ЖАРЫҒЫ ЖЕТПЕЙ МЫНА ЖАЛҒАННЫҢ…
12.02.2016
1268
0

10-15-1-rktjrkАлтыншаш ЖАҚИЯНОВА

КҮЗ

Күреңітіп аспан түйіп қабағын,
Сұрғылт бұлттар сығып алып жанарын.
Тал-теректі жалаңаштап барады,
Долы дауыл сұрын алып даланың.

Қарашаның қара суық бораны
Бар әлемді суығына орады.
Жаз қызығын түйдек-түйдек бұлттарға
Түйіп алып, керуен көшіп барады.

КҮЗ КЕЛДІ

Күз келді,
Салқын ызғар жел еседі.
Мезі боп тал бұтағы егеседі,
Ен дала қызығы өткен құлазиды,
Күткенім менің бұл күз емес еді.

Күз келді,
Күрең-дәурен, тұман келді,
Бұл күнде көре алмайсың бұраң белді.
Аралап қойын-қонышын кез келгеннің,
Сусылдап сумақай жел сылаң берді.

Күз келді,
Көңіл шіркін құлазыды,
Қурады кешегі өскен қыр азығы.
Қурап-ақ кетер едім күзбен бірге,
Болмаса бұл өмірдің біраз ығы.

Шуылын тыңдап күздің құлақ түрдім,
Қия алмай жаз жайлауын жылап тұрдым.
Басымнан нешеме күз өткеріп сап,
Жастықтың аулы алысын бір-ақ білдім.

ӨЗ-ӨЗІММЕН СЫРЛАСУ

Күзі қалды өмірдің көктемі өтіп,
Өлеңімді келемін өткел етіп.
Жанға тыным бермедім ала жаздай,
Алғам жоқ па жазымды өкпелетіп.

Қай белеске, тағдырым, сүйремедің,
Жүрегімді найзамен түйреледің.
Бірін-бірі түртпектеп, іштен шалар
Қашан мына тірлікке үйренемін.

Үйренесің,
Жүресің өлмеген соң,
Жазың қайта жадырап келмеген соң.
Үйренесің, көрге де үш-ақ күнде,
Өмір саған ырықты бермеген соң.

Жүрек түбі сыздайды, шаншылайды,
Көзден кейде төгілер тамшы-қайғы.
«Уақыт өтіп барады, асыққын», – деп,
Шабан атты шабытым қамшылайды.

Жастайымнан өлеңмен сусап өстім,
Қанша ұйқысыз шабытты түндер кештім.
Маржан-жырдан артыма моншақ шашып,
Ұрпақтарым қызығып жиса дестім.

 

***

Неге бұлай,
Неге жүрмін көңілсіз?
Жаным менің жылап жатыр тек үнсіз.
Қалам ба деп қайғырмаймын көмусіз,
Кетем бе деп қапаланам өмірсіз…
Мұқағали.

Зымырап күндер барады өтіп тоқтаусыз,
Өмір болған соң, тіпті де күндер жоқ даусыз.
Бәрінен бұрын жаныма батар жай – осы,
Жаутаңдап жырым қалмаса екен жоқтаусыз.

Жырымды сыйлар халқыма сенім артамын,
Сырымды тыңдар жұртыма ғана айтамын.
Пәниде ешкім мәңгілік емес, ол – анық,
Қонақ боп келген өмірден мен де қайтамын.

Өтер ме мынау өмірім менің мақтаусыз,
Шын жүрегіменен жаны ашып біреу жақтаусыз.
Жүрегім ғана «бітіріп ал, – деп, – тірлікте»,
Соғады талмай, бір тыным алмай тоқтаусыз.

***

Жарығы жетпей мына жалғанның,
Несіне күнім жылана қалдың.
Асылдарынан айрылған мұңды,
Көз жасын сүрттім жылаған жанның.

Жылылық жанға жетпейді неге,
Мәңгі емес өмір, өтпейді деме.
Жағаға жету мұң болса-дағы,
Қайрылып артқа кетпейді кеме.

Өмір де солай ұмтылып алға,
Кей өмір көзсіз – соғады жарға.
Кей өмір саған ұсынса да уын,
Етесің әйтеу қанағат барға.

***

Көктем келсе,
Туады қайта бәрі,
Жер бусанып, су алып сай-саланы.
Қураған шөп, тыншыған бар жәндікке,
Жан беріп, тіршілікке қайтарады.

Жаз шыққанда,
Табиғат құлпырады,
Көкжиектен жадырап күн шығады.
Алтыбақан басында айлы кеште,
Естіледі жастардың сылқым әні.

Күз болғанда,
Түсіп тал жапырағы,
Сары алтынға бөленер атырабы.
Бәрі пісіп, қазан боп күз айында,
Қыс қамымен күзекте ел отырады.

Қыс түскенде,
Келеді кәрі құда,
Ашу кернеп, түскенше қалыбына,
Ақ сақалын жұлмалап тау басында,
Уыстап ап шашады барлығына.

***

Міне, солай, алған соң күзің түсіп,
Қыс келеді қаһарлы боран қысып.
Көктем туар шалықтап сәби мінез,
Жаз шығады жадырап, күн де ысып.

Күзің қайта түседі, бәрі пісіп,
Жапырағы талдардың қайта түсіп.
Күз болған соң, кезекпен қыс та келер,
«Барар жерің жақын», – деп айта түсіп.

Адамзаттың көктемі тумас қайта,
Жазың келіп жадырап тұрмас қайта.
Күз артынан қыс келер едел-жедел,
Төрт-ақ мезгіл бұл өмір, соны байқа!

ӨКПЕМ ЖОҚ

Күреңіткен өкпем жоқ күзге менің,
Табылмайды бәрібір іздегенім.
Заманауи жастардың сыры бәлім,
Ұл білгенін істейді, қыз дегенін.

Ұл қажетін әкетер, қыз керегін,
Қайда кетіп жатыр деп іздемедім.
Қаладағы інішектей үйлеріне,
Бола ма деп барамын бір керегім.

Ақ қар жапқан өкпем жоқ қысқа менің,
Қайта қысқа келеді ұқса дегім.
Он саусақтан өнері тамып тұрған,
Өрнек салар Аязың – ұста керім.

Жадыраған өкпем жоқ жазға менің,
Көрген құқайларым да аз ба менің?
Шырақ алып артынан біреулердің,
Кемшілігін келеді қазба дегім!

Күлімдеген өкпем жоқ көктемге де,
Кеткенге де ырзамын, өткенге де.
Бір-ақ рет келетін көктем-күзі,
Адамзатқа бұл өмір өктем неге?!

КҮРЕҢ КҮЗ

Еңсені басып тұрғаны-ай мына күрең күз,
Сұр көрпе жамау шымқапты қырды реңсіз.
Көңілі күздің осынша жадау болар ма?
Мазаң шақ жайлап даламды бүгін тұр өңсіз.

Дилана алмай көтерем жылқы жуасы,
Қосылмай безіп үйірден қашты құласы.
«Жабыны атқа санама, – дейтін жан әкем, –
Көкшолақ аттан құтылу керек туасы».

Әнтек қимылдап, қорғанып күзгі ызғардан,
Жүгірер құрбы қалмайыншы деп қыздардан.
Жалғасып күзің, ұласар қысқа түрі бар,
Ендігі шақта жайнаған көктем – бізге арман.

Сілбіреп жауып жаңбыры күздің жылап тұр,
Соншама күйреп, білмеймін нені сұрап тұр?
Қарттықтың қалың көрпесін қымтап үстіңе,
«Жат-тағы жаңбыр үніне, – дейді, – құлақ түр».

Бойсынып көмпіс қарайды қартың көңілсіз,
Меселіне тосқау бола алмай тұр-ау көңіл-күз.
Шығарып салып тұрғандай алыс сапарға,
Бұлаңдап қырда, қол бұлғап қалды өмір-қыз.

Жолындағысын сыпыра-сүйреп, ұшырып,
Тұрғаны-ай, мына, өтімді желдің ұшынып.
Ызақор, шая, ашушаң әйел сияқты,
Көкдолы дауыл әкетті бәрін ысырып.

***

Күндер зулап барады, алаңдаймын,
Уақыт – жүрдек, еш айла таба алмаймын.
Еркелегім келеді, арыстанның,
Кекілімен ойнаған самалдайын.

Жоқ іздесем ешқашан таба алмаймын,
Ал біреуге алынбас қамалдаймын.
Итке иттік жасауға қорқамын да,
Жамандыққа ешқашан бара алмаймын.

Көтерші бір аспанға, патша көңілім,
Жадыратып жанымды таста менің.
Бір нөсерді күте бер, шөлдегенде
Жаңбыры әлі жаумаған аспан едім.

Азапты да, шыжғырған тозақты да,
Жаралыппын көруге ғажапты да.
Нәзік жаным жансебіл шырылдайды,
Қалғандай-ақ қара түн абақтыда.

Шаттығым да бар аздап там-тұмдаған,
Қуанғанда шуақ боп жарқылдаған.
Қызығыңды аямай сыйла, өмір,
Керек емес атақ-даңқ алтындаған.

Кейде өмір тұрады зәрін төгіп,
Сондай шақта жатамын жәбір көріп.
Оны қойшы, алаңмын, аз уақытта,
Кете алам ба өмірге бәрін беріп?

ПІКІР ҚОСУ