«БІЛТЕ ШАМНЫҢ ЖАРЫҒЫ» АҚТАРҒАН СЫР
Қазақ поэзиясы хақында сөз қозғау – қиынның қиыны. Оның тарихына үңіле бастасақ, ондаған ғасырларды артқа тастап Орхон-Енесей жазбаларында бедерленген құндылықтарға, жыраулар толғауындағы отты ойларға, бертіндегі поэзиядағы бейнелі кескіндерге, өмірден ойып алғандай суреттердегі бір-біріне ұқсамайтын сұлу сөздің қаймағын қалқып алғандай көз алдыңда көлбеңдеген сұлулық сиқырына дуаланғандай күй кешесіз. Соңғы екі ғасырда қазақ өлеңі қанаттанып қаламгерлік даралықпен қатар өріліп, өнер болашағын анықтады.
Қазақ – тумысынан ақын халық. Ойласа да, сөйлесе де төгілте құлпыртуды, шешен тілмен сурет салуды ұнатады. «Өнер алды – қызыл тіл» деп бабаларымыз әншейін сөз ыңғайымен айта салмағаны анық. Он ойлап, тоқсан толғап түйдектете төгетін шешендер, жалғыз ауыз сөзбен дүйім елдің тағдырын шешетін көсем билер сөз құдіретін ұғатын елдің ғана пешенесіне жазылары даусыз.
Абай, Махамбет, Мағжан, Ілияс, Жұбан, Қасым, Жұмекен, Төлеген, Мұқағали сынды саңлақтар шығармашылығы дүниежүзілік антологияға көрік берері хақ. Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, Ж.Әбдірашев, И.Оразбаев, Т.Медетбек, Ш.Сариев, Н.Оразалин, Н.Аитов сынды артқы жасқа тәлім айтатын ақындық шалқар шабыт пен этикалық рухтың ұйтқысы сөз зергерлерінің тебірене толғап, төгілте суреттеген өнегесін үлгі тұта келді өлең өлкесіне Бауыржан ақын.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жазушылар одағының басқарма мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары, бірнеше беделді ұйымдардың академигі, мемлекеттік «Дарын», М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор сияқты ауыз толтырып айтар лауазымдардың иегері Бауыржан Жақып тындырған істердің баршасын қамти алмайды. Ақындық пен қайраткерлікті қайыспай қатар көтеріп келе жатқан Б.Жақып еңбекқорлығы таңғалдырады.
Қазақтың классик ақыны Олжас Сүлейменов: «Бауыржан Жақып, ең алдымен, ақын. Оның поэзиясы өзінің саф алтындай тазалығымен, шыншылдығымен оқшауланып тұрады. Ақын Семей өңірінің перзенті, ұлылар елінде кіндік қаны тамғандықтан болар оның поэзиясы қайталанбас сұлулығымен көз тартады әрі жүрек сыздатар шер, мұң байқалады. Ақынның «Жан дауысы» жинағында кейіпкерлерінің рухани әлеміндегі алай-түлей қақтығыстар ядролық жойқын алапатты тізгіндеу, айықпас азапты тоқтатудағы басты мұрат», – деп баға беріпті.
«Семей-Невада» қозғалысының қақ ортасында қайнаған Бауыржан Жақып көкірегіне шер болып қатқан қасіретті нұсқап отырғаны – сөзсіз қайраткер қаламгер Олжас Сүлейменов.
Туған жерді емірене, елти сүю қолына қалам ұстап, сөз өнерін өмірінің мәніне айналдырғысы келген жастың баршасына ортақ. Мәселе көкіректегі көркем ойды өнердегі құбылысқа айналдыру әркімнің пешенесіне жазылмаған.
«Қарауылтөбе», «Ордадан асқандағы ойлар», «Абыралы», «Біздің ауыл», «Туған жер өлеңдері» ерте есейіп, бірден ширағанын танытады ақынның.
Қарауылтөбе, Қарауылтөбе,
Көзіндейсің сен даланың көне.
Жазықты салып алақаныңа,
Қариядай болып қарадың төне, –
деген шымыр жолдар ақын аяқ алысына еріксіз бас шұлғытады. Шетсіз-шексіз дала төсінде Абайға ілесе шыққан Шәкәрім, Оспан, Ахат сынды сайыпқырандарды тізбелей келіп, қазағының кең пейілі дарыған ауыл тынысына жан бітіргендей әсер қалдырады ақындық қиял.
Құлазып қалды көңілім,
Айқұлақ бейіттер көргенде.
Қорғайтын, қолдап бар маңын
Есіме түсті, аруағым –
Шөптерін шауып жүретін
Қасиетті қара шалдарым. («Абыралы»)
Туған жер – сарғайып жатқан бөктерлер, сылдырап аққан тұма бұлақтар, қатпар-қатпар тасы бар жартастар ғана емес, сол алапты мекендеген халықтың өткен тарихы, бүгінгі тынысы. «Көк аспанға ақша бұлт бөркін атып, Қонақ келсе құшағын жаяды ауыл», – деп жан дүниесі сағынышқа толы ақын халық өнерінің қатпарларына үңілуге хақылы.
«Оралдың ақ түні», «Суықтөбе суреттері», «Ақкенттің бұлбұлдары», «Ақмешіттің ақшамы», «Сарыағаш», «Баянауыл», «Астана», «Маңғыстау», «Қарқаралы», «Ашхабад әсерлері», «Алакөл», «Нарын құмы», «Рухымның алтын бесігі», «Шыңғыстау», «Абыралы» туындыларымен байтағын шарлаған қалам иесінің көңіл күйінен жұмбақ әлемнің кілтін іздегендей күй кешесіз. «Білте шамның жарығы» жинағынан ойып орын алған «Өлеңім» жауһар жырының қорытынды шумағынан сол кілтті тапқандай әсерде қалдым.
Демін тартқан өзендей
тына қалған өлеңім,
Он сегіз мың ғаламдай
тұна қалған өлеңім.
Жанарымды жас болып
жуа қалған өлеңім,
Көз алдыңда көктем боп
тұра қалған өлеңім.
Мен бар жерде – сен барсың,
сен бар жерде – мен бармын,
Ұлы Абайдай бабамнан
мұра болған өлеңім.
Өлең арқалар жүк, таза табиғаттан рухтанған поэтикалық пафос, қоршаған орта шабыттандырған қайталанбас құбылыстар, ақын санасына ұялаған алуан түрлі бояулар Абай дәстүрін дамытуға деген құштарлыққа жол алады.
Аса ірі ақындарымыздың бірі Темірхан Медетбек тауып айтқан: «Әдетте ақын деген, егер ол шын ақын болса, әдебиет табалдырығын аттаған бойда, ең болмаса, бір шумақпен болса да жұртты жалт қаратары сөзсіз. Олай болмады ма, онда ол ақынның одан әрі жұртшылық аузына іліне қоюы екіталай. Бауыржанның оқырман қауымды бірден өзіне қаратқан өлеңі – «Әжемнің ұршығы». Бұл өлең кезінде жай ақынның ғана емес, қазақ өлеңінің күмбірлеп тұрған көне қоңырауы Әбділда Тәжібаевтың да дуалы аузына іліккен болатын».
Б.Жақып «Әжемнің ұршығы» өлеңімен «Жігер» фестивалінде Гран При жүлдесін жеңіп алған еді. Қаршадайынан көптің ықыласына бөленіп, әдебиет өлкесіндегі орнын белгілеп тастағандай.
Сол шабысынан танбай бүгінгі өлеңсүйер көптің ыстық ықыласына бөленіп келе жатуы ана сүтінен дарыған таланттың күн санап қанатын кеңге жайып, елдің сүйіктісіне айналуы – қажымас еңбектің, талмас ізденістің нәтижесі.
Ақын жүрегі қашан да мазасыз, туған елінің жүрек кернер қуанышы да, қазақ жерінің өкініш, өксігі де жұдырықтай жүрекке салмақ салмай қоймайды. Б.Жақып шығармашылығында полигон тақырыбының жүйелі құбылысқа айналуы жанына жара салды. Олжас Сүлейменов негізін салып, ұйытқы болған «Семей-Невада» қозғалысының белсенді мүшесіне айналуы саналы күрескерлікке алып келді, халық айтпақшы «Ер жігіт – елінің ұлы, намысының құлы» екенін мәңгілік өмір сабағындай ұғынды. Абай елінде бірнеше кеңшарды басқарған елінің еңселі азаматы, маңғаз, байсалды әке Өміржан Жақып тәрбиесін де жоққа шығара алмаймыз. Күрескерлігімен Абыралы өңірінде азып-тозып, жерінен айырылған қандастарына қарлығаштың қанатымен су сеуіп полигон зардаптарын жоюға бірнеше гранттарды бөлгізіп, халық игілігіне жаратуға септесті. Бұл ретте Өмкең тыңдырған істің бәрін тізіп айтуға шарасызбыз.
Еліміздің тарихындағы құпиясы мол, әлі де көлеңке тұстары басымы – Семей сынақ полигоны.
Аждаһадан от шашып, дүниені дүр сілкіндірген, Жер-ананың тыныштығын бұзып, құлақ тұнар күркіреген дауысымен тіршілік әлемін тітіреткен зауал адамзатқа ажал құштырған кесапат бейбіт елдің шырқын бұзды. Жерінен айырылып қайғы құшты, халық жаппай уланып дауасыз дертке ұшырады. Бұл – көзіміз көрген шындық. Елжанды ақынның есейе келе күрес майданына шығатын кезі еді бұл. «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлейтін» (Абай) шағы Бауыржан ақынның.
Ұлы Отан соғысы аяқталғанымен соғыс қаупі сейілген жоқ еді. Екі алып держава Кеңес үкіметі мен Америка Құрама Штаттары арасында жойқын қаруды кім бұрын жасайды деген бәсекелестік орын алды. 1945 жылдың тамызында АҚШ Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларына бомба тастап жіберді. Әлемде қаралы атом дәуірі басталды.
Кеңес үкіметі шұғыл түрде Семей полигонын ашты. Бірінші жарылыс 1949 жылдың 29-тамызында өтті. 1991 жылы полигон ауыздықталғанға дейін 473 ядролық қару сыналды, олар Хиросимаға тасталған бомбадан 250 есе күшті еді. Семей сынақ полигоны 2,5 миллиондай адамның денсаулығына зиян келтіргенін ғалымдар дәлелдеді. Полигонға таяу аймақтарда дімкәс, ауру, ақыл-есі кем, екі басты бала, аяқ-қолдары жоқ сәбилердің дүниеге келуі жиіледі. Бір сөзбен айтқанда, экологиялық жүйе бұзылып, алапат дағдарысқа ұшырады. Ақындар О.Сүлейменов, Т.Әбдірахманова, Т.Медетбек, Т.Әбдікәкімов, М.Ибраев, С.Ақсұңқарұлы, Б.Жақып, М.Оспанов, А.Елгезек отты жырларына полигон трагедиясын арқау етті. Ұ.Есдәулет пен сазгер Т.Мұхамеджанов халық зарын музыка тіліне көшірді. Нагасаки мен Хиросимадағы қаралы митингте ән-ұранға айналып жүре берді.
Осы шоғырдан Бауыржан Жақыптың асқақ үні табиғат пен адам эволюциясы, санадағы өзгерістер, қоғамдағы рухани-адамгершілік мәселелерді қоғайтын концептуалды ойларымен дараланып, ерекшеленді.
«Ақсақалдарды аңсау», «Сиыр айдаған шал», «Қара бура», «Омар қой сойған бұлағы», «Берікқара», «Жаңғырық» сынды өлең, балладаларындағы трагедиялық ахуал «Тамыздың жиырма тоғызында» қасиетті қарт Дегелеңді тітіреткен ажал аждаһасы күллі әлемдік аза жырына ұласқан, елдің еңсесін жаншып, тынысын тарылтқан зобалаң айқын, нақты, көркем бейнеленуімен ұрпақ санасына мықтап ұялады.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Жаһанға жалпақ жайылған,
Шықпайсың менің ойымнан.
Сен едің текті елімді,
Атажұртымнан айырған.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Жанған күн көкте өшкен күн,
Талай тағдырды шешкен күн.
Абыралының бауырынан
Абдырап халқым көшкен күн.
Барлығы шындық. Бір түнде әскерилердің бес жүздей жүк таситын машиналары келіп, басқа жерлерге көшіре бастағаны әлі есімде. Туыс, жегжаттар, құдандалы жұрт, көрші-қолаң зарын айтып қоштасқанда көз жасына ерік бергеннің куәсі болу қандай ауыр?!
Өлеңнің жан дүниеңді қозғағаны сондай, алғаш оқыған бетте күнделік дәптеріме жазып алыппын.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Күн емес, алып шар шықты,
Аспан көзінен қан шықты,
Дегелең деген өр таудың
Кеудесінен сол күн жан шықты.
Сынақ барысында күннің көмескі тартып, жердің бесікке бөлеген баладай тербеліп тұрғанына Абыралы, Саржал, Тайлан, тағы да басқа ауыл тұрғындары куә.
Алыстан қарағанда сұлулықтың белгісіндей көк мұнарланып, сағымданып, зердеңді жаулайтын Дегелең бүгінде өрт шалған, шөгіп жатқан қара тасқа айналған.
Осы орайда қазақтың көпті көрген қаламгері Сапарғали Бегалин айтыпты делінетін оқшау ойды Рымғали Нұрғалидың әдемілеп жеткізетіні бар. Мыржықтан өте бере туған жерім – Дегелеңге барсам деген өтінішін білдіріпті. Сүйікті Дегелеңіне әскерилердің жолатпайтынына көзі жеткен қарт қаламгер дүрбі салып көруге ұйғарады. Ұзақ уақыт дүрбіге үңілген Сапекең Рымғалиға: «Қарағым, Дегелеңім өлген екен, маған көңіл айтыңдар», – деп көзден аққан жасы сақалынан сорғалап, есеңгіреп тұрып қалыпты. Туған жерге, өскен елге сүйіспеншілік осындай-ақ болар.
Өткен тарих. Жүректегі жара. Санадағы сілкініс. Болашаққа сенім. Өлең түйініндегі жолдар соған меңзейді.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Рамазан айы. Ұлы елім,
Алладан тілек тіледім
Сыйғызып ойды өлеңге.
Жаһанды жұтқан жарылыс
Болмасын енді әлемде!
«Жақсы сөз – жарым ырыс» делінетін ата-баба лепесі адамзатты улаған жойқын жарылыс тоқтағанымен, полигон аймағында тұрып жатқан жұртқа мемлекеттік көмек қажет. Арнайы қаулы қабылданып, қасіретті өлкенің шырайын кіргізер мезгіл жетті.
«Білте шамның жарығы» жинағына енген «Жан дауысы» поэмасы оқшау құбылыс, өне бойында жаңашылдық ізденістер, азаматтық кемелдік, шалқар ойдың жосығы жатыр. Бауыржан ақынның әдеби мұрасында ерекше орын алатын, терең идеялы туынды бұл. Атамекенінің, қадірлі қарындасының, кең дала сахарасының қасіретін бозторғайдай шырылдап, бар дауысымен жар салады әлемге. Дегелең дертін, Абыралы қасіретін бар тамыр-талшығымен сезінеді ақын. Өмір мен өлім, күн мен түн, табиғат пен адам арасындағы қолдан жасалған трагедияны жан дауысымен шырқырап жырлайды:
Көкірегім, күл болсам да, тола жара,
Қасымнан қоныс тепті «мола» жаңа.
Жүрегім соқпайды енді, демім бітті,
Ей, таулар, жиналыңдар жаназама!
Бұл – Дегелең тауының ғана зары емес, күллі қазақтың зары дерсіз. Таудың жаназасы – табиғаттың өлуі. Адам баласы үшін одан асқан қасірет бар ма екен жер бетінде.
Бауыржан ақынның ақындық кредосының негізі қасірет тұнған дала мұңын жырға қосуында жатыр. Себебі Бауыржан – тура сол жердің ауасын жұтып, сол жердің суын ішіп, табиғатымен тілдесіп өскен ақын. Сондықтан да ақын жыры – көркем, мұңлы, зарлы, шынайы.
Бүгінгі қазақ өлеңіне соны тыныс, жаңа үнмен қосылған, жиырмаға тарта жыр жинақтарының авторы Бауыржан Жақып қазақ поэзиясына патриоттық рухпен, сананы сапалы өзгерістерге бөлейтін әлеуметтік адуынмен, ең бастысы, жас буынды отансүйгіштікке баулитын азаматтық әуенмен келді.
Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырған Б.Жақыптың «Білте шамның жарығы» жыр кітабы – тек әдебиетті сүйер қауымға емес, барша оқырманның көзайымына айналған сырлы, мұңды, шынайы сезімге толы өнер туындысы.
Тұжыра айтсақ, «Білте шамның жарығы» жыр жинағы Мемлекеттік сыйлық беруге әбден лайық.
Арап ЕСПЕНБЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор