«ЕРШІ МАҒАН!» ДЕП ТҰРАДЫ…
Өзінің айтуы бойынша, ол өткен ғасырдың орта шенінен өте «несібесінен құр қалатындай, жұрт қатарлы жазда емес, қақаған қаңтар айында» дүниеге келіпті. Бірақ соған қарамастан көңілі – көктем, жаны – жаз бұл сабаздың жұлқынған жиырма бестей белсенділігі мен қылшылдаған қырықтай қарекеттеріне қарап, ердің жасына келгеніне, шын айтам, күмәнданамын.
Әкеміз Шайхы Әбдісаматұлы мен анамыз Нәзипа Шарафиқызы оның есімін ырымдап данагөй де моллаға қойдырыпты. Сонда аузы дуалы пірәдар азан шақырып, атын Ермахан деп қойғанда «Ер маған!» деп ұрандатып, көш бастасын деген-ау шамасы. Демек, бұл қасқаның атының өзі «Оу, мен лидермін, еріңдер соңымнан!» деп тұр ғой.
Десе, дегендай-ақ. Ол курсымыздың топ бастар серкелерінің бірі болды. Оны студент атанбай жатып-ақ аңғарғанбыз.
1988 жылдың 3 тамызы күні талайымыз «КазГУ-дың ЖУ факультетінің» студенті атанып, аспанға атқан шәпкімізді жерге түсіре алмай жүргенде, бірқатар құрбыларымыз конкурстан мұрттай ұшып, өмірдің оты өшкендай күй кешкен еді. Бірақ студент емес, тап бірден профессор атанғандай аптығын баса алмай аласұрған біз сияқты он жеті жасар сумұрындар өзгенің мұңын қайдан ұқсын?
Оқуға түсудің әлегімен жығылып-сүрінген сол бір шақта деймін, біздей сұрықсыз соққандардан сәл оқшаулау сәнді киінген, қылқына таққан қылдай галстөктері, қолтықтарында сүйкімді пәпкелері, езулерінде бұрқыраған сигареттері бар, шырт түкіріскен сылқым серілер тобы тұратын. Бұлар – әскери борыштарын өтеп, біраз ыстық-суықты көріп үлгерген қулар. Араларында алты Алашты аузына қаратып, тыныш тұрмай үнемі тыпыршып тұратын көсем – Ермахан. Өзінің табандылығын қараңыз, бірнеше жыл бойы Алматы мен Түркістанның арасын жол қылып, басқа оқу құрып қалғандай, тап осы журфактің босағасынан сығалауды қоймаған.
Жылыстай жақындап, қалқиған құлақтарымызды олардың ауыздарына тосамыз. Сондағы жиырманың бақандай екісін алқымдаған түбіт мұртты Ермахан мен Ғұбайдуллин Бауыржан, Әлімқұлов Бақытжан мен Атабеков Мұхтарлар миларында емтихан мен балмұздақтан өзге дым да жоқ біздей салпаңқұлақ сарыауыздардың көздеріне «өмір көрген» абыз ақсақалдардай болып көрінетін.
Абыз болмай қане? Әлемнің әйгілі классиктерін түре талдау өз алдына, біз иісін де сезбейтін саясат пен сыра, қоғам мен қыз-қырқын тақырыптарын сапыра соғып, аттарын кітап, газет-журналдан ғана көретін марқасқалармен, қала берді, қарсы ұшырассақ естен танып құлайтын емтихан алатын профессорлармен күніге қол алысып, қатар жүргендерін жыр қылғанда аңырайған апандай аузымызға алпыс алты рет шыбын кіріп-шығатын.
Сөйтіп, студент атанғанымызды естіп, есімізден шала айрылған біздер сері серкелердің «кураторлығымен» қаланың «Қазақфильм» ауданында орналасқан бір мекемеге «жуу» тақырыбын зерттеуге аттанып кеттік. Ал Ермахан болса қабылдау комиссиясының шешімін ести сала, конкурстан «нақақ» күйген атыраулық Кенжебекті жетектеп алып, атауынан ат үркетін республикалық газеттің бас редакторына тартқан ғой. Мақсаты – арандап қалған абитуриентке араша сұрау.
Ол тұста республикалық беделді басылымның зәулім ғимаратта орналасқан редакциясының босағасынан аттаған сәттен-ақ тірсегіміз дірілдеп қоя берер еді. Мұндай әсем де еңселі кеңсе ішінде бас редакторға жолығып, одан біреу үшін сауға сұрамақ түгілі, азды-көпті танылып жүрген журналистпен кездесе қалғанның өзінде көз-құлағымыз бітеліп, дайындап алған көпірік сөздеріміз таңдайымызға тас болып жабысқан күйі ақыл-естен тап-таза айрылар едік.
Ерекең болса ондай бозөкпелікті жиып қойып, дәу бастықтың алдында талтайып тұрып, шындықтың «шекесін» шерткілеген ғой.
Әрине, мұнда жасқа тән жалынды максимализм бар демесеңіз, өзінің бойына біткен өткір өжеттігі, қайтпас қайсарлығы, даладай дархандығы, сөзге беріктігі мен досқа деген адалдығы жатыр ғой қасқаның. Әйтпесе, ЖОО-ның табалдырығын неше жыл тоздырып, табанының шеті оқуға енді ғана ілінген ол аз күн болса да бауыр басқан жарымкөңіл досына қалай ғана пана бола алар еді?..
Бірақ сол кезде басылым басшысының не айтқаны, я болмаса мәселенің қалай шешілгені дәл қазір маңызды емес. Ақиқаты сол – атыраулық жігіт кейіннен алшы түсер алтын асықтай маман атанып, қазақтың қарымды журналистерінің қатарын толықтырды.
***
Қайсыбірін айтарсың, студенттік балдәуреннің әр күні ұмытылмас хикаяларға толы. Сол күлдіргі-бүлдіргілердің көбінің дүниеге келуіне тікелей себепші болып, бел ортасында жүретін тағы да осы Ермахан. Өлләхи, өтірігі жоқ, оқу аудиториясында болсын, я асхана, я жатақханада болсын, мамыражай ортаның гүлі – сол. Ақиық ақын Мұқағалидың өлеңдерін сермейтіні бар, қыран-топалаң келемеж-қалжыңды кернейтіні бар, әйтеуір, езулері жиылмайтын жайдары жайсаң жамиғат соның маңында.
Тіпті, көңілі соқса, қара-қоңыр баритонын гитараға қосып жіберіп, барылдатып салатын санаулы әндері де бар. Әуелі, армияға аттанып бара жатып «Атамекен-айды» аңырата боздатқанда, әскерге шақырылған тақырбас бозиектер тұрмақ, командир-әкейлердің де көздері кілегейленіп, егіле еңіреген көрінеді.
Яғни Ермаханмен жүрсең – көңілді, Ермаханға ерсең – қарның тоқ. Тоқ болатының – жоқтан жұмыртқа қуырып, бардан бауырсақ пісіретін «қасиеті» бар. Тіпті, ара-тұра той-томалаққа асабалық жасап келіп, тап бір қанжығасын қандап қайтқан аңшыдай аш ішектері жабысқан жатақхананың жүгірмектерін қоржын-қоржын ас та төк ас-«сумен» жарылқап тастайтыны және бар. Сөйтіп, мейрамханада той өткізген әлдекімдердің бақыты үшін жатақханада таң атқанға дейін «шын жүректен тілек айтылатыны» өз алдына бір бөлек әңгіме. Пенденің миына кіріп-шықпайтын тапқырлығын іске қосып, ашқұрсақ қауымның қамы үшін ойлап таппайтын бәлесі болмайтын бұл сайыпқыранның. Оған, рұқсат болса, бір-екі мысал келтіре салайын.
Ол үшін, ең алдымен, кеш те болса кешірім сұрап, біздің курсымыздың қыздарының – дүниедегі ең бауырмал да аяулы жандар екендіктерін айрықша атап өткен жөн болар.
Сонымен, әлқисса.
Жазым табан астында деген. Бірде жатақханада жадыраған жаздай, қалқыған қаздай боп жүрген Мұхтар Атабектің ойда-жоқта қылтиманың қырынан құйрығы тайып кетіп, екінші қабаттан оңбай құлап мертігіп, майып бола жаздағаны бар. Жамбасы жапырылған сәтте «водички… дайте водички» деп ыңырсып, аяқ астынан өзге тілде сөйлейтін «қасиет» қонған дімкәс досының үгілген жамбасын емес, жазатайым қонған қасиетін «уайымдаған» Ерекең оны Құдай берген тіл мен жағына «сүйеп», арқалап ауруханаға жеткізеді. Жайлы палатаға жайғастырып, Атабектің немересін «өкіметтің өлтірмейтіндігіне» көзі жеткен соң бірден «бақай есепке» көшеді.
Алматыда бір тал туған-туысы жоқ Мұхтардың «мүсәпір мүшкіл халін», жетімсіреген байғұстың «әр тағамға аңсары ауып жатқандығын» қыздарға мөлиіп тұрып жеткізеді. Тіпті, көзіне мөлдіретіп жас алған болуы да әбден ықтимал. Бұған дейін өзгеше тіл сындырмаған Мұхтардың оқыстан «орысша сандырақтап» кеткенін де қауіп қылатынын жасырмаған.
Сөйтіп, «ауыр» науқасқа күн сайын тізім бойынша кезектесіп тамақ апару акциясы ұйымдастырылады.
Осылайша, айналып қана кетейін қолдары берекелі қыздардың ауруханаға жеткізген тағамдарының түр-түрі Ерекеңнің басшылығымен кешке қарай жатақханаға шеті бұзылмастан қайта оралып, аш қулардың «ар жақтарына ел қондыратын». Тіпті, көпшіліктің «өтініші» бойынша қолға стипендия тигенше, Мұхаңның бәлністе неғұрлым ұзағырақ жата тұруын да қамтамасыз етуіне тура келгені бар сабаздың.
Тағы бірде, жазғы демалыс кезінде, Ерекең біраз курстастармен бірге еңбек практикасын өткізіп Алматыда қалады.
Жатақхана жабырқау, ас жоқ, ақша жоқ, алақан жаяр адам да жоқ.
Содан тағы бір «бәле» ойлап тапқан Ермахан орнынан атып тұрады. Бұратылып жата-жата жамбастары тесілген қулардың қалталарында қалған бақыр тиындарды жинап алады. Сөйтеді де, поштаға барып, төсек-орнын өткізуді өзіне тапсырып, Таразға тайып отырған әпенді досының үйіне «Алимкулов, срочно сдайте постель. Комендант» деген жеделхатты ұрып кеп жібереді.
Ұлының мұндай «масқара» тірлігін көріп, күйіп кеткен әкесі онсыз да коменданттың қаһарынан зәресі ұшқан Бақытжанды жерден алып, жерге салып, қалтасына «постельдің» құнын төлейтін қаражат салып, дереу Алматыға аттандырады…
Әрине, бұл оқиғаның одан әрі қалай өрбігендігін қу іштеріңіз сезетін болар.
***
Студент кезден-ақ қағынып, өкіметтің тегін төлейтін стипендиясы жетпейтіндей немесе оқуды бітіргесін де істелетін жұмыс аздай, «Қазақ университеті» (кейіннен атауы «Санат» болып өзгерді) баспасында қызмет жасаған Ермахан болатын.
Еңбекпен тапқан ақшаға «дәніккендігі» шығар, тұрмысымыз тоңқайып тұрған тоқсаныншы жылдардың орта тұсында курстастардың ішінде тыңнан түрен салғандай, бизнестің бірінші болып дәмін татқан да осы Ермахан болды. Анау жатқан Ресейден, мынау жатқан Ақтөбеден Алматы мен Шымкент шаһарларына тауар тасып, біраз жігіттерді саудаға «жегіп» қойғаны бар.
Сол сауда-саттықтың қызған шағында талай ел үйлерінің төріне Ермаханның сауда үйінен сатып алған «теледидардың антеннасыз көрсетуін», «үйде тышқан, таракан атты бәтшағарлардың жойылуын», «газ бен светтің үздіксіз болуын», ең бастысы «қан қысымының қалыпты болуын қамтамасыз ететін» және т.б. толып жатқан ерекше «қасиеті бар» кілемдерді төсеу құрметіне ие болды.
Ұры-қары құтырған сол бір заманда бейқам тірлікке үйренген әрбір қазағымның үйінің есігінде сенімді күзетші болуға тиіс деп, құлып сатуды да, шеберлердің құралы – шеге десек, шегелердің шегесі – мық шеге деп, шеге сатуды да кәсіп қылды.
Бірақ сауда жасап, екі иықты «жұлып жеген» оңай ма?! Бұрын творчествомен ғана тербеліп, қаламнан ауыр зат көтеріп көрмеген есіл Ер белден кетті. Яғни жалғыз бел омыртқасын шойырып тынды.
Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң-ай,
Құла бел құлазиды сен кеткен соң-ай.
Жолыққанша аман бол, амал қанша-ай…
Шойрылып сол кеткеннен біраз жыл Алматыны құлазытып, Түркістанда тұрақтап қалған Ерекең сауда-бизнестен таппаған бақытын кейін баспа-бизнестен тапты ғой. Ол туралы әңгіме сәл төменде. Десек те, сауда-бизнес туралы сөз бола қалғанда, әлі күнге дейін Ерекеңнің екі көзі от боп жанып, сауданың пірі Имам Ағзам Әбу Ханифа туралы таңды таңға ұрып айтар әпсанасы жетіп-артылады.
Дегенмен, туған топырағына келіп тізесін құшақтап жатып алмай, қалалық «Түркістан» газетінің білдей бір бөліміне бастық боп, ол аздай, шаһарлық әкімшілікте шіртиген шенеунік болудың мектебінен өтіп, «Түркістан тынысы» телеарнасының тұп-тұңғыш директоры болып біраз жыл тәжірибе жинақтады.
Сөйтіп жүріп, жүген-тізгінді жүк көретін басына Күлайшадай кербез сұлуға өз ықтиярымен «алтын ноқта» салдырған Ерекең араға уақыт салып жастық шақтың жайдары мекені болған Алатаудың бөктеріне ұрты томпиып, қарны қомпиып қайтып оралды.
***
Алматыға оралған соң шетте жүріп тап бір көштен қалып, көжеден қағылғандай, болмаса, орталықта әжептәуір қызмет жасап жүрген құрбыларында «өші» бардай, өкшелей қуып, жанталасты. Ақыры, кенже туып кеш тұрған боз тайлақтай тайраңдай басып жүріп-ақ көшіңді басып озып, шаң қаптырып кетті.
Сөйтіп, бұрынғы Ерёма, Ермашөк, Ермоншақ, Ермонах енді Ереке, Ермахан Шайхиевич, Ермахан Шайхыұлы, Ермахан мырза болды. Атағы жер жарып, жалпақ жұртқа танылды.
Мұндай танымалдықты қалай ғана талып қалмай көтеріп жүргенін қайдам. Бұл күнде газетті ашып қалсаң – Ермахан, теледидарды басып қалсаң – Ермахан. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының белді мүшесі – Ермахан, Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықты ешкімге бермей екі мәрте жалғыз өзі иеленген де – Ермахан. Ол аз болса, атауларынан апам шатасатын қап-қап атақ-марапаттарымен қоса, жарқырата таққан жып-жылтыр орден, медаль, значоктары бар.
Қазақпыз ғой, ал, қызғанбай көр.
КазГУ-дегі өзіміз оқыған қарашаңырақ – журфактың білдей бір аға оқытушысы болып, кәп-кәдімгі Ағайлардай сансыз шәкірт өрбітті, өзінің мектебін қалыптастырды. Қазіргі таңда Ермаханға еріп көшеге шыға қалсаң, қарадан қарап сілең қатады. Өйткені, қарыс қадам сайын арсалаңдап алдыңнан шыға беретін таныс-тамырларларын айтпағанда, шәпкіңді шыр айналдыратын шәкірттерінен аяғыңды алып жүре алмайсың.
Республикалық «Дала мен Қала», «Бикеш», «50 де 50», «Айқын» басылымдарының бірінде бас редактор, бірінде бас редактордың орынбасары болғанын, болып жүріп те қаламы мен қағазын жастанып ұйықтайтынын, мен айтпасам да, өздеріңіз оқып, көріп жүрсіздер ғой.
Оның үстіне баспасөздегі «Бір түрлі беттің» бас бүлдіргісі, «№5 жатақхананың» коменданты болып қосымша табыс тауып, «Құдай жатқанға берсін деп жатырмыз» деп газеттің шетінде де апта сайын тегіннен-тегін жантайып жатқан жоқ шығар? Соған қарағанда, дәу бастыққа тиесілі нән жалақыдан бөлек, бәтшағардың алатын қаламақысы да қомақты болар.
Бірақ неге екендігін қайдам, «жалғыз әйелі, үйі, пропискасы, сиыры, иномаркасы, бір ұлы, екі қызы, тоғыз кітабы, таудай талабы, тамыр-таныстары, нағашы атасының аруағы бар» екендігін салықтық декларация толтырғандай етіп көрсеткенде, табысын үнемі бүгеді де қалады. Қу, «жоқ» деп те айтпайды. Әйтпесе, «банкте ақшасы, біреуде қарызы, арам ойы, Министрлер Кабинетінде туысқаны, тоқалы жоқ» екендігін жасырмайды.
Ілгеріде шыққан бір кітабының мұқабасына теріс қарап тұрған суретін басып, «Ысқырсаңыздар қараймын» деп бадырайтып тұрып жазып қойыпты қасқа. Әй, қайдам, дәл қазір анадай атаққа, мынадай мадаққа ие болған бұл шіркін ысқырмақ түгіл, ышқынып қышқырсаң да қарай қоймас.
***
Көпшілігіміз қалыңдығы пышақтың қырындай кітапша бастырып, тап бір «Абай жолын» қайта жазып шыққандай тоқмейілсіп жүргенде, жыпырлаған жинақтар мен топырлаған топтамаларға енгенінен бір бөлек, Ерекең мұртынан күліп жүріп біраз дүниені бұрқыратып тастапты. Атауларының өзі алабөтен кітаптарының ішіне көпіртіп не жазғанын өздеріңіз оқып аларсыздар.
Бірақ жоғарыда айтқанымдай, «Ерші маған» дегеніне соңынан ергенде жасаған Ерекеңнің «ерліктерін», «Ауыз тие отырыңыз» дегендерінің барлығын «жүз грамын» қалдырмай ала… тізе берсек, «Мынауың жынды екен» ғой деп ойлап қаларсыздар.
Әйтпесе, әйгілі ұстазымыз Темірбек Қожакеевтен дәріс алып, «Қазіргі қазақ сатирасына» ден қойып, «Бір түрлі кітапты» шимайлаған Ерекеңнің «Жатыпатар» тірліктерімен қоса, ардақты жандардың аяулы жарларын «Аққудың сыңары» етіп тебірентіп, бөбектерді «Шылдыр шүмекпен» тербетіп, «Ағынан жарылсақ…» деп бір көсіліп, Әлімқұлов Бақытжанымен қосылып алып «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл…» деп Абайша сеп-серьёзно толғанғаны бар.1
Толғанысымен қоса, құдды бір кәдімгі көшеде жүріп-ақ тірлігін тындырып бара жататын бетон араластырғыш мәшине құсап, жатары мен атарын қазандай басының ішінде қақсата қайнатып, үнемі «толғатып» жүретіні тағы бар.
Ал енді бөксесі берекелі бәйбішенің балаларындай бірінен кейін бірі дүниеге келіп жатқан және келейін деп жатқан қыруар кітапты шығару үшін қайтпек керек? Осындай орасан ой маза бермеген Ерекең ақыры, ешкімге жалынбай-ақ, өзінің де, өзгенің де кітаптарын тасқа басуды қатыратын, атауы Алланың көркем есімдерінің бірінен басталып, сапалы өнім шығаруға намёк беретін «Аннұр сапа» баспасын ашып тынды.
Университет қабырғасынан түлегеніміздің 20 жылдығына орайластырылған басқосуға курсымыздың қолақпандай «Қолтаңба» атты жинағын шығарып, «Аннұр сапаның» алғашқы жемісін жеген де біз болдық.
Басқосу демекші, айтуға оңай болғанымен, бұл енді – Ерекеңнің таза «ерлігі» болатын.
Әйтпесе, осыдан тап үш жыл бұрын сол бір атышулы «ғасыр оқиғасының» тізгінін ұстаймын деп «басына бәле тілеп алғаны» анық. Қырға қашқанын құйрықтан, сайға тығылғанын құлақтан тартып жүріп,
20 жылдың ішінде бас-басына бір-бір «би» болып үлгерген кілең «мүйізді мықтылардың» бастарын бір бөшкеге біріктірмекке арқа еті арша, борбай еті борша болды батырдың. Шақшаға айналған шара-басында қалған соңғы қара қылшықтар да сонда ағарды білем.
Дегенмен, айтып-айтпай не керек, есіл еңбек еш кетпей, асқаралы Алатаудың етегінде мәні мен сәні жараса дүркіреген той өтті. Тағылымды тарихта алтын өрнегі қалған осынау жүздесуден жазылған жүректі елжіретер естеліктердің барлығы сол дүбірлі доданы «Ер маған!» деп, атой салып басқарған Ермаханнан басталатыны да сондықтан.
***
Ермаханның әзілдерін тек Ермаханша айта білу – шарт. Айта алмасаң, қоя ғой. Әйтпесе, қарадан қарап ұрынып қалуың ғажап емес. Ақылсығаннан емес, аузым күйген соң айтамын да…
Дастарқан басында отырған құрметті қонағының тәрелкесіне табақтан ас салып беріп жатқанда «Өзім салып аламын ғой» деп мүләйімси қалатын мейманға оның «Өзіңіз көп салып аласыз» деп әдемі әзілдеп, әсерлі жымиятыны бар-ды.
Абыройсыздық деген аяқ астында ғой. Өз басым осы қалжыңды тап бір жанымнан шығарғандай етіп айта қоямын деп, төріме қонжиған юмордан жұрдай бір мықтыны мөңкітіп алып, жымимақ түгілі, «күлкімді тия алмай қалғаным» бар.
Бұдан кейін батылыңыз жетсе, Ермаханша мүлде бейтаныс та байсалды адаммен кездесіп тұрып, «Здравствуйте пожалуйста!» деп, амандасып көріңіз немесе оған «Их хабе хойте лёйте Чингисхан» деп «ән» салып беріңіз. Сонда әлгі мықтының «банка» боп кеткен көздерінен «кеңкелес кейіпкер» туралы, яғни сіз туралы заматта «не» ойлап үлгергендігін аңғарасыз. Тыржиып теріс айналып кетсе – терлемеңіз.
Сондықтан да сарказм атаулыдан саспайтын Ермахандай сабаздың қайсыбір әзілі о бастан-ақ өзіне ғана жарасатындай етіп «патенттеліп» қойылған ба дерсің.
Ол ол ма, тегінде сатириктің отбасы да сатирик болып кете ме деймін. Осыдан он жылдай бұрын отбасымызбен театрға барып, орнымызға жайғасып жатқанымызда, Ермахан студент шәкірттерін кездестіріп, жамырай жайнаған бір топ қыздың ортасында қауқылдасып қалып қойғаны бар. Сөйтсе, әкесінің жанынан ысқыра ыңылдап ары да, бері де өтіп, назарын аударта алмаған Мағауия бір кезде келіп, шешесін түртіп: «Өй-дөйт, шалыңыздың көздері ойнап тұр. Байқаңыз, айрылып қалмаңыз», – дейді қутың қағып.
Әйтпесе, «Біздің Ермахан кейде – Имам, кейде – Иван» деп, күліп қоятын Күлайша апайдың нені тұспалдайтынын қайдам, Марал мен Мағауияның айтқандары өз алдына, менің кішкентай Күнтимесім – Нәзіктің өткір тілі, тіл-көзім – тасқа, тиген жерін тұп-тура тіліп түседі.
Олай болатын жөні де бар. Әйтпесе, мұқият іздесек, «Сатириктен сатирик туса игі, сатирик-әкенің жолын қуса игі» деген нақыл сөз ата-бабаларымыздың архивінен шығып қалуы әбден мүмкін.
***
Жә, есіл ердің «ерлікке» толы әр кезеңін бір шалып, «Бәрін айт та бірін айт, енді оған тілек айт» деген тұсқа да келген сияқтымын. Ендеше былай:
«Ер маған!» деп екпіндей шауып, «елуінші атқа» ер салған Ермахан досымды мерейлі жасқа келген мерейтойымен емен-жарқын араласып, біте қайнасқан, өзге ортаға шақырмаса бармайтын, тек Гүлайша апайдың маржандай майпалауын шақырусыз-ақ барып «жалмайтын» отбасымның әрбір мүшесі атынан жеке-жеке шын жүректен құттықтай отырып, оған Алла Тағаламның сүйген құлына сыйға тартатын бар асылын тіледім.
Мерейің әрдайым үстем болып, ынтымақ-берекесі ұйыған, адалдықты арда тұтқан, иманы берік, жүзі игі отбасыңды Алла тіл-көзден сақтап, өздеріңнің аппақ ниет, кең пейілдеріңе сай ырыс-игілікті молынан берсін!
Серікқали МҰҚАШЕВ.
Астана.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.