ӘДЕБИЕТТЕГІ ӘДІЛЕТТІЛІК – СЫЙЛЫҚТА!
Құдайдың бақырбастыға берген ең үлкен екі сыйы бар. Біріншісі – өмір, екіншісі – сана. Бұрынғының жомарты әрі аңғал батыры Робин Гудтың: «Өмір керек пе, әлде ақша ма?..» – деп сұрайтынындай, жаннан тәтті не бар, бірақ қаржы да қалтаңа ауырлық етпес еді деген дәме, кейде қараңғы түнде дән іздеген көртышқанның тірлігін көз алдыңа елестететіні бар. Іздейді, еңбектенеді, іздейді, еңбектенеді, ақыры дегеніне жетеді. Алтынның артынан кетіп, Элдорадоны тапсақ деп көксеген конкистадорлар күтпеген жерден адамзат өркениетінің бір бөлшегі, кешегі – инк, майя, кечуа, аймарлардың мұрасына тап болғанын кейін білген-ді. Ал Сүлейменнің кенішін тапқандар бар ма екен? Олар да іздеді ғой… Ізденді! Ұзақ жыл дайындалды. Бұны неге айтып отыр деген ой туындауы мүмкін. Осы мысалды әдебиетке алып келсек…
Әдебиет тарихын ақтарып отырғанда саналы ғұмырын сыйлықсыз, сый-сияпатсыз өткізген жазушылардың бар екенін де көрдік. Саусақпен санарлық болса бір жөн ғой. Біршама екен. Дегенмен, олар жазды, тоқтаған жоқ. Заманы мен ортасы бөлек болған дейсің. Сол қаламгерлердің туындыларын жаһан сөз жауһары антологиясынан оқисың да бәрін ұмытасың. Біз де бәрін ұмытуға дайынбыз ба? Бірақ ұмытылмайтын бір нәрсе бар. Бәйгеден орын алып, сахнаға шығып, көрермен қошеметіне бөленген кезің… Алған қаламақыңды айтпағанда, өзіңе белгісіз бір сезім, сені алдыға сүйрейтін түсініксіз сезімді ұмыту мүмкін емес. Қатарластарың мен аға-інілеріңнің құттықтағаны сені ынталандыра түсетіндей. Ерекше бір күй кешіп, со күй бір-екі апта, кейде бір ай көлемінде көлеңкедей қасыңнан қалмай жүретін. «Кет!» – дейін десең қуып жіберетін күшік емес. Уақыт өте келе алған әсер жоғала бастайды да, өз-өзіңе келгендей боласың. Айналаңа қарайсың… Әлем орнында екен! Тек сен ғана өзгергенсің. Менмендік мекен еткен кеудеңде сағынышқа ұқсас бір Ұлы кеңістік, Ұлы шөл пайда болады да, бәз-баяғы қалпыңа түсесің. Сонда есіңе Пушкиннің жағада тесік науа ұстаған кейуанасы түседі…
Лев Толстой «Что такое искусство?» атты еңбегінде көптеген «эстетикалық теорияларға» қарсы шыға келе, қасқырмен бетпе-бет келген бала кейін жанындағыларға со оқиғаны айта отыра, оларды да үрейлендіріп, қорқыныш сезімін сезіндіру турасында ғажап мысал келтіреді. Жазушы да сондай «эмоционалды көңіл-күйді толыққанды беруге тиіс» дегенді ерекше ескертеді. Ақсақал: «Сонымен? Повестері мен романдарындағы сюжеті талас-тартысқа толы Золя, Бурже, Гюисманс, Киплинг, т.б. оқығанда ешқандай әсер алмадым. Алғашқы сөйлемінен-ақ автор не айтқысы келгенін аңғарып қойған соң, ары қарай оқудың ешқандай мән-маңызы қалмады. Одан бұрын жазушының повесть немесе роман жазуға ғана құштарлығы болғанын түсіндім. Сезім жоқ. Сол себептен, көркемдік атаулының төмендігінен олар еш жүрек қозғамады. Ал өзіме белгісіз бір автордың бала мен балапан туралы әңгімесін бас алмай оқып шықтым. Себебі, жазушы мені терең сезімге жетелеп, өзі сезінген оқиғаны бастан кешуге мүмкіндік берді» деп жазады. Автор Шекспир мен Бетховенге іші жыли қоймағанымен, Шекспир Шекспир күйінде, Бетховен Бетховен күйінде қалды. Қалай дегенмен де, Толтой ең негізгі нәрсе – болашақта жеңіл сюжет пен жеңіл жазу басымдық алатынын әулиелікпен болжай алды. Нобельді айтпағанда әлемдегі ең белді делінген Либерти, Х.К.Андерсен, РКС, Дублин, Орыс Букері, Оңтүстік-Шығыс Азия, АБС, Букер, Гонкур, Пулицер сыйлығы лауреаттарының шығармаларын оқығанда осыған көз жеткізгендей боласыз.
«Мемлекеттік сыйлық – әдебиетіміздің шыңы» деп қабылдайтын романтикалық кезеңнен алыстағалы қашан. 2016 жылға дейін қаншама шығарма жүлдегер атанды. Алайда, оның қаншауы рухани айналымға еніп үлгерді? Ал қаншамасы ұмытылды? Со туындылар, со туындыгерлер де сіз бен біз сияқты жер басып жүрді ғой. Біреуді сынады, өздері де сыналды. Әдебиеттің қамын ойлаған, өзіндік жолын қалыптастырып, әдебиетте өзін тапқан қаламгер жылтыңдап, әр жерден бір көрініп, абыройын түсірмейді деген ойдамыз. Өйткені, өзі туралы газет-жорналдарға мақала, сұхбат ұйымдастыртып, ақша беріп мақтатқызатын әдет әдебиеттің ауруына айналып барады. Сыйға тартқан кітапты оқымай-ақ сырттан пікір айтуға машықтанғанбыз. Оның шығармашылығымен толық таныс емес болсаң, айтпа. Қателесуің мүмкін. Ал бір туындыны ғана оқи салып, шолақ қайырудың қажеті жоқ. Ал Мемсыйлық алған соңғы қаламгерлердің ішінен Қажығали Мұхамбетқалиев пен Гүлнәр Салықбайды айта аламыз. Жазушының көркемдік ғұмырын оның жазуы ғана айқындап бере алады. Уақытқа төзу дегеніңіз де сол…
Бір жазушы екінші біреуді оппонент, жау көргені соншалық жарық көрген кітабының төрттен бір бөлігін өртесе, енді бір ағамыз Мемлекеттік сыйлықты табыстар күні бармай, өкпелеп үйінде жатып алыпты. Бір кісілер атшапан-айыбын жуу үшін әлгі ағамыздың үйіне барып, кешірім сұрап, сыйлықты тапсырыпты. Біреу құлдыраса, біреу асқар таудай өсе түсетіні өмірдің заңы шығар… Алайда, додаға түскенде таласпай-тартыспай, өзін маңғаз әрі тәуелсіз ұстайтындар сирек шығар. Ал еліміздің маңдайалды сыйлығынан құлағандары келесі жылы тағы да талпынып көреді. Одан да құласа елден қала ма, тағы да тапсырады. Айналып келгенде бұдан жазушы құны мен жазудың құны түспесе, атағы асқақтамайтыны белгілі. Сырттай сыйлап, шығармасына тамсанып жүрген ағаң көз алдыңда аласарып жатса, өкінбегенде қайтерсің?! Інілеріне ақыл үйретіп, адалдық, шынайылық туралы сөз қозғағанда көп ойын қабылдай алмайды екенсің…
Биліктің риестріне кірген жазушылар туралы сөз бөлек. Орталықтан келген ресми тұлғалардың жиын-басқосуларда оқыған салақұлаш тізімінен оқуға тұрарлық бірен-саран автордың аты-жөнін ғана естіген кезде ойға қаласың. «Әдебиетті жасап отырғандар осылар ма?» деген сұрақ туады. Белгілі бір адамдардың талғамына таң қалмасқа лаж жоқ. Олар тізімде бар жазушылардың бәрін оқымайды, толығымен таныс емес дегенге тоқтадық. Ал лауазымды тұлғалардың жанында жүрген кейбір жастар әдебиетте жүрген ағаларын мүлде танымайтындары да бар. Ол таңсық емес. Әлгі жазушылардың алыс-жақын шетелден жиған сыйлығын баяндамаға тізе келе: «Еліміздің атын әлемге танытып жатыр» деуге аузымыз әбден үйренген. Қайбір жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романын оқығанын айтып, жылы лебізін білдірді. Бұның өзін жақсылықтың нышаны деп қабылдадық. Мемлекет басшысының аузына ілігу әр адамның арманы. Соның арқасында өз ортаңда абыройлы жүресің. Естіген ел құттықтап та жатады. Бұл да дұрыс қой. Сталинның Булгаковтың «Ақ гвардиясына» әділ бағасын бергені туралы көптеген әдебиеттанушылар жарыса жазды. Бірақ шынайы қаламгер үшін Уақыт деген төрешінің тезінен өтіп, Өлшем атты сараң мырзаның «мөрі» қымбат па деген де ой келеді…
«Әдебиет дамып, өркендеп жатыр» деп өз-өзімізді алдап жүргенімізге он жылдың ар жақ-бер жағы болды. Сол уақыт аралығында қаншама нәрсе жоғалтып үлгердік. Ең негізгісі сенімнен айырылдық. «Әдебиет – күш» деген ұран күркіреген күндей өте шықты. Ол әзірге күш болудан қалды.. Әдебиет маңындағы мәселені сөз қылдың деп сөге көрмеңіз оқырман. Біздікі біреу сыйлық алғанда жауы шын жүректен қуанса деген ой ғой. Мойындағаны, кісілік келбетін жоғалтпағаны өз алдына, ол сөз өнері жөнінде концептуалды дүниелер айтса, дүниеге сәтті шығарма келсе деген ниет қой…
Бір қаламгерлердің регалийінің өзі WORD-тың тұтас бір бетіне сыйып жатады. Ал библиографиялық көрсеткішін арлы-берлі ақтарғанда оқитын тұшымды нәрсе таба алмағанда мысың құриды екен. Әдебиетке адалдық, жазудағы тұрақтылық, жазушының өзіне деген қатал талап та қиын, кей кездері мүмкін еместей көрінеді. Бірақ идеал – қол жетпес арманға деген құмарлық пен құштарлық уақыт өткен сайын өсе береді, ұлғая береді.
«Заманының заңғар жазушысы», «Тыңнан түрен салған», «Көрнекті жазушысы», «Әдебиеттегі дара жолы даңғылға айналған» туындыгердің әдеби жоспары, бүгіндері модаға баланған сөз – «жылдық жоспары» туыстығы мен жора-жолдастығы алдында бас июге тиіс секілді көрінеді. Сыйлық – ынталандырушы фактор. Алайда, «дәніккеннен құныққан жаман» дегендей әр бәйгеде белгілі бір есімдердің ғана аталынуы жақсы ырым емес-ті. Әңгіме ОЛАРДЫҢ танымалдылығында емес, тұрған судың борситыны, ұйыған қанның қарақанға айналатыны сияқты тар мағынасында барға қанағат ету, дамудың тоқтауы, кең мағынасында сөз өнеріне жалпы Өнер ретінде қызығушылықтың азаюы мен құрметтің төмендеуі. Кей сәтте біз Одақ шеңберінде ғана ойлап, өз арамызда қырық-пышақ болып жатамыз. Ал нағыз оқырман сыншы да емес халық екенін мойындауға тиіспіз. Себебі, көпшіліктің көңілінен шығып, іріктеліп, сұрыпталған туынды қалай да тарихта қалады. Парадокс осында. Жұрттың талғамына қаншалықты сенбесек те, нағыз көрсеткіш те СОЛ болмақ… Қызық…
Неліктен жазушы абыройының төмендеуін сырттан іздейміз? Біреуге арнау өлең жазып жалпайып, енді бір «шишканың» әкесі немесе шешесі туралы естелік жазатын жазарманда ел алдында қандай абырой қалмақ?! Одан қалса халықтың тыныс-тіршілігі туралы ештеңе білмей жатып, бүгінгі қазақ психологиясы туралы үлкен дүние жазғымыз келеді. Ал ұлт пен жазушының арасы қаншалықты алыстағаны қазір көзге айқын біліне бастады… Өзінің мерейтойына шенеунік келмесе көңілі орнына түспейтін жағдайға жеттік. Ал егер сондай жағымпаздар жоғарылап, беделді сыйлық алып жатса таң қалмаңыз. «Е-е-е…», – дейсің. Бұның басты себебін сәби көңіл тазалықтың кеміп, балаңдық пен сананың әлі де толыспай келе жатқанынан іздеген дұрыс секілді. Сыйлыққа түсу мен сыйлыққа таласудың екі түрлі мағына екенін бәріміз түсінеміз ғой. Шығарма талқыға түскенде бағыңнан бұрын бабың, көркемдігі, оқырманға берер әсері, оның бүгінгі замандағы өзектілігі мен алар орны, бәрі-бәрі ескеріле келе таңдау сізге түсіп жатса, (қазылар алқасының мүшелігінде арлы кісілер отырса, егер) онда қолыңызды алып, жеңісіңізбен шын жүректен құттықтауға рұқсат еткейсіз. Егер сіз сыйлыққа талассаңыз, онда әңгіме басқаша өрбиді. Бұнда әдебиеттің жеңісі емес, тамыр-таныстың жеңісі үстем болады. Және бұны жеңіс деп айтуға ұят шығар. Себебі, «Бәке», «Сәке», «Тәке»-лердің де өз «Бәкесі», өз «Сәкесі», өз «Тәкесі» бар екенін ұмытпаңыз. «Жабық бәйге» ашық, кейде тым ашық болғаны адамды үрейлендірмей қоймайды. Әлем әдеби сыйлықтарының дивизі: «Жаңа есім ашу… Әдебиет қоржынын жаңа шығармамен толықтыру» екен. Салыстырмалы түрде алғанда бір кездері осынау бір функцияны «Жалынның жабық бәйгесі» атқарған-ды. Біз білетін біраз қаламгер содан танылған еді. Жүлдегерлерден құралған жинақты оқып, қазақ әдебиетінің панорамасын көргендей болатынбыз. Ақшаның адамға әсері психологияда толығымен дәлелденген. Мидағы кейбір каналдар жабылып, адам эстетикалық әрі көркемдік ойлау қабілетінен айырылады екен. Уақытша… Ақша таусылғанша… Жаратылыс деген өзі қызық қой.
Оқырман үшін ең ұлы сыйлық қаламгердің шығармасы. Тоқсан толғанып отырып, жүрекпен жазған дүниесінен асқан тосын сый жоқ. Автордың көзінің тірісінде-ақ ескіріп жатқан қаншама туынды бар. Ал ол өмірден өткеннен кейін не болмақ? Сарғайған парақтардағы былдыр-батпақты ұрпақтары ерінбей-жалықпай редакцияға да, баспаға да алып барып, кейін оны кітап етіп шығартып, кітапхана қорын молайтатыны болмаса, пайдасы соншалықты көп емес шығар-ау. Шын қаламгер оқырман үшін, болашақ ұрпақ үшін құпия болып қалуы керек. Бәзбіреулермен сөйлесе қалсақ болды: «Пәленше басылымның, түгенше нөмірінде мен туралы мақала шықты. Соны оқы!» дейтін сөзді жиі еститін болып жүрміз. Бұл мақтампаздық па, әлде өзін-өзі дәріптеудің жаңа түрі ме? Сол жағы бізге аса түсініксіздеу. Айтты… Оқисың. Замандасы жазған соң біз білмейтін қырын ашқан шығар деген қызығушылық алғашқы бес минуттан соң-ақ су сепкендей басылады. Себебі, құры мақтау… Мақтаудың да өз этикасы бар болар. Кез келген нәрсе кенерінен асып кетсе, адамды жалықтырып алатын әдеті. Арды абсолют деп түсінген атам қазақ үшін: сөз – намыс, сөз – иман, сөз – күш, сөз – билік, сөз – Алланың бір сипаты сынды ұстындар ұлт өмірінің маңызды бір бөлшегі еді. Со маңызды бөлшек механизмнің алға жылжуын баяулатып жатқанын түсінбей келеміз. Түсінген күннің өзінде одан да маңызды дүниелер бардай көрінеді. Ал ұлт үшін руханият пен әдебиеттен асқан қандай құндылық бар? Жер сатуға қарсы митингке шыққан халық әнұранды айтумен шектелді. Отты жырлардан от алған жастар шынында да сөз өнерінен алыстапты. Ауызбіршілік пен жігер жоқтай көрінді. Ал со жігерді әдебиеттен алмағанда қайдан алады, олар? Сыйлық алып, қаламақының астында қалуды ойлаған жазушыдан қандай нәрсе күтуге болады? Және жалпы халық олардың артынан ере ме, ал олар ердіре ала ма? Сауалға әлі толық жауап таба алған жоқпыз…
Әлібек БАЙБОЛ.