Әміренің әні қалықтаған Парижде әнұранымыз шырқалсын
08.04.2024
80
0

 

Биыл төрт жылда бір жалауын кө­те­ре­тін дүбірлі дода – XXXIII жазғы Олим­пиада ойындары өтеді. Токиодан спорт­шыла­рымыз алтынсыз қайтқан соң ба, жан­күйер­де күдік басым. Жалғыз боксқа ғана үміт артатынбыз. Алтынсыз қайтпайтын бокс­шыларымыз да Токиода сан соғып қалды. Әлем чемпионатында төрт алтын алып, үмітіміздің оянғаны сол еді, Азия ойындарында тағы сағымыз сынды. Финалға шыққан боксшыларға берілетін лицензияны Қамшыбек Қоңқабаев ғана алған. Биыл қалай болмақ? Әзірге аяқалысы жаман емес, дегенмен бұрынғыдай қарқын жоқ секілді.
Париждегі Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері мына­дай: академиялық есу, бадминтон, баскетбол (оның ішінде 3×3 баскетбол бар), бокс, күрес, брейкинг, велоспорт, су спорты түрлері, волейбол, жағажай волейболы, гандбол, гимнастика (батут, спорттық гимнастика, көркем гимнастика), гольф, байдарка мен каноэде есу, дзюдо, ат спорты, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкенді спорт, регби-7, серфинг, скейтбординг, қазіргі бессайыс, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату, спорттық ату, теннис, триатлон, таэквондо, ауыр атлетика, футбол, көгалдағы хоккей.
Көріп отырғандарыңыздай бұл спорт түрлерінің ішінде бұрын-соңды болмаған брейкинг, яғни брейк биі, скейтбординг, серфинг, спорттық құзға өрмелеу секілді жастар айналысатын спорт түрлері қосылған. Жалпы Париждегі Олимпиада ойындарында 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Жекпе-жектер бізді жеңістерге жетелейді

Италиядағы жарыста боксшыларымыз жарап, 5 боксшы лицензия алып, қанжығамыз майланды. Құрама сапында әлем чемпионатын бағындырған боксшыларымыз Олимпиадаға да жолдама алып отыр. Енді соңғы іріктеу жарысында қалған салмақтағы лицензия сарапқа салынады. Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың дайындығына үміт артқаннан басқа шара жоқ бізде. Ташкентте атой салған Ташкенбайдан басқа боксшыларымыз түгел Олимпиадаға жолдама алды.
Соңғы іріктеу жарысында жолы болмай жүрген Сәкен Бибосынов қарсыластарын түгел ұтып шығып, осы салмаққа төселген әккі боксшы екенін тағы бір мәрте танытты. Ағайынды егіз Айбек және Нұрбек Оралбайлардың да дайындығы жақсы екенін көрдік. Шаршы алаңға шыққандарды қарсылас көрмей сабады. «Екінші Ломаченко» атанып кеткен техникалық арсеналы толық әккі боксшы Махмұд Сабырхан да Олимпиадаға бару үшін салмақ ауыстырған еді. Жаңа салмаққа жарамайды дегендер де көп болды. Дегенмен Махмұд та жасындай жарқылдады. Ең бастысы көрерменге ұнайтын, үнемі шабуылдайтын әдемі бокс көрсетті. Құрама капитаны Асланбекті Азия ойындарында аяқтан шалды, лицензияға сынық сүйем қалғанда жолын бөгеді деп шу шығардық. Ташкентте әлем чемпионы болған Асланбек осы турнирде шаршаңқы көрінді. Соған қарамастан жолдаманы жеңіп алды. Енді тек бір ғана іріктеу турнирі бар. Сонда қалған жыртығымызды жамасақ, Олимпиадаға толық құраммен барамыз деген үміттеміз.
Дзюдоның жолдамасы бокстағыдай бір турнирде берілмейді. Рейтингтік көрсеткіштерге қарап, Олимпиада алдында ұпай бойынша спортшылар іріктеледі. Әр салмақтан 18 спортшы іріктеледі. Франция құрамасы Олимпиада қабылдайтын ел болған соң, әр салмақта бір-бір жолдамадан алды, яғни өзге елдің спортшылары Олимпиадаға қатысу үшін ұпай жинап, рейтингте 17 үздіктің қатарына кіруге тырысады. Соңғы шешім жазда шықпақ.
10-12 мамыр күндері Астанада дзюдодан әлемдік рейтингтік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтеді. Жарыста жүлдегер атанғандарға рейтингтік ұпай беріледі, яғни осы турнирде спортшылар ұпайын түгендеп, рейтингте үздік 17 спортшының қатарынан көрінуіне болады. Бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес, І орын үшін – 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай беріледі.
Жуырда Бішкек қаласында күрес түр­лерінен лицензиялық турнир өтеді. Онда еркін күрес, грек-рим және әйелдер күресінен жолдама сарапқа салынады. Еркін күресте әзірге тек бір жолдама бар. Оны жыл сайын жүлде салып жүрген Азамат Дәулетбеков алған. 86 келіде Парижде атой салады деген спортшымыздың бірі. Қалған салмақтағы жолдамаға: Ерасыл Мұхтарұлы (57 келі), Майис Әлиев (65 келі), Нұрғожа Қайпанов (74 келі), Әлішер Ерғали (97 келі), Юсуп Батырмұрзаев (125 келі) Бішкекте бақ сынап, лицензия үшін күреседі.
Әйелдер күресінде де алты балуан Париж­дегі боз кілемге шығу үшін барын салады. Бас бапкер Қайрат Сағадиев: «Қырғызстаннан екі жолдама жеңіп алуға үмітіміз бар», – дейді. 50 келіде Лаура Ғаниқызы, 53 келіде Жұлдыз Ешімова, 57 келіде Эмма Тисина, 62 келіде Ирина Кузнецова, 68 келіде Елена Шалыги­на, 76 келіде Жәмила Бақбергенова белдеседі.
Грек-рим күресінде де әзірге жалғыз жолдама бар. Нұрсұлтан Тұрсыновтан басқа балуандар Бішкектен лицензия алуға үмітті. 60 келіде Айдос Сұлтанғали, 67 келіде Мейіржан Шермаханбет, 77 келіде Демеу Жадыраев, 97 келіде Олжас Сырлыбай, 130 келіде Әлімхан Сыздықов Қырғызстанда күреседі.
Ал еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан Азия чемпионатында белдеседі. Айта кету керек, ел біріншілігінде Ризабек финалда жеңіліп қалып, лицензиялық турнирге қатысу мүмкіндігінен айырылған болатын.

Қола алып қолдан жіберген есемізді қайтаратын кез келді

Сондай-ақ қазақстандық спортшылар бокс, еркін күрес, грек-рим күресінен бөлек стенд ату, садақ ату, бессайыс, спорттық гимнастика, таэквандо секілді спорт түрлерінен де лицензия жеңіп алған. Әзірге құраманың қоржынында 26 жолдама бар. Көптеген спорт түрлерінен жолдама жазға таман анықталатынын ескерсек, әзірге бұл көрсеткіштерді жаман емес деуге болады.
Токиодағы Олимпиадада 27 спорт түрінен 96 жолдама алған едік. Олимпиада таяғанда осы көрсеткіштен асып түсеміз деген үмітіміз бар. Жалпы Кәрі құрлықта, яғни Еуропада өтетін Олимпиадалар Қазақстан үшін сәтті болып жатады. Афинада бір ғана алтын алсақ та, сол алтынды жеңіп алған Бахтияр Артаев Баркер кубогын иеленіп, аты шулы Головкин күміске қол жеткізген еді. Лондонда өткен жарыста әп дегеннен қанжығамыз майланып, Винокуров қоржынға алтын медаль салды. Боксшы Серік Сәпиев те қарсылас шақ келтірмей, финалда британдық боксшыны өз жанкүйерлерінің алдында ойсырата жеңіп, Баркер кубогын да қанжығасына бөктерді. Баркер кубогын 1996 жылы Атлантада Василий Жиров алса, 2004 жылы Афинада Бахтияр Артаев, 2012 жылы Серік Сәпиев иеленді. Токиодо кубок берілмеді. Жалпы кубок саны бойынша Қазақстан АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Бұл да қазақ бокс мектебінің көрсеткіші болса керек.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі де Парижде өте­тін жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпаз­дары мен жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшерін белгіледі. Алтын медаль жеңіп алғандар 250 мың АҚШ долларын, ал екінші орын алғандар 150 мың АҚШ долларын, қола жүлдегерлер 75 мың АҚШ долларын алады. Ал 4, 5, 6 орын иелеріне 30, 10 және 5 мың АҚШ доллары беріледі. Оған қоса боксшыларға федерация тарапынан қосымша қаржы берілмек.
Төрт жылда бір келетін дүбірлі додада спортшыларымыз бізді жерге қаратпас деп үміттенеміз. Токиода қоладан қола алып, алтын мен күмістің ауылы алыс қалып еді, соның есесін Парижде қайтаратын кез келгендей. Буын ауысты, пандемия болды, дайындық болмадының кебін кидік. Енді айтар сылтау жоқ. Еуропаның төрінде, әлемдік әдебиет пен мәдениеттің ошағы, демократияның отаны болған Францияда жүлде алмасақ елге сын. Қиын заманда Әміре қазақтың әнін әуелеткен Парижде спортшыларымызға аянып қалуға болмайды. Әміренің әні қалықтаған жерде әнұранымыз да бірнеше қайтара орындалады деген үміт бар.

А.ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір