«АБАЙ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ» – 2023
09.10.2023
194
0

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты 2023 жылдың 28 қыркүйегінде заңғар жазушы, абайтанушы, әдебиет­танушы ғалым, академик Мұхтар Әуезовтің туғанына 126 жыл толуына байланысты «Абай институтының еңбектері» сериясымен 2023 жылы жарық көрген кітаптардың және электронды басылымдардың таныстырылымын өткізді. «Абай ілімі». Мақалалар жинағы; Жанғара Дәдебаев. «Абай ілімі. Оқу құралы»; «Абай ілімін білу, түсіну және қолдану: ұжымдық монография»; «Абай. Избранные стихи и поэмы. Переводы с казахского Орынбая Жанайдарова»; «Абай ілімі. Дәрістер курсы» атты жинақтардың қай-қайсысы да зерттеушілер үшін, студенттер мен жалпы оқырман қауым үшін мол қазынаның кеніне айналары сөзсіз.
Кешті филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Дәдебаев құттықтау сөзімен ашты. Профессор ілім мен білімнің бастауы болатын «Абай ілімінің» бүгінгі таңда жастар үшін өмірлік азық болатынын атап өтіп, пәннің маңыздылығына, рухани, адамгершілік өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ Г.Пірәлиева, Д.Ысқақұлы, Қ.Әбдезұлы, Т.Тұяқбай сынды ғалымдар аталмыш кітаптардың құндылығы жайында кеңінен баяндады.
Таныстырылым Модераторы, доцент Л.Мұсалы Абай ҒЗИ-дың ғылыми нәтижелері сипатталған электронды көрмені таныстырып, институттың электронды басылымдарын таныстырды. Кеш соңында кітаптардың экземпляр­лары Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына, әл-Фараби кітапханасына және кітап авторлары мен құрастырушыларға салтанатты түрде табысталды.

Бибігүл ДАУТОВА,
Алма КЕНЖЕҚОЖАЕВА,
Абай ҒЗИ қызметкерлері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір