Дәнеш әнінің апталығы
Алматы қаласында Қазақстан Республикасының халық әртісі Дәнеш Рақышевтың 90 жылдығына орай «Әнмен өрілген өмір» атты апталық өтті. Алматы әкімдігінің қолдауымен өткен бұл апталық Ж.Елебеков атындағы ән-күй және цирк колледжінде басталып, Ықылас атындағы музыка аспаптары көрмесінде қорытыланды.
7 сәуірде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында өткен «Дөңгелек үстелді» ҚР еңбек сіңірген әртісі, Өнер академиясының продюсері, әйгілі әнші Рамазан Стамғазиев жүргізді. Оған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын О.Асқар, ҚР еңбек сіңірген қайраткері жазушы Б.Нұржекеұлы, Дәнеш ағаның қызы Гүлнәр Рақышева, әншінің шәкірттері – Ә.Қашаубаев атындағы конкурстың бас жүлдегері, әнші Нұржан Жанпейісов, сазгер, күйші Алматы облыстық филармонияның артисі Бақберген Асқарбеков, Ә.Қашаубаев атындағы конкурстың бас жүлдегері Мырзахмет Мүкаманов, облыстық филармонияның әншілері Абылай Қармысов, Серікболсын Шынабаев, ауылшаруашылық ғылымының докторы Айбын Төлеханов қатысты. «Дөңгелек үстелде» атақты әнші, сазгер Дәнеш аға жайында естеліктер айтылып, арасында өнерпаз ағаның әндері де орындалды. Ұстаздар мен шәкірттердің сұрақтарына жауап берілді. Соңынан академия және колледж ұстаздары мен шәкірттерінің орындауында екі сағатқа созылған үлкен концерт берілді. «Осал орындалған бір ән болған жоқ. Екі сағаттың қалай өткенін байқамай да қалдық», – десті қатысушылар.
Апталық 8 сәуірде Ықылас атындағы мұражайда жалғасты. Ол арадағы мерекелік шеруді Дәнеш ағаның кенже шәкірті, әнші-ұстаз Нұржан Жанпейісов жүргізді. Дәнештің өз әндері, ол орындаған әндер, халық әндері мен халық композиторларының әндері мұнда да шырқалды. Нұржан Жанпейісов Дәнеш Рақышевтің ұзақ жыл ұстаған домбырасын ортаға алып шықты. Ел-жұртын әнге бөлеген ағаның асыл серігі – ақ домбыра – сөйтіп, Ықылас атындағы мұражайдан мәңгі орын тепті.
Апталық соңынан қалалық әкімдіктің қызметкерлері мен білікті өнер, әдебиет қайраткерлері Дәнеш ағаның өлмес мұрасы жөнінде тебірене сөз етісті.
Әйгілі Әсет ақынның әндерін, Шығыс Түркістан қазақтарының халық әндерін, өз әндерін насихаттап, ел жүрегіне ұялатып өскен аяулы әнші ағаны еске алу апталығы Дәнеш әнімен басталып, Дәнеш әнімен аяқталды.
Балжан Бейсенбек.