АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ – ТӘКУРА
Саурық батыр 1854 жылы маусым айында жау қолынан қаза тапқан соң, Саурықтың жары, Райымбек әулие-батырдың қызы Ақ Бөпе Саурықтың інісі Андас Датқаға тұрмысқа шығады. Ақ Бөпеден – Рақым, Әліжан. Рақымнан – Алғадай. Алғадайдан – Жасұлан, Тәкура туады. Саурықтың немересі Бәкір Сыпатайұлы 1927 жылы Жамбыл ауданында Саурық батыр атындағы ауылшаруашылық артелін құрып, оны басқарған кезінде өзінің төрт бөлмелі ағаштан салынған үйін артельге беріп, мектеп ашқан. Алғадай Рақымұлы 1934-1936 жылдары осы мектепте мұғалім болып істеді. Сол кезде Тәкурамен Нұртілеу Бәкірұлы бір сыныпта оқыды. Қазақтың педагогикалық қыздар институтын алғашқы болып бітірген Тәкура Алғадайқызы 1948-1952 оқу жылдарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты оқытады. Шамалған ауылындағы Фурманов атындағы мектептің бастауыш сыныптарына сабақ береді. Білімнің негізі бастауыш сыныптардан қаланады. Бастауыш білімнің негізін қалаған, баладан дана тәрбиелеген Нұрсұлтанның алғашқы ұстазы – Тәкура Алғадайқызы.
1990 жылы Тәкура Алғадайқызы қайтыс болғанда Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуден көңіл айтқан жеделхатында:
«Үлкен ұстаз, мейірбан ана, кең пейілді, парасатты азамат, көпшілік құрметтісі Тәкеңнің күтпеген жерден келген қазасы бәрімізді қатты күйзелтіп, тебірентіп кетті. Қайғы-мұңдарыңызға ортақпыз!
Қадірлі ұстаздарымыздың ел азаматтарын тәрбиелеп өсіргендегі өлшеусіз еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Ол кісінің асыл қасиеттері, жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрқашан да сақталады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!».
Нұрсұлтан Назарбаев.
Тәкура Алғадайқызының қызы Қарлығаш Исмайыловаға, отбасына амандық, мықты денсаулық тілеймін.
Нұртілеу БӘКІРҰЛЫ,
Алматы облысының
«Құрметті азаматы».