Байыпты болмысы байсалды ой баптаған осы кісімен әңгіме-дүкен құрған сайын көңіл шіркін көкмайсадай құлпырып, күн көзіне қақталған жиде ағашынан жасалған домбырадай күмбірлеймін. Кеудемде бұлдыр-бұлдыр күндердің көне күңгірі мен көктемгі балбұлақтардың сезіксіз сылдыры сарындасып, қайғыдан соңғы қуаныштай мөлдіреймін. Абыз Абайдан қалған «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» тіл ұшына орала береді. Мұның өзі заңды құбылыс сияқты, «ерінбеген – етікші, жалықпаған – жазушы» атанған, әдебиетті сауда-саттық ығыстырған заманда. Мұндайда соңындағыларға сөз қалдыру абыройлы іс екенін зерделейсің де, жазушының «ішкі тозағына» үңіліп, болысқың келеді.
– Әдіһам Шілтерханов шығармаларының көбі өліммен аяқталатыны несі? – деді бірде белгілі қаламгер. Жауабым дайын-тын. «Тіршілігіміз тығырыққа тірелген тұста өмір кештік. «Алтын заңның» буына мастанғандар жазықсыздарды жазылмаған заңдармен жазалады. Қоршаған ортаға, адамдарға деген немкеттілік пен тоғышарлық үнемі ажал шақырып, соңы рухтық және биологиялық өліммен, әлеуметтік жағдайдың, қоғамдық құрылымның күйреуімен аяқталды. Күлеріңді де, жыларыңды да білмейсің». Есіттіріп айтпадым. Өзі де санасына салмақ сала түссін деген ниетпен:
– Әдекеңнің көркем туындылары – кертаныстар үстемдігі үсікке ұрындырған, кесапаттық кеулей кернеген тарихи кезеңіміздің қоспасыз, қамсаусыз көріністері, дағдарысты даусы. Қай қаламгер де ең алдымен өз ұлтының ар-ожданына, намысына, дүниетанымына, дәстүріне, тарихына сүйенгені жөн шығар, – дедім.
Содан бері сол әріптесім Қазан төңкерісшілерінің қызыл қырғынын, отызыншы жылдары қолдан қазансыздандырылған ашаршылықты, қалқозшылардың азабы тозаққа құлатқан ақысыз-пұлсыз бейнетін, Екінші дүниежүзілік соғыстың зарландырған зардабын, Семей атом сынағы алаңына қосарласа даламыздың әр түкпірінде саңырауқұлақтай қаптап, жоқтауымызды көбейткен жосықсыз жойқын жарылыстарды, Желтоқсан оқиғасын аталмыш жазушы шығармаларының сүзгісінен өткізіп көрді ме екен? Өйтпеді ғой деймін. Жиі кездесеміз, «Осы халық біреуге керек пе еді өзі?» – дейтін кезі әлдеқашан өтіп кетті.
Жоғарыда санамаланған жәйттің бәрі де Әдіһам ағаның жүрегін аяусыз жаншып, жазушылық стилі мен шығармашылығының мәніне айналды. Ол – үміті алданған ұрпақтың өкілі. «Үміт теориясы» жетегіндегілердің мүддесін ылғи қорғаштайтыны, шүлен шуақ үлестіргісі келетіні сондықтан. Бір қызығы, сонысының өзін тұрмысқа шыққысы келетін қыздай қысыла-қысыла, шым-шымдап, сенімін сетінетпей, сыпайы жеткізеді. Оқырманға да, әдеби қағидаларға да оңтайланбай, жеке жан рахаты үшін жазатын тәрізді. Тәсілінің мұндай қарапайымдылығы кейіпкерлердің моральдік бейнесін әсіреқызылсыз әрқалайландыруына мүмкіндік берген. Мұнан түйсінгеніміз – қаламгер ең алдымен арманының алдындағы қарызын мінсіз өтеуі, өзі жазғалы отырған ақ қағаздай таза болуы, жазушылық шеберлікті мейлінше желеусіз жетілдіруі тиіс, оқырман алдындағы парыз дегеніңіз содан кейінгі кезектегі жауапты мәселе.
Соңғы нүктесі 1985 жылы қойылған «Ақжалдың ақырында» тағдырын таза тілегімен тәрбиелеп жүрген Әміртайдың өлімі рухтың жеңілуі ме, жеңісі ме? Жазушы оған хикаятта жекелік сипат бергенімен, астарына қоғамдық мән дарытқан. Табиғаттың өзі сомдаған кілтіңсіз кейіпкері басқаша әрекетке баруы да мүмкін емес-тін. Өйткені, қос мәнділіктің екіұштылықпен шектелмейтінін, жарымжандыққа ұшырататынын, кім-кімнің де рух мешеулігі, ми митыңдығы бүкіл ұлттың болмысын бодандықтың бұғауына байлап беруге бейімдігін түйсінді ол. Жерден бауырын көтермейтін, ар-намысын табанға таптататын тәпелтек тірліксымақтан жиренді, кірпияз кеудесін ешкімге бастырғысы келмеді. Әлдекімше қоянкөздене жыпылықтамады, Құдайдың құзыретіндегі іске араласқан Қаражалдың қараулығымен сойылған желаяқ жылқысының шылбырына аялсыз асылуға созған қолы қалтырамады. Қорқынышы көзінде де, қолында да болмағаны. Жайраңдасатын жүздесулерді аңсаған адами аңсарын, жәдігөйсіз ниетін талқандаған тас қараңғы тас боран ыза, ақылдың билігіне бағынбайтын жанартаудай ыстық алапат жүрегінің тылсым тереңінен тулай көтеріліп, тәубесін теуіп түсіріп, туажат тәуекелге бел буғызды. Өкінішті ме? Әрине! Меніңше, қорқыныш – әлсіздік емес, туабітті болмысыңның биіктегі бөлігін тұқыртатын тобақазық күш. Оған қарсыласу әркімнің өмірлік принципіне, жаратылыс мүмкіндігіне, психикалық ерекшеліктері мен мінез-құлқына байланысты. Оқыс қылығы үшін Әміртайды оқырманның күнәға жықпайтыны сондықтан. Қорқыныш та кейде ерлік сияқты ұлы ұғым. Атам қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» – деп тегіннен-тегін шегелемепті.
Ә.Шілтерханов шығармаларындағы көркемдік талғамның түпкіліктілігі кейіпкерлер бойындағы қарапайым құнар мен мәймөңкесіз майсаң маңыздың қордалылығында. Олардың өзара тілдесуінен үнемі қазақы қызу аңғарылады. Диалогтарындағы селкеусіздік желғабызсыз сюжетті үнемі жуас жетелеп, даңғазасыз дамытып отырады. Бір ғана мысал келтірейік. Алматыдан арыз тексере келіп, қорғансыз кейуанаға әлімжеттік жасаған Қаражал қарта ойынында қалтасын қақтырып, «Қуаныштан біраз қарыз ақша сұрады. Бәкірдің шәй, тамақ қамымен кіріп-шығып жүрген әйелі мейманының қабағы түсіңкілігін, өңі бозарып, әбіржігенін бірден байқады. Несіпбектің картаны мықты ойнайтынын да жақсы білетін. Қонағына жаны ашып:
– Астаналық қайным-ау, немене, әбіржіп кеткен сияқтысыз? Ауқаттан жақсылап алып, өз үйіңіздегідей еркін отырыңыз, – деді. Манадан ызалы Қаражал ішкі ызасын бүге алмады:
– Әбіржімей қайтейін, жеңеше, ит пен құсқа ұтқызудамын. «Мынау не дейді?» дегендей, Несіпбек құрдасына қарап еді, ол да іркілмей, Бәкірдің әйеліне сөз ұзатты:
– Сен мені кінәлама. Ойында әр нәрсе бола береді. Мейман шынын айтты. Бірақ жөнін түсініп кет. Құсы әсте мен шығармын. Итін өзі тауып алар.
Ауылдық жердің адамдарынан жағымпазданудан, бәйпектеуден өзге мінез күтпеген Қаражалға Несіпбек оспағы шапалақпен тартып жібергендей әсер етті. Ақшаның ашындысымен өзінің де артықтау кеткенін кештеу сезіп қалды».
Бұл – мақтамен бауыздау. Түйсікшіл кісі осы үзіндіден-ақ жазушы стилінің сығымдалу қуатына, жинақылығына, көргенсіздің көзіне де қамшының ұшын тікелей тигізбейтін сыпайылығына, әуейіліктің әупірім халін әшкерелеудегі, табанасты тапқырлықты әспеттеудегі, образ сомдаудағы шеберлігіне көз жеткізер еді. Мұнан әрі созбалауымыздың реті жоқ шығар. Өйткені, қаламгер қаузаған сюжетті біз де қайталасақ – келешек оқырмандарды қынадай қырғанымыз.
Жауыздың жан-дүниесін жүрегі мейірімді жазушы ғана жаза алады. «Зауал» – әлеуметтік көңіл-күйге, халықтық мінезге бай, бірнеше шағын әңгімені өзектестірген, жарамсақтықты, жауыздықты жайрату арқылы ар-ұятты, адамгершілікті кие тұтуға үндейтін шығарма. Құм дауылында адасқан, тіршілікке ынтызарлық пен дүлей үрейдің аласапыран арпалысында бағыт-бағдарсыз қалған бейбақтар бәрібір өлуге тиісті-тін. Неге десеңіз – дәуірі өтіп бара жатты. Сыбағаларына тиген тарихи кезең аяқталды. Қалқоздастыру майданында жаппай жеңіске жете бастаған партиялық бюрократияға енді олардың көк тиындық құны жоқтығын ойлы оқырман бағамды бажайлайды. Әйтсе де, туындының тылсымды тұспалы бұдан тереңіректе. Шынтуайтында «Зауал» талма тұста тамтығы қалмауға айналған талықсыздардың тауқыметі ғана емес, тарихтың тар өткелімен уақыттың ызғарлы өкпегі өршелене, дігірлей дірдектеткендердің бойында кісілік пен кесірліктің, әр адамның ішкі әлемінде қосарласатын Ақ пен Қараның айла-шарғылы, азапты арбасуы. Өмір соның біреуіне де жылы шырай танытпай, кемелді кемеңгерлікке де пысқырмай, мұз бен шоқты шарпыстыра өз заңымен зулай беріпті. Қаламгер сол заманның колоритін келте кескіндемелермен: «Кезбен, сен әсте қарғыстан өлмессің, өлетін болсаң – ендігі жүз өлетін мезгілің болды, бірақ көктемейтін де шығарсың»,– деген кейісті кекеумен дәл де нақты жеткізген. Бұл хикаятты адам өмірінің мәні мен қоғамдық сананың соқыр да саңырау сынақтан сығымдалып өтуі туралы жыр десе де, ұрқылық жад (генная память) жөніндегі толғау десе де жарасқандай. Тақырыпты толық игеруге Кезбен образы ырғалыс-жырғалыссыз қызмет етіп тұр. «Жаңа өмір» орнатушылар үшін Кезбендей тасжүректердің тас керең ақымақтығы қажет еді.
Әдіһам Шілтерханов оқиғаның шынайы, тұрмыстық дамуын аса нәзік сезініп, пайымды паралелльдер түзеді. Соның ең әсерлісі Бетпақдаладағы Кезбеннің, Сібірдегі Косойдың өліміне байланысты жерлеу рәсімдері. Оны оқырманның өзі зерделегенін жөн санап, кейіпкер Досан қарттың: «Біреу – еру, біреу – көш, біреу – ерте, біреу – кеш, мына жарық дүниеде мәңгілік кім қалар дейсің?! Адам құсап өлу де үлкен абырой екен ғой. Е, айналайын Жасаған, қиялдайтындай өмір бер, ұялмайтындай өлім бер» – дегенін қайталайық.
Әдебиетті шаршататын нәрсе – тіл жұтаңдығынан, өнерсіз өлермендіктен ада Ә.Шілтерханов шығармаларындағы қарапайым адамдарда нақты өмірге өзек жалғастырған елеусіз ерлік, қоғамнан тыс тұрғандарында утопиялық коммунизм бар. Қатардағы кейіпкерлер кемшіліктеріміздің бүркемелемеуге, жауырды жаба тоқымауға, қасиетімізді қорғауға шақырады.
Қоғамның мінез-құлқындағы асылықтарды, мемлекеттік құрылыстағы ақауларды ауытқусыз көрсету үрдісі қазақ әдебиетінде менің пайымдауымша Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» романы нобайынан басталып, Әдіһам Шілтерханов, Тынымбай Нұрмағамбетов туындыларында жалғасты. Бұған да шүкіршілік, тал жалғыз бүршіктен өсіп, адам денесіндегі жалқы жасушада ағзаның бүкіл ұрқылық (генетикалық) ақпараттары жинақталады емес пе?! Біз бұрынғы қорқыныштарымыз үшін ұялатын шаққа жетіп, Бұқар жырауша, Махамбет Өтемісұлынша ақиқатты айтуды енді үйреніп келеміз. Ал талайды табындырған Дюма өзі өмір сүрген уақытын елемеуге тырысқан ғой. Мүлт кеткен тұсы да сол. Өйткені, табиғат, оның ішінде өнер табиғаты бос кеңістікті кешірмейді.
2000-2001 жылы «Ордабасы» баспасы Әдіһам Шілтерханов шығармаларының қос томдығын 1000 данамен шығарды. Сексеннің сеңгіріндегі қаламгер сонысын мейілінше тегін таратты, қалғандары үйінде жинаулы.
– Жұрттың қолы жетпейтін нәрсеге несін қаржы шығындадыңыз? – деймін.
– Қайта менің жағдайым тәуір ғой. Мынаны көрмейсің бе? – дейді Әдекең. Оқыдым: «Сіздің фирманың баспагерім ретінде қалу ниеті маған өте өтімді, бұрынғы шарттарыңызда ұсынылғанындай: барлық таза табыс сізде қалып, достарыма таратуға маған жиырма дана кітап тисе – қуаныштымын». Жазушы Эдгар Аллан По 1841 жылдың 13 тамызында «Ли және Бланчарт» баспасына осындай хат жолдапты. 1946 жылы Е.Г.Дайкин мырзадан ертегілерінің кезекті томы қаламақысына небәрі 50 доллар өтініпті. Ал «Темірлан және басқа өлеңдер» жинағының сақтаулы үш данасының біреуі 1900 жылдың күзінде 2050 долларға сатылыпты. Мұның өзі жазушының бүкіл кітабына, газет-журналдарда жарияланған шығармаларына төленген қаламақыдан әлдеқайда көп екен.
Сіздің еңбегіңізге де оқырманның сол ықыласы бұйырсын, Әдеке!