МҰЗТАУДЫҢ КӨККЕ ӨРЛЕГЕН МҰЗБАЛАҒЫ
18.12.2022
565
0

Мыңдаған жылдар тарихы бар әйгілі Алтай, оның ішінде Қатонқарағай бір қазақтың ғана емес, бүкіл Түркі жұртының, түркі әлемінің алтын бесігі. Жер жаннатына айналған сұлу өңірдің атақты Мұзтауға иек артар тұсында көркіне, тамаша сұлу табиғатына кез келген адам тамсанатын Берел ауылы жатыр. Ол – дүниеге Ақтан Нұрбаевты әкелген өнерпаз ауыл.
Атым – Ақтан, сұрасаң, атам –
қазақ,
Өтінде өстім даламда ботамнан-ақ.
Сексеуілдің шоғынан сеңсең киген,
Қара қидың қызуы жотамда қап, –
деп жырлап өткен дүлдүл ақын тұла бойын өлең деген қасиетке иген, жырды сүйетін, бағалай білетін есті жұрт­ты аузына қаратқан Ақтан өзіндік қолтаңбасы бар, ешкімге ұқсай бермейтін ерекше талант­ты еді.
Қазақтың талант­ты қаламгерлері: Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімбаев ерекше қастерлейтін, көзінің тірісінде Өр Алтайдың ақ иығы атанған Ақтан Нұрбаев ақын – асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы. «Шабамбайдай жер қайда, Қаратайдан ел қайда?» деп жырлағандай, ол жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлігімен ерекше көзге түсіп, бүкіл Найманның ардақтысына айналған Қаратай батырдың ұрпағы.
Ақтанның әкесі – Мұқтархан бала кезінен аса зерек өсіп, ауыл молласының назарына ілігіп, Уфаға барып, атақты «Ғалия» медресесінен білім алған ел ардақтысы болатын.
Берелдегі бастауыш мектепті жыл сайын оншақты бала бітіріп, ары қарай оқи алмай, ауылда қала береді екен. Ақтан зерек, оқуға ынталы болғандықтан әкесі Мұқтархан атақты Шыңғыстай мектебіне барып оқысын деп, бір танысының арбасына отырғызып жіберіпті. Әдебиет­ті ерекше сүйетін шәкірт 1939 жылы сегізінші сыныпты бітіргенде, Катонқарағайда бұрын-соңды болмаған құрғақшылық жайлап, оқудан қол үзіп қалды. Ел есін енді жинағанда батыста соғыс өрті бұрқ етіп, Мұқтархан майданға ат­танды.
Бозбала Ақтан еңбек армиясына ілініп, Көккөл деген кеніште вольфрам шығаратын кәсіпорында жұмыс атқарады. «Жыртық үйдің құдайы бар» демекші, көп ұзамай Мұхтархан ауыр жараланып, елге оралыпты. Баласы Ақтан да еңбек армиядан босап, ауылға келіпті. Көп ұзамай ол Шыңғысхан ауылындағы Қадиша деген қызға үйленіп, екеуі бірге шаңырақ көтеріпті.
Катонқарағайдың сұлу қойнауына орналасқан Берел ауылының тумасы Күлзиян Саманқанқызы көп жылдар бойы сауда қызметінде жемісті жұмыс атқарған еңбек ардагері.
– Катонқарағай ауданындағы Бұқтырма мен Ақбұлақ өзендерінің түйіскен тұсындағы шұрайлы тау жоталарының бөктеріндегі Берел ауылы әлі де көз алдымда. Көрікті ауылдың үлкені мен кішісі шетінен ақжарқын, кеңпейіл, бір-біріне жақсылық жасауға асығып тұратын. «Қосағыңмен қоса ағар» демекші, Ақтан аға мен Қадиша апамызға бәріміз қызыға қарайтынбыз. Бұл отбасы өз ортасынан оза шығып, жұрағат-ағайын үшін ат байлар үй болды. Тумысынан зерек туған ағамыз шын мәнінде сегіз қырлы, бір сырлы жан. Оны басқалардан ерекшелендіріп, еңсесін биіктетіп тұратын қасиеті – ақындығы еді, – деп кейуана өткен күнді есіне алды.
Шығыс қазақстандық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлібек Қаңтарбаев өзінің Ақтан Нұрбаев жайлы жазған естелігінде:
«…Сіздің жырлардан адам жанын пейіш бағына бастар сыршыл лирика, алапат құштарлықтың абат әнін шырқатар оптимизм самалы еседі.
Сіз бүкіл болмысыңызбен бүкіл ғаламға өлердей ғашық болыпсыз. Жанарыңыздан ғашықтық шуағын төгіп жатып көз жұмыпсыз. Шынайы ақындар ғана осылай көз жұмса керек. Сонау бір жылдары: «Осы Ақтан ағада ешқандай әдеби білім жоқ қой. Жырларынан кемістік табуға болатын шығар», – деп пендешілікпен сіздің жырларыңызға шұқшиғаным бар.
Бос әуреленіппін. Техникалық, стильдік, формалық кемшіліктердің бірде-біреуін сіздің жырларыңыздан жолықтыра алмай, мысым құрыған. Онан кейін, сіздің жырларыңыздағы лириканың молдығы таңдай қаққызған. Алтайдың әр бұтасына тіл бітіріп, әр бұлағының бойына ып-ыстық қан жүгіртіп, тасына дейін адамша сөйлетіп, өзіңіз солармен кәдімгі адамша сөйлесіп, сырласып отыратындығыңыз мені ерекше тебірентетін. Сіз Алтай табиғатының құрамды бір бөлшегі екенсіз. Сіз табиғатпен егіз екенсіз. Сіз табиғатсыз, табиғат сізсіз тұл екен.
Сіздің үлкен мектебіңіз болыпты. Сіз өзіңіздің дәріс беріп жүргеніңізді шолақ ғұмырыңызда сезбей де қалдыңыз. Сіздің ең алғашқы шәкірт­теріңіз – артыңызда өзіңізді іздеп, рухыңызды асқақтатып жүрген ұлдарыңыз бен қыздарыңыз. Әртүрлі мамандық алып, әртүрлі кәсіптің шылбырын шиыршықтағаны болмаса, жазбағандары болмаса – балаларыңыздың бәрі шетінен ақын екен. Көз жанарларында боталап тұрған кісілік, иіліп тұрған кішілік, кеуделері толған мейірім мен шуақ. Бұл – тек ақындарға ғана тән қасиет. Сіз сол шуақты құйып кетіпсіз оларға. Махаббат нәрін сіңіріпсіз. Сағыныштың не екенін үйретіпсіз», – деп тебірене қалам тартып, ақиық ақынның шынайы болмысын ашып берді.
Ақтан Нұрбаев ел ішінде толғау-жырдың шебері, айтулы айтыскер ақын ретінде танылғанмен, ол – шын мәнінде, табиғат сұлулығы мен сыршыл сезімдердің сүлей суреткері.
Ақынның «Жазғытұрым» өлеңіндегі:
Басқан жері сырқылап дір-дір еткен,
Бозжорғасы қаңтардың сырғып
өткен.
Күн жылып көне шалдың өксігінен,
Тер тамды қара жердің көпшігінен.
Ақбөкеннің көзіндей мойыл нүкте,
Төбешіктер біртіндеп тесіледі.
Сай ішіне апарып түтіп жатыр,
Басындағы жаулығын ала қашып, – деген жыр жолдарына назар аударайық. Абайдың «Қыс» өлеңіндегі «басқан жері сықырлап келіп қалған кәрі қыс» мұнда көктем жылуына шыдамай, Бозжорғаға айналып, жедел кетуге жиналады. Көне шал өксиді, қар бетінде ақбөкеннің көзіндей қара мойылдар пайда болады. Ең соңында орман ішіне тығылып аман қалған біраз қар да түтіліп, алтынкүрек жел оны жаулықтай ала қашады. Жансызға жан бітіре сурет­теудің озық дәстүрін шебер ақын осылайша, жаңашылдықпен дамыта білген.
Ақын Ақтан бүкіл ғұмырында табиғатқа жақын болды, онымен адамша сырласа білді. Жай күнде тіршілік түйткілдерінен, пенделік келеңсіздіктерден тілі күрмеліп, өзін шектей беретін ақын адамзат­тың жалғыз досы – табиғатқа келгенде, көсіліп сала береді. Елжірей, ежіктей, елден ерек махаббатпен асықпай жырлайды. Әйтпесе, «жапырақ астында қап кеткен көбелектің сынған қанат­тарын» көрер ме еді?!
Өзі мықтап ден қойған, 60 жылдардан бастау алатын жазба жырларында ақынның мүлт кетпейтін шеберлік қырағылығы көрініп-ақ тұр.
Байқалады,
Өрген бұлаң қозыдай сай-саланы,
Қымыздықтың ернінен сүт
тамшылап,
Балдырғанның қойнынан май тамады.
Байқалады,
Көл-сынап сабасында шайқалады,
Күн кірпігін көкжиек жасырған соң,
Бұрымын бұлаң талдың ай тарады.
Мұндағы «қымыздықтың ернінен сүт таму, бұлаң талдың бұрымын ай тарауы» – қазақ әдебиетінде бұрын-соңды кездеспеген метафора, теңеулер. Суреткер мұраты әлі ешкім аяқ баспаған жаңашылдық болса, Ақтан ақында мұндай дарын даралығы көзге ұрып тұрады.
Алтайдың тұмса табиғатын бедерлеуде қолтаңбасы қалыптасқан ақын алдына қара салмай кетеді. Бұл орайда, мұралары бұл күнде алды адамзат, соңы еліміздің рухани мұрасына айналып үлгірген Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақов, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаровтар мейлінше сурет­теп, зер төккен Алтай сұлулығын әлемге паш етуде өрен жүйрік өлеңімен үн қосқан Ақтан ақынның қалтарыста қалуы әуел бастан мүмкін емес екендігі білінетін. Ой мен сезімнен өрнек тоқыған жұмбақ шебердің жырларын Оралхан сурет­темелерімен қатар қойып оқыған оқырман олардың бір-бірін жоққа шығармайтынын, қайта жарыса, толыға түсетінін бағамдайды.
Өскемендік Бақытжан Райсованың есімі ақын, әдебиет­танушы ретінде республика жұртшылығына кеңінен белгілі. Сол қаламгер қарындасымыз Ақтан ақын туралы былайша толғанады:
– «Ақын «Шығыс шуағы» өлеңінде Алтайдың күн қақтаған келбетін сарқа сурет­тейді.
Шілдеде самайына шық түсіпті,
Жартасқа жидек өсіп, мүк пісіпті.
Жүн балтыр, шойын желке, шоңғал
тастар,
Белдескен балуандай бүк түсіпті.
Ақтанға дейін Алтайдан шыққан от тілді, орақ ауызды ақындардың табиғат­ты сурет­теген бір де бір өлеңі сақталмағанын ескерсек, өлкенің өзгеше болмысын жырлаған қаламгердің тыңнан түрен салғанын байқауға болады.
Ақ күміс алқа шашқан шат­тан құлап,
Жанында жан торсығы – аққан бұлақ.
Қолында қол шатыры – көлеңкесі,
Жайқалып жасыл желек жапқан
құрақ.
Міне, бұл – Асан Қайғы іздеген Жерұйықтың шөлдеп келген жолаушының тау суын сіміргеніндей шынайы, табиғи, кінәратсыз келбеті.
Ақтан ақында Желмаямен жер шалып, жұртына жайлы қоныс іздеген абыз бабаның жерге айтқан сынынан гөрі, сүйініп айтқан шыны мен сыры басым.
Жасыл майса жайқалып,
Гүл шоқтары шайқалып,
Кекілі гауһар төккен жер.
Аға-інідей қос қайың,
Қолтықтасып өскен жер.
Түбін теуіп от жағып,
Қайыра қақтап төстікті,
Қарағай істік тескен жер.
Тоңазыған қой етін,
Тобылғымен кескен жер…
Қазтуған мен Ақтамбердіден келе жатқан сарын. Айырмашылығы боз көделі, майы түкті жусан дала емес, егіз-егізден қайыңы бүрлеген, қабырғалы қарағайы сыңсыған, «гүл кекілі гауһар төккен» жер… Ақ өлеңге, толғау жырларға тән аллитерация, «сары алтынның буынан» боп келетін сөз түйдегі ақынның ауыз әдебиетінің уызына жарыған тектілігін көрсетеді.
Бақытжан ақын толғанғандай Ақтан ақын өлеңдерінде Алтайдың «бота көзді, қыз бет­ті» ақ маралы, «қылыш тіс, қанжар иек, найза мұрт­ты» тау шыңдары, самырсын, балқарағай, қайың, шыршалары көркем көрініс тапса, бұл табиғи заңдылық.
Бір толқынға жете алмай бір
толқындар,
Қарашы, шерменде боп үздігуін.
Ақыры жартасты ұрды жағадағы
Екпіні тепсінгендей жүз бұғының.
Қазақ әдебиетінде жартасқа ұрған толқын күшін «жүз бұғының екпінді тепкісімен» салыстыру бұрын-соңды кездеспеген тың көркемдік шешім…
– Ол кезде Баламер Сахариев, Қалихан Ысқақов секілді ағаларымыз оқу қуып Алматыда жүрген. Соғыстан кейін ел еңсесі енді ғана көтеріліп келе жатқанда ауыл арасында өнерлі жандар оқтын-оқтын бой көрсете бастаған шақ. Берел ауылынан шыққан Ақтан Нұрбаевтың есімі осы жылдары ерекше ауызға ілінетін. Үлкендер жағы тамсанып «Ай, Ақтан-ай! Айтыстың ақберені ғой!» деп тамсанып отырушы еді. Пәлен жерде аршатылық Қонай Айтақовпен, түген жерде топқайыңдық Жанжігітовпен айтысыпты деген әңгіме гу-гу ететін. Аудандық «Еңбек туы», облыстық «Коммунизм туы» газет­терінен өлеңдерін оқып жүретінбіз.
Ақтан ақынның өлеңдерінің сыршылдық сипаты басым, достық пен махаббат, туған жер, туған ел, адамгершілік туралы өлеңдері оқырмандардың ерекше ықыласына бөленген. Әсіресе Алтайдың әсем табиғатын төгілдіре жырлаған, небір көркем теңеу­лерді асқан шеберлікпен пайдалана білген Ақтандай сұңғыла ақын, – деп белгілі қаламгер, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының иегері Әлібек Асқар ақын Ақтан Нұрбаевтың шығармашылығына жоғары баға берді.
Ақтан ағамыз өлең өрісінде ешкімнен, ешқандай мадақтау естімесе де, туа біткен талант­тың бұзып-жарып шығуымен жанкештілік емес, жауапкершілік таныта білді. Бала жастан ата жасқа дейінгі аралықта қиындығы мол, күрмеуі қат­ты, азабы ауыр тіршілік жолы жатыр. Ауылы өлеңнен мүлдем алыс поэзиямен сыйыспайтын сауда саласында қызмет атқарды. Сөйтсе де, таңғалмасқа лажың жоқ. Ақынның тіршілік жолы әр уақыт­та өнер сапарымен өзектес, өлеңімен өрістес болған. Мұны әрі-беріден соң ерік мықтылығы, талант қуат­тылығы дейміз.
Өлеңдері ел есінде жақсы сақталмағаны болмаса, Қаратайдың от тілді, орақ ауызды ақындары аз болмаған. Елеуке, Жарылғас, Сүйіндік, Дәулет, Таңырақ пен Мақажан, Кенже, Қатшыбай ақындар туралы оқырман қауым біраз деректер біледі деп ойлаймын. Бұларды Ақтан аға да аузынан тастамай, айтып отыратын.
Ақындықтың негізгі бастау көзін, қайнарын жалпы тұтас қазақ әдебиетінен іздестіру қажет. Ақтанның ең басты ұстазы – өмір, қайнар бұлағы – қазақтың ауыз әдебиеті десек қателеспеген болар едік. Ақтан аға – туа біткен талант­тың ақыны. Бұл қасиет – табиғат сыйы. Бойына құдай дарытқан қасиет.
Ақтан ағамыздың жаңадан жазылған өлеңдерін жылы жауып қоймай, оқырмандар таныса берсін деген ниетпен аудандық, облыстық газет­тер арқылы көпшілікке жариялап отырды. Ара-тұра республикалық баспасөзден де көрініп жүрді. Сондықтан өлеңқұмар қауым Ақтан ағаны білерліктей дәрежеде болды. Өлеңдерінде ой мен сурет, ой мен сезім жарыса қатар өрілгендіктен, ақындық қуат тегеуріні әрқашан сүйінішке бөледі.
Ақтан ағамыз – Алтайдың қиыр шығысындағы бір түкпірде жатып-ақ өлең өлкесіне өзіндік түрен түсіріп, із салған ақын. Бұл, сөз жоқ, оның шығармашылық ерлігі. Ақын Берелдің ғана Ақтаны емес, бүкіл Катонқарағайдың, бүкіл Қаратайдың Ақтаны. Әрі-беріден соң облыс пен республиканың Ақтаны. Сөз өнері, туа біткен ақындық қасиеті Ақтанды сондай биікке көтереді. Ендеше, ақынның есімін есте мәңгі қалдыру мақсатында елеулі істер күтіп тұр. Ақын Ақтан Нұрбаевтың атына көше, мектеп беріліп жатса, бір игілікті іс болар еді.
Сондай-ақ ақиық ақынның 100 жылдық торқалы тойы да жақындап келеді. Торқалы тойды өз дәрежесінде өткізіп, ақынды ұлықтау бәріміздің борышымыз, – деп тебірене әңгімелеген Әлекең сөз соңында бәрімізге үлкен ой тастады.
Қара сөзбен Қалихан, Оралхан, Асқар, Дидахмет Алтайды аз жырлаған жоқ. Олар жасаған көркем полотноны сөз қасиетін түсінетін қазақтың бәрі тамашалады. Есімі аталған інілерінен қаламды әлдеқайда бұрын ұстаған ұстаз ақынның бедерлі, бейнелі сөзі бізге енді ғана жетіп отыр.
Айналдым сенен, армысың, Алтай,
Сағынып келдім, бармысың, Алтай!
Суымның көркі – көңілімнің көгі,
Қиялға қанат сал, құсым, Алтай!
Жотаңнан жортып ақ бұлақ құлап,
Жатады жардан атқылап шуақ.
Барады ерін баурына алып,
Асудан атқып шапқылап тулап, – деп жырлап, Бұқтырманың өр басынан бұлқынып шыққан бірегей ақын Ақтан Нұрбаев болды.
– Ағайымыздың ақпа да, төкпе де ақын екенін ең алғаш рет Берелдің ауылдық клубында, немере інісі Артықбайдың үйлену тойында көрдім. Сол жолы ол Аршатыда тұратын Айтақов Қонай деген жігітпен айтысты. Айтыс өте тартымды болды. Ел аузында ат­тары аңызға айналған Таңырық, Мақажан сынды асқақ ақындарға туыстығы болмаса да, Қонай Көкі руының ақындық туын жықтырмайтын мықты ақын еді.
Сонау 60 жылдардың бас кезінде болуы керек, жаздың ең шуақты күні Катондағы паркте қатар қойылған екі үлкен жүк машинасының үстін сахна етіп, ең алғашқы аудандық айтыс өткізілді. Сол жолы Ақтан Нұрбаев Жанжігітов Бөгіспен, келесі бір жолы Кінәзбаев Есіммен айтысып, өнер додасын қыздырды, – дейді катонқарағайлық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жәнібек Қызыр алыстап кеткен күндерді еске алып.
Жүрегі сезгіш, көзі көргіш, көңілі жүйрік, ойы салмақты ақын алпысыншы жылдардың өзінде-ақ аудан, облыс көлемінде айтысқа түсіп жүрді. 1980 жылдардың басында Ақтан Нұрбаев шығысқазақстандық айтыс ақындарын бастап, алыстағы Жезқазған облысына барып, айтыс өнерін бір асқақтатып қайт­ты. Кеңестік саясат үстемдік құрып, қылышынан қан тамып тұрған қиын кезеңнің өзінде қазақ өнерінің төресі – айтысты республикалық деңгейде өркендетіп, дамытқандардың бірі – қаламгер Ақтан Нұрбаев.
Ақын Ақтан Нұрбаевтың тамаша өлеңдеріне жиырмаға жуық құлақтан кіріп бойды алар ән жазылып, кең байтақ жерлерде шырқалып жүр. Жақында Өскеменде сазгер Маржангүл Маниярова­ның ақын Ақтан Нұрбаевтың өлеңдеріне жазылған «Туған елім» ат­ты жыр жинағы жарық көрді.
Ақтан ақын 1988 жылы қайтыс болардың алдында бала кезінен жинақтап жүрген қолжазбаларын, қолдан жасаған бұйымдарын, өз қолынан шыққан сандығымен қоса қызы Гүлнарға аманат етіп табыстағанын жұрт осы күнге дейін аңыз етіп айтып отырады.
Гүлнар әке аманатына адал болды. Дүниедегі ең жақын адамы дүниеден өткен соң, араға үш-төрт жыл салып, жыр жинағын шығармақшы болып, алыстағы Өскеменнен Алматыға келді. Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқаратын, әкесінің көзін көрген Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханұлы сияқты Алтайдың ақиық жазушылары қол ұшын беріп, жөн айт­ты. Ол кезде кітап шығарудың қиямет-қайым болғаны белгілі. Кітап 1995 жылы «Ғылым» баспасында басылып шықты. Сол кезде Оралхан Бөкейдің: «Біз өлгенде жоғымызды жоқтап, жазғанымызды жинап, осындай бір қызымыз жүрсе, өкініш жоқ екен», – деп толғана үн қатқанын қаламгерлер бүгінде аңыз етіп айтады.
Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының Берел ауылында болғанымызда жыр әлемінде өзіндік орны бар ақын Ақтан Нұрбаев туралы жүректен шығып, жүрекке жететін, сағынышқа толы ыстық лебіздерді естідік. Қазақ: «Жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтпаған. Иә, сегіз қырлы, бір сырлы жан Ақаңдай-ақ болар. Ол он саусағынан өнер тамған шебер болыпты. Ақтан ағаның өз қолымен қиыстырып, қызыл қарағайдан салған сәулет­ті үйді көріп, қаламгердің үлкен ұсталық шеберлігіне таңғалдық. Ақын жасаған сандықтар, домбыра, басқа да ұлт­тық қол бұйымдарды ұрпағы көздің қарашығындай сақтап отыр.
1995 жылы ақынның туған жері Берел ауылында өзі тұрған көшенің аты жерлестерінің ұйғарымымен Ақтан Нұрбаев көшесі деп аталды.
Арада бір жыл өткен соң, қыркүйек айында ақынның 70-ке толуына байланысты туған ауылы Берелдің маңайындағы Патшалар жазығында үлкен ас берілді. Республикалық деңгейде өткізілген асқа мыңнан астам адам қатысты. Бәйге, ақындар айтысы, мүшәйра өткізілді. Оған Республикамыздың жер-жерінен, облыс орталығынан ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, әншілер ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді орындады.
2003 жылы Ақтан Нұрбаевтың «Айтып өткен ақында арман бар ма?» деген тақырыппен Өскемен қаласында кітабы басылып шықты.
Ақиық ақынның 80 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облыстық мұражайында шығармашылық кеш өткізіліп, оқырмандары өлеңдерін жатқа оқып, әншілер ақынның еліне, жеріне арналған өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады.
Ақынның кенже ұлы Ержан жыл сайын өңірде өткізілетін жыр мейрамдарында өнер адамдарына демеушілік жасап, қолынан келген қамқорлығын көрсетіп келеді. 2019 жылы ұрпақтары ақиық ақынның «Ақтанымын Алтайдың» ат­ты екі томдық кітабын шығарып, қалың оқырманға ұсынды. Айтулы туындының жарық көріп, оқырмандарына жол тартуға Ақтан ақынның жиеншары, көрнекті қазақ жазушысы Дидахмет Әшімханұлы үлкен еңбек сіңірді.
– Әкем – адам баласына жылы жүзбен қарайтын бөлек бітімді асыл азамат еді. Жаратқан Иеміздің берген сыйы болар, дарынды ақын болып, елінің елеулісіне, халқының қалаулысына айналды.
Қазақта «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген қанат­ты сөз бар. Әкемнен қалған әдеби мұра бір біздің қара шаңырақтың ғана емес, бүкіл халықтың рухани асыл дүниесі. Мұрат пен арманға, ізгілік пен адамгершілікке толы жолын жалғастыру, мәңгі өлмейтін жырларымен қалың оқырмандарды сусындату – соңында қалған ұрпағының басты міндеті мен парызы.
Әкемнің өміршең, шынайы, сыршыл, ұлағат­ты өлеңдері талай-талай ұрпақтың жанына ізгілік шуағын төгіп, туған жері мен өскен еліне сүйіспеншілігін қалыптастырмақ. Мен соған қуанамын, – дейді Ержан әкесі туралы толғанып.
Артында іздер ұрпағы, жырсүйер қауымы барда дүлдүл ақынның рухы мен інжу-маржан жырлары мәңгі сөнбесі даусыз.
Осындайда шығысқазақстандық ақын Ақтан Нұрбаевтың ақын қарындасы Бақытжан Райысованың:
Кернейлеткен асқар тау, боз даланы,
Еліңізге ескерткіш сөз қалады.
Жырыңыз бар қазаққа мұра болсын,
Мұзтаудың көкке өрлеген мұзбалағы!–
деген жыр шумақтары тіл ұшына орала береді.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы,
Халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты
Алматы – Өскемен –
Катонқарағай – Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір