Хантәңірінің мұзбалағы
30.05.2025
86
0

Қазақ елінің егемендігі, халқымыздың мәдени мұралары, тілі, ділі турасынан көптеген насихаттар, дүние дүрмегінде болып жатқан сан алуан жаңалықтар, дәуір көшін арқалаған радио арқылы сақпанның оғындай зырқыраған жылдамдықпен лезде халыққа жеткізіледі.

Бір ғасырдан артық жасаған радиомыз айтулы ұлы тұлғаларымыз, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің табанының табы қалған қасиетті де киелі орын. Кезінде Әнуарбек Байжанбаевтың шақыруымен келіп, радиода қызмет жасаған, өмірдің ащы да кермек дәмін татып өткен Мұқағали Мақатаевтың да үні радиода сақталған. «Тіл –тіршілік тірегі, ұлттың жаны. Халықтың жаны – тілінде… Халық пен тіл біртұтас ұғым. Сондықтан да оларды ешуақытта бір-бірінен бөлуге болмайды» деп «Парыз бен қарыз» телебағдарламасы арқылы шындықты шырылдата айтып, із тастап аққан жұлдыздай өте шыққан Сағат Әшімбаев ағамыздың қолтаңбасы алтын қорда қаттаулы тұр. Халқының құрметіне бөленген ұлы тұлғаларымыз, қазақ өнерін ғасырдан-ғасырға жалғаған жезтаңдай әншілеріміз, бес саусағынан күй сорғалаған күйшілер, таңды таңға соғатын жыршыларымыздың алтын дауыстары да осында таспаланған. «Түйенің жегені жантақ, көтергені алтын» деп екі оттың ортасында жүретін журналистердің еңбектерін бағалай білетін Шерағаңның, Шерхан Мұртазадай ағаларымыздың ұлтына жасаған қызметі қазақ халқының тарихында алтын әріппен жазылып қалды.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарап шабатын» демекші, бүгінде үлкендер жолын жалғастырған Ұлттық арна, Қазақ, Шалқар радиосынан хабар таратқан небір майталман журналистердің еңбектерін атап өтуге болады. Солардың бірі әрі бірегейі Райымбек ауданы, Шалкөде ауылының тумасы белгілі журналист әрі ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының, «Шалқар» радиосының аға редакторы Бақыт Жағыпарұлы жайлы сөз қозғамақпын. 2008 жылдары Жүрсін Ерман радионың бас директоры болып тұрғанында Бақыт інім екеуміз радиоға қатар келдік. Осы салада жиырма жылға таяу бірге қызмет атқарып келе жатырмыз. Бұл азаматты бойынан ізгілік пен нәзіктік төгілген өз ісінің нағыз маманы, жұмысына адал, елінің нағыз патриоты деп айта аламын.
Республикалар, облыстар аумағында өтетін іс-шараларда да сапарлас болып жүреміз. Кейде жол қысқарту мақсатында өз өмірімізден әңгіме шертеміз, бір сапарда Бақыт балалық шағы жайлы былай толғанған еді: «Мен үйдің кенжесімін, 1992 жылы мектеп бітірдім. Анам он бір құсақ көтерген еді, қазір үш ұл, бір қыз бармыз. Ең алғаш өнерге келуіме тікелей түрткі болған химия пәнінің мұғалімі, әдебиетші, тарихшы, өзі де өлең жазатын Нұрлан Құлмұхамбетов ұстазым мен домбыра үйретіп, сан түрлі жарысқа жетектеп апарған музыка пәні мұғалімі Мәулен Өмекеев ағайым еді. Уақыт өте келе қарасаздық Дариға Саламатова, айтыскер ақындар Даубай Әбдісаев пен Қасен Саматыровтар жол көрсетіп, жөн сілтеді. Аудандық қазақ тілі қоғамы төрағасының орынбасары, әдебиет­ші, ұстаз Тілеужан Сақалов айрықша ықылас танытып, бағыт-бағдар берді. Оқушы кезімізден Жұматай Оспанұлы, Оразалы Досбосынов, Дәулет Бақаев – бәріміз ауылдық, аудандық, облыстық айтыстарға бірге қатыстық. 1992–1997 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Театр және кино институтында оқып жүрген кезімде кураторымыз, профессор Бауыржан Нөгербеков: «Сен радиоға барасың», – дейтін. Сабақтан кейінгі талқылау отырыстарында Камал Смайылов­қа қаратып «Кәмеке, осы баланы радиоға орналастырайық, осы мәселе есіңізде болсын» деп, әзіл-шынын араластырып айтып отыратын. 1992 жылы Шарғын Алғазыұлын еске алуға арналған облыстық оқушылар айтысында, 1995 жылы ақын Еркін Ібітановтың 60 жылдығына арналған аймақтық айтыста жолым болып, бас жүлдеге ат міндім. 1997 жылы күз айында радио журналист Айжан Жарылқасынқызы радиоға жұмысқа шақырып, «Жастар» редакциясының жетекшісі Бақыт Досымов қостап, радио директоры Төрехан Данияр жұмысқа қабылдаған еді. 2001 жылы радиомен қатар, Ұлттық арнада қызмет жасай жүріп, 2003–2005 жылы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің магистратурасын бітіріп, журналистика саласына біржолата бет бұрдым.
Өзіңіз білесіз, Жүрсін Ерман өткізетін айтыстарға қатысып, сан түрлі жүлделі орындарға ие болып жүрген жағдайым тағы бар.
Әкем Жағыпар 1927 жылы өмірге келген, жас кезінен ол кісінің де көрмегіні жоқ, Қарағандыда ФЗО-да болған. Одан аман-есен елге жетіп, жылқышы болып, кейіннен қой бақты. Өте атқұмар, небір жүйріктің бабын білетін еді, домбыра шертіп, ыңылдап ән салып Мәдидің «Үшқарасын» үнемі айтып отыратын. Өзі өрімші, түрлі қамшылар өріп, ат әбзелдерін де жасап отырушы еді жарықтық. Ақжарқын, ақкөңіл, көпшіл, бірақ отбасылық тәрбиеде өте қатал адам болды. Есейе келе әкеме деген сағынышым көкірегімді кернеп, жыр шумақтарына айналды:

Менің жеті жасымда, әкем өтті өмірден,
Алғаш сонда қабырғам қақыраған, сөгілген.
Ақ кебінге оранған көріп жансыз бейнесін,
Бас сүйегін құшақтап көзден жасым төгілген.

Кетті осылай қоштасып, асқар тауым, қимасым,
Ишарамен сездірді бізді, өмірді, қимасын.
Қайран әкем көз жұмды 55-ақ жасында,
Науқас меңдеп аяқтан шешпеуші еді пимасын.
1983 жылы әкем 55 жасында науқастанып өмірден қайтты, ал анам Күлән Мұсақызы 1932 жылғы еді, он бір құрсақ көтеріп, елден қалдырмай бәрімізді тәрбиеледі. Жылқышының бәйбішесі емес пе, ұстаған қымызы, пісірген қаттама, таба наны Нарынқол өңіріне аңыздай тараған екен. 1996 жылы 63 жасында анам да Алланың аманатын өзіне тапсырды. Шешемнің тазалығын ауылдағы көз көргендер әлі күнге айтып отырады», – деді де жай үнсіз ғана, түннің сынық сәулесіндей өткен күндерін көз алдынан тізбектете өткізіп отырды.
Мұқағали ақынның туған ауылы Қарасазбен көрші, Шәлкөде ауылында үйінде де болып, дәм татып жүрміз. Өзімен тетелес ағасы Бағдат он саусағынан өнер тамған шебер ұста, 30 жылдан бері құрылыс саласында қызмет етіп келеді. Жанашыр қамқоршы әпкесі Гүлсімхан биыл 70 жасқа толады. Ағасы Ербол ауылдағы қара шаңырақты ұстап отыр.
Бақыттың қара сөзді қамырша илеген ақындығына келсек, ол өзінше бір әңгіме. Қатал өмірдің көкбұйра толқынында жүзіп, Хантәңірінің ызғарына ысылған жас ұлан мектеп қабырғасында жүргенде әкесінің қоңыр домбырасын жетімсіретпей Сүйін­бай, Жамбыл, Құланаян Құлмамбет, Бақтыбай, Шарғын, Көдек, Қойдымдар салған сара жолдың сүрлеуіне түсіп, ауыл, елінің тарихын жырына қосты. Ер жетіп қанаты қатайған Хантәңірінің мұзбалағы халықтың көкейіндегі шешусіз қалған күрделі мәселелерді тіл тұсауын ағыта, дауыл соқса да сөнбейтін шындықтың шырағындай жарқырата тайсалмай сахна төрінде төгілтіп талай рет айта білді. Мысалға:
Тәуелсіз ел болсақ та,
Шұбарланған тілің бар.
Мұнарланған күнің бар,
Тұманданған түнің бар.
Уахабизмі бастаған,
Буддизмі қостаған,
Күмәнданған дінің бар.
Саудаға түскен сәбилер,
Жат қолында шырылдар.
Анығын айтсам осыған,
Араша түсер кімің бар? –
деп буаз інгендей ыңқылдағандарға қарата замана шындығын ел алдында әшкерелеп, сүйектен сөзін өткізе, кесек турап кесіп айтты. Осы бір шумақ жүрекжарды өлеңінде қаншама мұң, қаншама зар жатқанын бағамдасақ болатын шығар.
Бақыт «Қазақ», «Шалқар» радиосындағы еңбегінде еліміздің әлеуметтік, мәдени жағдайын жақсартуда көптеген игі шаралар атқарып келеді. Тарихи тұлғалар туралы «Замана заңғарлары», адамгершілік, жақсылықты дәріптеу бағытында «Ағалардың алақаны», «Замандас», «Жас қалам» т.б хабарлар дайындады. Әріптестерімен бірге тікелей эфирдегі «Түнгі толқын», «Бар қазағым бір қазақ», «Сыр сандық», «Шамшырақ», «Қайыр­лы таң, Қазақ елі!» «Ән-Аманат» бағдарламаларын ел назарына ұсынды. Қазіргі уақытта дәстүрлі ән, жыр-терме, толғауларды насихаттау бағытындағы «Домбыра-Дастан» және «Темірқазық» поэзиялық бағдарламасын жүргізеді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастауымен 1921 жылы Орынбор қаласынан ақпарат тарата бастаған радиоарна қазір ел аумағының 90 пайыздайын қамтып отыр. Онлайн режімде әлемнің түкпір-түкпіріне хабарлар таратылуда.
Асыл қазынамыз «Алтын қорда» 20 мыңнан аса сағатты құрайтын 150 мыңға тақау жазбалар сақтаулы. Бар көне таспалар заманауи сантаңбалық жүйеге көшірілуде. Министрлікте, Президент әкімшілігінде абыройлы қызмет атқарған тәжірибелі, білікті де білімді маман Ләззат Танысбай «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы қызметін біраз жылдан бері жемісті атқаруда. «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Нұртас Көшеров бастаған ұжым қызметкерлері жұдырықтай жұмылып, алдыңғы буын ағалар ізін жалғастырып, заман талабына сай еселеп қызмет етуде. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдаулары, сонымен қатар мемлекетіміздің кемелдену жолындағы іс-әрекетері мен әрбір баяндамалары радио арқылы дәлме-дәл уақытында халыққа жетіп, насихатталып отырады. «Қазақ радиосының» 100 жылдығы қарсаңында Алматы студиясы ұжымының бастауымен радио ғимаратына ескертіш тақта ілініп, жанындағы аялдамаға «Қазақ радиосы» аты берілді. Бұл күнде аялдамада радио үні саңқылдап тұр. Осы үлкен шаруаларға Бақыттың қосқан үлесі өте зор. Ұлттық арна, радио журналистерінің әлеуметтік жағдайы біртіндеп шешіліп келеді. 2023–2024 жылы Журналистер күні қарсаңында Президентіміздің шешімімен біраз журналистер баспаналы болып, бұл үрдіс жыл сайын жалғасын табатын болды. Жігерлі жастарымыз ұлттық құндылықтарымыз, халқымыздың тәуелсіздігі, ел бірлігі жолында аянбай тер төгіп, Қазақ елінің жеткен жетістіктерін бар әлемге паш етуде. Осындай 1000 жылдық тарих, 100 жылдық өркениетке үлесін қосып, ақпарат майданында жүрген белгілі ақын Бақыт Жағыпарұлын ердің жасы 50-ге толуымен құттықтаймыз!

Қошан МҰСТАФАҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері,
Құрмет орденінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір