КЕРЕМЕТ АҒАНЫҢ КЕРЕМЕТ­ТЕРІ
27.12.2022
2981
0

Қазақ сахна өнерінің саңлағы Атагелді Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толып отыр. Театр ғана емес, кино, дубляж саласында үлкен еңбек сіңірген қайраткер есімі қазақ көрермені үшін етене таныс. Дарынды актердің мерейтойына «Қазақ әдебиеті» газеті де айрықша көңіл бөліп, әріптес інісінің Атагелді Ысмайылов туралы естелігін жариялап отыр. Өнер – екібастан санқырлы.
А.Ысмайылов дарынды театр саңлағы ғана емес, қабылетті қаламгер де болған. ҚазПИ-дің филология факультетін бітірген.
Оқырман назарына әріптес інісінің естелігімен қоса, жүрекжарды жырын да ұсынып отырмыз. 

Ұлы актер. Бейтаныс ақын. Асыл азамат. Ардақты әке. Ұлағат­ты ұстаз…
Атагелді ағаны еске алғанда, ең алдымен оның еңбекқорлығы көз алдыма келеді. Шаршап-шалдығу дегенді білмейтін Аташ ағаның еңбексүйгіштік қасиеті қай қазаққа да үлгі еді. Ол әр нәрсеге сын көзбен қарайтын. Мысқыл күлкісімен езу тартып, жалынды жанары от шашатын. Не айтса да, кісінің жетесіне жетердей етіп айтатын. Мысы басып тұратын. Тұрған орнында тырп еткізбейтін сиқыры бар еді.
Атагелді Ысмайылов 1922 жылы 27 желтоқсанда Алатау­дың аясында дүниеге келген. 1953 жылы Театр училищесін тәмамдап, өнер жолын М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрынан бастады. Қ.Қуа­­ныш­­баев пен Ш.Аймановтай терең ойлы, жан дүниесі кең, сезімтал әрі ұлы ұстаздардан дәріс алды. Кезінде Ш.Айманов пен Я.С.Штейн «Абай жолы» эпопеясының инсценировкасын жазды. Жазғанда да тарихи жүйесін бұзбай, көркемдік құндылығын төмендетпей, жанры бөлек шығарманы театр заңына сыйғызып, сахналық шығарма жасады.
Әрине, ол үшін ең алдымен, терең білім мен үлкен жауапкершілік керек. Рөлдерді орындайтын актерлерді адаспай таңдап, іріктей білу де маңызды. Ш.Аймановтай сұңғыла ұстаздың «Абай» рөліне Атагелді Ысмайыловты таңдауы бекер емес еді. Атагелді ағаның орындауындағы Абай бейнесі көрермен көңілінен шығып, мәңгілік есте қалды. Абайды қасқағым уақыт­та жас кезінен кемел шағына дейін сахна төрінде бейнелеп, көрерменді шынайы сендіре білу – шебердің шеберінің қолынан ғана келетін іс. Сол жылдары А.Ысмайылов бір себептермен Қазақ мемлекет­тік Жастар мен балалар театрына ауысты. Атагелді Ысмайылов ой өрісін шыңдап, шынықтырудан жалықпайтын. Аса ізденімпаз, өнерге, білімге, ғылымға, жаңалыққа жаны құмар еді. Өзі білмейтін, естімеген бірдеңені естісе немесе өзі оқымаған бір кітап төңірегінде әңгіме өрби қалса: «Мұны мен неге білмеймін? Неге? Мұны мен неге оқымағанмын? Демек, мен дым білмейтін кещемін. Наданмын. Жоқ. Мен бұл кітапты міндет­ті түрде тауып, оқуым керек…» деп өзінен-өзі күйіп-пісетін. Осы ізденімпаздығының арқасында театрда істеп жүріп, ҚазМУ-де сырт­тай оқып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіріп алды. С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романына инсценировка жазды. «Алдар көсе» пьесасы мен өлең жинақтары шықты. Театрда жасаған қыруар кейіпкерлерінен басқа теледидарда, радиода, кинода, дубляжда жасаған еңбегін дастан етіп айтуға болады.
Аташ аға бұл дүниемен қоштасып, мәңгілікке сапар шеккенде театрда шығарып салу рәсімі болды. Театрдың іші-сырты – ығы-жығы халық. Перзентімен үнсіз қоштасқан халық бір-бірін қас-қабақпен ғана ұғысқандай. Бір уақта гүрілдеген бір үн асау теңіз толқынындай тебіреніп, бұғаудағы бурадай буырқанды. Зал толы адам сиқырланып қалғандай, бір құдіретке арбалғандай, тырп етпей тыңдап қалыпты. Бұл – Атагелді аға үнінің құдіреті еді. Бейне тереңнен мұң шағып, сезімнің нәзік қылын шерткендей. Сан жүректі жылатып, сан жүректі жұбатқан қасиет­ті өнер өз билігін жүргізіп жат­ты… Аташ ағаның орындауындағы Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» романындағы басты кейіпкер Танабай монологынан үзінді тыңдаған ел сілейіп, тас мүсін сияқты қатып қалды. Тек 4-5 минут­тан кейін ғана тұншыға дірілдеп, шер мен мұңға толы көз жасына ерік берді. Бұл 2003 жылдың 22 сәуірі еді…
Атекеңнің бала мінезді қожанасырлығы да болатын. Сөзге сараң, аз сөйлеп, көп тыңдайтын. Аташ аға өмірде де, сахнада да өте тапқыр болатын. Ол Мәкіл Құланбаев ағамен қат­ты қалжыңдасатын еді. Аташ аға сахнада сөзді қысқартып, тұжырымдап, нақты етіп, ең мәнді сөздерді айтуды ұнататын. Ал Мәкіл аға Аташ аға қысқартқан сөздердің бәрін өзінің рөліне қосып алып, пәлсапа айтуды жақсы көретін. Екеуі қай қойылымда болсын, ылғи серіктес болып ойнайтын. Сондай бір кезекті дайындық үстінде Аташ аға сахнаға шықты да, бүкіл монологын бір-екі сөзбен айт­ты да бедірейіп, Мәкіл ағаға қарап тұрды. Ұзын-сонар монологты түгел айтпай, екі ауыз сөзбен қайырғанына таңғалып, аңтарылып Мәкіл аға тұр. Сонда Аташ аға: «Мен сахнаға шықсам болды, Мәкілдің тілі байланып, жым болады. Өйткені менің мысым басып кетеді ғой. Қой, мен сахнадан шығып кетпесем болмас. Мәкеңтай ойнай алмай қалады. Хық-хық-хық…» деп күліп, өзі де мәз болып, айналасындағыларды да күлкіге қарық қылғаны бар.
Тағы бір оқиға. Аташ аға жасы ұлғайып, біраз шамаға келген кезі. Құдайға шүкір, кием десе, киімі жетеді. Бірақ ол кісі кейінгі кезде не балаларының айтқанын, не бізді тыңдамайтын. Өзінің айтқанынша киініп жүретін әдет шығарып алды. Көнетоздау костюм, ескілеу аяқ-киім киіп алатын. Және киімдерінің бәрі міндет­ті түрде екі-үш размерге үлкен болуы керек. Басында мыжырайған шляпа, қолында балдақ және баяғының ескі торкөз сеткасы…
Бір күні театрдан бірге шықтық. Екеуміз де киностудияға дубляжға баруымыз керек. Балдағына сүйеніп, ақсақ адам сияқты келе жатқан Аташ ағам кенет, әй-шәй жоқ, балдақты қолтыққа қыстыра салып, тұра жүгірді. Мен не болғанын түсінбей, аң-таң болып тұрып қалдым. Сөйтсем, аялдамаға жақындап қалған автобусты көріп қалған екен. Қуып жет­ті. Мініп кет­ті. Соңынан келесі автобусқа мініп, мен де жет­тім. Келсем, Аташ аға жұмысқа кірісіп кетіпті. Дубляждің режиссері Дариға апай Тыналина екен.
Үзіліс кезінде Дариға Аташ ағаға келіп: «Аға, осы сіз неге дұрыс киініп жүрмейсіз?» — деп сын айт­ты. Ол кісі саспай, сабырлы, байсалды түрде: «Бірінші, бала, сөзің аузыңда болсын. (Бұл сөз Аташ ағаның ең сүйіп айтатын сөзі еді…) Екінші, менің бұлай киім киіп, балдақ ұстауымда үлкен құпия бар. Біріншіден, қайда барсаң да – дүкен бе, басқа мекеме ме, барлық жерде қаптаған адам, ұзыннан-ұзақ өшірет. Мен сияқты кәрі-құртаңдар толып жүр. Ал мен мына түріммен, балдағыммен мүгедек, жағдайы нашар жанға жатамын. Маған кезекке тұрудың қажеті жоқ. Ұқтың ба, бала? Екіншіден, автобусқа кірсең, иін тірескен адам, жасы бар, кәрісі бар. Орын жоқ. Тағы да киім мен балдақтың арқасында маған орын бар. Өйткені мен мүгедекке жатамын. Вот так, бала…» Біз қыран-топан болдық. Шынында, бәрі дұрыс, нақты дәлел, «железная логика». Ол кісінің мұндай қызықтары жетерлік болатын…

Жақсыбек ҚҰРМАНБЕКОВ,
ҚР мәдениет қайраткері

АКТЕРДІҢ ТАҒЫ ДА БІРІ ҚЫРЫ

Кино, театр саласында жемісті еңбек еткен Атагелді Ысмайылов сонымен бірге ақын да болған. ҚазПИ-дің филфагын тәмамдап, әдебиетші мамандығын алған. Төменде сан қырлы өнер тарланының бір өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

ТУҒАН ЖЕР

Алматы, Қамыссайда туыппын мен,
Сағымын сәбиліктің қуыппын мен.
Мөп-мөлдір тас қайнардың тұнығына
Бақытын балалықтың жуыппын мен.

Өзіңнен өмір сырын ұғынғанмын,
Көркіңе көрген сайын сұғынғанмын.
Төгілген төрден төмен ақ алмаңа,
Тайғанап, талай тайып жығылғанмын.

Қамыссай, асыр салып өстім сенде,
Алаңсыз еш нәрседен болмай кенде.
Тербеткен нұрын шашып алтын бесік,
Өлкемнің өзге өңірі саған тең бе?
Тоғысар жер үйегі бар аңның да,
Сауырын сүзе жүйткіп, көк шалғында
Құс сайрап, қасқыр ұлып,
аң шақырып,
Болады азан-қазан таң алдында.

Қарақат, шие толы жылға-жылға,
Жемісті, кетсең кіріп ой мен қырға.
Белуарыңнан төменгі түгел үстің,
Боянып шыға келер ал қызылға.

Қорыстан күрке жапқан
шыңыраудан,
Сарқырап жатыр ағып суы балдан.
Өрігі, бүлдіргені Қамыссайдың,
Қырыннан келер исі мұрын жарған.
Қақпасы Қара жота Қамыссайдың,
Аймалап сүйген жері күн мен айдың.
Орманның төксе бұлбұл жырын, аққу
Сыңқылдап, сырын шертер көлдің айдын.

Көк шәйі, көк шалғыны – көрпе төсек,
Жұпардан қоңыр салқын желі есед.
Құлпырған қызыл-жасыл гүлді төсін,
Жаңбырға найзағайлы жатыр төсеп.

Күмбезі күн шығыстың торғынданып,
Буалдыр бар өңірге өрнек салып.
Биқасап рауандап атар таңы,
Бастарын бурыл төбе нұрға малып.

Шіркін-ай, қандай ыстық Қамыссайым,
Айта-айта қай жақсыңды тауысайын.
Арынды арманыма арқау болған
Туған жер қалай сені ұмытайын.

1958 ж.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір