МҰЗ ЖЫЛАҒАН…
02.04.2024
115
0

Жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Мұзқала» («Қазақ әдебиеті», 22 қыркүйек, 2023 жыл, № 38) ат­ты әңгімесін демде оқып шыққан соң біраз күн ойланып жүрдім. Ауылдағы балық сақтайтын қарапайым қойманың жүректі қозғайтын ғаламат сыры неде?! Ол да ас бөлмедегі кәдімгі мұздатқышымыз сияқты тұрмыстық бұйымдардың бірі емес пе еді!? Жоқ, олай емес, автордың айтуынша, «…тазалықтың тұнбасына айналған мұз қаланың тілі жоқ демесең, тұнып тұрған тірі құбылысы» екен. Енді мұздатқышқа қатысты үйреншікті түсінік жайына қалып, оның неге «тұнып тұрған тірі құбылыс» екені қызықтыра бастайды. Жазушының кестелеп жайған сөйлемдері ғана емес, сол сөйлемдердің астарындағы әдет­те көп байқала бермейтін тіршілік құбылыстары тереңнен айдын бетіне суырылып шыққан су перісіндей арбай жөнеледі. Біздің сана-таным әлемімізде ықылым заманнан «мұз ериді» деген түсінік қалыптасқан. «Мұз жылайды» деген тіркесті, әудімде біреу болмаса, қалыпты орта қолданбайды. Мұзда жан жоқ, ендеше, ол қалай жылайды? Ал Қ.Жиенбай мұзды «жылатады».

«Мұзқала көпшілік кіріп-шығатын, экспонат тамашалайтын музей емес. Бұл – стратегиялық бағыт­тағы күрделі нысан. Алдымен мұнда Кіші теңіздің қуыс-қолтығынан ауланған балық сақталады. Аралдың кешегі дархан тарихын ұрпақ санасына жеткізетін бірден-бір жанды организм – осы». «Стратегиялық бағыт­тағы күрделі нысан» дегені – жай анықтама ғана. Жазушы объектісін салқындау, салмақтылау бейнелеп алады да, оның «жанды организм» ретіндегі ішкі құдіретіне ауысады. «Боранбайдың түсінігінше, та­залықтың тұнбасына айналған мұзқала­ның тілі жоқ демесең, тұнып тұрған тірі құбылыс. Әлгіндей сорақылықты бой­ға сіңіре алмайды, сіңіре алмаған соң қыс­тығып «жылайды», тас еденге тырс-тырс тамшылар тамады. «Мұз еріді» деген – тым қарапайым ұғым, мүлде ақылға қонбайды». Мұздың «жылауын» әдет­тегі табиғи құбылыстан жан мен тән арпалысын шендестіру әдісімен дүниеауи құбылысқа айналдырған жазушылық қарымға қол соғу парыз. Енді мұзқаланың өлі ағзаны да, тірі ағзаны да бұзылудан сақтайтын қасиеті екінші кезекке ысырылып, адам бойындағы өзі де, өзге де сезбейтін мәңгілік ұлы қасиеті бірінші кезекке шығады. Ол – мәңгілік махаббат. Бір балықшының сөз арасында: «Сен осы Көнебөгендегі Іңірбайды білуші ме ең? Әйелі біраздан бері жатып қалды деуші еді, татар дәмі тау­сылыпты байғұстың» …Пластмасса жәшіктегі балықтың арасына мұз кесегін үгітіп салып жатқан Боранбайдың қолынан балтасы сылқ етіп түсіп кет­ті …Іңір­байдың Бағдагүлден басқа қанша әйелі бар еді? Беті былш етпей, Бағдагүлдің о дүниелік болғанын шымшық торғай өлгендей немкет­тілеу айта салғаны несі?! Өй, көріңде өкіргір!». Осы жолдарды оқы­ғанда, қаламгер шеберлігі есіңнен шығып кетеді, Боранбайдың жүрегіндегі мәңгілік махаббат өз жүрегіңе көшіп, жаңалық ашқандай қаныңда бір белгісіз құйын ойнағандай болады. Осы мәңгілік махаббат дегеннің өзі рас па?! Алғашқыда сүйдің, күйдің. Өмір өт­ті, уақыт бәрін ұмыт­тырады. Жаныңды қашанғы бір ауыр сезіммен қинай бермексің. Мойындайық-мойындамайық, ол – бәріміздің стихиямыз. Бірақ жан бәрібір қалыпты шеңберге сыймайды екен. Мұндай мәңгілік құдірет­ті Боранбай сияқты қарапайым пенденің бойынан көргенде қалай таңғалмассың. Күжірейген мұрт­ты қара: «Мен Іңірбайдың нағашысы Асанбай боламын. Айтпақшы, сен Бағдагүлмен бір мектепте оқымап па едің? Бағдагүлдің Алматыдағы қызы: «Мен барғанша шыдаңдар, мамамды молаға ала жүгірмей тұра тұрыңдар», – депті. Молда өкпелі, өкпелесе қайтеміз. Жол қашық, әлгі қыз аман болса, ертең жетер. Күннің күйіп тұрғаны мәлім. Мүрдені бір түн мұзқалаға түнет. Бұзылып кетпегені абзал» дегенде, «енді ешқашан табыса алмаспын-ау» деген қимасын аяқ астынан қай­та тапқандай ішінен «қашан әкелесіңдер» деген сұрақтың атып шығуы да – іштегі мәңгілік махаббатының күйігі және қандай күйде болсын сол махаббатын тез көруді аңсайды. «Дағарадай ши қалпақ астындағы Боранбайдың көзі сәл жасаурап, қызыл құмның бетіне түскен ізі ирелеңдеп, біреу артынан итергендей үйіне әрең жет­ті… Түн ортасында шұғыл киінді: «Запас кілт қайда?» – деді әйеліне. Пештің арғы қуысынан бір бума кілт­ті суырып алып, Боранбайға табыстаған әйелі: «Қайда барасың?» – деді шыдамсызданып. «Жұмысың болмасын!». Тағдыр дегенге бас июдің табиғатын түсіну қиын. Алғашқы махаббатын қимаса қимаған шығар. «Сенің алғаш рет қып-қызыл ерніңнен сүйгендегі алған ләззат күллі өміріме жарайтын тырнақтай атом энергиясы секілді…». Солай-ақ болсын. «Бағдагүлдің қазасын қалай қабылдарын білмей, құсжастыққа бетін басып, қыстығып жылап алды…». «Пенде ғой, бір сәт сезімге жығылған болар» дейік. Ал енді баяғыда жанып барып, өшкен махаббатын, дәлірегі мұздай суық денені мұз құрсаған бөлмесінде өліп-өшіп аймалау дегенің неткен сұмдық. «Әлдебір тұстан еденге тырс-тырс тамшы тамады. Мұнысы несі? Бағдагүлдің ақ кебінге оранған денесін жақтырмағандықтың белгісі ме? Боранбайдың бойында тырнақтай үрей ұшқыны болсайшы …Керісінше …Баяғы-баяғы Бағдагүлдің аузынан шыққан сондай сүйкімді ыстық дем мұзқаланы жылытып жібергендей. Соқыр кісіше бұрыш-бұрышты сипалап жүріп, әйтеуір тапты
…Бағдагүлдің бойы бұрынғыдан да ұзарып кеткен бе қалай? «Өлді» деген ұғым немесе соған пара-пар суық түсінік кеуде тұстан әлдеқашан пыр-пырлап ұшып кеткен-ді. Дәп бір Бағдагүл тыстағы ыстықтан ығыр боп, мұзқалаға кірген бет­те аяқ-қолын еркін созып, Боранбайға еркелеп жатқандай елестеді. Боранбайдың да одан басқаны ойлауға шамасы келмеді. Сұп-суық қолын сипалады. Қалта телефоны­ның болар-болмас жарығын жылт еткізіп, ақ кебін астындағы бет-жүзін көрді. Бағдагүл қалың ұйқыда. Мына өткінші өмірдің аумалы-төкпелі теперішін көп көріп және жан әлемін түсінетін бір пендені кезіктіре алмай, дүниенің о шеті мен бұ шетін айналып-айналып келіп, осы жерден ғана сая табатынына табан тірегендей қамсыз-мұңсыз ұйқы құшағында». Жазушы жүрек соғып, тамырда қан жүгіріп тұрғанда қанша жыл өтсе де, қандай тағдырды бастан кешірсе де, сол аласапыран өмірде соның су қараңғы тұйығына батып кетпей, сағаты соққанда алпыс алты тамырды иітіп, мына өмірге қайта оралатын махаббат деген құдірет­тің мәңгілік қасиетіне иландыра алған. Объект – қарапайым, бірақ жазушы сол қарапайым болмыстан жан әлемінің қадір тұтар қасиетін ерекше сезіммен танып, оны оқырманға көркем бояумен толқын тудырар деңгейде сурет­тепті. Бір сұхбатында жазушының: «Түсімде толқыны тулаған жағалауда жүремін», – деп өзі айт­қандай, Арал трагедиясы оны туған жерге деген махаббат­тың құрсауынан босатпайды. Қалам ұстап, қағазға үңілсе, ең бастапқы сөз теңізден қашқан құм төбелер мен оны теңізге тартып, жанкештілікпен өмір сүрген балықшылар тағдырына қатысты қым-қиғаш сурет­термен басталады. Қаламгердің қай әңгімесін, қай повесін, қай романын алсаң да – осы сезім, сан тарау әрекет­тер аласапыран күреспен көз алдыңа келеді. «Мұзқалада» да әңгіме Боранбайдың мәңгілік махаббаты төңірегінде өрбігенімен, оның түпкі нысанасы ғаламдық трагедияларға барып тіреледі. Жазушының Боранбайды: «Осы жұрт­тың айтып жүргендері рас па, өтірік пе, қайдам, төрткүл дүниенің ауа температурасы бұрынғыға қарағанда биыл тым жылып кет­ті дейді. Араға біздің теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңдақты қыстырғысы келеді. Сенбеймін-ау, сенбеймін. Анау Антарктиданың мұздақтары қайда, Арал қайда?! Айта береді бар болғырлар …Дегенмен ыстықтың ажары жаман. Созылмалы сырқаты барлар күтінбесе, өліп кетуі кәдік…», – дегізіп астарлай сөйлетуі тегін емес. Сол созылмалы сырқат­тан Бағдагүл өліп кет­ті ғой! Тағы да қайталап айтамын, «өзі мұз болса, ол қалай «жылайды». Қуаныштың мұзды «жылатуы» – тағылымды сурет, үлкен шеберлік. Қаламгер Арал мұңының адамзат­тық мұңмен жалғасып жатқанын осылай астарлап білдіреді де, енді оны адам баласының бойындағы бірде – сезіліп, бірде – сезілмейтін мәңгілік махаббат жайлы сыр-толғаумен астастырып жібереді. Оның күйігін тек Боранбай ғана тартып жүрмепті. Әңгіме Бағдагүлдің алматылық қызының Боранбайға келіп, жүрек шерін шертуімен аяқталады: «Өлер адам өлді, ендігісінің қажеті қанша? Десе де, мойнымдағы қарыздан құтылайын деп шештім. Анам менімен ғана ашық сырласушы еді ..Араларыңызда қандай байланыс барын қайдан біле­йін, екі сөзінің бірі – «Боранбай-Боранбай-ды». Бұл – байқауымша, мәңгілік махаббат жыры! Мәңгілік махаббат бар ма, жоқ па, оның ақ-қарасын анықтау менің құзырыма жатпайды. Бала емеспін, біраз нәрсені байқайсың, әрине! «Осынымды ке­йін Боранбайға жеткізерсің» дегенді бет-жүзінен оқығам. Бұл айта қаларлықтай аманатқа жатпас …Өмір бойы анам ұнатқан бір адам аман жүрсінші …Жақсы сөз, ізгі ниет – өлгенді де тірілтеді …Үнемі мұзқаланың ішінде жүресіз. Ең болмаса, бойыңыз жылы жүрсін деп, мұны әдейі айтып жатырмын …Боранбайдың арқа-басы жеңілденіп сала берді».
Иә, өмір деген құдірет­тің сағым, елесі сияқты мұз құрсауында жүріп те бойыңызды жылы ұстауға болады. Жазушы, былайша түсінікті сияқты ұғымды жай пәлсапалықпен қайталап отырған жоқ. Оның астарында нені де болсын қастерлей білу үшін, ең алдымен, жүрек тазалығы керек дегенді білдіргісі келгендей. Ал тағдыр жүрек тазалығын барлық уақыт­та бірдей мойындай бермейді. Осы рет­те Испанияның қазіргі классик жазушыларының бірі – Артуро Перес-Ревертенің «Құрсау немесе өлім үстіндегі ойын» ат­ты романы есіме түсіп отыр. Романның басты кейіпкері Лолита Пальма сүйіктісі капитан Пепе Лобоны өмірінің ең соңғы минут­тары кезінде қан-қасап жаралылар ортасына іздеп келеді және былай дейді: «Мен сіздің алдыңызда өте жауаптымын, капитан Лобо».
Жүректен шыққан сөз бе бұл?
«Ол бұрынғысындай үн қатпайды, Лолита оның жүзіне шола қарады – қиналғандықтан терісі созылып, бұлшық ет­тері тырысқан, қызудан ерні кеуіп, тілініп кетіпті, қабыршақ басып, қотырланған. Ерні де, жаңағы тыртықтар да оның жүзін құбыжықтай өзгертіп жіберген. Ал сол ерін бір кез­дері мені сүйіп еді-ау деп қобалжи ойлады ол». Әрине, «сол ерін бір кез­дері мені сүйіп еді-ау» деп қобалжуға болар, бірақ Лолитаның бұлай қобалжуы жүректің қимас сезімімен үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Неге? Қуаныш Жиенбай мен Артуро Перес-Ревертенің аталған шығармаларында ұқсас тағдыр бар, екеуі де бір кез­дегі сүйіктісінің жер бетіндегі ең соңғы минут­тарымен қоштасып, ертең сүйіктісі жер қойнауына берілер алдында азалы күй кешуде. Ал сол азалы күй Боранбай мен Лолита Пальма екеуінде бірдей ме? Жоқ, арасы жер мен көктей. Боранбай Бағдагүлі басқа біреуге тұрмысқа шығып кеткелі мазақ тозағына түскен жүрегін аямайды, «тозақтан» құтылғысы келмейді, онысы ең соңында мәңгілік махаббат жырына айналады. Ал Лолита Пальма мүлде басқа.
«Біз жақында кез­десеміз, – деді Лолита. – Алайда ол жалған айтып тұрғанын біледі. Осы ойы оның санасын билеп алды, сөйтіп, қадам басқан сайын жүрісі ширап, еденде жайрап жатқан адамдардың арасымен сыртқа бет­теді. Міне, ол ылғалды таза ауаға да шықты-ау, сосын сәл кідіріп, теңіз жағалауына бет алды және жылы жаңбыр астында жүзін салқын көз жасы жуып, алыстан қарауыта түнерген қаланың қарсы бетіне келіп тоқтады».

Бағдагүлдің о дүниелік болғанын естігенде Боранбайдың көзінен ытқып шыққан ыстық жасы мен тірі өлік Пепе Лобоның мылжа-мылжа денесіне көз тоқтата алмай, сыртқа ұмтылған Ло­лита­ның жүзіндегі салқын көз жасын қалай бағалауға болады? Бұл не, тағдыр заңдылығы ма? Адам жанындағы мөлдір сезім қай кез­де, қандай жағдайда жоғалады? Тіпті сол мөлдір сезімді құрмет­теу немесе аяқасты ету жайлы терең-терең ойлануға бола ма? Мына жаһандану заманында да мәңгілік махаббат деген ұғымды келемеж еткендей келеңсіз құбылыстарды көргенде, Боранбай мен Лолита Пальма сияқтылардың қайдан шығатынына таңданарыңды да, таңданбасыңды да білмей қаласың. Қ.Жиенбайдың «Мұзқаласын» оқығаннан ке­йін еріксіз осындай ойға берілесің.

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір