Жетісу университетінде өткен әскери-патриоттық сайыста 12 команда бақ сынады
23.04.2026
143
0

Бүгін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Жас Қыран – 2026» әскери-патриоттық ойыны өтті.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған іс-шараға Жетісу облысы бойынша колледждер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 12 команда қатысты.

Жетісу университетінің әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректоры Болат Сериев шараның ашылу салтанатында әскери-патриоттық ойын тек бәсеке ғана емес, қайсар рух пен отансүйгіштіктің, бірлік пен достықтың көрінісі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Жетісу облысы білім басқармасының ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Касенов жастардың күш-қуаты мен төзімін сынға салатын, отансүйгіштік рухты көтеретін шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушы командаларға алғыс білдірді.

Командалар АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинау, кермеге тартылу, арқанға жатып денені көтеру, граната лақтыру, 4×100 эстафетасы және арқан тарту бойынша сынға түсті.

Әскери-патриоттық ойын қорытындысы бойынша І орынды Zhansugurov College командасы, ІІ орынды Талдықорған индустриалдық колледж командасы иеленсе, ІІІ орынды Бастөбе сервистік-технологиялық колледж командасы алды. Қалған 9 команда алғыс хаттармен марапатталды.

Бұл тек тартысты ойын ғана емес, жастардың болашаққа деген бағытын айқындайтын, әскери дайындығын шыңдап, патриоттық рухқа тәрбиелейтін мазмұнды шара болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір