НАШАР КӨРЕТІН АДАМДАРҒА КӨМЕК

Таяуда «Назарбаев зияткерлік мектебінің» робот техникасын жасаумен айналысатын физика-математикалық бағыт бойынша білім алатын Виктор Хегай есімді оқушысы көзі нашар көретін адамдар үшін көмекші робот құрастырды.
Ол мұны көзі нашар көретін адамдарға көмек ретінде жасағанын айтады. «Басында жетелеуші ит түрінде көмекші робот жасаған дұрыс па деп ойладым. Кейін Интернетте адамдардың жазған пікірінен кейін ондай өнертабыстың кемшіліктері болатынын ұқтым. Ит төмпешіктен өте алады, ал адамдар сүрініп кетуі мүмкін. Таяқ та сенімсіз. Ол аяқтың астында бірдеңе барын білуге көмектеседі, бірақ баспен құлап кету қаупі бар. Сондықтан бір блоктан, екі сенсордан тұратын шағын, мобильді аппарат жасауды шештім. Блокты белге байлап қоюға болады. Бір сенсорды аяққа немесе таяққа, басқасын – бас киімге, көзілдірікке, қолғапқа бекітуге болады. Ол кедергіге кездескенде ультра дыбыс шығарады, қысқа уақытқа кері қайтып, дыбыстық ескерту белгісін береді. Сенсор дыбыстары әр түрлі. Робот дайын болған кезде біз оны интернатқа балаларға байқап көруге бердік. Олар өте жоғары бағалады. Жақсарту жағынан өз ұсыныстарын білдірді, олар роботтың сәл кішірек болғанын қалайды», – дейді.