FARABI UNIVERSITY ЖЕТІСТІКТЕРІМЕН ҚУАНТ­ТЫ
26.11.2024
94
0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті 90 жылдық мерейтойына орай баспасөз турын өткізіп, БАҚ өкілдеріне оқу ордасының жетістіктерін таныстырды. Баспасөз турына 40-тан астам журналист қатысты.

БАҚ өкілдері, алдымен, жаңадан бой көтерген «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығымен танысты. Жалпы, ауданы 5 мың шаршы метрді құрайтын хабта креа­тивті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобалар жүзеге асырылады. Ғимарат заманауи үлгіде жасақталып, ерекше дизайнмен безендірілген. Мұнда әлемге белгілі ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы мен басқа да шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерт­теу институт­тары орналасқан.
Журналистер Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерт­теу орталығы, Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерт­теу институты, Сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлт­тық нанотехнологиялық зертхана және Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалары, сондай-ақ ҚазҰУ-дың ZTE, BASF, Binlin корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жұмыс нәтижелерімен танысты.
таңда университет ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. ҚазҰУ 2025 жылы Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп, ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерт­теуге, аталған салада білікті мамандарды даярлауға, ортақ нано және микроспутниктерді әзірлеуге жол ашады, яғни Жерді зерт­теу жұмыстарын қашықтан жүргізуге мол мүмкіндік береді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 4 млрд теңгенің мегагрантын жеңіп алған ҚазҰУ ғалымдары Батыс Қазақ­стан өңіріндегі стратегиялық маңызды міндет­терді шешуге бағыт­талған жобаны іске асыруға қатысады. Жоспарлы үш жылдың ішінде мамандар аймақтың экологиялық, әлеумет­тік-экономикалық тұрақты дамуы, су ресурстарын, жануар­лар мен өсімдіктер әлемін сақтау және басқару мәселелері бойынша шешім жолдарын табады. Биыл ғалымдар жоба аясында Батыс өңірінде болып, су тасқынына байланысты арнайы зерт­теу жұмыстарын жүргізген.
Сондай-ақ биыл университет зерт­теушілері 3 млрд теңгенің мегагрантына қол жеткізді, яғни ҚазҰУ мамандары қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған LLM тілдік моделін әзірлейді. Мақсат – қоғамның түрлі салаларына қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельдерді әзірлеу және енгізу, бұл технологиялық прогреске ықпал етеді және мемлекет­тік тілдегі онлайн қызмет­терге қолжетімділікті кеңейтеді. Жоба аясында ғалымдар ҚазҰУ базасында өнімділігі жоғары ғылыми-зерт­теу дата-орталығын ашуды жоспарлап отыр. Жаңа нысан бүкіл елдің зерт­теушілеріне озық жасанды интеллект технологияларын әзірлеу және енгізу үшін қажет­ті ресурстарды ұсынбақ.
Баспасөз туры 10 инновациялық зертханадан тұратын география және табиғат­ты пайдалану факультетіндегі «Тұрақты даму және табиғат­ты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығын, сондай-ақ химия және химиялық технология факультетінде жаңадан ашылған химия мен материалтану саласындағы озық зерт­теулерді дамытуға бағыт­талған «Farabi Chem Science» кластерін таныстырумен жалғасты.
Сонымен қатар БАҚ өкілдері суперкомпьютер орталығының қызметімен танысты. 2019 жылы Қазақ­­стан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі нәтижесінде Қазақстанға суперкомпьютер әкелу туралы келісімге қол қойылған болатын. Ал биыл ҚХР Төрағасының Қазақстанға ресми сапары барысында, екі мемлекет басшысы Орталық Азиядағы ең қуат­ты суперкомпьютерді ҚазҰУ-ға орнатуға келісім жасады. Бұл екі ел арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты арт­тыру, сондай-ақ мемлекет басшыларының ғылым мен жоғары білім беруді дамыту бағытындағы ауқымды бастамасы болды. Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақ­стан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекет­тік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және отандық IT саласын дамытуға септігін тигізеді. Қазіргі күні әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіретін құрылғыны орнату жұмыстары жүргізілуде.
Суперкомпьютер жасанды интеллект технологияларын, университет қызметінің негізгі бағыт­тары бойынша ғылымды қажетсінетін есептеулерді жасау, IoT-объектілерді басқару және ұйымдастыру, Smart-технологиялар объектілерін басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу үшін пайдаланылатын болады.
Оқу ордасының 90 жылдығы аясында журналистер қауымы үшін ұйымдастырылған айтулы іс-шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының қатысуымен өткен баспасөз конференциясы қорытындылады. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір