ТҮРКИЯДА ТӘТТІМБЕТ САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ
Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен және Қарағанды облысы әкімдігінің атсалысуымен Анкара қаласында күй құдіреті Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы саябақ ашылды. Анкара қаласы Етимесгут муниципалитеті тұрғындарының игілігіне берілген демалыс алаңы күйші-композитордың туғанына 200 жыл толу мерейтойына орайластырылып отыр.
Шараның ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Анкара қаласы Етимесгут муниципалитетінің мэрі Әнуар Демирель, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Рымбала Омарбекова, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Тәттімбеттің тікелей ұрпағы Мүслім Жақпаров, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі, Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі, сондай-ақ, дипломатиялық мекемелердің өкілдері мен түрік зиялылары қатысты.
Ресми рәсім басталмас бұрын Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің орындауында Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Сылқылдақ» күйлері көпшілікке тарту етілді.
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев муниципалитет тұрғындары алдында сөз сөйлеп:
– 2011 жылы Етимесгут ауданында күйші-композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 150 жыл толуына байланысты және өткен жылы Кечиөрен ауданында Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына орай саябақ ашылған болатын. Ал бүгін Тәттімбет саябағының бой көтеруі біз үшін зор қуаныш, үлкен абырой. Мұндай маңызды шаралар түбi бiр, тiлегi ортақ туыс халықтардың арасын жақындастыра түсетіні сөзсіз. Сондай-ақ, шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлы мұрасы екі елді рухани байытуда және достық қарым-қатынасын нығайтуда үлкен роль атқарады, – дей келе, Етимесгут муниципалитетінің әкімдігіне қазақ халқы атынан алғысын айтты.
Салтанатты шара соңы Ескишехир, Анкара, Амасия және Болу қалаларында «Қазақстан мен Түркия достығы» атты концертпен жалғасты. Кеш барысында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі мен Әзербайжанның, Қырғызстанның, Түркияның белгілі өнерпаздары өнер көрсетті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай.