Абай айдынындағы кәусар бұлақ
(Қуандық Шолақтың «Күзде гүлдеген тобылғы» кітабына рецензия)
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
Қазіргі кезде жақсы өлеңдер көп жазылып жүргенімен, соның бәрі бір қалыптағы орташа жырлар сияқты әсер қалдыра береді. Публицистикалық лебі басым, ішкі мұңы, жан жарасы күшті өлеңдер көп болғанымен, нәзік лирикаға бай, мөлдір ғазал күрт азайып кетті. Оның нақты себебін іздеп жатқан зерттеушілер де көрінбейді. Қасым, Мұқағали, Төлеген туралы жазған циклды мақаласында Әбіш Кекілбаев лириканың қай кезде күшті болатынын анық айтқан еді.
Ежелгі Рим, Эллада, орыс поэзияларында лириканың ұзақ соғыстардан кейін бүр жарғанын айтып келіп, қазақ өлеңсөзінде де осы жанрдың Сырбай, Қасым, Тоқаштардың жырларынан кейін бой көтергенін жазған. Бәлкім, Тоқаштың соғысты «аңсауы» да осы лириканың жоғалып бара жатқанын ескерткені болса керек.
Ойлы, қатал философияға ден қойған бүгінгі қазақ поэзиясында табиғатты жырлау, өлеңмен пейзаж салу да сирек кездеседі. Әр мезгілді өлеңмен суреттегенде де өзінің көңіл-күйін қосып отыратын ақындар табиғаттың тек өзімен тілдесуге көп жағдайда сараң. Осы жағынан алғанда Қуандық Шолақтың тұмса табиғатпен етене жақындығы айырықша көрінеді. Өзінің жеке тақырыбы етіп алған жаратылысты жырлауға жомарт. Жел, боран, жаңбыр, қар, самал, шыбынсыз жаз, жаңбырлы әрі қара суық күз, шуақты көктем, жайдарлы жаздың қай құбылысы болсын Қуандық қаламының тоқтамай жырлайтын тақырыбындай. Үп еткен самалды, мөлт еткен тамшыны жазу үшін сөз ғана керек пе? Оған соны сезетін жүрек, тылсымына бойлайтын түйсік, сұлулығын түсінетін талғам да кажет. Қуандық Шолаққа Жаратқанның өзі «кетсе, саған кетсін» деп үйіп-төгіп табиғат тілін түсінетін қабілет бергендей.
Қуандық Шолақ поэзиясының негізгі фоны, декорациясы – жаратылыс пен табиғат құбылыстары.Ақын тек сұлу көріністі суреттеп қана қоймайды, сол фонда тұрып өзінің махаббатын, жан сырын, пейіл-тілегін туған далаға айтады. «Ақында адамзаттан дос болмайды, жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына» деген Мағжан сөзі (өлең жазғанның бәріне қатысты емес!) сияқты Қуандық ақын сырын табиғатқа айтады. Ақын пейзажист қана емес, тақырыппен қатар, әр ақынның ылғи мұңдасатын, сөзін айтатын серігі болады. Оны муза деп те айтып жатады. Бәлкім, Қуандық музасы – «Жаратқанның сұлу жаратылысы».
«Аяз салып қиғылық,
Шүпірлесті көп торғай.
Ымырт болып ұйлығып,
Қонақтады бақтарға ой», –
деп жырлайтынындай, ақын ойды бақтан, таудан, қыс пен жаз, көктем мен күзден, қар мен жаңбырдан, боран мен тыныштықтан іздейді. Өлең жазу үстінде өзі де сан түрлі күйді бастан кешіретін ақын қыспен қыс, жазбен жаз болып табиғаттың өзіндей құбылып отыратын болса керек.
Ақын үшін, өз айтары бар қаламгер үшін бір ғана кеңістік аздық етеді. Ғаламшардың бар құбылысын, адамзаттың бар мәселесін ақындығына арқау еткендерімен тұтас көркемдікке жете алмай кеткен ақындар қаншама. Форма, ұйқас түрлерін сан құбылтса да, тақырыбын таба алмай, өз сүрлеуіне түсе алмағаны да аз емес. Қуандық Шолақ шығармашылығы тұтас бір көркем әлемді жасай алды ма, жоқ па, оның жауабын табу да, нақты айту да қиын сияқты. Бірақ қара өлең ұйқасынан жаңылмай, не нәрсені болса да поэтикамен айтуға талпынатын ақын табиғаттан тыс әлемді де қамтығысы келетінін сол табиғаттың өзі туралы жырларымен-ақ байқатып қояды. Негізгі жолынан тайқымаса да, жанама түрде айтылған ойларынан ақынды толғандыратын мәселе көп екені айқын.
«Бір ауыр ой басқандай далиған кең даланы,
Жамыратпай жұлдызын тұр әлі де қара аспан.
Сай-саланы қуалап, таласа өріп барады,
Көлеңкелер-қояндар жайылымға таласқан».
Ақындық қуаты сарқылмай келе жатқан ақынның «Күзде гүлдеген тобылғы» жинағының екінші бөлімінде осы дүниеге көзқарасы, адам мен адам арасындағы күрделі қарым-қатынас, өмірге айтар арызы, досқа айтар даты түгел бар. Осы бөлімінің өзі ақынға пейзаждан да басқа алаңдар жайттары бар екенін аңғартпай ма?! Публицистикалық бояуы басым жырларының көбінде ақын жүрек арызын айтады. Осы жасқа келгенше көрген жақсылығы, тартқан бейнеті айтылатын жырлары табиғатты жазғанындай емес, орта деңгейдегі туындылар. Айтпауға болмайтын сөздер, жан шыдамас сезімдер – олар.
«Жалғыз терек тұғыр еткен бөктерді,
Қарға омбығып тұрып қалған леп белгі.
Ақындығым осы-ақ шығар, табиғат,
Өзіңді оқып, беріп қана шектелдім…», –
дейтін ақын өзінің туған дала көріністерімен етене жақын болғанын мойындайды. «Өзіңді оқып, беріп қана шектелдім» деуі бір жағы ақындық шамасын білу, бір жағы қарапайымдылықты ұстану. «Ақынмын деп мен қалай айта аламын, халқымның өз айтқанын қайталадым. Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деген ақынмен үндес болғысы келеді. Кім біледі, осы сөз рас та шығар… Ақынның бар шындығы өзіне аян. Біз тек сырттан оқып, жырына үңілу арқылы түсінеміз. Ал оның жүрегін дәл өзіндей түсініп, сезінеміз деп айта алмас едік. Кейде ақын өзі ойламаған нәрсені өлеңінен тауып, автордың өзін таңғалдырып жататын жағдайлар әдебиетте аз кездеспейді ғой. Сол сияқты, айтпағын қапысыз аңдай алмай, шатасып жататын кез де аз болмайды. Тұманбай Молдағалиев ұстазы туралы естелігінде Мұхтар Әуезовтің: «Абай» романының бірінші кітабының аяғында Абай Семейге оқуға аттанбаушы ма еді. Мен сонда Шыңғыстың шыңына бір жас шынар тасты жарып өсіп, жапырақ жайды демеп пе ем, сол шынарды төртінші кітаптың соңында найзағай түсіп, құлатып кетпейтін бе еді. Соны менің романымды зерттеп жүрген бір сыншының байқамағанына өкінем» дегенін жазатын. Осы сияқты «өкініштер» ақын-жазушыларда аз болмайтын шығар. Айтпағымыз, кейде ақындарды күрделі тұлға деп, олардың жазғандарынан әлдеқандай күшті ой, тапқыр сөз іздеп, өзімізден-өзіміз адасып кетпейміз бе екен. Сөйтіп жүріп, көз алдымыздағы жақсылығын тасада қалдырып, автор өзі ойламаған жақсылығын жарқыратып жазып жатамыз. Ақын да – пенде. Ол да армандайды, қиялдайды. Қызғанады. Қызғандырады. Көре алмайды. Тілекші болады. Жек көреді. Сүйеді.
Қуандық Шолақтың Алматыдан алыста жатқаны белгілі дәрежеде комплекс тудырған сияқты. Алматы жұрты сыртқа теуіп, әдеби ортада бағаламай жатқандай әсерде қала беретіні содан болар.
«Ырғалам деп жүргенде жырғалам деп,
Сыбағамнан соңында құр қалам көп.
Бауырыңа бассаңшы сыртқа теппей,
Елде жатқан елеулі бір балам деп».
Төлеген Айбергеновтың бір кездері өзіне өлеңін оқып бергенін жанына медеу көретін ақын өзінің шын бағасын біледі. Алматыға «бауырыңа бас» дей тұра, оған қыр көрсетеді. Ақындардың өздерін бағалауы заңды. Тіпті, жас ақындар да болашақпен бірге жырға айналып кететінін сенімді жырлап жатады. Сахнада әлі аты белгісіз жас ақын өзінің болашақта өлеңге айналып кететіні туралы жырын оқып жатқанда, бұл не ышқыну деп таңғалған едік. Сірә, бар ақын өзінің жеке орнын табуға хақылы болар. Бірақ таланттың мойындалмай жатып, өз шамаңды білмеу де ішкі таразыңның жоқтығынан шығар. Әбділданың: «Сырда туған Сырдың ұлы, Жаңа Гейне мен болам», Мұқағалидың: «Жиырма бірінші ғасырдың құрдасымын» деуі талантқа шақ сөз, жарасымды салтанат сияқты сезіледі де, ақындықпен енді айналысып жүрген жандардың соншалықты өктем сөйлеуі, болмаса жалпы жұрт ақын деп мойындамаған жанның тыраштануы көзге неге ерсі көрінетінін түсіне алмай дал боласың. Бәлкім, кімнің ақын, кімнің ақын еместігі мінезінен, түр-келбетінен, жүріс-тұрысынан, сөзінен, ісінен-ақ белгілі болатын шығар. Ол тағы да біз үшін анық ажырата алмаған құбылыс болып қала береді. Қуандық Шолақты да сол ой мазалайды. Сенімді түрде болашақтың ақыны болатынын айтады.
***
Әлі ешкім қаламына ілікпеген
Келемін берсем деумен өрнекті өлең.
***
Жырдан ләззат алар адал жан, аңғар,
Түйінінен түйсігіммен табам нәр.
Ұрпақтарым аузынан тастамас,
Мәңгіліктің ауылынан дәмем бар.
***
Елемесе бүгінгі елемесін,
Ертеңіме бәрібір сеніп кетем.
***
Сөйте тұра, сол сөзінің ар жағында «ақынмын ба, жоқпын ба?» деген сауал тұрады.
Жан емен үзеңгісін жүрген шірей,
Қалпым бар қабыржыған мұңлы елшідей.
Жазылған жырларымның біріне де,
Келеді қу көңілім бір көншімей.
Жазушы, ақын үшін өз тақырыбын табу, ешкімге ұқсамайтын өз жолына түсу айырықша бақыт екені сөзсіз. Табиғатты жырлаған өлеңдерді іздегенде осы тақырыпта ең көп жазған ақын ретінде ойымызға бірінші оралар еді. Әр жазған сайын, жаңаша мазмұн беру үшін еңбектенетіні де көңілге қуаныш. Мысалы, бір мезгілдің өзіне бірнеше өлең жазу үшін қанша қуат, ой қажет. Солай бола тұра, бір тақырыпқа соншалықты ұзақ уақыт байланып қалу шектелудің де белгісі сияқты көрінеді. Өз тақырыбының тұтқынына айналған ақын бір шеңберден шыға алмағанының көрінісі емес пе деген қорқыныш та жоқ емес.
Шерхан Мұртаза: «қазақта екі Шолақ бар. Біреуі – Балуан Шолақ. Екіншісі – Қуандық Шолақ» депті. Бұнысы қазаққа еңбегі сіңген екі адам бар дегені деп түсіндік. Алматыдан алыста жатқан қарт ақынның қазақ өлеңсөзінде өз өрнегі бары сөзсіз. Рухани тәжірибесі мол қарт ненің ақ, ненің қара екенін де жақсы түсінеді. Поэзия – ақ. Ақын да соның жақтаушысы.