Алашқа қамқор болған «АТЫМТАЙ ЖОМАРТ»…
23.03.2023
663
0

Бір өкініштісі, бүгінгі қазақ баласы Әлиханды, Ахметті, Мұстафа мен Міржақыпты жақсы танығанымен, Қаражан Үкібаевтың, Медеу Оразбаевтың, Хасен Ақаевтың, ағайынды Бекметовтердің, Ыбырай Ақбаевтың, Маман байдың, Иса Көпжасаровтың, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың және Тобанияз Әлниязовтардың кім екенін біле бермейді. Расында олар кімдер? Олар, яғни қазақ байлары – ең бірінші көзі ашық, көкірегі ояу, жомарттық иелері. Ал ол жомарттық терең сана мен ұлтқа деген сүйіспеншілікпен, асқан парасаттылықпен астасып жатты.

Мәселен, Жаһанша (Жанша) Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген. Сондай-ақ 1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда Қаражан Үкібаев оны шығарып алу үшін кепілдікке 2500 рубль төлепті. Ал Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль берген. Әлихан Бөкейханов 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда тобықты Оразбайдың баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз бен бір бағлан сойып апа­рып, мәжіліс құрып отырған екен. Алаш байлары қамқорлығының тағы бір биік белесі – қазақ баспасөзінің өркендеуіне, ұлт мәдениетінің дамуына қаржылық қолдау жасауы. 1913-1918 жылдар аралығында 265 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына және ел ішіне таралуына ықпал еткен ауқатты қазақтар. Мәселен, осы газеттің 1915 жылғы санында «Ауқатты Алаш азаматтарына» атты мақала жарық көруі мұң екен, Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балалары белсене жәрдем беруге көшкен. Мұндай мысалдар өте көп, сондықтан біз бүгін Алашқа қамқор болған қадірлі де қасиетті қазақ байларына кеңірек тоқталуды жөн көрдік.

ҚАРАЖАН ҮКІБАЕВ
(1851-1934)

Семейдің атақты байларының бірі. Руы – Тобықты. Мәскеуден Бірінші гильдиялы көпес атағын алып келген Алаш азаматы Қазан төңкерісіне дейін қалтасы аса қалың, мыңды айдаған миллионер болған. Қаражан байға қатысты мәліметтерді зерттеп, деректерге жүгінсек, байдың бір басына 11 мың жылқы біткен екен. Мұндағы басты назарда ұстау керектігі – осыншама байлықты Қаражан байдың қара бастың қамына емес, ұлтқа пайдасын келтірер ұлағатты істерге жұмсағаны.
Алашорда үкіметінің астанасына лайық деп танылған Алаш қаласының қақ ортасынан Қаражан Үкібаев салдырған кең және сәулетті үйде әуелі Алаш азаматтары жатып оқыған. Алаш қозғалыс ретінде құрылған кезде, ол үйдің бірнеше бөлмесі кеңсеге берілсе, кейін бұл екі тәжілі үйі жетім балалар үйіне айналыпты.
Қаражан Үкібаевтың «Абай» журналын шығаруға атсалысуы, ең алдымен, 11 мың сомға «Ярдам» баспаханасын сатып алудан басталады. Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаушы, Мәскеуден алған бірінші гильдиялы көпес құжаты бар аса бай миллионер мен әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов заманында тығыз араласып тұрған. Сол таныстықтың пайдасы ұлы жазушы 1918 жылы «Абай» журналын шығаруға Қаражаннан қаржы сұрай барғанда, алпауыт бай қыңқ деместен, қолынан келгенше бар жағдайды жасаған екен. Үкібаевтың баласы Бекетқазы Қаражанұлының айтуы бойынша, Әуезовтің көпеске «Мына Жүсіпбекке маған сенгендей сеніңіз. Ол – талай сыннан сүрінбей өткен азамат. Өз замандастары алдында өте беделді» деп айтқан сөздерінен кейін Қаражан көпестің «Абай» журналына қаржы беретіндігі келісілген.
Сондай-ақ 1906 жылы Қаражан Үкібаев Семейге тұңғыш рет 100 нөмірлі телефон станциясын өз қаражатына сатып алып орнатыпты. Солайша, алыс жатқан Зайсан уезіне дейін бағаналар тартқызып, байланысты жеңілдеткен. Аталған телефон станциясын қазақ көпесі Американың дарынды инженері, телефонды ойлап тапқан Александр Бэллден кабелімен, телефон аппараттарымен бірге алған болатын. Бұл – бір.
Екіншіден, елімізде өндіріс ісін де алғашқы өрістеткендердің бірі осы – Қаражан бай болса керек. Қант қызылшасын өңдейтін зауыт пен бір өзіне 27 өзен мен бұлақ келіп құятын – Марқакөлден тек жалғыз ғана ағып шығатын Қалжыр секілді арынды тау өзенінде ГЭС салу идеясы да осы – Қаражан байдан шыққан екен. Бұл шамамен 1909 жылдар болса керек.
Үшіншіден, Қаражан терең-терең шатқалдардың бір жағынан екінші жағына тездетіп шығу үшін мөлшері 200 метр биіктікте темір тростан аспалы көпір салғызады. Сол көпірдің жұрнағы әлі де бар.

Әміреге қолдау көрсеткен

Қазақ байлары ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында Ресей мен Татарстан жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарына демеушілік жасап, шәкіртақы тағайындап отырған. Солардың ішінде Қаражан Үкібаевтың қосқан үлесі қомақты. Қаражан Үкібаев есімі алаштың атын айдай әлемге танытқан аса дарынды әнші Әміре Қашаубаев жайлы еңбектерде де кездеседі. Мәселен, бір деректерде «Семейдегі Абыралы болысы, Дегелең деген жердің тумасы Әміре он жас шамасында күнкөріс үшін ата-анасымен Семейге көшіп келеді. Қалада бірінші гильдиялы көпес Қаражан Үкібайдың қасабын басқаратын адам кішкентай Әмірені әкесінен күзетшілікке сұратады» деген жолдар бар. Яғни, Әміренің әрі қарай көтеріліп, әуелеген әнімен Париж халқын дүр сілкіндіріп, қазақ деген халықты әлемге танытуына қолдау көрсеткен Қаражан Үкібаев деуге негіз бар.

 

Міржақыпты абақтыдан босатқан

Алашорданың орталығы болып саналған Семей қаласы мен оның өңірлеріндегі қазақ байлары Алаш қозғалысына 1905 жылдан бастап қолдау көрсеткен. Мәселен, 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған Қарқаралы петициясын қостаушылардың ішінде ауқатты адамдар көп болған. Мәселен, «Дело об агитации среди киргиз Каркаралинского и Павлодарского уездов о посылке в Петербург для представления от Киргизского народа петиции царю» деп аталатын құжатқа 42 адам қол қойған. Аталмыш науқанды іске асыру барысында петицияны ұйымдастырушылар қырдағы халыққа беделді, сөзі жүретін ел ағаларына, байларға сенім артты. Осы саяси науқан Алаш қайраткерлері мен ұлттық буржуазия өкілдерінің тізе қосып қимылдаған алғашқы қадамы болғаны анық. Жоғарыда аталған саяси оқиғалар Алаш қайраткерлерін ұлт мүддесі жолында қызмет етуге, туған халқының құқығын қорғауға жұмылдырды. Осы әрекеттері үшін жергілікті әкімшілік тарапынан қуғынға түсіп, түрмеге қамалды. Сол қиын сәтте алаштықтарға көмек қолын созып, демеу болған тағы да сол қазақ байлары еді. Оған төмендегі деректер айқын дәлел бола алады. 1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда сол жылдың 17 маусымында Қаражан Үкібаев кепілдікке шығаруға 2500 рубль төлепті.
Сөйткен Қаражан Үкібаев 1927 жылы Алаш тілегінде болған бір топ байлармен бірге Рубцовскіге жер аударылады. Бірақ көп ұзамай елге оралып, Совет үкіметіне қарсы күрес жүргізе бастайды. 1930 жылы Шыңғыстау көтерілісіне қатысы бар деген себеппен Қаражан Үкібаев бастаған бес адам, яғни Жұмжұма Аймағанбетов, Рүстем Абылғазин, ағайынды Бұтабай және Несіпхан Ағыбаевтар ұсталады. Олар ОГПУ-дің шешімімен РСФСР Қылмыстық істерінің 58 және 59-баптары бойынша айыпталып, өлім жазасына кесіледі. 1928 жылы Үкібаевтар әулетін Жетісу жаққа, кейін қырғыздың Бішкек қаласына жер аударады. Петербургтің финанс институтын бітірген Тоқташ (Тоқтарғазы) Фрунзе финанс техникумының директоры болып, Үкібаевтар отбасын аман алып қалады. Ұрпақтары қазір Қырғызстанда тұрады.

МАМАН ҚҰТ
(1810 – 1901 ж.ж)

Тек малға бай болып қана қоймай, еліне өркениет әкелген ізгі жандардың бірі – жинаған мал-мүлкімен ұлтының даму жолына қызмет еткен Жетісудағы Маман Қалқабайұлының зәузаты. «Мамания» мектебін ашқан, Алаш әскеріне ат берген, ұлт әдебиетінің дамуына серпін беріп, баспасөзге дем берген бұл әулеттің қазақ үшін жасаған әр ісін бүгінгі ұрпақ білуге тиіс.

«Мамания» мектебі

Қазақ даласында тұңғыш мектепті Жәңгір хан ашқан екен. Ол 1841 жылы болатын. Содан соң 1864 жылы 8 қаңтарда Ыбырай Алтынсарин Торғай даласында мектеп ашты. Ал атақты Маман қажы іргетасын қалаған Жетісудағы «Мамания» мектебі 1899 жылы салынды. Үш кластық мектепте шәкірттер ескі ежіктеп оқу әдісімен дін-шариғат, әптиек сүрелерін оқып үйренеді. Алғашында екі татар молдасы ұстаздық еткен мектеп бірте-бірте керегесін кеңейтеді. 1905 жылы Маманның баласы Арасан болысының биі Сейітбаттал қажы мектепті үлкейтеді. Ол кеңейе келе 8 сыныптыққа айналады. Жалпы, мектепті Маманның Тұрысбек, Сейітбаттал,Есенқұл деген балалары және Тәңірберген, Құдайберген деген немерелері 25 жыл бойы өз қаржыларымен ұстаған. Балаларға білім тегін беріліп қана қоймай, сондай-ақ олардың киімі мен ішіп-жемі түгел мектеп қаражатынан болды. Мұнда 60 балаға арналған интернат, қыздардың тігін шеберханасы, монша болған. Мектепте математика, физика, география, орыс тілі, араб тілі пәндері оқытылған. Құран сабақтары берілген. Және бір қызығы, Маман балалары мұғалімдерге жалақыны өз қалталарынан төлеп, оларға тіпті үй салып та берген. Жақсы оқыған шәкірттерді алыстағы Петербор, Орынбор, Уфа қалаларында стипендияларын беріп, оқытып шығарған. «Мамания» мектебі шәкірттерінің ішінде қазақтың атақты ақыны – Ілияс Жансүгіров, алғашқы қазақ инженері, белгілі тарихшы – Мұхаметжан Тынышбаев, көрнекті ағартушы – Біләл Сүлеев, алғаш «Алаш» партиясының бағдарламасы мен жарғысын жазған Барлыбек Сырттановтар болды.

Қазақтың тұңғыш «Нобель» сыйлығы

1915 жылғы «Айқап» журналының №7-8 санында: «…Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Альфред Нобель жолымен Есенқұл бай Маманов жүріп отыр. Роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр, жазылған романдарды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ, оның салған жолымен жүрмек — қазақтың басқа байларының міндеті» деген мақала бар. Жүлде қоры негізінен 2000 сом болған. Ол қазіргі ақша жүйесімен есептегенде 33 миллион теңгенің шамасында екен. Міне, осындай әдебиетке, ұлтқа деген жанашыр істің иесі Есенқұлдың өзі – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында болған саяси-әлеуметтік қозғалыстардың бел ортасында жүрген қазақтың оқыған азаматы еді. Ол Әлихан Бөкейханұлы, Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы тәрізді қазақтың көшін алға сүйреген ұлт қайраткерлерімен қоян-қолтық араласып, қазақтың болашағына алаңдап отырған, Алаш қайраткерлерін қай жағынан болса да қолдап отырған.

«Қазақ» газетін қорғаған…

1916 жылы қаржылық қиындықтарға ұшыраған «Қазақ» газетін тағы да Маман ұрпағы қорғайды. 1916 жылғы 31 наурыздағы газет мақаласында газетке демеушілік жасаған – Тәңірберген қажы Тұрысбеков 429 сом, Есенқұл қажы 100 сом, Ғайнижамал Есенқұл қажы жамағаты 100 сом, Айтмұханбет Тұрысбеков 100 сом, Қожахмет Маманов 50 сом, Баймұханбет Тұрысбеков 50 сом, Құдайберген Тұрысбеков 20 сом және басқалардың көмегін атап көрсетіп, барлығы – 1274 сом қырық тиын жиналғанын жариялайды.
Алайда, ең өкініштісі – 1928 жылы туған елі – қазағына жақсылық істеуді мұрат тұтқан Маман ұрпағының мал-мүлкі тәркіленіп, өздері Оралға, Орынборға жер аударылған. Олардың сондағы кінәсі – Алашқа жәрдемдескені, қолда барын халық игілігіне жұмсағаны.

Ақайдың Хасені

Заманында Қарқаралы өңірінде қалың қазаққа атағы жеткен екі ірі бай – Ыбырай Ақбаев пен Ақайдың Хасені бір-бірімен байлық жағынан бәсеке болған деседі. Бірақ Хасен жылқыға, ал Ыбырай қойға бай болыпты.
Өлкетанушы Юрий Поповтың мәліметінше, ол 1860 жылы Семей облысы Қарқаралы ауданының Қу болысында дүниеге келген, 16 жыл бойы сол болысты басқарған. Тіпті бір басына 18 мың жылқы біткен деседі.

Қояндының қожайыны

Ақайдың Хасенінің азаматтық тұлғасы мен қоғамдық қызметінің айрықша қыры – Қоянды жәрмеңкесімен тікелей байланысты. Себебі Хасен өзінің қаражатын осы жәрмеңке арқылы айналдырып отырған және де Қоянды жәрмеңкесіне қатысатын ауқатты азаматтар мен көпестердің барлығы Хасенді жәрмеңкенің қожасы деп таныған.
Сондай-ақ Хасен Ақаев Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. Себебі, петиция болған Қоянды жәрмеңкесінің негізгі үйлестірушісі де Хасен еді. Яғни, қазақ байлары мен зиялы қауым өкілдері секілді екі топты біріктіруге ықпал еткен бірден-бір нәрсе болса, ол Қарқаралы петициясы. Ат төбеліндей оқыған Алаш азаматтары аталған істе идеялық серпін беруші болса, халық тарапынан қолдау білдіріп, үн қатқан осы ауқатты топ болатын. Патшаға жолданған петициядан кейін, қазақ зиялыларының соңына түсу, тергеу істері қарқын алды. Сонда жергілікті билік тарапынан қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларына араша түсіп, тіпті кепіл ақша төлеп босаттырып алған сол қазақтың байлары еді. Нақты мысал келтірсек,1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда сол жылдың 17 маусымында Қаражан Үкібаев кепілдікке шығаруға 2500 рубль төлесе, одан кейін Омбыда 5000 мың рубль төлеп шығарған осы Ақайдың Хасені болатын. Бұл бір, екіншіден, Жақып Ақбаев Қарқаралы петициясынан кейінгі митингтерде «патшаға тіл тигізді» деген айыппен 1906 жылы 11 қаңтарда тұтқындалып, Семей түрмесіне қамалады. Сонда Ахаң, Ахмет Байтұрсынов шыбын жаны шырқырай жүріп, Хасен Ақаев, Дүйсеке Жаманбалин, Қаражан Үкібаев сияқты алаш рухты көпестерден 7500 сом жинап, Жақып Ақбаевты кепілдікке босатып алады. Ал 1906 жылғы тамыздағы сотта ол өзін-өзі толық ақтап шықты. Бұл – қайраткердің қамқорлық қызметінің бір парасы ғана.

Қарсақбай… шапанға буылған ақша

Ел арасында, тіпті кәсіпкерлік саласында «Ақайдың Хасені» есімімен кеңінен танылуына жомарттық, мәрттік істері себеп болса керек. Мәселен, 1908 жылдың күзінде Жезқазған жеріндегі алты мыс кен орны мен Байқоңырдағы көмір шахталарының бас кеңсесі Лондонда орналасқан «Атбасар мыс кен орындары» акционерлік қоғамына сатылады. Ал 1912 жылдың желтоқсан айында акционерлік қоғам зауыт салуға қаулы қабылдайды. Шығысында кен шахталары шоғырланған Жезқазғанның, батысында отын көзі орналасқан Байқоңырдың ортасындағы Қарсақбайға қалауы түскен ағылшындар жерді жергілікті байлардан отыз жылға жалға алып, 1913 жылы зауыт құрылысына кіріседі. Ел арасында таралған ауызша деректерге жүгінетін болсақ, осы жылдары Қарсақбай кеніндегі ағылшындар жұмысшылардың жалақыларын беру үшін Ақмоладағы банкке көктемгі батпақтан қатынай алмай, тығырыққа тіреледі. Содан олар Қу болысындағы Ақайдың Хасеніне келеді. Істің барысын түсінген Хасен келген қонақтарының алдында шапанға буылған бума-бума ақшаны әкеліп қойған екен. Яғни, Хасеннің төңкеріске дейін қазақ даласындағы ықпалды, мол қоры бар адамдардың қатарынан саналған.
Совет үкіметі орнағаннан кейін, яғни 1920 жылдардың басында да қазақтың ауқатты топтары жергілікті билік тарапынан қысымға алынған. Тіпті біразының шаруашылықтары тәркіленген екен. Қарқаралының тумасы Г.К.Рязанцевтің баяндауынша, Хасен Ақаев та солардың қатарында тұтқындалады. «Оны Семейге алып кетті. Барлық малын қаттады. Ақаев қайыршы болып оралды. Алайда бұрынғы кездегідей Қояндыда өз жеріне киіз үйін тікті. Жәрмеңке басталды. Хасен тұтқындалғанға дейінгі байлығынан да асып байи түсті. Өйткені қазақтар барлық уезден салт-дәстүр бойынша құрмет тұтып, оған қой мен жылқы сыйлады» дейді.
Өмірінің соңын Хасен Ақаев Қызылжар мен Башқұртстан аралығында өткізген. 1931 жылы Қызылжарда қайтыс болады. Екі әйелінен бес ұл, екі қыз тараған. Алайда олардың кейінгі өмірі жайлы деректер алдағы уақытта ізденісті қажет етеді.

Мәриям ӘБСАТТАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір