ТЕСІК ҚАЛТАЛЫ ЖАЯУ (әңгіме)
«Жақсы болды ғой… – дедім өзіме өзім күбірлеп. – Жақсы болғанын қарашы. Апам қуанатын болды енді…» Күні бойы табанымнан таусылып, іздеумен кеткен уақытым ақыры ақталды. Қуанып келе жатқаным да сол. Апамның сырқатына таба алмай жүрген дәрісін әлгінде ғана қолыма түсірдім. Қала шетіндегі шағын дәріханадан. Қымбат емес, қалтама қарай шақтап алғанымның өзі неге тұрады.
Қыс қаһары енді ғана күшіне міне бастаған бір қытымыр уақыт. Күн кешкіріп қалған. Автобекетке ертерек жетіп алайын деген оймен жаяулай тартып келемін. Қаланың шеткі көшесі. Маңайымның бәрі – жапырайған жеке үйлер, таусылып бітпейтін бетон бетті қоршаулар, әр қапталдан мелшие қараған қайдағы бір өндірістік жайлар. Мұндай жерлерде, әдетте, адам аяғы аз болады ғой, ымырт үйірілуге айналған осынау беймезгіл уақытта да оқшау жүрісті ошаң еткен ешкімнің қарасы көрінер емес.
Кенет дәл қасымнан шиқ еткен оқыс дыбыс шықты. Жалт қарасам, бүйірінде «Жол-патрульдік полиция» деген жазуы бар бір «Хюндай» маркалы ақ машина лекіп келіп тоқтаған екен. Полицияның біреуі асықпай шығып, менен құжатымды көрсетуімді талап етті. Мен үнемі төс қалтамда жүріп, ептеп сұры қашыңқыраған жеке куәлігімді суырып алып бердім. Ол бетіме бір үңілді де:
– Мына қолыңдағы не нәрсе? – деді пакетіме күдіктене қарап.
– Дәрі ғой. Апамның сырқатына әрең іздеп таптым. Өзім соған қуанып…
Сол-ақ екен, полиция қызметкері қолымдағы затты алып, үңіле қарады.
– Есіріткі емес пе мынауың?
– Жоқ, әрине! Жаңа ғана аптекадан алдым.
Абырой болғанда дәрі сатушының түбіртек қағазды пакетке бірге тыға салғаны мұндай жақсы болар ма. Тілдей қағазға да үңіле қараған полиция ақыры пакетімді қайтарып берді.
– Қалтаңда артық ештеңе жоқ па? – дейді онымен қоймай.
– Жоқ, – дедім мен. Менің жадағай жауабым қанағаттандырмаса керек, әлгі полиция қызметкері:
– Қане, тексеріп көрейік, – деді де, тегеуірінді белсенділікпен ол жер, бұл жерімді сипалай бастады. Сол кезде әлдененің шалбарымның балағы арқылы сусылдап келіп, бәтіңкеме түскенін сезіп қалдым. Неге олай болғанын да шамалай қойдым. Әдетте, үйге кіре, сүрініп жығыламын да, әлгі опасыз жыртықты жіппен іле салуды құнттамай жүргенмін. Түсіп қала беретін болған соң, тесігі бар ол қалтама тиын, ештеңе салмайтынмын.
Өзі жұмысыз жүрген ауылдың жұпыны жігітінде қай бір жөні түзу киім бола қойсын. Полицияның қолын тыққаны да сол тесік қалта еді. Жаңағы сусылдап түскеннің не екенін білгім келіп, ептеп еңкейдім. Сөйтсем, аяғымның жанындағы қар үстінде ұсақ малдың құмалағындай кішкентай ғана бірдеңке қарайып жатыр.
Полиция мені әлі де сипалай түсуде. Төмен үңіліп, анықтап қайталай қарағанымда, әлгі нәрсені көріп, жүрегімнің зу ете түскені. Жерде жатқан оқ екен, оқ болғанда кәдімгі тапаншаның кішкентай оғы. Бұл қайдан келіп түсті? Оны ойлауға мұршам жоқ, жаңағы оқты сол тұрған қалпымда өкшеммен езгілеп, қарға тыққылап, жаныштай бердім.
Полиция қызметкері енді менің қалтама қолын тығып көрді, тіпті айналдырып, сыртына да шығарды. Бірақ тесік екенін байқамай қалған сияқты. Сонан кейін әлдене деп күбірледі де, машинаға қарай жүгіріп кетті. Соны пайдаланып, мен де тұрған орнымнан қозғалып, ақырын жүре бастадым.
Сол кезде полиция машинасынан тағы біреуі ытқып шықты да:
– Тоқта! – деп айқайлады маған. Мұндай өктем бұйрыққа бағынбасқа әддім қайсы, күрт кідіре қалдым. Енді мені киімімнің тігісіне дейін тексеріп, тінте бастағаны – экипаждың екінші мүшесі. Алғашқысы да қасыма келіп, тапжылмастан маған зерттей қарап тұр.
Сол кезде барып мыналардың әрекетіне шындап мән бердім ғой деймін:
– Әй, ағалар, не болды мені сонша тінтіп? Үйіме жете алмай, асығып келе жатырмын. Автобусқа үлгеруім керек… Мен тіпті де қылмыскер емеспін ғой. Сенбесеңіздер, мен тұрған жерге сұрау салыңыздар, – дедім жалбарына дауыстап. Полиция қызметкерлері мені жүндеген түйедей әбден жұлмалап-жұлмалап алып, біраздан кейін әрең босатты.
«Аш бәледен қаш бәле» деген емес пе, табанымды асфальтқа сатырлата ұрып, погонды ұрыншақтардан алыстай түсуге асықтым. Енді байқадым, атқалақтай соққан жүрегім ауызыма тығылып, кәдімгідей қорқып кеткен екенмін.
Ұзаңқырап барып артыма қарасам, әлгілер жаңағы мені тоқтатқан орынға қол фонарьдың сәулесін түсіріп, әлденені іздеп жатыр екен. Не іздеп жатқанын да бірден біле қойдым.
Демек, полицейлер тексерген сыңай танытып, менің қалтама мылтықтың оғын жып еткізіп салып жіберген. Сосын, артынан өздері тінтіп, тауып алған болып, менің басымды шатаққа ұрындырғылары келген. Онан кейінгі жағдай белгілі ғой, «Протоколдап, қамаймыз», – деп қорқытады. Ұсталған адам жаны үшін шырқырап, оларға ақша ұсынуы мүмкін ғой. Егер ақша бермесең, екі көзің абақтыда жылтырайды. Ақталып көр содан кейін.
Егер сол жолы қалтам тесік болмағанда… Арғы жағын ойлаудың өзі қорқынышты. «Алланың сақтағанын қарашы!» – деген қуанышты сезім тұла бойымды бусандырып жібергендей болды.
Кез келген қаланың маңайы жыпырлаған көп ауылдарға толы емес пе. Мен де – сондай кенттердің бірінен өсіп шыққан қарапайым жігітпін. Туыстарымның арасында көкті тіреп тұрған ешкімім жоқ. Әке-шешем де – жандарын баққан жай шаруаның адамдары. Басқа замандастарымдай астымда көлігім болса, мұрныма су жетпей, үйіме тағы жете алмай, қаланың бір түпкірінде өстіп қаңғырып жүремін бе?
Осы полиция қызметкерлері топастау дейтіні рас та шығар. Өйткені, беймезгіл уақытта жаяу-жалпылап қаңғып жүргенімнен, үстімдегі арзанқол жадағай киімнен менің кім екенімді аңғаруға болатын еді ғой. Мен тәрізді жұқалтаң жаяу оларға қайбір жарытып жем бола қойсын. Соны қалай білмейді мыналар?
Сөйтіп, аяқ астынан полицияның тұзағына түсіп, нақақтан-нақақ істі бола жаздағанымды көрмейсің бе? «Уһ!» – деп бойым жеңілдеп, асыға аяңдап келе жатқанымда, алдыңғы жақтан әлдекімдердің сүлбесі қараңдады. Соларды көрісімен-ақ басыма келе қалғаны – «бұларды дереу тоқтатып, жаңағы полицейлерден сақтандырсам қайтеді» деген қайырымды ой. Өйткені, әлгілер мыналарды жем қылуы әбден мүмкін ғой.
Қатқақ қарды сықыр-сықыр басып, тақай түскен кезде аңғардым, жүргіншісі жоқ кең көшеге сыймай, қолдарын сілтеп келе жатқан орыстың еңгезердей екі жігіті екен. Екі арамыз тым тақалып, жанаса бергенімізде аузымды ашып, жаңағы ескертуімді айтуға оқталғаным сол еді:
– Ох, ты калбит, чо ты меня задеваешь? – деп айқайлап жібергені біреуінің. Ә деп аузымды ашқанша болған жоқ, әлгі неме мені иегімнің астынан сарт еткізіп періп кеп жіберді. Шалқалап кеткеніммен, құлағаным жоқ. Сол кезде қарасам, екіншісі де тоқтай қалып, қайырыла бұрылыпты. Мені сол жүріп бара жатқан бағытыммен ары қарай тұра қашады деп ойлады ма, екеуінің де бірдей алдымды орап, маған тап бергені.
Жаным қысылып кеткенде, қалай есіме келгенін білмеймін, мен далбасалап, олардың өздеріне қарай тұра ұмтылдым. Кенет қалбаң етіп, ұзынынан барып, екпетімнен ұшып түскенімді білемін. Сөйтсем, жаңағылардың біреуі аяғымнан шалып жіберген екен. Әжептәуір ауырсынып қалғаныма қарамай, лып етіп, шапшаң атып тұрдым. Сонда да пакеттен айырылғым жоқ.
Ұшып тұрдым да, әлгі келген жағыма қарай асфальтты тарсылдатып, шыбын-шіркей болып зытып жоғалайын. Аналардың да бұрыла салып, сатыр-сұтыр қуып келе жатқаны аңғарылды. Жан қысылғанда аянып тұратын жағдай қайда:
– Спасите! Помогите! – деп айқайды салдым дейсің. Екі көзім жаңағы полиция машинасы тұрған жақта. Менің дауысым патрульдердің де құлағына жеткен сияқты, сиреналарын безілдетіп, машина жарығын бері қарай туралап алды. Арт жағымнан сатырлап келе жатқан аяқ дыбысының күрт тыйыла қойғаны да сол кезде.
Қасымнан зуылдай өткен машинаның ішінен:
– Осы жерде тұр! – деген айқайды естіп қалдым. Бұрыла қарасам, полицейлер кейін қарай қашқан әлгі екеуге таяп үлгерген екен. Содан бір кезде машина тежегішін шиқ еткізіп тоқтай қалғанда, сарт-сұрт етіп есіктері де бірге ашылды. Тұра ұмтылып, енді жаяу қуып кеткендері байқалды. Құлағыма жетіп жатқаны – сатыр-сұтыр дыбыстар, ентіккен, бұйрық берген қатқыл сөздер.
Бір кезде машина да бері қарай бұрылып, жарығын мен жаққа түсірді. Сөйтсем, полицейлер жаңағы екі бұзықтың біреуін ұстап алған екен, екіншісі ұзын бетон қоршаудың бір жерінен секіріп түсіп, одан ары қарасын батырыпты.
Машинадан шығып, қасыма келген полицей қол фонарын бетіме қарай жағып жіберді де:
– Өй, бұл сенбісің? – деді таңырқаған дауыспен.
– Сіздерден кейін… маған мыналар тиісті, – деп жатырмын өз деміме өзім қақалып-шашалып.
Өзімше олардың да маған қиянат жасағылары келгенін ишаралаған түрім. Артынан ойладым, сөйтіп, тигізе сөйлегенім бекер болды-ау деп. Тағы да бірдеме етіп өзіме бәле салып, басымды шатаққа ұрындыруы мүмкін ғой.
Жаңағы ұсталған бұзық:
– Этот калбит сам виноват… – деп менің сүйкеп өткенімді тілге тиек қылып жатты.
Сонымен, жәбірленуші ретінде полицейлер мені де машинаға салып алды. Полиция бөлімшесінде сұрақтарына жауап беріп, қағаздарына қол қойып, едәуір уақыт еру болып қалғаным да сондықтан. Алғаш кездескенде жала жауып, мені жем қылғысы келген полицейлер, осылайша, құтқарушыларыма айналды.
Бір түсінбегенім – олардың жаңағы нағыз бұзықтан неге ақша талап етпегені. Әлде мен жоқ жерде сұрады ма екен?
Бөлімшеден шыға беріп қарасам, қасқалдақтың қанындай әзер іздеп тапқан дәрі-дәрмегім орнында екен. Түбіртегі де жоғалмапты. Қуанып кеттім. Ендігі бар ойым – автобустан қалып қоймау. Өйткені жұмыссыз сандалып жүрген мен байғұста такси жалдау деген ойыма да келіп көрмеген еді.
…Сонан сүйретіліп түннің бір уағында жетсем, үйдегілер әлі жата қоймапты. Қолымдағы пакетке алдымен жармасқан – үш жасар кішкентайым. Оның айтатыны – сол жалғыз-ақ сөз:
– Пәпә, сникер… Шәкәлет…
Алам деп ойлап келе жатқам. Бірақ бағанағы сүркілден кейін тарс есімнен шығып кетіпті. Шоколад болмаса да, екі түйір «Сникерс» ала салар едім ғой.
Ыңқылдап жатқан сырқат шешемнің де екі көзі менде. Пакетті ұстап, ішіне үңілген келіншегім:
– Апа, дәрі әкепті. Врач айтқан дәрінің өзі. Енді жазыласыз, – деп айқайлап жіберді. 
Нұрдәулет АҚЫШ