«БОМЖ» СТУДЕНТ
16.09.2022
1247
0

Алматы деген қалада Есентай деген өзен бар. Барар жері, басар тауы жоқ студенттер қара суық түскенше, сол өзеннің бойынан пана табады. Анау орындықта үстіне биттің қабығындай әлденені жамылып, шалқасынан түсіп жатқан әлдекім солардың бірі болса керек. Аяқ жағына чемоданы мен жолдорбасын сүйеп қойыпты. Бір кезде ол да солай жатып еді-ау… Кейіпкерімізді айтамын.

«2017-2018 оқу жылы еді, – дейді ол. – Күз. Бір қабаттағы 8 бөлме бос болғанымен, бірталай студентке жатақханадан орын тимей қалған (оның ішінде кейіпкеріміз де бар. – А.Қ.). Дегенмен біз емін-еркін кіріп-шығып жүре беретін­біз. Қанша тексеріс келді «Үндемей тұра беріңдер» деп кетеді. Жиырма күннен астам уақыт сабағымызға сол жатақханадан барып-келіп, ойнап-күліп жүре бердік. Күндердің бір күні ойынымыз осылды. Факультетіміздің деканы (аты-жөнін жазбауымды сұрады – А.Қ.) жеті қараңғы түнде бәрімізді тырқыратып қуып шықты. Сондағы уәжі мынау: «Жатақхана сендерге о баста берілмеген. Бұл жерде қытай балалары тұрады». Жан-жақтан жабылып сұрақ жаудырамыз келіп:
– Олар бұған дейін қай жақта тұрып келді?
– Түннің бір уағында қайда барамыз?
– Маған жатақхана беріледі деп айт­қан, ағай. Мен төрт құбыласы түгел шаңырақтан емеспін.
– Маған да беріледі деген. Көп балалы отбасынанмын.
– Бүгін түнеп шығайықшы тым болмаса, қазір бос қой?
«Декан бұл сұрақтарыңа не деді?» – деп сұрадым кейіпкерімнен.
«Басынан бұрын әуелі құлағы бұры­латын деканымыз сол әдетімен бәрімізге бір қарап өтті де:
– Миымды ашытпаңдар! – деді. Содан соң күзетшіге қолын бұлғап: «Е, бала! Таңға дейін ауық-ауық келіп, тексеріп тұрамын. Біреуі кіреді екен – жұмыстан шығасың!» – дегенді қосты.
Кейін білдік, әлгі қытайлардың арнайы жатақханасы бар екен. Бірақ олар жақын жерде тұрғысы келіпті. «Олардың орнына біз бара қояйықшы» деп қаншама рет жалындық. «Бомждық» өмірімнің елесін алғаш сол кезде көрдім».
«Одан кейін не болды?»
«Бірнеше аптадан кейін достарым­ның қатарына 9-адам боп қосылдым. Солай, сол оқу жылын аяқтап, ауылға қайттым. Келесі оқу жылында басқа жоғары оқу орнына ауыстым. Ауылда жұмыс істеп тапқан 70 мың теңгем хостелдің екі айына ғана жетті. Бірнеше ай таныстардың, ағалардың, достардың үйін жағаладым. Әйткенмен олар көзін безеп, сөзін кезеп бітті. Кейбірінен ұялып өзім кеттім. Ал өздері әрең жан бағатын отбасымнан ақша сұрауға бет шыдамады.
Сенесіз бе, 5 мың теңгені бір айға жеткізетін мен үшін хостелдің 30 мың теңгесі дүниенің ақшасындай көрінетін. Ақыры, 2019 жылдың ақпан айының соңына таман далада қалдым».

«Екі айда қалай күнелттіңіз? 5 мың теңгеге бір ай тамақтану, жүріп-тұру мүмкін емес қой?»
«Кәдімгі қарақұмықтан (гречка) 5 кг және 1 қорап тұз алсаңыз, бір айға жетеді екен. Таңертең суды қайнатасыз да, 2 кесе қарақұмық саласыз, содан соң 1 қасыққа жетер-жетпес тұз себесіз. Жарты сағат күтсеңіз, бір күндік азығыңыз дайын болады. Кез келген бос құтыға су толтырып алсаңыз, өзіңізге жақсы (кімнен су сұрап жүресің?). Тама­ғыңыз бен суыңызды сөмкеңізге салып, қалаған жеріңізге жаяу бара беріңіз.
Қатты қуанғаным және сол қуан­ғаным үшін жылағаным есімде. Кейде күндіз Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына баратын едім. Кітап та оқимын, ұйықтап та аламын. Зеріксем, сыртқа шығамын. «Жамбылдың» артында қоқыс контейнері бар. Ал менің қарным аш еді. Орындықта отырмын. Подъезден әлдекім шығып, қоқыс жәшігінің қасына торттың қорабын қойды. Әлгі кісі кеткен соң барып қарап едім, төрт тілімі қалған екен… Қарным тойғандай болды (көзіне жас алды).
«Сіз айтып отырған мезгілде күн жыли қоймайды. Қайда түнедіңіз? Сабаққа қалай бардыңыз? Тамақты қайттіңіз?»
«Сабақ жайлы айтпасаңыз да болады. Қолымда смартфоным бар еді. Түнімен көше кеземін де, таң атысымен «Райымбек батыр» метробекетінің алдында тұрамын. 80 теңгемен кіріп, «Мәскеу» бекетіне дейін ұйықтап аламын да, «Соңғы аялдамаға келдік» деп әлдекім оятқанда қайтадан «Райымбек батыр» бекетіне баратын метроға отырамын. Осылай күн де батады. Күн батысымен ағалар «қонаққа» шақырады. Онда барсам, «ақмағамбеттен» алуыма тура келетінін білемін, барғым келмейді. Бірақ, түсінесіз бе, «ақмағамбеттен» алсаңыз, тіске басары да жанында тұрады ғой. Демек, ішіңе аз да болса ел қонады. Айтпақшы, қайтарым теңгелерін маған береді. Мен метроға… Бір ай осылай өтті.
Түннің бір уағында қала кезіп жүріп, бір досыммен кезігіп қалдым. Ол да мен сияқты «БОМЖ» екен. Бір-бірімізді айтпай түсіндік. Сөйттік те, ол тұрып жүрген тастанды дүкенге бет түзедік.
Тұрағы тас қараңғы. Телефонның жарығымен көрдім, жоғарырақта темір төсек бар екен.
– Сен осы диванға ұйықтай бер, – деді досым. – Мен жерге жата саламын.
Ол цементтелген еденге азғантай киімдерін қабаттап төседі де, курткасын жамылып жатып қалды. Мен курткамен құлай кеттім. Сыз сіңген, жатқан бойыңда-ақ арқаңды қаритын темір төсекке. Жатпаймын деуге менің қамымды ойлап, қара суықта цемент еденде жатқан досымнан ұялдым. Сөйтсем, ол мына суыққа шыдай алмай көше кезген екен ғой…
Анда-санда бір баратыным болмаса, сабақты ұмытқалы қашан!
Кешіріңіз, бірді айтып, бірге кетемін. Сол досым екеуміз бірге тұрғанда күніге бір нан, 2 литр суды бөліп ішіп-жейтін­біз, қарнымыз тоймай қалды деген әңгіме болмайтын».
«Оқуды ұмытқан екенсіз, аулыңызға кетіп қалмадыңыз ба?»
«Шешем үнемі: «Мешкей деген жақсы атақ емес», – деп отыратын. Ендеше, ауылға қай бетіммен бармақпын? Одан қалаберді, қалтам тесік. Құдай алмаған соң, әзір жүре беруім керек шығар деп түйдім».
«Содан кейінгі күндеріңіз қалай өтті?»
«Осылай тағы бір айды ұзатып салдық. Досым екеуміз бір-біріміздің жанымыздан екі елі қалмаймыз. Айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қалмады. Сөйтсем, ол футболға қызығады екен. Қызығып қана қоймайды, өте жақсы біледі. Тарихты, географияны айтқанда да кез келген кісіні жолда қалдыратынына сенімдімін. Айтайын дегенім басқа.
Кенет басыма бір ой келді. «Смартфонымды ломбардқа өткізіп, ақшасын бәске тіксем, екеуміз жылы хостелде тұрамыз ғой!». Солай жасадық та. 5 мың теңгені 20 мың теңге қылдық. «Шош­қаға да бір мейрам», екеуміз асханадан лағман жеп, қонақ үйдің бір бөлмесін жалдадық. Қалтада 15 мың қалды. Тағы да жеңдік. Кейде ұтып, кейде ұтылып, ақшамыз хостелге жетпей-ақ қойды. Бірақ он шақты күн қонақ үйде жатып мәз болдық. Сол уақытта сабағыма да бардым».
«Азарттық ойындарды көп ойнадыңыз ба?»
«Солай. Соңында смартфон лом­бард­та қалды. Мен шыдай алмай емтиханға 1-2 апта қалғанда ауылға кеттім. Алматыға 46 кг болып келіп едім, ауылға 36 кг болып бардым».
«Оқудан шығып қалмадыңыз ба?»
«Екі рет шыға жаздап барып, қалдым. Қазір оқу бітірдім. Үйленгем, балам да бар. Несібе ақ құдайдан, жұмысым да өзіме ұнайды. Бүгінгі студенттердің жай-күйіне алаңдаймын. Сізге келіп сыр ашқанымның себебі – осы».
«Неге?»
«Жатақханасы немесе тұрғылықты жері жоқ студенттен жақсы маман шығады» дегенге сенуден бұрын, адам болып қалыптаса ала ма деген сұрақ ойлантады. Мәселен, мен осы екі жылдың ішінде арақкеш те, құмарпаз да, БОМЖ да болдым. Оқуымды аяқтасам, ол – жақсы кісілердің арқасы. Ал бәрінің алдынан жақсы кісі жолыға береді деп ойлайсыз ба? Олар не оқуын тастайды, не құмарпаз болады, не арақтың соңынан кетеді, болмаса оқуы аяқталғанша, созылмалы гайморит, созылмалы танзилит, я созылмалы буын ауруларын «жамап алады». Бойын суық алса, тісін айтпағанда, ішкі құрылысынан сау жері қалмасы тағы анық.
Метролардан, бақтардан ұйықтап жатқан студенттерді көп байқаймын. Менің студент кезімде Қазақстан «ескі» еді. Қазір «Жаңа Қазақстан» боламыз деп жатырмыз. Ендеше, «Жаңа Қазақстан» болашаққа «БОМЖ-бен» бармақ па?»

P.S. Биыл, 1 қыркүйектегі жолдауында президент: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады» деген еді.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев: «Елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Ал студенттерге жатақхана жетіспеушілігі 85 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни 85 мың қыз-жігіт пәтер жағалап жүр. Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтанда – 17 мың, Шымкентте – 10 мың студентке орын қажет», – дейді.
Ал Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев болса, қазіргі уақытта жатақханадан орын жетпеген 7213 студент қаладағы қонақ үй мен хостелдерде тұрып жатқанын айтты. «Әр студент айына шамамен 30 мың теңгеден төлейді, қалған 30 мың теңгесін университет өз мойнына алады. Кейбір жоғары оқу орындары шәкірттерін далада қалдырмау үшін өзара келісіп, хостелдерді бір жылға жалға алып үлгерді. Біз әкімдік тарапынан қонақ үйлермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Тым болмаса, пәтер нарығы тұрақталғанша, студенттерді 3 ай қонақ үйде тұрғызуын сұрап отырмыз», – дейді ол.
Алайда халық алаңдаулы. Кейбір жастың аузынан: «Өздері қиратып алып, болашақ сендердің қолдарыңда», – дейді, бізге оның не керегі бар?» – деген сөз де шығып жүр.
Шынымен біздің қолымыздан «сенікі дұрыс» дегеннен өзге не келеді?..

 

Әңгімелескен Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір