АЖАЛДЫҢ ОЙЫНЫ
02.02.2023
3440
0

Аудан орталығындағы үлкен дүкен алдына орнатылған ұзынша ағаш орындықта өзі қатарлы үш-төрт жігітпен кәукілдесіп отырған Жанжұман қарсыдағы алаңқайға тоқтаған сүлікқара машинаны көргенде, кенеттен селк етіп, әлдекімді күткен сыңайда сол тұсқа телміре қалған-ды. Үміті алдамағандай. Ентік басар шамада «Джиптен» аяққа оралғы болар ұзын етекті кең көйлек киіп, беті-басын шұбатылған орамалмен тұмшалап алған домалаңдаған етжеңді әйел мен бойында арам еті байқалмаған ұзынтұра еркек түсе берді. Еркек ылдым-жылдым. Қолды-аяққа тұрмай әйелдің алды-артына кезек шығып бәйек.
– Әп, бәрекелді! – деді мұны көргенде, Жанжұман өз-өзінен алақанын ысқылай қопаңдап, – қолға қарға тышты деген осы болады!
Мына көрініске әуелгіде тосырқай қараған серіктері таң-тамаша. Әйткенмен, әлденеден дәмелі көңілдері тап осы сәтте жөн сұрасуға батылдарын қамшыламағаны анық. Ауыздарын ашса, қолға қонайын деп тұрған бақыт құсын үркітіп алар тартыншақтық олардың тағатына ши жүгірткенімен, әліптің артын бағуға мәжбүрлегені нақ еді.
Әйел затын жолықтырғанда еркектің көзі ең бірінші қайда түсетіні айтпаса да түсінікті ғой – домалаңдаған бикеш бөкселі екен. Ол қозғалған сайын бөлекше бітім кең көйлектің өзін місе тұтпағандай бұлт-бұлт етіп былайғылардың әуестігін қытықтады. Соны біле тұра міндетсінгені ме, анауысы тым еркін. Жылтырақтары басым былғары сөмкесін кеудесіне қысқан қалпында, ырғатыла дүкен есігіне қарай беттей берді.
– Желпуішіңді алайын ба?
Шыбын шаққан құрлы көрмеді. Ерінің сөзін естісе де, естімегендей басын кекжитіп алған.
– А-а, жарайды онда…
Әйел мінезіне әбден қаныққан-ау тәрізі, еркек те бұдан әрі де қайта тіл қатпастан оның соңынан ерді.
– Маң-маң.
– Пах-пах!
Мына ырғатылысты ескекті қайықты ғана емес, жеме-жемде анау-мынау кемеңді шайқап жіберер толқын дерсің. Ол жел көтере өршеленбесін, өршеленсе дүниені бұлқан-талқан етуі де әбден кәдік. Алла сондайынан сақтасын.
Кәдік екенін дәлелдегендей жайшылықта ауыз жаппайтын, осы күнге дейін қатынсыз жүрген шикілсарының ауызынан сілекей шұбырғанда, қақ-соқпен ісі жоқ гүжбан қара да ернін қалай жалап-жалап алғанын байқамады. Ал қоңқақ мұрын, бадырақ қараның танауы делдие, көзі жыпылықтап кеткеніне төбеден шымырлаған күн куә.
Әйел болса мұның бірін сезер емес.
Бәлкім, сезетін де шығар, әйткенмен сыр берместен мамырлай басқан қалпында тігілген көздерді еліктіре жандарынан өте шықты. Осы қалпында қара жерді басқан пенде баласы тек жалғыз сол ғана ма дерсің.
Соңынан салпақтаған ұзынтұрасы бұлармен қатарласа бергенде Жанжұманға тіл бітсін:
– Әй, құдайдың нақ сүйген, баласы! Сені құдай берсе берген шығар, бірақ сенің бізге берерің бар ма, әлде жоқ па? – деді ол басын бір жағына әнтек қисайта ыржиып.
Еркек кілт іркілді. Сонсын «ол ма, ол емес пе?» дегендей аңтарыла қарап, сәл тұрды да күбір етті:
– Жаншығар?!
– Иә, жаны шықпай қалған байғұспыз.
– Сен әлі тірі ме едің?..
Жанжұман мырс етті.
– Өлмегенімді көріп тұрсың ғой. Өлмегеннен кейін саған дыбыс салып отырғаным да.
«Құдайдың нақ сүйген баласы» не күлгені, не күрсінгені белгісіз шиқ ете қалды:
– Ы-ыһ… Сен өлсең кімнің жері кеңір дейсің, жүре бер. Мен емес, жер көтереді ғой.
– Әлбетте. Сені де, мені де жер көтереді.
– Обал-дағы…
– Обал мен сауапты сен айтпасаң болар енді.
– Айтсам ше?
– Ауызың қисайып қала ма деп қорқамын.
– Сонда ауыз қисаймас үшін не істегенімізді қалар едің?
– Мына қаңырап тұрған басты жазып жіберсең сол сауап.
– Оның емі оңай екен.
Ол қалтасынан бес мың теңгелік ақша шығарып, Жанжұманның қолына ұстата салды.
– Қанағат па?
– Әзірге қанағат. Кейін тағы кездесетін шығармыз…
– Кездеспесек те көңілім баяғыдай.
– Кездесеміз, кездесеміз. Әлбетте, сенде бірдеңе болса, бізге тамар деген үмітімді үзбеймін.
– «Үмітсіз – шайтан» дегенді үлкендер бекер айтпаған.
– Міне, мынауың енді жөн сөз. Жер басқанның бәрі шайтан екенін ешқашанда ұмытпағайсың.
Сөйткенше дүкен есігін ашуға ерінген әйел дауысы құлаққа жетті:
– Өй, осы да… Әй, кезінде алқаштармен тойынудай-ақ тойынған сияқты едің ғой, ендігіңе не жорық?! Ауыл мына жақта қайт, қарағым, қайт!
Өзгелерге бейтаныс, Жаншығар дегенге таныс жан алды-артына қарамай жөнеп бергенде, Жанжұман езу тартты.
– Қатын алдым дегенше, басымды жаңғырыққа салдым деген – осы шығар-ақ…
Қолдарына «қарға тышқандар» мына тұста енді аялдамастан, дүкеннен алатындарын алғаннан кейін күндіз ел аяғы сиректеу саябаққа қарай тартып кеткен-ді.

***
Есін жиғанында далада жатқанын білді. Бірақ алғашында қайда екенін айыра алмады. Саябақ маңайы болса керек, әйтеуір шарбақпен қоршалған аумақ. Иә, иә, бағаналары берік тұрсын дегендерінен шығар, темір шарбақтың түбін бір-біріне жалғастыра цементтеп құйып тастаған тұс. Соның бір қалтарысына жантайған екен.
«Әй, иттер-ай! Ит болмасаңдар бүйтер ме едіңдер! Үйге жеткізіп тастасаңдар нелерің кетеді? Хандықтарыңнан таймас едіңдер ғой…» – деді әңгүдіктіктің аужайына жармасқан бөтелкелестерін ішінен сыпыра сыбап салып.
Содан кейін басын көтермек болғанымен қорғасындай ауырлық ыңғайына көнбеді. Тап бір шарбақ құйындысын құйғандар мұның басын цементке қосып, бірге құйып жібергендей зіл батпан…
«Өңшең тілемсектер! – деді тағы да күбір етіп, алақанға көз сүзіп, азға қанағат етуді білгенде қайыр қылуды үйренбеген сендерге не дауа!»
Қыж еткен бір ащы леп қолқасын үзіп жіберердей лықсып барып, абырой болғанда, артын ылаңға салмай тез басылды.
«Күндегісін өзінен-өзі келіп, өзінен-өзі иттей болып жоғалатын лоқсық қой – сабыр, Жанжұман, сабыр», – деді әлденеден ұяла жыпылықтасқан жұлдыздарға көз жіберген қалпында. Сосын ұзақты күнгі әрекет-амалдарын еске түсіруге тырысты.
Таңертең өз баспанасында аман-есен оянғаны анық қой? Анық. Дастарқанда қатыңқырап қалған нанның қиқымынан ауызына салып, оразасын ашқаны шындық-ты. Солай ғой? Нақ солай.
Бұрқ-сарқ етіп жүрген келіншегінің бір сөзін құлағына ілсе, екіншісін сонадайға итере салғанынан да хабардар.
Әріде әлденеден қалып қоярдай күнделікті жиналатын «құтты» орындарына қарай алып-ұшып жөнелгені белгілі. Дәл сонда барар жерін айналмаға айналдырып қойған қалың қорымның қоршауын ішінен бір «ырғап» жібергенін жасырмайды. Арғы дүниедегілер алдында сөйтіп күпірлік жасағанын тағы мойындайды. Алайда ындыны кепкенде ылғалды, ылдиды аңсаған көңіл жарықтыққа қандай лаж, обал-сауапты кейінге қалдырғаны рас-ты.
Осынау бассыздыққа бұл ғана кінәлі емес екенін алға тарта өзін-өзі ақтап алуға және тырысқаны есінде. Қазақстанда жер жетпегендей қорымды қоныстың дәл ортасына тықпалағандардың не ойлағаны бар екеніне санасын жеткізе алмағанынан сөйткен. Тірі мен өлі аралас-құралас жатсын деген пиғылдан ба, болмаса тірілердің өмір барда өлім қатар қапталдасатынын ұмытпасын деген ескертпеге жығылғанынан ба, көп елді мекенде ақшаңқан үйлердің іргесін бейіт басатынынан хабардар-тын. Жанжұман тірлік кешкен аудан орталығы деген аты бар мына қалашық та – солардың бірі еді. Бір жақсысы, қорымның қоршалғаны ғана. Басқаша жағдайда «ауылы аралас, қойы қоралас» тірі мен өлі бірге «бас жазып кетпесіне» кім кепілдік берер…
«Астапыралла!» деген, өзінің белгілі деңгейден асыңқырап бара жатқанын түсінгенде ұшпа көңіліне тоқтау салуға тырыса. Бірақ мұнысы ұзаққа созылмады, сәл өткенде қайтадан негізгі бастауына жылға салған.
Мына қорымның замананың ырғағына сәйкес бой түзегеніне шәк келтірмек емес. Бұрындары елді мекеннің шеткергі тұсын ғана қамтыса, кейіннен жуан ортада қалып қойғанына таласы жоқ. Бұлай болатын жөні де бар-ды. Жан-жақтағы шағын ауылдардың тынысы тарылып, адамдары көше бастағанда олар қайда тығылғандай еді? Әлбетте, қарасы көп, тінтінісі басым ірі орталықтарға тоғысқан. Жәй тоғыспаған, үй-жай салып, шаруашылықтарын түзетуге тырысқан. Ал ол үшін оларға ең бастысы не керек еді? Жер керек болатын. Жайшылықта адамзат онша қадірін түсініп болмаған кәдімгі қара жер!
Ендеше, жер дегенің қорымның арғы-бергі тұсында жатқан жоқ па, көздің жауын алып? Бар да ал, сонсын салатыныңды сал. Ол үшін саған өлгендер қарсылық танытпайды, орынды-орынсыз қиқылдап, шиқылдап мазаңды және қашырмайды. Болды.
Болғанынан да ғой, араға жылдар кіріккенде қорым үлкен мекеннің ортасында қалып қойды да, айналасын тірілердің астам күлкісі басты да қалды. Қазір қайда қарасаң да ұзыны мен ені атшаптырым ақшаңқан баспаналардан басың айналатыны содан. Енді оларды аспаннан жай отын атсаң да бұза алмайтының ақиқат. Өйткені қазір қолындағы барынан тегін айырылатын ақымақ жоқ. Адамдар айырылудың орнына бәрін үзіп-жұлып бірінен-бірі тартып алуды ғана үйренген. «Заманның өзгергенінен» дейді біреулер мұны өз қылығын ақтамаққа сылтау қылып. Жоқ, желіп бара жатқан уақыт – сол уақыт. Тек адамдардың пиғылы өзгергенін айтуға ешкімнің құлқы жоқ. Сол пиғылдың тірілерді байқатпай қолдарынан ұстап көрге қарай сүйреп бара жатқанын тануға ешкімнің бас қатырмайтыны өкінішті енді.
Қорымды айналып өткенде өз ойына өзі иланғандай болған Жанжұман енді ештеңеге алаңдамастан жетер жеріне жетіп алуға тырыса, қадамын жылдамдатқан. Межелі де мұның қарасын шалған шикіл сары Қоңқаш та, гүжбан қара Айтқазы мен қоңқақ мұрын Серғазы да қуанғандарын жасырмады.
– Аман-есен жеттің бе, сылқым жігіт! – деп ыржиды Серғазы әзіл-шыны аралас.
Оны Қоңқаш іліп әкетті:
– Басың өз қалыбындағыдай, ба­қайың бүтіндей, несіне осыншама ырғатылдың, ә? Тағатымызды тауыстың ғой тегі…
Айтқазы да қалмады:
– Ауын босататыны барда аунаудан қалыс қалмағанын бізге дәлелдегісі келген де, бұл пақырың, – деді ол ешкім міндет қылмаса да араға киліге беріп.
Жанжұман қыңбады, өз-өзінен кәдімгідей керги:
– Асыға күткендеріңе қарағанда көл-көсір дүниенің қақпасын ашып қойғандайсыңдар-ау. Ал келдік ал, көрсетіңдер мырзалықтарыңды, – деді орындықтың бір шетіне отыра бере, – бәлкім, маңдайды терлетер, кепкен өзекті жібітер бірдеңе тапқан шығарсыңдар, бар пейілім сендерде?
Мынаны естігенде Қоңқаш іш тартып қалды.
– Өй, сен де… – деді сонсын сол жағына қарай шырт түкіре, – егер бірдеңе табылса, осылай отырар ма едік, үпір-шүпір болып. Кетер едік қой жан-жаққа қайла, күрегімізді арқалай…
Дауысы тарғылдана шықты.
Шынында солай еді. «Екі қолға бір күрек» деп жүргендер әлдекім жұмыс ұсынса, апыр-топыр жүгіре жөнелуге да­йын отыратын. Үлкен қалалардағы «жетім бұрыш» дегендерің мына қалашықта тап осы жерге қоныс тепкен-ді.
Жетім бұрыштағылардың былайғы жұртқа мәшһүр екінші аты да жоқ емес – «алқаштардың мекені» дейтін жаратпағандықтан ауыздары жыбыр-жыбыр ете қалғандар. Бірақ дәл солай дегендер осындағылардың жай-күйімен бір мезет танысты ма екен? Әр жиналушының жағдайынан хабардар ма? Жоқ. Ендеше, ауыз өзімдікі екен деп оңды-солды оттамағандары дұрыс та.
Иә, солай, тойып секіретіндер тоңып секіретіндерді орынды, орынсыз қаралай бермесін!
Жанжұман ойын жиып үлгермеген, дүкен алдындағы алаңқайға сүлік қара машина келіп тоқтаған да, одан бөкселі әйел мен ұзынтұра еркек түсе берген. Қалған жағдай болса-болмаса белгілі, саябақ ішіндегі ішіс соңы жұлдыз бағуға ұласып кеткеніне түн қараңғылығы куә.
– Сонда дейді де, сонда дәл қазір өзі қайда жатыр?
– «Әуп!»
Тұра алмады. Буын-буынын ұстай алар емес.
– Әй, тоқта! Мүмкін өліп қалған шығар! Мүмкін, ана дүниенің есігінен беріге сығалап жатпасын?!.
Айналаға құлағын түрді.
Анда-санда қараңғылықты машина жарығы тілгілейтін сияқты. Гүр-гүр еткен үн түнгі тыныштықты қалтыратады. Ендеше, арғы дүниеге өтпегені, яғни өлмегені, бергі дүниеде тырайып жатқаны күмәнсіз. Бәлкім, алғаш болжағанындай саябақта, мүмкін үйіне барар жолдағы бір баспананың шарбағының түбінде. Әйтеуір, қаңғып жүрер иттердің көрінбегені, аузы-басын жалап кетпегені ғана дәтке қуат.
– И-и, жалған-ай!..
Жалған емей немене, кеше іңгәлап туды, бүгін, міне, бір шарбақтың түбінде иттей болып қыңсылап жатыр. Тіпті аунауға да күш таба алар емес. Соған қарағанда өмір дегенің өкініш ошағында бұрқ-сарқ қайнап жатқан қазан сияқты ма, қалай өзі? Тап осы қалпында тағы кішкене алға жылжыса бәрінің сарқылар шағын көру мүмкіндігі де туар, күндердің күнінде. Тек соған абыройлы жеткізсе жақсы…
Негізі абыройсыздық неден басталып еді?
Бағанағы бөкселі қатынның қасында жүрген «құдайдың нақ сүйген баласы» атанған Құдайбергенге кездесуден басталған сияқты-тын. Жып-жып еткен Құдайберген әуелі мешіт жағалап, артынан «жетім бұрыш», тағы сондай «жетім» қуыстарды тіміскілеп жүріп, ақырында бірнеше жігітті айтқанына көндірді де, оларды алыс жаққа аттандыруға дайындады.
Әрине, «пәлен жерде алтын бар, барсам бақыр да жоқ» дегенге саймай, өзіне жүгінгендердің алақандарына аздап болса да тиын-тебен тастағанына қарап, былайғылардың оған имандай ұйығаны күні кешегідей.
Ақыры бұлар әуелгіде мешіт жағалады, елмен қатар тізіліп тұрып намаз оқуға машықтанды. Әрине, бәрі намазхан болмады. Мысалға, Жанжұман жасынан құлағына сіңісті Ықылас, Фатиха сүрелерінің үш қайырымынан аса алмады. Сөйткенмен, қадағалаушыларға бәрібір болды ма, әйтеуір оны ешкім санаттан шығарып тастамады.
Қадағалаушылар демекші… ондайлардың болғанына ешкім күмән келтірмейді. Оларды жай адамдардан айыру мүмкін емес еді. Ешкіммен ісі жоқ жанша өзімен-өзі жүретіндер ана қалтарыс, мына қалтарыстан табылып қалатын.
Кенеттен әңгіме ауаны өзгеріп, тізімдегілер асығыс-үсігіс жолға шығуға жиналғанда дүниенің астаң-кестеңі шықсын. Әр-әр жерде тексерістер жүріп, біраз адам қамауға алынды. Арасында Жанжұман да бар.
Ол күндерді адам басына бермесін – нағыз тозақ отына түскендей еді-ау. Түні бойы ұйқы жоқ. Көзің іліне бергенде жауап алуды бастап кетеді. Сұрағын беріп қана отырса жақсы ғой. Жоқ, басыңа салафан қапшық кигізіп тұншықтыратынын, тіпті күрзі жұдырықтарымен талдыра соғатынын қайтерсің. Бір ғажабы, ұрғандарында денеңе таңба түсірмейді. Әйткенмен жаныңды көзіңе көрсететіні шындық.
Сондағы сұрайтындары «Сирияға не үшін бармақ болдың? Әл-Каидамен қатысың бар ма? Азғырғандар кімдер? Құрамдарыңда тағы кімдерді танисың? Жиһадты қайда, не үшін ұйымдастырмақ болдыңдар?» тағы тағылар.
Егер олардың естігісі келмеген жауап­тарын міңгірлесең тағы таяқ жейсің. Камераның бір бұрышында қан-жоса болып есіңді жинайсың.
Осылай күн артынан күндер өтті, айлар сырғыды. Ақырында сот болып біреулері жылдар, енді біреулері айлар арқалады. Жанжұманның қамаудағы уақыты есепке алынып, соның мөлшерінде кесімді жазасы қысқарып, сот залынан босап шықты.
Шындыққа жүгінсе, Жанжұман Сирия дегеннен де, жиһад дегеннен де айналып өтер жағдайда болатын. Ол жақта тас дәуірінің өзінде адамдар тұрғанын тарихи кітаптардан оқып білгенін айтса айтар да, алайда онда барып құмы да, құны да бейтаныс жерде әлдекімдердің жыртысын жырту ойына мүлдем келмеген шаруа-тын. Тек, ақша тауып қайтуды ғана ойлаған. Көк қағаздарды шытырлата санап, әйелінің алдына тастай салса «құда да, құдағи да тыныш» дегенді санасына түйіп алған. Ондай күн туса құлағы қатыни ызыңнан ада боларына әбден иланғаны ақиқат-ты. Бары сол ғана болатын.
Сотта Жанжұман босап шыққанымен «құдайдың берген баласы» Құдайберген бес жылға кесіліп кетті. Жазасын өтеп келгеннен кейін екеуінің жолыққаны бар. Сонда Құдайберген: «Мені сатып кетпегенің үшін рақмет, Жаншығар! – деген, қашанда «жұманды» «шығарға» алмастыра айтатын әдетіне сала. – Сен мені қаралағанда әлі де ел қарасын көрмейтін едім».
Шындыққа жүгінсе Жанжұман оны қараламайын деп қараламады, айт­қанының бәрі қайта айналып өзіне тиер деген оймен ауызына берік болды. Одан жаманшылық көрмегені белгілі.
Содан бері екеуі кездеспеген-ді. Бүгін бет көрісті. Дін аман екен. Оған да шүкір. Ал қатыны?.. Қатын дегенің кергімесе, сала құлаш тілін көрсетіп қалмаса әйел ме. Оларды түзесе қабырғаңнан қашаған Жаратқан иең ғана түзей алар.
Жанжұман аспанға қарады. Жұлдыздардың қарасы молығып, Жетіқарақшы сабын төменге қарай түсіріпті. Ендеше, түн ортасы ауды деген сөз. Олай болса, тұрғаны жөн шығар.
Қол-аяғын қимылдатып байқады. Икемге келіп қалыпты. Басы ше? Ол да зырқылын азайтқанға ұқсайды. Тек, тілі салақтап ауызына сыймай бара жатқаны ғана жан қинайды. Ештеңе етпес, бәрі де үйреншікті жағдай ғой. Қалт-құлт етіп жер басқаннан кейін адам дегенің бірде ауырады, бірде қояды, бірде сусайды, енді бірде шөл басады. Бұл – тірі жүргеніңнің белгісі. Кеудеңде жан барда мұндай қақ-соқтың әлі талайын көрерсің. Олай болса не жатыс? Әуп!
Кеудесін жерден көтере бере селк ете қалды. Қол-аяғы мұздап қоя берді. Мәссаған, мынау қорымды қоршаған шарбақ қой! Иә-иә, соның тап өзі! Жетіп жығылған жерін қара! Бәсе, не өліде жоқ, не тіріде жоқ күйде жатқаны өлі мен тірінің арпалысынан екен-ау…
Құлағы шың-шың етті.
Ертеректегі үлкендер «адам туғанда жердің бір тұсы бүлк ете қалады – өлгенде дене сол бүлк еткен тұсқа жасырынады», деп отыратын. Сонда бұған тиесілі қос құлаш жердің осы тұстан бұйырғаны ма? Қимыл-қозғалыссыз жатып қалғаны соны меңзегені ме?
«Лә-илла илалла, лә-илла илалла»…
Ішінен бірнеше мәрте қайталады. Қатты қысылғанынан ба, соттан кейін тілін кәлимаға келтіргені осы жолы ғана.
Біршама жатқаннан соң басын көтере жан-жағын қайта барлауға ниеттенді. Жұлдыздардың көмескі жарығынан бейіттердің сұлбасы зорайып, айналасына үрей шашып тұр екен. Сол сорайғандардың арасынан, яғни әр-әр тұстан елестер қара салғандай әсер санаңды тітіркендіреді. Мүмкін ол елес емес, өлгендердің нақ өздері шығар, тірілермен байланысқа шыға алмағаннан кейін бірімен-бірі арпалысып жүрген? Әлде, емен-жарқында мазаларын алған тіріге назалана, сапырылысып кеткендері ме? Бәрі мүмкін-ау, тірісінде түртінгендердің ана дүниенің тыныштығына бөленгенде де қағынып келіп дамыл таптырмағандарына налығандары болар…
«Лә-илла илалла, лә-илла илалла»…
Күбірін жалғастырды.
Сөйтіп, жатып «адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» дегенді малдана, жан-жағына қайта көз жүгіртуге мұрсат тапты.
Мына кереметке қараңыз, сүренің күшінен бе, елестер ғайып сияқты. Сонадайдағы қара жолмен өтіп бара жатқан машина жарығымен айнала жарқ еткенде қорым сол баяғы қорым қалпына келіп, ал өзінің қимыл-қозғалысы сақталған адам қалпында жатқанын анықтады. Ендеше, тірі болғаны күмәнсіз. Тірі болғаннан кейін қазір аяғынан тік тұрады да, үйіне қарай жортып ала жөнеледі. Былайғылар көрсін сонсын Жанжұманның әлі де жер баса алатынын, басып та жүргенін.
– Әуп!
Жер таяна талпынғанымен ойына әлдене түскенде кілт бөгелді.
Ал өлді делік… Сонда былайғы адамдар, ағайын жұрты мұны кім деп жерлемекші? Алқаш деп пе, жоқ, әлде жалғаннан түк таппай кеткен байғұс деп пе? Қой, олай айтпас. Ұзын арқан, кең тұсаулы қазақылық жамандыққа қия қоймас, жаназаға жиналғандар беттері бүлк етпестен «үлкен-кішіге мейірімді, қой ауызынан шөп алмас момын, ағайын­ға аңқылдаған ақжарқын жан еді» деп көлгірсір. Бірақ оны жансыз дене бойына сіңіре алар ма? Оған боқта, мейлі, жақта – бәрібір емес пе. Ендеше, жалған сөзді жалаулатқаннан қазақ не ұтпақ осы? Түк ұтатыны жоқ. Егер кебіндегінің кемістігі тым ашаңданса бар тапқаны оқымағанынан, яғни білместігінен ғой дей салады. Бар сылтауды соған сыйғызады.
Мысалы, Жанжұман да жоғары оқу орнында оқымады, жұрт қатарлы жоғары білім алмады. Сөйткенмен анау-мынау­дан өзін кем тұтты ма? Жоқ. Өйткені ауылда жүріп-ақ кітаптан кітап қалдырмады. Кешкісін, мал жайлағаннан кейін, білте шамның жарығымен қазақ қаламгерлерімен қоса әлем жазушыларын түгендеп шыққаны өтірік емес. Басқасы- басқа, ми салдығына ұшыраған француз Ги де Мопассанды да, күйгелектікке көп түскен чех Франц Кафканы да, қояншық ауруына шалдыққан неміс Фридрих Ницшені де, көңіл күй күйзелісін көп кешкен америкалық Эдгар Поны да, әкесінің құны қалғандай дуэльге әуестігінен өлген орыс Пушкинді де тауысты. Не тапты? Тапқан түгі де жоқ. Тек, ақшаға зәрулік, дүниеге ашқарақтық, аяқтан шалуын доғармады. Ақырында сананы да, болмысты да байлық деген бір әумесер шідерлеп тастады. Сол шідерді үзуге шама таппағаны, әрине, Жанжұманның әлсіздігінен еді.
Дегенмен соны білетін біреу табылды ма, табылып, бұған жігер беруге жарады ма? Жоқ. Міне, ақылды деген адамдарыңның ақымақтығын осы тұстан іздесең қателеспейсің.
Оқыстан сілкініп қалып, орнынан атып тұрды да үсті-басын қағынды. Алғашында аяғы сәл тәлтіректеп кеткенімен артынан бойын жазып ала қойды.
– Мен өлмеймін! – деді сонсын қорымға қарай тұра өз-өзінен кіжініп, – ажалдың ойыны бітті, енді өмір ойыны басталады! Болды!
Бұл кезде таң сілем берген-ді.

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір