ХАН АЛТАЙДЫҢ ХАН ҰЛЫ
Хан Алтайдың хан ұлы еді…
Ақиықтың алтын жиектеген ақбас биігі Мұзтаудай мұзартты аңсағанда ойыма Орағам алдымен оралады. Оның кербұғыдай сұлу бітімі санамды сілкіп, тәкаппарлау біткен биік болмысы мен қимыл-әрекеті паң келетін қыран кескіні, маңына жуықтата қоймас жұмбақ мысы келе қалады. Сырты сұлу да серек, іші нәзік те сергек, ойы ұшқыр да сырлы болмысы кез келгенге өзі жырлаған Алтайдың биігін алдыра қоймас асу шыңдары мен тереңін бойлата қоймас шатқалын еске түсіреді.
Ол сырт көрінгенге салқын, сырын білдірмес кісі болып көрінуші еді… Кісі кілтін табу үшін де кірпияз көңіл керек-ті. Уақыт өткен сайын қаламгер тұлғаның сол бір жапанға біткен жалғыз бәйтеректей бұла тұрпаты, аз-маз сырласқан сәттегі қуақылана қарайтын қиық көзқарасы күні кешегідей көз алдыма орала қоятынын қайтерсің!
Бала кезден барлық шығармаларын сүзіп шыққан маған «Қамшыгердей» елес бейне аз уақыт қол алысып қасында жүргізді де, тағы да тылсымға жұтылып, тауға шөккен көк мұнар арасынан қол бұлғағандай кесек кесімі оқта-текте бұлың ете қалатыны бар… бүгінде. Селдей сағыныш та санаңды сілкіп, сол бір уақыт айдынында өткен-кеткен жайларға орала бергізетіні де содан шығар.
Сырттай күллі шығармаларымен таныс басым күндердің күнінде Жазушылар одағында орайлас қызмет істеймін деп ойлап та көрмегем. «Жұлдыз» журналының сын бөліміне Бас редактор Мұхтар Мағауин бір-ақ күнде қызметке шақырып, Орағаммен одақтың үшінші қабатындағы дәлізде бетпе-бет жүздесіп, аман-саулық сұрасып жүрем деп үш ұйықтасам түсіме де кірмеген еді.
Адам тағдыры – қиян-қилы соқпақ… Оралхан Бөкей туралы естелік әңгіме ойымда жүрген бірсыпыра жайды қозғап кетті. Егер аңыз-жазушы Мұхтар Мағауин қызметке шақырмағанда аңыз-жазушы Оралханмен де амандаспай өтісер ме ем, кім білсін? Бәлкім, аман-сәлем деп сырттай қауышармыз, бірақ Орағама еркелейтіндей жағдайда болмас па едік?! Иә, болмас едік! Өйткені біздің жақтың жігіттері бір-бірін іштей жақсы көрсе де, бірін-бірі сыртынан бағалай білсе де, бір-бірін жақын тартпай, салқын ғана сыйласып, жалпаңдау дегенге қаны қасара қалатыны бар. Бұл, бәлкім, суық табиғатта өскен өр болмыстарынан ба екен, білмедім?!
Орағаң да сымбаты сом, салқындау азамат көрінетін. Сондықтан да оның әлдебір әңгіме арасында жай ғана айта салған тәмсілі есіме түсе береді: «Біздің жақтың жігіттері Алтайдың бір-бір шыңы секілді… Біріне-бірі алыстан қарап, биіктен бағалап тұрады.» Осы сөздің терең астарында алтайлық азаматтардың болмысы жатқанын дәл аңғарып, дөп басқанын байқайсың.
Сын бөліміне қызметке келе-ақ өзім сырттай танитын, түр-түсіне дейін белгілі жазушылар арасына оп-оңай сіңісіп жүре бердім. Тіпті мен бұл жандарды баяғыдан білетін адамдай қоян-қолтық араласып кеттім. Әлде ол кездегі ақын-жазушылар характері, жарқын болмысы солай болды ма екен. Әйтеуір, тонның ішкі бауындай араласып жататын. Біздің буынды бауырларына өзімсіне тартып тұрушы еді… Сондықтан да болар, олармен кез келген жерде емен-жарқын әңгіме айтысып, дауласа да кетісіп, еркелей сөз қағысып жүретінбіз.
Сыншы Төлеген Тоқбергенов пен Сәуірбек Бақбергенов, Асқар Сүлейменов пен Сәкен Иманасов сияқты үлкендерді айтпағанда, бурыл шашы иығына түсетін Жарасқан Әбдірашев пен «қағанат құрушы» Жұматай Жақыпбаев, Ибрагим Исаев пен Сабырхан Асанов, жазушы Жәнібек Кәрменовтей ағаларымыз күн құрғатпай одақтың төрі мен «Қаламгер» кафесінің ішінен табыла беретін. Олармен ажың-күжің әңгіме жарыстырып Талаптан Ахметжан мен Роза Мұқанова, Сандуғаш Әубәкірова, Есжан Айнабеков пен Жаңабек Шағатаев, Нұрлан Берғазиев пен Бауыржан Жақыпов, Ғалым Жайлыбай мен Гүлнар Салықбайдай құрдастар мен сырластар ұшырасып қалатын. Түскі ас кезінде Тұтқабай Иманбеков пен Қайырбек Асанов, Ұлықбек Есдәулетов пен Әлия Бөпежанова, Дидахмет Әшімханов пен Иранбек Оразбаев, Несіпбек Айтов пен Назымбек Боқаев, Жүсіпбек Қорғасбеков, Нұрғали Оразов, Комунар Тәбеев, Дос Қапасов, Әнуарбек Әуелбековтер топтана жүруші еді. Ал Жәркен Бөдешев пен Қажытай Ілиясов, Әбубәкір Қайранов пен Сейілғазы Әбдікәрімов секілді «жітікке саяқ қосылған» жігіттер де оқта-текте көкбөрідей «қызылсырап» келе қалатын-ды.
Мен бұл жерде бер жағын ғана айтып отырмын…
Әйтпесе ол кездегі қарашаңырақ Жазушылар одағы қара қазандай қайнап жатушы еді. Іздеген қаламгеріңді оп-оңай табушы едің. Жасы да, жасамысы да, ақсақалы мен қарасақалы да осында тоқайласа қалысатын. Өйткені Алаш ардақтылары жаңа ғана ақталып жатқан, азаттық пен бостандықты аңсаған қазақтың еркіндікті енді сезіне, «лито» дегенді ұмыта бастаған ақжарылқап уақыт-ты.
Осындай отамалы келгендей қызығы мен қызуы қатар соққан уақыт белдеуінде біздің буын қыз-жігіттері әдебиетке жан аямай араласып кетті… Журналистиканы қатар алып жүріп, алғашқы ауызға іліккен, жұртқа танытқан, ақын-жазушы аға буынды мойындатқан шығармаларын жазып жатты, оны жариялап та жатты.
Жастарға арналған «Жігер» фестивалі мен жастарға арналған прозашылар форумы жиі өтті. Міне, осы жиындарда біздің буын аға буынның көзіне түскен еді. 1988 жылы көктемде Талаптан Ахметжан «Айқасқа» әңгімесімен, Талғат Кеңесбай «Француз әтірінің иісі» повесімен «Жігердің» лауреаттары болды. Сол «Жігермен» жігерленіп жүргенімізде, бір күні сол фестивальге қатысқан әңімелерімізді атақты Мұхтар Мағауин жинатып алыпты дегенді естіп қалдық… Ол кезде Қазақ телевидениесінің «Алатау» арнасында редактор болып істеп жүргем.
Арада біршама уақыт өткен. Алматыда қарашаның қара күзінің соңғы күндері болатын. Қала тұманды, сұрғылт. Бас редактор Құсман Игісінов «Қайда жүрсің? Сені ақын Асқар Егеубаев іздеп жатыр. Орныңда отыр!» дегені. Ол кісі де көп күттірмеді. «Жұлдыз» журналының сын бөліміне келіп кетуімді сұрады. Алып-ұшып жетіп бардым.
Бұл кісінің өлеңдері мен сыни кітабын оқығаным бар, негізі мүлде танымаймын. Екеуміз жарты сағаттай әңгіме-дүкен құрдық: әлем әдебиеті мен қазіргі әдебиет туралы, оның беталысы мен жалпы жастардың көзқарасы, өзіңнің көзқарасың деген тұрғыдан қозғады. Білгенімше ойымды жасырмай жеткізген болдым. Сосын ол бірден «Сенің білімің бар екен, – деді. – Жұмысқа шақырамыз. Келесің бе?» Аң-таң болып, аузыма сөз түспей қалды. Қуанған мен қорыққан бірдей деуші еді… Қуанғаннан аңырайдым да, сәлден кейін: «О не дегеніңіз, аға?! Менің арманым ғой бұл!» дей беріппін.
Асекең журналдың Бас редакторы Мұхтар Мағауинге жетектеп алып барды. Мұқаң «Асекең ұнатса болды. Сені «Асқаржан дейік» деді жымиып. Сәл бөгеліп: «Сенің екі әңгімең де жақсы. Бірақ ана бүркітші туралы әңгімең ерекше, – деді мұртын ширата сипап. – Маған «бандерашылар – украин ұлтшылдары» дегенің ұнады. Асекеңнің де ойынан шықтың. – Сөйтті де: – Мынау ақ қағаз… осы ақ қағаздай әдебиетке адал болсаң, ол сені далаға тастамайды!» – деді.
Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетіндегі студент кезімде екі жылдай алдын көрген ұстазым, қазақ әдебиетінің классигі атанған, бұла мінез жазушы Мұхтар Мағауиндей сарабдал сыншының айтқан осы сөзі мені әлі күнге рухани азықтандырып, теңіздегі маяктай алдымда жарқын бағдар болып келеді… Оның университеттегі бір тілім қағазсыз сөйлейтін лекцияларына сол кезде Алматының түрлі оқу орындарынан жоғары курс студенттері ұлы Әуезовке келгендей соғып, дәріс тыңдап кетіп жүргеніне куәгерміз. Жалпы, Мұқаң рухани ортада өзінің биік болмысымен, қайталанбас шығармашылық қуатымен, кесімді сөз, кесек мінезімен тек мені ғана емес, талай жас қаламгерді рухтандыра алған айрықша тұлға екені ақиқат.
1990 жылы наурызда Өскеменде жүрген Талаптан досымның аштық туралы жазылған «Тозақ оты» повесін қолжазба күйінде алып келгенімде қуана мұртын шиырып, «Жұлдыз» журналына басқан да Мұхтар Мағауин… Онымен қызмет істегенде бір байқағаным, Мұқаң бір нәрсеге риза болғанда мұртын шиыратын әдеті. Оралхан Бөкейдің де «Атау кере» романын алғашқы болып «Жұлдыз» журналына басар алдында да мұртын шиырып, «Біздің Оралхан жазушы ғой!» деп сүйсініп отырғаны естен кетпейді, өйткені ол қолжазбаларды журналға басар алдында міндетті түрде өзі оқып шығатын. Бұл редакторлық пен ғалымдық ғадетке тән болмысынан болса керек.
Талаптан Ахметжанның повесін де Мұқаң өзі оқып шығып, жоғары бағалаған еді. Аштық туралы алғаш жазған жазушылардың бірі талдықорғандық – Елжас Бейсенбековтің де «Мешін жылы» повесіне риза болған… Оны да журналда басқан. Жалпы, Талаптан Ахметжан да – аштық туралы терең де шынайы суреттеп жазған, біздің буын арасынан шыққан тұңғыш жазушының бірі. Оның күллі прозасы бір бөлек те, ал осы аштық туралы суреттеген «Тозақ оты» повесі бір төбе. Мен үшін Талаптан прозасының шыңы – «Тозақ оты».
Ал Мұқаңа ұнаған «бандера» туралы айтылатын сындарлы сөз «Балақ бау» әңгімемде айтылған болатын. Ол кезде Украинадағы «бандера» жайында қоғамда ешкім де білген де, сезінген де емес еді… Таным да бөлек тұғын. Тек сұңғыла Мұқаң ғана сол сөзге сүзіле зер салған еді. Әңгіме Мұқаң тұтастай жас қаламгерлерге арнаған, сол кездегі әдебиетшілер арасында үлкен серпілісі жаңалық болып көрінген «Жұлдыз» журналының 1989 жылғы әйгілі 5-санында жарық көрді. Бұл күнде сол бесінші санда Мұқаң ақ батасын берген бозбала қыз-жігіттердің көбісі – ұлттық әдебиетімізде айтулы да атаулы, елге белгілі қаламгерлер.
Сөйтіп, телевидениеде 88-жылды жауып, 1989 жылы жаңа жыл мейрамы өтісімен «Жұлдыз» журналына ауысып келдім. Онда Ғафу Қайырбеков, Ахат Жақсыбаев, Адам Мекебаев, Асқар Егеубаев, Тұрсын Жұртбаев, Шөмішбай Сариев, Кеңес Юсупов, Тұрсынжан Шапаев, Қуандық Түменбаевтардың арасына кеп түсіп, кейінірек Рамазан Тоқтаров, Рафаэль Ниязбеков, Тұрысбек Сәукетаев, Қорғанбек Аманжолов, Серікқали Хасановпен қызметтес болдық.
Ал жазушы Мұхтар Мағауин басқарған «Жұлдыз» менің әдебиеттегі қадамымды нықтап, сөз өнеріне сенімімді бекемдеп, сәулелі жұлдызымды жарқырата жақты… Осында істеп жүріп бірнеше жұрт аузына іліккен әңгімелерім мен «Қара бура», «Қаладағы құтпандар» повестерімді, «Қайың сауған, ел ауған» деген атпен болашақ «Сират» романының төрт бірдей тарауын, ең алғашқы «Алтайдың алқызыл модағайы» романымды жаздым. Әдеби сыни мақалалар жарық көрді.
Жазушылар одағының басшысы әлемдік руханиятқа әйгілі ақын Олжас Сүлейменов те, қосшылары – жуанжон жазушылар Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Қалаубек Тұрсынқұлов, Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісовтер мен жастар маңынан үйіріліп шықпайтын жас та арқалы ақын Ұлықбек Есдәулетов болатын.
Ол уақ – Бас редактор Шерхан Мұртазаевпен туған інісіндей болып кеткен орынбасары Оралхан Бөкеев «Қазақ әдебиеті» газетінің «отымен кіріп, күлімен шығатын» шаруақор шағы. Жалпы, сол кездерде екі әдеби басылымның арасында көпшілікке сезіле қоймайтын, көлденең адамға біліне бермейтін жіңішке бәсеке бар еді… Ол бәсеке қайтсе қай басылым ұлттық мүдде туын жоғары деңгейде көтереді деген тұрғыдан таза шығармашылық жарыс секілді көрінетін.
Оралхан ағамызбен осы «Жұлдыз» журналына келгеннен бастап жақын таныса бастадым.
* * *
Орағамның аса жақын інілері болған екі жігітті білем: олар – Жүсіпбек Қорғасбек пен Талаптан Ахметжан. Өз басым тап олардай жақын араласа қоймағаным шындық. Олар тонның ішкі бауындай болды десем, артық айтқандық емес. Екеуі де талантты жазушылар, екеуі де Оралхан десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар.
Осы Оралхан ағамыздың қасына келген Талаптан тағдырының өзі бір хикая…
Талаптан «Жігер» фестивалінің лауреаты болғанда бас бәйгені қанжығасына байлатқан «Айқасқа» әңгімесін Қалихан Ысқақов талдап, Дидахмет Әшімханов қоштап, «Қазақ әдебиеті» газетіне жарқырата басқан Шерхан Мұртазаев ағамыз болатын. Сол кезде Талаптан мен Талғат Кеңесбаев Оралхан ағамызға кіріп шыққандарын жыр қылып айтып, «Қазақстан» қонақ үйінде жастық жігермен, жалын атқан романтикамен таң атқанша әдебиет пен Орағам туралы ауыздары құрғамай сөз еткені есімде… Орағам екеуінің намысын шабақтап, шығармаларын мақтап, сәт-сапар тілегенін Талғат желпіне әңгіме қылды. Ал Талаптан байсалды ғана мәнермен әңгіме-дүкен құрып, арасында «Угай-ай» әнін шырқап қоятын-ды.
Әттең, дүние деген! Бұл күнде үшеуі де Талаптан айтқан «О дүниенің мәңгілік қонағы»… Бақиға аттанысып кеткен.
Осы Талаптан Ахметжанның үлкен әдебиетте жолын ашқан – әйгілі Әкім Тарази. Сонау 1987 жылдары болу керек, сол кездегі Ақмолада жас ақын-жазушылардың форумы өтіпті. Талаптан соған қатысып, журналист Қайнар Олжаев республикалық газетке «Таразиды таңқалдырған Талаптан» деп жарияға жар сала мақала жазғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
Сол мақаладан кейін-ақ рухани ортада, әсіресе жастар арасында Талаптан аты жиі айтыла бастағаны белгілі. Оны сол кездегі «Жас Алашта» журналист болған, біздің буынның белді өкілі Бауыржан Омарұлы жиі ауызға алатын… «Жігерден» кейін Тәкеңді мен Алматыдағы біздің қатардың жігіттерімен таныстырып, арқа-жарқа болысып, Бахтияр Тайжан мен Бауыржан Омарұлы, Дос Қапас пен Қыдырбек Рысбекұлы үйлерін аралап, алаңсыз күндерді бастан кешкеніміз есте.
Өскеменге кетерінде Талаптан екеуміз Дидахмет Әшімхан ағамыздың үйіне кіріп, Лиза жеңгейдің шәйін ішіп шыққанбыз. Дидағам да «Бауырларым келді!» деп қатты қуанып қалып еді… Ол уақта бізде уақыт та мол, ырдуға дырду қосатын желік те мол. Әйтеуір бір алаөкпе күндер, алқыныссыз түндер көп еді… Әдебиетті жанындай жақсы көретін, жазушылардың арасына балдай бататын Қайырболат Бейсекеновтей досыммен «қос бойдақ» атанып, таң атқанша серілік құрып, салдуарын кешкеніміз де аз емес.
Ал Оралхан Бөкей қарамағына Талаптан досым аяқасты келіп қалып еді… Оған басты себеп, жастардың бас газеті «Жас Алаштың» тілшілікке шақыруы, себепкері – Бауыржан Омарұлы.
Жалпы Бауыржанның құрдастары мен достары арасында жақсылық істерге жалау болып жүретін жастық шағынан бойына біткен әдеті… Мені 1986 жылы Декабрь көтерілісінен кейін жұмыссыз сандалып, Алматының Газ толтыру станциясында жүкші болып жүрген жерімнен Сәбит Мұқанов музей-үйіне кассир болуға себепкер де Бәукең. Талаптанның «Жас Алашқа» келуіне ұсыныс жасаған екінің бірі болса, осы Баукең болу керек деп ойлаймын.
Сол Алаш зиялылары ақталып, қоғамда серпіліс туып жатқан 90-жылдар тұсы ғой. Бір күні сағат 10-ның шамасында Бауыржан Омарұлы телефон шала қалсын. Ойымда түк жоқ, баяғы Баукеңнің қуақы әңгімелерінің бірін тыңдармын деп құлақ түре бергем. Олай болмай шықты.
Бізге Талаптан досың келіп жатыр ғой, – дегені.
– Қой! – дедім сеніңкіремей.
– Рас айтам. Міне, жанымда отыр, – демесі бар ма?!
Сөйтті де телефон құлағын оған бере қойғаны. Ол екеуміз телефонмен мәре-сәре болып жатырмыз. Сөйтсек, бас редактор Уәлихан Қалижан Өскеменде жүрген оны газетке шақыртыпты. Онда да Алматыға емес, Павлодарға – газеттің «меншікті тілшісі» болуға… Жай ғана емес, екі бөлмелі «ведомственная квартира» береді. Ал Талаптан Өскеменде үйі болмай, пәтерде, одан жұмысшылар жатақханасында тұрып, көңіл күйі мен күйісі кетіп жүрген еді. Сондықтан да бірден келісіпті. Уәлихан ағамыз қызметке тұруға «бұйрық» та шығарып үлгеріпті. Мұны естігенде Талаптан досыма деген ақжарма көңіл қуанышынан ба, бәлкім Талаптанның өзінің жолы болайын деп тұрғаннан болар, неге екенін білмеймін, әйтеуір, мені бір түлен түрткені…
Дереу Бауыржан мен екеуіне дүрсе қоя бергенім. Павлодарға несіне барасың, одан да Алматыға кел; онда да жекеменшік пәтерде емес, үкіметтік үйде тұрады екенсің, одан гөрі Алматыда пәтерде тұрғаның артық емес пе; мұнда әдеби орта бар, ол жақта сен өзіңді біржолата жоғалтасың… Бауке, досымды ол жаққа жібертпе! – деген мағынада бірсыпыра сөз айттым-ау деймін. Мінезі қыздай, заты біртоға Талаптан үнсіз келіскендей сыңай танытқан соң, қазір Жазушылар одағына кел, бір жайы болады демесім бар ма?! Оны неге айтқанымды, кімге сеніп тұрғанымды білмеймін?! Жын соққан жастық қой баяғы.
Бауыржан да телефонның арғы жағынан Талаптанды одаққа барып жолығуға қоштағаны білінді. Талаптан таксилетіп одаққа жетті ғой деймін, әйтеуір тез келе қалғаны… Алқын-жұлқын Дидахмет Әшімхан ағаға барсақ, қырсыққанда ол орнында болмай шықты. Жастық албырт мінездің де бір пайдасы тиеді екен мұндай сәтте, ол кезде алып-ұшып тұрған кезіміз ғой, Талаптан досымның қысылғанына қарамай, Оралхан ағаның алдынан бір-ақ шықтық.
Орағама «Талаптанды қызметке алыңыз, өткенде ғана журналист іздеп отырғансыз, Уәлихан Қалижановқа телефон шалыңыз, «Қазақ әдебиетіне» аламыз деңіз» деп еркелей кеп, бастырмалата айтып жатырмын. Орекең кербұғыдай бір қиялай қарап, «Апырай, ә! Буынсыз жерге пышақ ұрып тұрсың, Асқаржан! Уәлиханға айта алмаймын! Өткенде ғана Дос Қапасов пен Әнуарбек Әуелбековті алғанмын «Жас Алаштан»… Ол енді бермейді!» деп кесіп айтты.
Талаптан тартыншақтап, қарадай қысылып тұр. Көңілім су сепкендей басылды. Сонда да «Жақсы, аға, онда «Жас Алаштан» босап келсе, қызметке аласыз ғой!» деп өзеуреп қоймадым. «Егер ондай жолын тапсаң, аламыз ғой енді» дегені. Сөз ләмінен «Жас Алаш» жібере қоймас деген сенімсіздік пен күдікті секем байқалып тұрды. Ондайда менің де жыным қоза қалатыны бар.
Орағамның сенімсіздеу уәдесін ести сала төменгі қабатқа қарай түстім. Тәкең тартыншақтап жүр, мен қояр емеспін. Күпті көңілім, мазасыз ойым тыныштық табар емес. Сап етіп ойыма Жазушылар одағының Олжас Сүлейменовтен кейінгі жерде бар мәселені шешетін хатшы Әкім аға Таразиға бару керек деген түрткі ұшқын қылаң ете түсті. Талаптан тіпті қысылды… «Осыны қояйық!» дейді. Мен «Жоқ. Шешінген судан тайынбас» деп қайрап қоям тағы. Ал ағаларымды күнде көріп, алдарына емін-еркін еркелей барып жүргендіктен Әкім ағаға Талаптанды ерте кіріп бардым. Есік алдындағы хатшы қыз да елп ете қалды. Кірген бойда:
– Осы Талаптанды тайтұяқ күнінен әдебиетке әкеп қосқан өзіңіз, аға! «Таразиды таңқалдырған Талаптан» деп жар салған да сіз! Енді бұл ініңіз Уәлихан Қалижанның қанжығасында кетіп барады… Уәлихан Қалижанов сізді ғана тыңдайды. Ініңіз! Ол анау Павлодар қаласына «меншікті тілші» қылып жіберіп жатыр. Аға, Талаптанды алып қалыңыз! Ол жақта бұл «ведомственный квартирада» тұрмақ екен, онда пәтерде тұрды не, мұнда пәтерде «майлап» тұрды не?! Алматыда орта бар, онда не бар? Қалың орыстан басқа… Жазушылығынан айрылады ғой. Оралхан ағам аламыз деп отыр. Тек Уәлихан Қалижановпен өздерің келісіңдер деп айтты! – деп шырылдап жатырмын. Алматыны су алды десе де саспайтын Әкім аға орнынан бір ырғалып қойды да, Талаптанның үй-іші мен жай-жапсарын сұрастырып, сосын ғана маған бұрылды.
– Асқаржан, сен аптықпа! – деді. – Оралхан аламыз десе – болды.Шешеміз! Оның жарасы жеңіл.
Уәлихан Қалижанов інісімен қызыл телефонды баппен алып, баппен сөйлесті. Талаптан екеуіміз отырмыз не дер екен деп тағатсызданып. Көңілде әлі де күдік басым. Әйтеуір, Уалихан ағамыз телефон құлағының ар жағынан қарсы болып жатқанын сезіп отырмыз, бірақ айдынды Әкім аға кенет дауысын зілді шығарып:
Бұйрығыңды бұз! Біз оны Жазушылар одағына аламыз. Мұны ӘкімТарази айтып тұр. Болды! – деді де, қызыл телефон құлағын қонжита салды. Еш сыр білдірместен:
– Ал жігіттер, жолдарың болсын! Оралханға сәлем айтыңдар, – деді күліп.
Біздің қуанышта шек жоқ!.. Әкім ағаға қайта-қайта алғыс айтып шыға бердік. Уақыт та түс болып қалып еді. Үстіне көтерілсек, Дидахмет ағамыз күтіп жүр екен. Дидағама бар жайды айтқан болдық. Ол да балаша мәз болып, Талаптанды қолынан жетектеп Орағама қарай алды да кетті… Сол күннен бастап Дидағам саясы басталды.
Дидағам мен Лиза жеңгем биязы Талаптанды туған бауырынан бір кем көрген жоқ. Оны отбасымен өз пәтеріне пропискаға отырғызып, Алматының заңды тұрғынына айналдырды. Үнемі іштей де, сырттай да ағалық қамқорлығын көрсетіп жүрді. Аянып қалмады. Талаптан да ағасының сол үмітін ақтай білді. Алдын қия кескен жері жоқ.
Оралхан ағасымен де ағалы-інілі адамдай өте жақын араласты. Орағам ауырып жүргенде, сонау Горький паркінің сыртындағы Талаптан тұрып жатқан құрқылтайдың ұясындай қос бөлмелі жеркепе үйге де барып, емшіні сол араға шақыртқанына куә болып ек Қайырболат досым екеуміз… Орағам дүниеден өткен соң да жазушы ағасына алтын асықтай перзент сыйлаған жары Ардақ жеңгемізбен, ұлы Айхан, қызы Айжанмен де қарым-қатынасын үзген жоқ.
Оралхан мен Талаптан осылай табысқан еді. Орағам жазушы інісін бағалап, бауырына тарта білді. Дидахметтей қос ағасының саялы құшағында досым да шығармашылық тағдырдың шырынын татып, жазушылар ортасында абыройлы тұлғасын сақтап, жазмыштан озмыш жоқ деп, биікке самғай берді.
* * *
Хан Алтайдың ханға лайық перзенті Орағам мен Ардақ жеңгеміздің үйінде екі рет болғаным бар. Ол да тағдырдың жазуы шығар.
Бір жолы Жазушылар одағының алдына шыға берсем, Орағам жан-жағына қиыстай қарап тұр екен. Мезгіл қара күз кезі еді… Амандасқан жерден «Менімен үйге баруға қалайсың?» демесі бар ма. Мен Ахаңнан – журналдың жауапты хатшысы Ахат Жақсыбаевтан сұранайын дедім, өйткені жұмысқа осы әзірде ғана келген едім, жұмыс бізде түскі сағат 12-де басталатыны белгілі ғой. Ал Ахаң қатаң, тықақтап тексеріп жүретін әдеті. Оған өзім айтам дей салды Орағам, мен қуана ере бердім.
Ақ «Волга» машинасының артына отырып, Жамбыл көшесіндегі үйіне келдік. Қазір есімде қалмапты, кілең жазушылар тұратын «Алқаштардың ақ үйіне» ме, «Сараңдардың сары үйіне» ме білмеймін, кірдік. Шопыр жігіті екеуміз бір қап картөшкені жоғары қабатқа көтеріп шығардық. Қателеспесем, 4-қабат болу керек. Сөйтсем, Орағам мені көріп қалып, өзімсініп, қапты көтерісіп жіберуге шақырыпты. Үйде жас жеңгеміз қарсы алды. Ардақ жеңешені тұңғыш рет көруім: аққұба өңді, мойыл қара шашты, аршын омыраулы, сұлу бөкселі, толықшалау келген бәденді жан екен. Шай үстінде көп ештеме айтылмады. Маған пәтер екі-ақ бөлмелі болып көрінді. Дастарқанда жеңешем бала қыңқылдаған соң, сол жаққа қайта-қайта барғыштай берді… Шайдан кейін Орағаңның кабинет дерлік жіңішкелеу, кеңдеу бөлмесіне келіп отырдық. Қабырғада ұзын шашақты найза мен үлкен шарайна қалқан ілулі тұрды. Диван мен креслодан басқа артық зат көрінбеді. Үстел мен орындық та болмады. Жұпыны өмір сияқты көрініп кетті. Мен іштей таңданып та қалдым. Ағамыз «Спартанский өмір сүреді екен» деген ойға келдім. Ол менен әке-шешем туралы, олардың кім болғаны жайында сұрағаны есімде қалды. Көпбалалы отбасынан шыққанымды естіп, құптағанын басымен изеп білдірді. Әдебиет туралы сөз қозғамады. Біраздан соң жұмысқа қарай бет алдық. Іштей бір мазасыздық барын сезгендей болдым. Ашылып сыр айтпайтын адам болып көрінді. Жол бойы үнсіз келдік. Мен де су ұрттағандай сілейдім.
Ал тағы бір жолы жұмыс аяғы болып қалған кез еді…
Мезгіл көктем болатын. Көкек келген кез-ау деймін. Орағам дәлізден өтіп бара жатып, ашық тұрған есіктен маған қарады да, қолын көтерді. Орнымнан атып тұрып оған қарай асыға ұмтылдым. Бір қабатта отырсақ та, бір дәлізде жүрсек те қызметтің ақырына шейін қос редакция жігіттері бір-бірімізді көрмейтін күндер де көп болатын. Сондай күндердің бірі болу керек қазір ойласам.
Алып құшағына қысты да:
– Үйге жүр. Елдің дәмін тат! – деді. – Алтайдан келді.
Бұл уақта Орағам екеуміз одақта біршама аралас-құралас болған кезіміз. Шығыс Түркістанда әкеммен бірге барлаушы болған, кейін ол шындық туралы деректі материалдар негізінде кітап жазған А.Миннің орыс тілінде жазылған «Черный Иртыш» атты қос томдық еңбегіне «Ағажай Алтайдай жер қайда-ай!» деген айқара бет мақалам «Қазақ әдебиеті» газетінде басылып, ол мақалаға Орағаң өзі дәлізде тоқтатып алып тұрып риза болғанын жеткізіп, екеуара сыйластық пен ағалық-інілік жақын қатынас орнаған кез еді. Ол «Алпысбаев» деген фамилиямды «Асқар Алтай» деп өзгертіп жіберіп, жазушылық лақап есім қойып бергеніне де біраз болған.
Міне, осы жолы Орағам ішін ашып сөйлескен…
Шыны бөтелкедегі катонқарағайлық күрең «пантадан» үлкен қасықпен ішіп, астан кейін найза-қалқанды бөлмеде екеуара әңгіме-дүкен құрысқан едік. Ұлттық әдебиет пен шетел әдебиеті туралы үзіп-жұлып әңгімелесіп, қазақ әдебиетіндегі қазіргі жастардың аяқ алысы туралы сөз қозғасқаным есімде.
Өзі туралы әңгіме қозғағаны да ақиқат. Орағаңа еркелей, еркінси отырып, повестеріндегі шашыраңқылықты айтып, әңгімелерінің мінсіздігі жайлы, ал «Атау кере» романының төрт құбыласы тең дүние – шедевр шығарма болып туғаны туралы пікір айттым. Бір әттеген-айы, автордың «Біз осы…» деп орынсыз араласып кететіні – бұл публицистикалық сарынға бой алдыру дегенім еді.
Сонда Орағам «Мен сендердей білім алғам жоқ, Асқаржан. Журналистиканың өзін «заочно»… Маған қандай кінә артасыңдар?! Менікі ұшқыр интуиция. Өз бетіммен ізденіс» деп еді.
Көңіліне қаяу түсіріп алғандай сезіндім… Осыдан кейін әңгімеміз үзіле берді. Күн кештетіп кетті, мен кетейін дедім.
Қайран Орағам, арғымақтай бойымен есік көзінен шығарып салды. Арғы жағында Ардақ жеңешем көздері боталап, сәби Айжанды көтеріп қала берді. 
Асқар АЛТАЙ