Қиғаштың қаламгері
Ойлап отырсаң қазақтың кие дарымаған жері жоқтай. Әрбір аймақ, әр өңір өз асылдарымен, өзіндік тарихымен, ел болып қалыптасу дәстүрімен ерекшеленеді. Солардың бірі – Қазақстанның Батыс қақпасы саналатын Атырау облысының Құрманғазы ауданы. Батыс қақпа саналатыны Ресейдің Астрахань облысымен екі араны бір ақ өзен Ұлы Еділдің Қиғаш аталатын үлкен саласы бөліп жатыр. Қос жағалауын қалың орман, алып бәйтеректер көмкерген Қиғаш балдай татыған балығымен ықылым заманнан жағалай қоныс тепкен елді ашықтырмай, тарықтырмай осы күнге жеткізген.
Төрт түлік мал шалғынына оралып өскен қойнауының құты бір арылған емес. Әйтпесе, қара қазақ баласын хан ұлына теңгермек болған жалаугер ақын Махамбет бабамыз сонау қиямет қайым күндері «Қиғаш үшін қырылдық, Жайық үшін жандастық, Теңдікті малды бермедік, Теңдіксіз малға көнбедік» деп жырламаған болар еді ғой. Бар қазақтың баласын өз балам деп еміренген, Қазақстанның халық жазушысы, абыз ата Әбу Сәрсенбаев кезінде майданға аттанып бара жатып, өміріне өзек болып, қандай қиын шақта да көзін қарайтып ашықтырмаған ұлы
өзен – Қиғашына қарап тұрып:
«О, Қиғаш, Қиғаш, ардақты ұғым,
Мен сенің қара сирақ қармақшы ұлың…», –
деп аса тебіреніспен жүрегінен жыр, көзінен жас төге қоштаспаған болар еді. Ұлы Құрманғазы кісен ашып, түрмеден қашып жүріп, өзегінде азаттық ұраны тұлпардың тұяғымен атойлаған мәңгі өлмес күйлерін осы далада боз құрайдың түбінде, шоқ жыңғылдың етегінде отырып аңыратқан. Күй Анасы Дина шешеміздің, Есқалиев Әзидолла, екінші Дина атанған Қарабалина Бақыттың ізбасарлары бүгіндері бір-біріне дес бермейтін тарлан да, балғын таланттардың шоқ жұлдызын құрайды. Демек, Құрманғазы ауданы – киелі мекен, күйдің Отаны екені рас. Өзгесін былай қойғанда сөз өнерін үкілегендер жайында да көп-көп сырды шертуге болар еді… Жыр жампозы Жұмекен, қазақтың белгілі сыншысы Зейнолла Серікқалиев, ақын, драматург, филолог-ғалым Марат Ысқақов, журналист-жазушы Рахмет Иманғалиұлы бұлар соғыс ауыртпалығына шарпылып өскен ұрпақтың өкілі. Өз ортасынан ойып орын алған, арынды да дарынды Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаев та осы топырақтың перзенті.
Аталған белгілі қаламгерлер қатарын толықтыра түсетіндердің бірі, бүгіндері 75 жасқа толғалы отырған, бірнеше құнды шығармалардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Өмірзақ Қажымғалиұлы. Бұл қаламгер ағамыз әдебиетке кештеу, көштің соңын ала келді. Әттең, оны өмір өзге арнаға бұрып әкетті. Анасы жүз қаралы сиырдың желінін таң алакеуімнен созғыласа, алақанын қылдан өрген арқанға қидырып, асау бұзау, арда баспақтармен арпалысқа түсіп жүріп, бұғанасы қатайған ол ел азаматы, іскер басшы болып қызмет жасап, әдебиет аталатын асыл қазынаға үлесін кештеу қосқанымен, Өмірзақ Қажымғалиұлының да жазғандары көңіліңнің шоғын қозғап, ой-өрісіңді алысқа ұзатады, пенделік күйкі-тірлігіңді бір сәтке болса да ұмыттырады.
Мерейгер қаламгер ағамыздың алдымен аз-кем өмір жолына тоқталып, сонсоң қаламгер ретінде бітіргенін өз әлімізше тарқатып көрерміз. Қажымғалиұлы Өмірзақ 1941 жылдың 9 сәуірінде Атырау (Гурьев) облысының Құрманғазы (Теңіз) ауданында туылған. Әкесі Мұқашев Қажымғали 1941 жылы майданға аттанып, одан 1943 жылы «Отан қорғау жолында шаһит кетті» деген «қара қағаз» келеді.
Ө.Қажымғалиевтің жесір анасы Сәмиянның жүзіне қарап, оның тағдыр басқа салған ауыртпалығын жеңілтумен әлек болып, әкесіз өскен, балалық балдырған шағын соғыс жалмаған кезеңдерінен бергі бастан кешкендерін баяндап көрсек, ол былайша өрілер болар: 1957 жылы Құрманғазы ауданының орталығындағы Абай атындағы мектепті тәмамдап шығады. Оның албырт санасы жазсам екен, осы бір жазушылық деген жолды таңдасам ба, деген сауалға шырмалғанымен, өзін ебіл-себіл бола жүріп жеткізген жан анасы Сәмиянның жүзіндегі мені тастап алысқа кетпекшісің бе, деген сырды оқиды. Ақыры ауыл маңнан аз-кем білім алып, өмірге араласа тұруды, анасы екеуінің қалт-құлт еткен тірліктерін түзеуді, әзірше оңды шешім деп табады. 1960 жылы Гурьев (Атырау) зоотехникалық техникумының малдәрігерлік бөлімін тәмамдап мал фельдшері мамандығын алып шығады. 1960-61 жылдары Сүйіндік кеңшарында мал дәрігерлік технигі мамандығы бойынша алғашқы еңбек әліппесі ашылады. Алғыр да талапты жас ауданның таңдаулы мал мамандарының бірінен саналады. 1970-74 жылдары Балқұдық кеңшарында бас мал дәрігері, 1974-76 жылдары Калинин атындағы кеңшар партия ұйымының хатшысы, 1976 жылдың қараша айынан бастап осы кеңшардың директоры болып абыройлы еңбек етеді.
Соғыс ауыртпалығын бір кісідей тартып өскен Қажымғалиев ел мүддесін ойлайтын, жылағанның көз жасын сүртіскен, қуанғанның шаттығын еселескен, ауыл өмірінің бірегей тұлғасы, ел жүзіне қараған, сөйлесе аузынан маржан төгілген көреген басшы, кемел тұлға ретінде қалыптаса алды.
1987-92 жылдары сол өзі туып өскен бүгінгі Құрманғазы ауданының Агроөнеркәсіп кешенінің төрағасы, аудандық Кеңес атқару комитетінің бірінші орынбасары 1992 жылдан «Коммунизм жолы» кеңшарының директоры, 1994 жылдан «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы болып жаңашылдықпен, ел мүддесін бір бүйрегінде ұстай жүре еңбек етті. «Адамдардан жұмыстың орындалысын сұрау үшін, алдымен оларға қажетті жағдайлардың бәрін туғыз!» оның жүрегіне күн етіп ілген ұранына айналды. Содан да болар, бүгінгілерді қамқорлай жүре өткендердің есімін тірілтіп, халқына сіңірген еңбегін жарыққа шығарысты. Айталық, өзі еңбек ететін, яғни басшылық берген шаруашылықты Тәуелсіздіктің ақ таңында «Коммунизм жолынан» бірден Мақаш есіміне ауыстырды. Ал Мақаш баба болса кезінде І–ІІ Теңіз жағалауы қисымдарын (округтерін) асқан біліктілікпен басқара жүріп, халқының мүддесіне адал қызмет жасай білген аса көрнекті тарихи тұлға.
1995 жылы Морской топырағындағы К.Маркс есімімен аталып келген орта мектепті Әбу Сәрсенбаев есімімен атауға бар күш-жігерін жұмсап, дегеніне жетіп тынды. Оған арналып құрылған қордың жетекшісі ретінде белгілі майдангер қаламгер, абыз Әбудің туғанына 90, 100, 110 жылдық мерейтойларын өз деңгейінде атап өтуге басшылық жасады. Ел мен жердің жоқшысы, заманында «Мақаш хакім» атанған бірегей тұлғаның да атына арнайы қор құрып, оның басына айшықты кесене тұрғызудың барлық қам-қарекетін өз мойнымен көтерді. Туған жерінде Әбу Сәрсенбаев, Мақаш Бекмұхамбетов сияқты халқының біртуар перзенттеріне ескерткіштер тұрғызылса, бұл да елжанды азамат, туған халқына шынайы берілген Өмірзақ Қажымғалиұлы тындырған бірегей істер екендігі ешқандай дау туғызбайды.
Бәрі де тапшы болған қиналыңқы сәттерде қиыннан жол тапты. Ескі мектептің ғимаратын анау-мынау, темір-терсектен босаттырып, ауылдас әйел-қыздарға терме алаша тоқытып, киіз бастырып, тай-тай мата әкеліп киімдер тіктірді. Ал жігіттер самауырдың тұрбасынан бастап, шелек, шылапшын, т.б. қажеттерді жасап шығарды. Талапты жастар жіп иіретін, жүн түтетін станоктар ойлап шығарды. Мұның бәрі шаруашылықтың ортақ қалтасына сыртылдатып тиын түсіріп, адамдарды бірлесіп қиындықтан шығуға баулыды. Атырау өңірінде үлкен-үлкен кеңшарлардың ту-талақайы шығып дүние мүлкі кім көрінгенге қолды болғанда, кеңшарын таратпай, ізін сақтап, оны заманға сай өзгерте алып, осы күнге дін-аман жеткізген ағамыз, сұңғыла саналы тұлға – Өмірзақ Қажымғалиұлы.
Аудандық, облыстық, мәслихаттарының депутаты болған жылдарынан туған жерінің әр өңірінде ескерткіштей болып өшпес өнегелі іздері қалды. Олар: халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, салынған көпірлер мен төселген жолдар, т.б. болып келеді.
Қаламгер Өмірзақ Қажымғалиұлы 2005 жылдан Қазақстанның халық жазушысы «Әбу Сәрсенбаев» қоғамдық қорының төрағасы. 2005 жылғы 4 желтоқсанда өткен ҚР Президентінің сайлауында «Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабы» аудандық бөлімінің жетекшісі. «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының саяси кеңесі мүшесі. Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі. Атырау облысы Құрмет грамотасының төрт мәрте иегері. «Азаматтық қорғаныстың үздігі» белгісінің, «Астана», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері.
Өмірзақ Қажымғалиұлы шынымен де ел тірлігі мойынға ілген қамыттан босар бастан ақ, сан сапалық шаруға басшылық беруге көндігіп қалған сананы әдепкі, балаң күнгі арманға күрт бұрды. Ақ парақтарды алдына төгіп тастағанда басында мұнартқан ойлар, жүрегіне хатталған сырлар сусылдай жорғалаған қаламының ұшынан төгіле берді. Ілік іздеп іркілуді білмеді. Бас-аяғы оншақты жылдың аумағында бірнеше прозалық кітаптары дүниеге келіп, олары қазақтың әдеби мұрасын қорландыра, нәрлендіре түсті. Атап айтқанда: «Биіктерге беталыс» (1986 ж), «Жолдар – жылдар» (2001 ж), «Нарынның нар ұлдары» (2003 ж), «Мүслимат» (2008 ж), «Дариға – Дәурен» (2009 ж), «Самғау» (2010 ж), «Мақашпен қауышу» (2011 ж), «Жанкешу» (2012 ж), «Алтынды тот баспайды» (2013 ж), «Қыран – қияда» (2014 ж), т.б.
Өмірзақ Қажымғалиұлының қай-қай шығармасының да оқырманға жақын болатындығы оларда шынайы өмір, халқымыздың кешегі-бүгінгі тағдыры, бүтіндей тарихы өріліп жатады. Заманның желі қай жағынан тұрса да адалдығы, аңғалдығымен, өз міндеттеріне деген жоғары жауапкершілігімен, дала мінез дархандығымен ерекшеленетін ауыл адамдарының тұтастай өмір көшін көз алдыңа әкеледі. Демек, ауыл, ауылдастар тағдыры – Өмірзақ Қажымғалиұлының өз тағдыры екені шындық. Адам жүрген жердің бәрінде де сүйініш те, күйініш, қараулық пен жақсылық, қызғаныш пен мәрттік қалмайтындығына «Жолдар – жылдарды» оқыған кім-кімде көз жеткізер еді. Кешегі күннің ерлері де, ездері де сан түрлі оқиғалар арқылы шарпысып айтар ойдың өзегіне айналған.
Нарын даласы қазақтың қасиетті де, қасіретті бөлігі деуге келеді. Қасиетті болатыны үріп-төгіп шайқап ішіп, мыңғыртып мал өсірген, қауғалап тартсаң суы бал, шүйгін шөбі жұғымды, кешегі қиын күндерде құмаршығы қыр қазақтарына аштықтың не екенін білгізбеген, ата-баба қонысы. Қасіретті болатыны Нарын даласының да жүрегі жаралы, алтындай жарқыраған жал-жал құмы, биігі мен беткейі сынақтардың уына әбден суарылған. Қазақтың не бір зиялылары өсіп, өнген өлкенің қуанышы да қайғысы «Нарынның нар ұлдары», «Алтынды тот баспайды» кітаптарында кеңірек сөз болады. Мәселен, «Алтынды тот баспайды» тарихи-танымдық шығарма. Автор өз түйсігіне тоқығандарын Астрахань, Орал, Орда мұрағаттарына шұқшия отыруы арқасында толық дәлелдей, тың мәліметтермен байыта түскен. Ондағы «Алаштың Батырхайыры», «Нарын не дейді?», «Нарындық дворяндар», «Республиканың тұңғыш прокуроры», «Алтынды тот баспайды», «Дәуір жыршысы», «Жайсаң жандар», т.б. тақырыптармен берілген тарихи-танымдық шығармалары солай деуімізге негіз бола алады.
«Мақашпен қауышу» кітабын тарихи шежірелер жинағы деуге әбден келеді. Бұл бабамыз да сөз орайында айтқанымыздай Патша үкіметінің жымысқы саясатының ара-арасынан сыналап жарық тауып, туған халқының бақыты мен болашағы үшін талай тәуекелдерге барып, онысын жанкештілікпен жүзеге асыра алған. Оның есімі солақай саясаттың әсерінен екі ғасырдай аталмады. Батыс өңірінің шұрайлы бөлігін 40 жылдай басқарып, қарамағындағы аумақты Ресейге қосылып кетуден амал тауып, аман алып қалған Мақаш бабаның есімі Тәуелсіздіктің арқасында жарқырап жарыққа шықты, басына ақшыл кесене орнықты. Елжанды азамат Ө.Қажымғали-
ұлының белсенділігі нәтижесінде есімі шаруашылықтарға беріліп, ғаламат еңбектерінің бұрын мәлім болмаған тұстары баспасөз беттерін тауып, осы кітапқа енгізілді. Кітаптағы «Заманы – амалы», «Сурет шежіре», «Мақаш әкім», «Мақаштың мәдениетті, өнерді дамытудағы қызметі туралы», «Мақаш
әкім – өнер зерттеуші ғалым», «Мақаш Шолтырұлы Бекмұхамбетовтың ағартушылық жұмыстары», «Халықтар достығын, ел бірлігін нығайтудағы зор еңбегі», т.б. болып келетін құнды мәліметтерге негізделген зерттеулер халқымыздың тарихына қосылған асыл қазына демекпіз.
«Жанкешу» – соғыс тақырыбына арналған көлемді көркем шығарма. Автор: «Бұл еңбегімді екінші дүниежүзілік соғыстың елдегі орасан зор ауыртпалығын көппен бірге көтеріскен анам Мұқашева Сәмиянның көрген қиындығы шеккен қасіретінің ескерткіші ретінде қабылдаңыздар!» депті оқырмандарына. 330 беттен тұратын көлемді дүние сол бір қасіретті жылдардағы ел еңбеккерлерінің қайсарлық күресін, әйелдер мен шолақ белсенділердің текетіресін, ауыздағысын жырып, алдындағысын түгелімен майданға берген, жарым көңіл, жүздеу жүз ауыл бейнесін айна-қатесіз көз алдыға әкеледі. Романның бастан-аяқ тұрақты кейіпкері – Мархабат есімді әйел. Ол айбынымен жасқайды, ақылымен үлкен-кішіні оңды істерге бастайды.
Бірінің ерінен қара қағаз келіп, екіншісінікі хабар-ошарсыз кетсе де, бесіктегі баласын, еңкейген кәрісін аялай, жылай жүріп күлген, адам айтса нанғысыз ауыртпалыққа құлша жегілген осындай аналар әр ауылда болғаны – өмір шындығы. «Әлемді әлдиіне бағындырған әйел – аналардың, жарын күткен жауһазын келіншектердің, күліп-ойнар қатары жоқ таңға ұйықтай алмай талықсыған бейкүнә бойжеткендердің, әрдайым кесе-көлденең шығатын кеудемсоқтар, алдамшылар мен алаяқтардың бейнесі бар «Жанкешуде». Осылардың бәрін орын-орнына қойып, шытырман оқиғаларды шынайы қалпында жеткізіп, шымыр жаза білген автор. Әдебиетіміздегі Аналар бейнесі тағы бір күрескер, қайраткер, мейірбан, ақылман Анамен толықты деп айтуға болады».
Көлемі 400 беттік «Дариға – Дәурен» романы да ертеректегі әз аға – Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарындай» қолдан-қолға, ауыздан-ауызға көшіп жүрген құнды дүние. Белгілі жазушы-драматург, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев бұл кітап туралы «Сөзбен соғылған ескерткіш» деген мақаласында былай депті: «Дариға – Дәурен» – роман эссе. Шешен тіл, шежірелі тағдыр. Қыр жайлап өскен иен дала перзенттерінің адал махаббаты. Ақтарылған сезім, аяулы сыр-сұхбат, аңдаусыз айыптар, құлаш жыртар қызу еңбек – бәрі-бәрі жазғы рахман жаңбырдан кейін көкжиекке керіле қалған кемпірқосақ бояуындай көз қарықтырады, көңіл қуандырады.
Шалқар мен Самал арасындағы іңкәрлік, бұл – мәңгілік махаббат жыры. Түнде берге уәдеден күндіз таятын ұшпа сезім емес, кәнігі қазақы мінезге сай мінсіз сезім. Шығармадағы Ажар, Гауһар, Меруерт, Мақпал, Тотылар негізгі кейіпкерлердің образын күшейтіп, толықтырып тұрған тұлғалар. Сөзбен соғылған ескерткіштің құрамдас бөліктері.
Роман-эсседе мұнымен қоса сол даланың қыр асып кеткен қоңыраулы керуендей өткен тарихы, бабалар сөзі, байламы, еңбек ырғағы, сол кезгі елдің қоңторғай тірлігі, жастардың алуан мінезі, болмыс-бітімі, ғашықтық хикаясы, тұтасып келіп, кең көлемді көріністі көз алдыңа әкеледі.
Міне, сөзден бұйда ескен шеберлік деген осы!
Ендеше сәт сапар, сағынышқа толы сыр, жастықтың жалауын көтерген «Дариға – Дәурен».
Жазушының «Самғау» аталатын шығармасы – деректі хикая. Мұнда өз тұрғыласы, ауыл шаруашылығының білікті маманы, бірнеше кеңшарларды абыроймен басқарған Харес Биляшевтің өсу, өрлеу баспалдақтары арқылы автор екі формациялық кезеңде өмір сүріп отырған ауыл адамдарының асқақ бейнесін, жалпы жеңіл деп айтуға мүлде келмейтін ауыл тірлігін бейнелейді. «Қыран – қияда» осы іспеттес шығарма. Мұнда ҚР-ның мұнай-газ саласына еңбегі сіңген қайраткер, Жылой, Қызылқоға аудандарының Құрметті азаматы Мақсым Шафихұлы Ізбасовтың балғын балалық шағынан бастап, «Баладан – данаға» дейінгі өсу жолдары, қазақ ұлының қандай қиын сәтте де асып-сасып абыржымайтын парасатты бейнесі толық ашылады. Мұнайшылар өмірі, шынайы шындық, тарихи оқиғалар суреткерлік шеберлікпен қабысып, оқырман жүрегін еріксіз баурайды, еліктіреді, елжіретеді.
«Мүслимат» – тұтастай естелік-эсседен тұратын кітап. Басты кейіпкері өмірден ертелеу кеткен, асыл да, аяулы жары – Мүслиматқа арналады. Мұндағы әңгімелердің айтар ұлағаты, ұсынар үлгісі де, ұрпақтарға ой салар өнегелі үрдістері де мазмұнды әрі мәнділігімен көңіл толқытады. Әсіресе, жас жұбайларға берер тәлімі зор, көне дәстүр мен бүгіннің жарасымды жақсылары біте қайнаса көрініс береді.
Бас-аяғы он бес-жиырма жылдың аумағында осындай бірнеше роман, повестері мен деректі
хикаяттарын өмірге әкелген Өмірзақ Қажымғалиұлының 75-ке келдім деп Шау тартатын түрі көрінбейді. Үйірге кештеу қосылған тарлан таланттың қалам сілтесі мығым. Тек соңғы кездері жазған Алаш азаматы Батырхайыр Ниязов, Қазақстанда алғаш рет дәріхана ашуды ұйымдастырушы Мәжит Шомбалов, Әбілхайыр хан, Нұралы ұлы Бөкей хан және Бөкей ұлы Жәңгір хан жөніндегі тың деректерге негізделген ғылыми мақалалары әр деңгейдегі баспасөз беттерінде жарияланды. Ноғай ордасы жайындағы зерттеулері, Сарайшық, Жәнібек хан, «Асанқайғы» ата жөніндегі ғылыми пікірлері де мұрағат қазынасында сарсыла отырып тапқан соны деректерімен құндылығын арттыра түсті. Жазуды ол ермек еткеннің бірі емес, сөз дертіне шалдыққан, оның жанкешті құлына айналған әріптес ағамызға зор денсаулық, ұзақ өмір, елдің құрметін, ұрпақ қуанышын тілей отырып, жазар көбейсін, азаматтың жампозы демекпіз.

Таңатар Дәрелұлы,
Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы.