АЗИАДА-2023: СӘТСІЗДІК пен САЛҒЫРТТЫҚ
16.10.2023
86
0

Спорт бұл – ел намысы сынға түсетін, Әнұраны шырқалып, туы биікке көтерілетін сала. Онда тек жеке спортшының аты ғана емес, мемлекет аты қоса аталады. Себебі спорт жанкүйерлері үшін алдымен нәтиже маңызды. Сол арқылы спортшының елін, мәдениетін, тіпті тілімен де танысып, қызығушылық артатыны тағы рас. Қазақтың әдеби ортасында да спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйер қаламгерлер де жетерлік. Бір ғана Тұманбай Молдағалиевтің футболға деген махаббаты неге тұрады. Теледидардан үзбей қарап, алматылық «Қайратқа» жанкүйер болғаны да ел есінде. Тіпті таспаға жазылған матчтарды жинап, көңілі соққанда қайталап көретіні жайлы да естігенбіз. Германиядағы мундиалға барғаны тағы бар.


Аспан әне, жұлдызы өшпей,
Ай төнген,
Үміт анау семіп барып,
қайта өнген.
Сол футболды көру сенің көзіңмен,
Мен байғұсқа бұйырмады,
қайтем мен? –
деп Тұманбай Молдағалиев спорт журналисі, қаламгер Сейдахмет Бердіқұловқа өлең де арнаған. Бүгін де ақын-жазушылар арасында спортты сүйетін азаматтар көп. Ақын Есей Жеңісұлы – комментатор болып, спорт тақырыбында қалам сілтеген қаламгерлердің бірі. Көсемәлі Сәттібайұлының да спорттан құр алақан емесі әдеби ортаға мәлім. Айта берсек, бұл тізімге талай қаламгерді қосуға болады. Бұл бүгінгі тақырыпқа тұздық болсын деген ниетпен жазған кіріспеміз ғана.

Қазақстан тарихындағы сәтсіз Азиада

Әңгіме ауаны жақында ғана аяқталған Азия ойындары жайлы. Жанкүйерлердің арасында дауға ұласып, төмен нәтиже көрсеттік деп ашуға булыққандар да бар. Расымен тәуелсіз Қазақстан атанғалы Азия ойындарында мұндай төмен нәтиже көрсетпеген екенбіз. Үздік төрттіктен түспейтін Қазақстан соңғы Азия ойындарында он бірінші сатыға табан тіреді. Алтыны аз құрама қазір сынның астында қалды. Әуелі бокстан медаль күтетін қазекең биыл алтын көрмей кетті. Азия тұрмақ Олимпиадада міндетті түрде алтын алады деп сенетін боксшыларымыз артқан үмітті ақтай алмады. Токиодағы Олимпиадада бірінші орын алмаған боксшылар соңғы әлем чемпионатында төрт алтын тағып еді, Азия ойындарында ойсырай жеңілді. Күрес түрлерінен де нәтиже жоқ. Басқасы-басқа, бірақ қазақтың әр ауданында, ауылында тап осы екі спорттан үйірме көп. Бірақ нәтиже жоқ. Каратэшілер мен мергендер болмағанда, он бірден де төмен тұрар ма едік. Каратэ Олимпиада ойындарының бағдарламасында жоқ екенін қаперге алсақ, Парижде кімге, неге үміттенеміз?

Темір-терсек қазаққа жеңіс болмайды

Асланбек Шымбергеновтің жекпе-жектері Азиадада ең көп талқыланған тақырып болды десек, артық айтқандық емес. Ширек финалда басталған оқиғалар тізбегі жартылай финалдағы әділетсіздікке дейін жетті. Бұл туралы жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында «Сенсация! Асланбек Асадхуджаны ғана емес, әуесқой бокстағы әділетсіздікті де жеңді» деген постында былай дейді:
«Асланбек Шымбергенов пен Асадхуджа Мүйдинхуджаев арасындағы жекпе-жек нағыз қып-қызыл шайқас болды. Екеуі де Ташкенттегі әлем чемпионатының жеңімпазы. Асланбек орда бұзар отыздарда болса, ал Асадхуджаның жасы одан көп кіші. Сондықтан болар, рингте ары-бері ойқастап, аяғымен би билеп, соққы беруден басқа да бар өнерін паш етуге тырысты.
Ал Асланбек өзінің о бастағы ұрыс тәсілінен жазбай, ақырын жүріп, анық басып, рингтің ортасын бермей, Асадхуджаны тықсырып, дәл соққылар берумен болды. Көзіміз алдамаса, Асланбек бірінші, екінші раундтарда таза ұтты. Соққылары да көрген адамның айызын қандыратындай дәл болды.
Бірақ режиссерлер раундтардағы ұтымды сәттерді қайталаған кезде, өзбек боксшысы жасаған соққыларды көрсетуге үстемдік берумен болды. Сөйтіп бірінші, екінші раундтарда қапталдағы төрешілер Асланбектің ұпайларын қарадай жеп қойды.
Үшінші раундта Асланбек ашуға мінді. Ашу болғанда, сабырсыздың ұшқалақ тірлігі емес, ақылды азаматтың қарсыласын көріп, біліп, кек қайтаруға деген ызасымен кірісті. Салмақты, ауыр соққыларын да жиілетті. Сөйтіп, төрешілердің қиянатынан, қараулығынан ұтылып жатқан Асланбек үшінші раундта сенсация жасап, Асадхуджаны қатарынан үш рет нокдаунға жіберді.
Осы арада рингтегі төрешінің өзіне де, оны адал ғып туған ата-анасына да рахмет. Сол төреші болмағанда, қапталдағылар Асланбектің жеңісін көрер көзге жымқырайын деп дайын отыр еді.
Біздің Асланбек Азия ойындарының ширек финалында әлем чемпионы Асадхуджаны ғана емес, әуесқой боксты жегідей жеп бара жатқан сыбайластық пен әділетсіздікті де жеңді!
«Жан алысып, жан беріскен ұрыс болды» деп, міне, осындай боксты айтар болар», – деп жазады қаламгер.
Оған қоса бұл істі жай қалдырмай, боксшымызға алтын медаль мен лицензияны қайтарып алу керек деген пікірді алға тартты.


«Ақсақ қой түстен кейін маңырайды. Қазақстан Бокс федерациясының президенті деген аты ғана бар Кеңес Рақышев кеш болса да пайда болды. Әуелі А.Шымбергеновтің жеңісін алып қойғанына наразылық білдірген болды. «Ұялған тек тұрмас» деген ғой. Енді келіп, «елге оралған соң А.Шымбергеновке өз атымнан көлік сыйлаймын» депті.
А.Шымбергеновке көлік артық етпес, бірақ көрер көзге тапталған ер намысы ше? Күлі көкке ұшқан ел үміті ше? Мемлекет абыройы ше? Ұтып тұрған оғланды жерге қаратқан төрешілер қаскөйлігі Рақышевтің машинасының тасасында жазасыз қала бере ме сонда? Бүкіл Қазақ елінің намысын таптап, Асланбектің жеңісін қасақана алып қойған ұрлықтың өтеуін Кеңес Рақышев машинамен қайтармақ па? Жоқ, ол ақылға сыймайды.
Бакуде өткен әлем чемпионатында (2011 жыл) В.Ломаченконың жеңісін ұрлап ап қойғанда, Украина бокс федерациясы дүрк көтеріліп, жеңісін қайтарып бергізген. Сол чемпионатта «Лома» Украина елінің үмітін ақтап, жеңімпаз болған.
Рақышевқа неге сөйтпеске? Беделі мен миллиардтарын неге осындайда пайдаланбасқа? IBA Президенті У.Кремлевпен неге сен деп тікесінен сөйлеспеске? Олай болмайды десе, бизнесі мен дипломатиясын іске қоссын.
«Темір-терсек» қазаққа жеңіс болмайды. Оны А.Шымбергенов қазір өзі де ала алады. Әлем чемпионына берілген 200 мың доллары бар. Құдай соның берекесін берсін!
Таңғалатыным – Кеңес Рақышев жер-көкпен тіл табысып жүрген олигарх, IBA-дағы сыбайластықты сынап, сотқа беріп, бір ұланымыздың ұнжырғасын түсірген ұрлық жеңістің мәселесін шеше алмай ма? Жеңісті қайтара алмай ма? Асланбек, алма көлігін! Керегі жоқ. Сенің еншің «көк темір» емес, Азия ойындарының Алтын медалі мен Олимпиада жолдамасы еді.
Машинаны алсаң да жағдайы жоқ, ғаріп-ғасір, үй-күйі жоқ көпбалалы бір отбасыға сыйла! Рахышевтің өзі бермегенді, сен бер оларға. Сөйтіп, азаматтық жаса!
Неге? Өйткені федерация президенті командадағы сен сияқты жеңісі ұрланған боксшылардың тағдырын о бастан ойлауы керек еді. Марқұм Бекет Махмудовтың еске түсе беретіні осындайдан. Тіпті сендерді К.Рақышев Азия ойындары алдында қабылдап, Ханчжоуға шығарып салды деген хабарды да естімеппін. Өкінішті, өте өкінішті», – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.

Асланбектің жекпе-жегін сот арқылы қайта қарайды

Осындай пікір айтылған соң да болар, Федерация өкілдері бұл жекпе-жектерге сот арқылы қайта қарау үшін күресеміз дейді. «Қолда тұрған алтынды тартып алды» деген Федерация президенті істі соңына дейін жеткіземін деп уәде беріпті. Ұлттық құрама капитаны, биыл ту ұстап шыққан Асланбек Шымбергеновтің жекпе-жегін қайта қарау үшін сотқа бермек. Ханчжоуда өткен Азия ойындарындағы Асланбек Шымбергенов пен Карина Ибрагимованың жекпе-жектеріне қатысты қазылар шешімін сот арқылы қайта қарауға салмақ.
«Құрметті достар, Азия ойындарындағы бокс турнирі аяқталды, бірақ әділдік үшін «айқас» емес. Қазақстан бокс федерациясы Қытайдағы рингте жекпе-жектерді ұйымдастырған PBU (Париж Олимпиадасындағы бокс бойынша ХОК-тың жұмыс тобы) ұйымымен соттасады. №1 міндет – Асыланбек Шымбергеновке Олимпиадаға лицензиясы мен Карина Ибрагимоваға алтын жүлдені қайтару! Біз туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитетінің бастамасын толық қолдаймыз. Алайда ҚБФ құқықтық процедуралар мен іске асатын тәсілдерді қолданып, өз бетінше күреседі. Достар тағы айтайын, турнирді IBA емес ХОК өткізді, сондықтан мұнда апелляция мен қайта қарау деген жоқ. Оның үстіне ХОК-тің қазіргі тарихында бокстағы шешімді өзгерткен жағдай болған емес. Бірақ осының бәріне қарамастан, біз – Асланбек пен Карина үшін соңына дейін күресеміз. Біз үшін олар нағыз чемпион», – дейді ҚБФ президенті Кеңес Рақышев.
Бұрын-соңды Олимпиадалық комитет бокс нәтижесін өзгерткені есімізде жоқ. Дегенмен бұл жағдайда соңына дейін күресу де қажет шығар. Себебі бір Асыланбекті бір емес, екі рет аяқтан шалып, айды аспаннан бір-ақ шығарған төрешілерді жазалау керек. Біріншісінде бірнеше рет нокдаунға жіберіп, жеңіп шықса, екіншісінде қазылар ойындағысын істеді.
Жә, Қазақстанда ақсап тұрған басқа да спорт жетерлік. Бокс еліміз үшін үнемі нәтиже беретін спорт түрі болған соң да бұған басты назар ауатыны сөзсіз. Дегенмен өзге спорт түрлерінен де төмен нәтиже көрсеттік деп айтсақ болар. Күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанды деп бір қуандық та, Азиадада алтынсыз қалдық. Басқа да спорт түрлерінен жақсы нәтиже көрсете алмадық. Бұл туралы ақын, спорт комментаторы Есей Жеңісұлынан пікір алдық. Қаламгердің ойынша, «бұл салада темірдей тәртіп керек. Спорттың дамуына бөлінген ақша қайда, қалай жұмсалғаны туралы есеп болғаны дұрыс», – дейді Есей Жеңісұлы.
«Егер Азия ойындарында он-ақ алтын алдық, құрыды бәрі, бітті деп қорытындыласақ, онда қалған 80 медальді жоққа шығаратын едік. Сондықтан мен күні бұрын байбалам салмай, күні бұрын бәрін жаман дей алмаймын және күні бұрын бәрі жақсы деуден де аулақпын. Салқын ақыл, суық жүрекпен қарау керек. Қай жерде қате жібердік, кімді алға шығарып алдық деген сұраққа жауап беруіміз керек. Бұл мәселені жан-жақты қарау қажет.
Қазір бізде бардан айырылу процесі жүріп жатыр және резерв жетіспейді деп ойлаймын. Бардан айырылу дегенде, 2018 жылы Индонезияда өткен, 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында тек Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея секілді алпауыт елдерге ғана есе жіберетінбіз. Ара-арасында Иран да алдымызға түсетін. Өз елдерінде өткен ойындарда Индонезия, Таиланд сынды мемлекеттер жоғары тұратын. Бұл енді кешірімді болатын. Ал енді осы жолғы Азия ойындарын қарап отырсақ, жоғарыда айтқан үш алпауыт елден бөлек, алдымызға Үндістан, Өзбекстан, Қытайлық Тайбей, Иран, Таиланд, Бахрейн, Солтүстік Корея секілді мемлекеттер түсіп кетті. Бахрейн жеңіл атлектикадан легионерлерді жинап алып, он екі алтынның сегізін солар алды. Оны қойшы, кешірімді. Бірақ біз күрестен төмендеп кеткеніміз байқалып қалды. Боксыңыз анау, қанша жерден төрешілер әділетсіз болды десек те, бірінші, екінші айналымдарда жарыстан шығып қалған спортшыларымыз қарсыластарынан бір бас жоғары болды деуге келмейді. Академиялық есу, байдарка мен каноэде есу спорты бұрын біздің көзіріміз еді. Қазір кейбір бағдарламаларда Өзбекстан бізді озып кетіп жатыр. Велоспорттан әйелдер арасындағы жарыста да 43 жастағы өзбекстандық ардагер спортшыға есе жіберді. Неге оған бәсекелес болатын спортшы таппадық? Мысалы жеке жарыста 43 жастағы Ольга Забелинская біздің Рината Сұлтановадан кемі 2 минут бұрын келді. Сонда біздің жастарымыз қайда? Содан кейін көркем гимнастикамыз бар. Біздің қыздар көпсайыстан екінші, үшін орын алып, өте жақсы нәтиже көрсетті. Бірақ көшбасшы – өзбекстандық қыз. Жеңіл атлетикадан Өзбекстанның көрсеткіштерін қараңыз. Біздің ту ұстаушымыз болған Надежда Дубовицкаяның алдына бір емес, екі өзбек спортшысы шығып кетті. Бұның бәрін бес-он жыл бұрын елестету мүмкін емес еді.
Қолда бар нәтижеден айырылып қалдық. Сондықтан спортқа темірдей тәртіп керек. Бөлінген қаржы қайда, қандай спортқа бөлінгені, болашақта қандай нәтижеге жету үшін, қандай резервке бергені – бәрі-бәрі көз алдымызда болып, көрсетілуі керек. Әр нәрсенің есебі болғаны дұрыс. Іргеміздегі Өзбекстанға қарайық. Әлемдегі мықты бапкерлерді елге алдырып, солардың тәлімін алып жатыр. Бокстан кубалық жаттықтырушы келіп, өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Біз қашанғы өз қазанымызда қайнаймыз? Мысалы, каратэде біздің құраманы шыққан тегі араб, француз бапкер жаттықтырды. Соның нәтижесінде үш алтын, үш күміске қол жеткіздік. Әрине, каратэні олимпиадалық бағдарламадан алып тастады. Дегенмен нәтиже бар ғой. Сондықтан өз ісінің энтузиасты болатын, елдің намысын көтеретін мықты бапкерлерді табу керек. Жұмысы таптаурынға айналған бапкерлер керек жоқ бізге. Жаңа ойлы, креативті мамандарды тартуымыз керек. Ең бастысы темірдей тәртіп, мықты мамандар бізге ауадай қажет. Әйтпесе, осы қалғанымыз қалған. Тоғызыншы орынның өзіне зар болып қалдық қой. Биыл он бірінші сатыда тұрмыз. Келесі Азия ойындарында он бесінші орынға түсіп қалуымыз мүмкін. Нәтижеге қарап қорқып отырмын. Мына түрімізбен Париждегі олимпиадада алтынға үміттенудің қажеті жоқ сияқты. Енді Елена Рыбакина секілді аса талантты спортшылар сүйреп шықпаса, әй, қиын-ау деген қауіп бар», – дейді Есей Жеңісұлы.
Бұл пікірлердің жаны бар. Себебі қолда барды беріп қойып, мүмкіндікті пайдалана алмай жүрген Қазақстан спортшылары құлдырау кезеңінде жүр. Көбіне спортта Өзбекстанмен тайталасатын біздің еліміз іргедегі өзбек елінен біршама қалып келеді. Төрттіктен түспейтін Қазақстан қазір ондықтан шығып қалды. Бұл біздің спорт үшін трагедия десек болар. Азия ойындары да төрт жылда бір келеді демесең, Олимпиаданың жанында ештеңе емес. Парижге барамыз деп отырғанда Азиадада нәтижемізді оңалта алмадық. Бұл – болашаққа деген үміттен гөрі күдік ұялататын жағдай. Тез арада спортты қолға алмаса, бұл сәтсіздіктердің қайталана берері даусыз. Бұрынғыдай Ольга Рыпакова секілді Олимпиада сайын медаль әкелетін спортшылар жоқ. Бір кездері мынаған сенеміз деп жанкүйерлердің дауысы өктем шықпайды қазір. Өзім дегенде өгіздей қара күшім бар демекші, елім деген азаматтар спорттың айналасында болса, бұл сала да жоғары өрлейтіні сөзсіз.

А.Әбитұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір