«АСПАНДА ҰШҚАН АҚ КӨБЕЛЕКТЕР»
Қазақтың көрнекті жазушы-драматургі Рахымжан Отарбаевтың «Шыңжаң әсемөнер фотосурет» баспасынан шыққан «Аспанда ұшқан ақ көбелектер» атты бір томдық таңдамалы әңгімелер жинағы арнайы Үкіметтік тапсырыспен он мың тиражбен қайта басылып шықты. Ондағы мақсат – жазушы шығармасын Қытайдағы қазақ қауымына түгелдей тегін тарату. Бұл Аспан асты елінде тұңғыш рет тәжірибеге еніп отырған шара.
Сонымен бірге, қытай тілінде шығатын «Мәдениет» журналында жазушы, аудармашы Еркеш Құрманбекқызының тәржімасымен, суреткердің бірнеше әңгімесі және «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері Сержан Тоқтасынұлының қытай тіліндегі «Р.Отарбаев прозасындағы психологизм мәселелері» атты мақаласы да жарияланған.
Ал Мәскеудің «Художественная литература» баспасы жазушының «Плач Чингис-хана» атты хикаят және әңгімелер жинағын жарыққа шығарды. Сонымен бірге, бұл жинақ 2015 жылдың қорытындысы бойынша «ТМД елдері әдебиетіндегі ең үздік кітап» номинациясын жеңіп алды.