақ елінің ақыны, ойшылы. Мұсылмандықтың мәнісін Дулат ақын айқындап берген. Ол: «Орыс деген атыңнан, теріс жазған хатыңнан», – дейді. Жазуы теріс болса, ол мұсылман емес. Жазуы терістің – ойы да теріс. Әріп танымайтын сәбидің қолына қалам берсең, ол оңынан солға қарай «жазады». Баланың табиғатына қиянат жасап, біз оны солдан оңға қарай жазғызамыз.
Біз баланы теріс ойлауға саламыз. Қазіргі оқу жүйеміз де теріс. Теріс ойлау, идеология, саясат, дағды, өмір сүру қалпы болып кеткен.
Хакім Абай оңынан солға жазу жүйесінде болған, оның ойы – оң. Бұл – мұсылмандық дәстүр. Шәкәрім өзінің «Үш анық» еңбегінде: «Ең алғашқы білім – Алланың білімі» дейді. Алланың білімі – тәжірибеге де­йінгі білім. Философияда бұндай білімді априори дейді.
Хакім Абай өзінің мұсылман екенін өлеңдерінде үнемі қайталап айтып отырған. Ол: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақыт­та жалған болмас», – дейді. Алла тағаланың растығын мойын­дау – исламның негізгі қағидасы. Сондықтан Абай шығармашылығынан, мұсылмандық дүниетанымнан өзге «ілімдер» іздеу – мүлде қате. Кейбір абайтанушы ғалымдар Абай толық адам ілімін қалыптастырды дейді. Абай ілім жасаушы ойшыл емес, оның мойындайтын бір ғана ілімі бар. Ол – ислам. Ол айтады:
«Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітсымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы»
Хакім Абай қырық бесінші қара сөзінде Алланың ең алғашқы білімі туралы былай дейді: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп ақылмен біліп», – дейді.
1453 жылы Осман империясы Константинопольді басып алды. Бұл христиан әлеміне ауыр соққы болды. Еуропада жаңа заман басталды. Ол арабтарға, түріктерге қарсы бағыт­талған заман. Схоластар мұсылмандық дүниетанымды еуропаландырумен айналысты.
Әл-Фарабиді Аристотельден ке­йінгі екінші ұстаз дейді. Аристотель әл-Фарабидің бірінші ұстазы болуы мүмкін емес. Әл-Фарабидің бірінші ұстазы – Мұхаммед пайғамбар.
Әл-Фараби – мұсылман. Оның ұстазы да мұсылман болуы керек. Ислам дінін таратушы – Мұхаммед пайғамбар. Уағыз айтатын жерді кафедра, мінбер дедік. Мінбер ке­йін универге айналды. Алла туралы білімді айтушы – пайғамбар. Пайғамбар жолындағы ғалым – екінші ұстаз. Біз Еуропалық жаңа заманға сыни көзқараста болуымыз керек.

* * *

«Абай кім?» дегенде, Абайды ұлы деп жаңсақ пікір айтудамыз. Абай – пенде. Пенде ұлы болмайды. Абай мұсылман болғандықтан, Алланың құлы. Алланың құлын ұлы деу – күнәлі іс. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи өзін Құл Қожа Ахмет Ясауи деп атап кеткен. Құдайдың құлы болу – дәреже. Бұл сана Абай сенімінде бала кезінде қалыптасқан. Ол: «Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафиз – бұ һәммәси. Медет бер я шағири фәрият». Бұлардың бәрі – мұсылман ойшылдар.
Ұлы – Жаратушымыздың эпитеті. Ұлы деген – абсолют. Абсолют­тің бір-ақ мәні бар, ол – абсолют. Алланы бір дейміз, оның теңдесі жоқ. Ол туылмаған, тумаған. Біз болсақ, Ұлы дегенді оңды-солды қолдана береміз. Мысалы, Ұлыбритания дейміз. Бұл мемлекет несімен ұлы? Ұлыбритания дегеннің орнына «Әйгілібритания», «Атақтыбритания» десек те болғаны.
Ұлы дала деу де теріс ұғым. Дала – Жаратушының жаратқаны. Жаратушының жаратқанымен Жаратушы тең болмайды. Бірде қазіргі Абай облысы Абай ауданына барсам, «Ұлылардың мекені» деп жазып қойыпты. Мен аудан басшыларына айт­тым:
– Сіздер қате жазыпсыздар, «Ұлылардың мекені» демей, Құдайлардың мекені деп жазуларыңыз керек еді», – дедім. Олар «астаһфирулла» деп, жағаларын ұстағандай болды. Мен оларға ұлы деген Жаратушының эпитеті екенін түсіндіруге тырыстым.
Біреулер айтады, «Абайды ұлы деп айт­қанда тұрған не бар, оған үйреніп кет­тік қой», – деп… Мен айтамын: «Сіздер Абайды ұлы дегенде Алланың сөзімен адамның сөзін араластырып аласыздар, Алла тағалаға тиісті сөз бар, Абай айт­қан: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – деп. Ал адамдардың сөзі көбіне рас болып шықпайды. Адам – мінді, Алла – мінсіз.
«Абай кім?» дегенде, Абай – ағартушы деген түсінік Кеңес заманында қалыптасып, әлі өшпей келеді. Коммунистер Абайдың ойшылдығын, діншілдігін мойындамай, оны ағартушы деп жар салған. Сол теріс дәстүр әлі сіңірін созып, өшпей келуде. Абай – ағартушы емес, ол – ойшыл, хакім. Батыс Еуропада қалыптасқан ағартушылық идея, анығында, атеизмнің негізі болды. Батыс Еуропада секуляризм күшіне енгенде, діннің орнына мораль деген түсінік қалыптасты. Мораль дегеніміз – Құдай жолынан кеткен ағартушылардың ұғымы.
Батыс Еуропа ағартушылар, орыс ағартушылары және осы ағартушылық идеяларды қазақ жеріне таратушылар, негізінен, Құдайсыздар болған. Сондықтан Абайды мұндай мәдени-сая­си кеңістікке салуға болмайды.
«Абай кім?» дегенде, оны гуманист деп түсіндіретін «абайтанушылар» бар. Гуманистік мәдени-саяси сана Еуропадан өсіп шықты. Олар да ағартушылар сияқты дінсіздер болатын. Ақыр соңында ағартушы, гуманистік идеялардан социалистер, коммунистер қалыптасты.
Хакім Абай адамшылық деген ұғым қалыптастырған, яғни ол адамның қасиет­терін айт­қан. Адамның үш қасиеті болады деген. Олар: жылы жүрек, ыстық қайрат, нұрлы ақыл. Осы ойлар Абайдың шығармаларында өне бойы әр жағдайға байланысты айтылып, баяндалып, таратылып отырады. Осыдан кейбір абайтанушылар Абай толық адам ілімін жасады деген қорытындыға келген. Бұл сау ақыл қабылдамайтын түсінік. Себебі Абай ілім жасаушы емес, ол: «Қайғы шығар ілімнен» – деген. Ілім жасаушылар – социалистер, коммунистер.
Абай, Шәкәрім шығармаларынан, Алаш азамат­тарының сөздерінен «адамгершілік» дегенді кез­дестірмейсіз. Олар адамшылық туралы айтады. Адамды сүюді Абай өзгеше түсіндірген: «Махаббатпен жаратқан адамзат­ты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәт­ті», – дейді. Абайдың адамшылығы – осы. Махаббатпен емес, махаббатымен жаратқан адамзат­ты. Алланы сүю міндетің. «Адамзат­тың бәрін сүй бауырым деп». Адамзат­тың барлығын Алла тағала жаратса, бәрін бауырым деп сүюің керек. «Және хақ жолы осы деп әділет­ті». Үш сүю: Алланы сүю, адамзат­ты бауырым деп сүю, хақ жолы – әділет­ті сүю. Үш сүю – имани гүл.

* * *

«Абай кім?» дегенде, Кеңестік заманда және одан бергіде ескі ойлау дәстүрін сақтаушылар Абайды философ деп жазады. Абайдың философиялық ойлары деген мақалалар жазады. Тіптен біреулер Абайдың философиялық көзқарасы деген кітап шығарыпты. Бұл – теріс тәжірибе. Хакім Абай философияны, философтарды білген, бірақ философиялық идеяларды қабылдамаған. Ол туралы «Абай жолы» романында мынадай дерек бар. Бірде ақиқат философия туралы сөз болғанда, Абай хақиқат туралы сөзімді өрбітіп былай дейді:
– «Әрине, «хақиқат» әртүрлі. Ислам діні өз хақиқатын бар мұсылман айтатын «иман» ішінде келтіреді… Өзгені қояйық. Жақында мен қарастырып өткен бір философтың Құранмен бақас жасаған біраз сөздерін ғана сіздерге баян ете­йін… (37–38-б.).
– …Сол философ айтады: «Ал, біз иланайық, яғни Құран жаратушы иенің бір ғана соңғы пайғамбарына өзі айтып берген сөзі болсын. Солай болғандықтан, бұл адам баласының көп ойшылдары, ғалымдары айт­қан сөздердің барлығынан да дұрысырақ, тереңірек болса керек. Ғылымның ғылымы, шындықтың шыңы, ойшылдықтың ең жоғарғы өрі осында болса керек еді, ал бірақ осылай болмай тұрғаны несі?» – дейді жаңағы философ. (38-б.)
Абай сөзін ары қарай жалғастырайық: «Бұл философ айт­қандай, өзіміз осы күнде иланбайтын бақсы-құшнаштың сандырағына иланғандықты көрсетеді емес пе? Міне, «хақиқат» деп жүргеніміздің кейбірі бара-бара осылай ойлай берсек, сиырқұйымшақтанып барып, әлдене боп кеткені де бар! – деп күліп тоқтады. Жас достардың көбі Абаймен қоса күлді. Көкбай бұдан арыға шыдай алмай, тысқа қарай тарт­ты… Кәкітай барынша ашық-жарқын жүзімен Абайға әлі де жабыса түсіп:
– Абай аға, Көкбай қашса, қашқандай екен! Мына философыңыз алқымнан алып тұр ғой өзі! Бұнысы жөн болғанда, неміз қалады, неғып жүрген боламыз осы? – деп еді.
Абай Кәкітайдың қиналуын түсінді де:
– Көп философты оқысаң бұдан да үлкен, бұдан да ащы шындықтарға ұшырасасың. Бірақ одан, жоныңды көрсетіп Көкбайша қашпай, не дейтінін білуге тырыс. Ойға салып сына да, талғай бер! – деді». (39–40-б.).
Абай философияны жоққа шығарып отырған жоқ. Философтардың айт­қанын біл, бірақ қабылдау үшін ойлан, сын көзбен қара дейді. Сын көзбен қарағанда, хақиқат­тың мәні ашылмақ. Абай мұсылман болғандықтан, ол хақиқат­ты Хақ тағала деп түсінген, яғни ол үшін ақиқат жалғыз, Алла – бір, Алла – хақиқат. Православ дінінде пантеистік көзқарас. Құдай әке, Құдай бала, Әке рух. Бұл – пантеизм. Абай Алла тағаланы жалғыз хақиқат иесі деуі – монизм. Сондықтан Батыс Еуропада қалыптасқан тезис, анти­тезис, синтез және қайшылық, даму дегендерді Абай қабылдамаған. Хакім Абай мәңгілік өзгерісті мойындаған. Ол өсу, жетілу, жаңару, кемелдену деген өзгерістің сатыларын талдаған.
Даму дегеніміз – Құдайсыз, яғни Алла тағаласыз өзінен-өзі болатын өзгеріс. Дамудың ішкі себептері бар. Олардың Құдайға қатысы жоқ, табиғат өзімен-өзі. Бұл – баяғы Барух Спинозаның түсінігі.

* * *

Абай кім дегенде айтарым, Абай – ақын, ойшыл, ғұлама, хакім.
Абайды хакім деп өз заманында айт­қан. Беріректе Мағжан Жұмабаев «Алтын хакім Абайға» деп өлең жазған.
Шын хакім, сөзің асыл – баға
жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі
кетпес.
Сөз құдіретін білетін Мағжан Жұмабаевтан асқан ақын бар ма? Ол Абай сөзінің мың жыл өтсе де дәмі кетпес деген. Мың жыл – он ғасыр. Мысалы, әл-Фарабиден Абайға де­йін 10 ғасыр. Сонда, әл-Фарабидің сөзі он ғасырдан бізге жетіп отыр. Сол сияқты хакім Абайдың сөзі де он ғасырдан ке­йінгі ұрпаққа жетпек. Міне, бұл – Абайдың даналығы, ғұламалығы.

* * *

1995 жылы Абайдың 150 жылдығы болды. Мәкен деген апай: «Балам, радиодан, барлық жерден жақсы сөйлеп жүрсің, «Мекен берген, халық қылған Ол – Лә мәкан» деген Абайдың сөзін неге айтпайсың?» – деді.

«Мекен берген,
халық қылған Ол – Лә мәкан,
Түп иесін көксемей бола ма екен?

Бұл туралы менің әкем сағат­тап айтушы еді деді. Әкесі Әйгерімнен туған Абайдың Тұрағұл деген баласы. Келесі кез­дескенінде тағы айт­ты. Өлеңде берген түсініктемеде, Ол – Лә мәкан – адресі жоқ жер дегеннен басқа ештеңе жазылмаған. Әдебиет­терді қарастыра бастадым. Қолыма «1001 сұрақ» деген кітап түсті. Негізі аңыз-әңгіме. Бір билеушінің қызы: «1001 сұрағыма жауап беретін жігітке ғана тұрмысқа шығамын», – депті. Жауап бере алмағандардың бастарын шауып отырған. Күндердің күнінде бір жігіт келіп: «1001 сұраққа жауап беремін», – депті. Қызға жігіт ұнап, аяп, айт­қан екен:
­­­Жігітім, қайта бер, босқа басыңнан айырыласың депті. Қыз жігітке:
– Қайдан келе жатсың? – дейді.
– Көрістаннан.
– Қайда бара жатсың?
– Ол – Лә мәканға.
Керек сөз шыға келді. Түсіндім. Біз Көрістанда жүреміз, ең соңында баратын жеріміз – Ол – Лә мәкан. Ол – Лә мәканда адамның ақылы мен жаны жиналады. Сол жақтан ке­йін, ақыл мен жан дене тауып, қайта Көрістанға оралады.
Абай: «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе – өлсін, оған бекі», – дегені осы Ол – Лә мәканға қатысты сөз.
Жан тәннен ажыраған кез­де баратын жері – Ол – Лә мәкан. Шәкәрім дүниеде не анық дегенде, бірінші анық – Алланың білімі деген. Алланың білімі талқылап, талдауды қажет етпейді. Оны қабылдап, түсіну керек. Екінші анық – жанның өлмейтіні. Жанның өлмейтінін Абай:
«Мекен берген, халық қылған
Ол – Лә мәкан,
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың
оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма
екен?!»
Мақсат­тың ең биігі – Ол – Лә мәканға барып табысу.
Абай білімді Алланың алғашқы білімінен алған. Абайдың жазғандары өте мағыналы, қысқа. Бұл Құранның стиліне жақын дәстүр.

* * *

Ұстазым Қайым Мұхамедханов өлеңді талдағанда бір өлеңді не өлеңнің бір жолын ғана талдау керек деп еді. Абайдың жеке-жеке жолдарын талқылай бастадым. Бұл – герменевтикалық талдау. Тамаша нәтиже берді. Бұл – Құранның стиліне еліктеу. Құранның аяты бір жол. Артық сөз жоқ. Осы мәселе туралы Имам Ғазали терең ойлар айт­қан.
Дүние неге нөлде тұр? Таразы. Қандай өлшеуіштер бар? Әл-Ғазалидің айт­қаны – сенім. Жұмекен Нәжімеденов: «Мен сенетіндерге сенемін», – дейді. Сенімге сену керек. Сенім – ақылдан биік. Абайдың сенімі – Алланың білімі.
«Хакім Абай» кітабымды мамандар неге шетелде шығарды деп ойланамын. Еуропа басқаша ойлауды іздеуде. «Хакім Абайды» америкалықтар аударып, әлемге әйгілі Амазоннан шығарғаны да сондықтан.

 

Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы

 

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 01.03.2025 | 19:30

Сіз нағыз ғалымсыз, Ғарифолла аға. Ал сізді сынамақ болған Ербол Тілешов – ғалым емес. Ербол Тілешов – шын әдебиетші емес. Ол қазір сіздей кісілердің Абай туралы жазғандарын көшірумен жүр. Ол әдебиетші атын жамылып жүрген алаяқ. Ол Тіл саясаты комитетіне тас кенедей жабысып алған ашкөз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір