КЕҢІСТІКТЕ КӨЛБЕЙ ҰШҚАН БІР ӘУЕН…
Үрімжі шаһарында болған сапарымда сол елдегі қандас қаламгерлермен кезігіп, мәслихат құрдым. Жас ақын Шалқар Қаныкей өлеңдері назар аудартты. Тіл тазалығы, сезім сыңғыры, ой орамы Шалқар жырларының табиғатынан хабар береді. Асқар Алтайдың алқасындай Буыршын баурайындағы Егізтөбеде дүниеге келген оның:
Тілегім адал, таңданба,
Жазуың қиын жыр отты.
Атылған жанартауларға
Суарып алмай жүректі – деп жырлауы заңдылық.
Атамекеннен жырақта жүрген Шалқар бауырыма шалқар шабыт тілеймін.
Ғалым Жайлыбай.
Шалқар Қаныкей
* * *
«Адам Ата – ақын» дейді, бұл – аңыз,
Аңыздарда ақиқат бар ұғамыз.
Жігіт алғаш жырға қосқан шығар-ау,
Ал, Хауана болса сұлу бұлақыз.
Мың жылдықтар… өң мен түстің арасы,
Бәріне аң-таң енді адамзат баласы.
Адам Ата айтқан асыл жыр да жоқ,
Жоқ және де жер бетінде моласы.
Баяғыдай атқанымен күліп таң,
Тамырында аққанымен тұнық қан.
Жапырақ-жыр, топыраққа айналып,
Кетті ме екен бірақ оны кім ұққан?!
Мәңгі жұмбақ жазуы мен тіл, діні,
Жаратқаны жырдан қандай үлгіні.
Бәрін қойшы, ақын екен әйтеуір,
Жер шарының ең алғашқы тұрғыны.
Бәлкім, жатқа білер ме екен тау, дала,
Сол жыр ма әлде біз сімірген таңғы ауа.
Қылыштасқан қиялдарға елші боп,
Түнеріп бір жүрер едім аулада.
Ойларыммен арпалысып бүгін де,
Елітемін кеудемдегі дүбірге.
Адам Ата сияқтанып түбінде,
Жыр жазардай табиғаттың тілінде.
«…Адам Ата – ақын» дейді, бұл – аңыз.
* * *
Бір тәтті сөз оралар деп таңдайға,
Өлең ойлап жүргеніміз қандай бақ!
Адамзаттың ең алғашқы ақыны,
Болу біздің жазылмапты маңдайға.
Сілтей білген қаламды да, семсерді,
Махамбетше биік ұста еңсеңді.
Ол да бізге бұйырмайтын бақ сірә,
Адамзатта ақын болу ең соңғы.
Оған бола отыра алман сарқылып,
Жанарымда күннің нұры, жарқылы…
Ең алғашқы және соңғы ақындар,
Тілдесердей түбі біздер арқылы.
Жанымдағы жанартаудай, жалынды, ал,
Тілегімді жыр тәңірі қабылдар.
Кеше менен келешектің арасын,
Өлеңімен жалғап жатқан тамырлар –
Заманның зарлы ақындары!
* * *
Сұлтанмахмұт, Сәттар мен,
Төлеген, Артығалиды
Әкеткен арғымақтармен,
Не десем екен пәниді.
Дүниеге бізден ерте кеп,
Ертерек кеткен шайырлар.
Ере алмай сендерге еркелеп,
Елеусіз жүрген жайым бар.
Арбайды әккі-жасанды,
Заманым мынау қабылан.
Тұрармыз аман қашанғы,
Тулатпай ұстап жалынан.
Тілегім адал, таңданба,
Жазуың қиын жыр отты.
Атылған жанартауларға,
Суарып алмай жүректі.
Аламан десе ағылар,
Басымда дүлдүл дәурен бар.
Жырламай кетсем ауырар,
Жұдырықтай-ақ әурем бар.
Өзекті шалған от мынау,
Оған да қайда мәңгі орай.
Дүлдүлдей шауып өттің-ау,
Дүлдүлдерден де дәурен-ай.
ТЕРЕЗЕ
…Алатауға қарайды бір терезем.
Қадыр Мырза Әлі.
Шер, наласы шексіздікпен тұтасқан,
Шекарасыз өлеңімді күт, аспан!
Күн шығарда киіз үйдің түңлігін,
Бақан алған қол емес, бір құт ашқан.
Сары жайлау таңы жұпар, ән кеші,
Көне дәуір тәуір шығар әлде осы.
Ұлы Абайға аспани жыр сыйлаған,
Шаңырақтан түскен күннің сәулесі.
Электрдің жарығы емес, сам жаусын,
Шіркін, дүние жалған десе жалғансың.
Түрмедегі Ақыт, Мағжандар үшін,
Сығаларлық жалғыз ғана саңылаусың.
Қаламнан құс қалықтаса жүз қатар,
Салтанатты сарайың да бізге тар.
Төрт қабырға терезе боп кетсе де,
Сол бір әйнек тастай суық – мұздатар.
Тауға мейлі тік ұшақпен көшер ел,
Дәл осылай дегенімді кеше гөр.
Қайтем, ұлым шаңырақты көргенде,
Киіз үйдің терезесі десе егер.
Теңеулерін тереңінен қазатын,
Айналайын, нағыз ақын – аз ақын.
Адал, аңғал сезіміңді аяймын,
Терезенің алдында өлең жазатын.
ҰЛЫМ АЙМАУЫТҚА
1
Қаламымның ұшына мұң байланып,
Өлең жазып отырамын ойланып.
– Әке дей ме, әкел дей ме, әйтеуір,
Қағазыма таласады Аймауыт.
Дәптер дайын болады оған – жарайды,
Содан кейін қаламыңды қалайды.
Алғаш әріп таңбалауды үйреткен,
Әкесіне қарындаш та қолайлы.
Сен сәбисің, айтар едім талай сыр,
Пысық жігіт атанбай-ақ орайшыл.
Қимасы бол адал ізгі жандардың,
Ал өмірді қалай сүйсең солай сүр.
Әулет емес Алашқа бол ортақ ұл,
Ақындыққа әуестенсең қорыта жүр:
Домбыраны сабалап кеп айтыспай,
Ақ қағазға таңбаласаң сол тәуір.
Саған сөз де естіртпеспін күйкі, сұм,
Айналайын кім болсаң да күй түсін.
Оятарсың мызғыған мың жүректі,
Түнде анаңның ашқан сәттей ұйқысын!
2
Қазақ осы қонақ-құт қызыр дейді,
Келе берші он, жиырма… жүзің мейлі.
Бір қиыны қалада үй тарлығы,
Бір тәуірі қонағың үзілмейді.
Аймакең де бағады-ау қас-қабақты,
Алдыменен тұрақтап басқа жақты.
Бірер минут өткізіп «батырекең»,
Өзі күте бастайды жас қонақты.
Бір иіскеуге келеді таяп маған,
Өнерімді мен қалай аяп қалам.
Ол қонаққа былдырлап «бай зе» дейді,
Мен «май же» деп аударып бәйек болам.
Ойынының болғанмен үлгісі көп,
Мойынға қол артады мінгісі кеп.
«шүу» деп созып жіберіп құлағыңнан,
Құлын болып алады бір кісінеп.
Өстіп бүлік салып ап қиқар тағы,
Кірпігіне ақырын ұйқы артады.
Ал әкесі аяқтап бір өлеңін,
Әдетінше азырақ күй тартады.
ЭЛЕГИЯ
Мен өлгенде көз жасыңды төкпе, сен,
Төмендетіп бағамды.
Қарасаңшы, қарлығаштар көкте сол,
Өлеңдетіп барады.
Жабыққанда жанды сырқат жегелі,
Көк теңіз боп айтқан наз.
Саған жазған әнді шырқап келеді,
Көктем іздеп қайтқан қаз.
Мен мекендеп қалам тылсым бір тауға,
Алау арман аты – мұң.
Ақ қаздарға қосылып ән шырқауға,
Бара алар ма батылың?
Бейіш – далам сүйем қурай қамысын,
Әнім мөлдір бүгін де.
Сөйлейді бір таныс тұлға, таныс үн,
Домбыраның тілінде.
Мен өлгенде көз жасыңды төкпе, сен,
Төмендетіп бағамды.
Қарасаңшы, қарлығаштар көкте сол,
Өлеңдетіп барады.
ҚАСИДА
Тіліңді алғаш тапқан екен қай саңлақ,
Беу, домбыра, шанағыңнан ой самғап –
Көмейіңнен күміс өзен аққандай,
Саз саулатты-ау саусақтарым майсаңдап.
Атақты Алтай тауларындай асқақ ем,
Мені сендей баурамайды басқа әлем.
Ең әуелі бір күй тартып жібермей,
Саған арнап жазу қиын жақсы өлең.
Әдемі жан жанарынан күн сөнбе,
Тағдырымның бір бөлшегі жүр сенде.
Бақытты күй кешуіме тәп-тәуір,
Жетіп жатыр сәл жымиып күлсең де.
Мақтанышпен мадақтаған боз далам,
Сен сезімсің алаулаған, маздаған.
Сұлулық пен салауатты сендегі,
Ханның ерке қызына да жазбаған.
Сен еркемсің, сен көркемсің, дегенмен,
Бір жаңа сөз тапсам деймін тереңнен.
Бұрымыңды бестемшелеп өрсем бе,
Шашбау қадап өңкей маржан теңеуден.
Жүрегіңе бастап барса жол әні,
Жұлдызым да тұрар еді жоғары.
Мен сен жайлы ең бір асыл жырымды,
Ұйқассыз да жазуыма болады.
* * *
Сағынған сияқтымын сірә сені,
Бар ма екен осы дерттің сұрашы емі.
Омалып теңіз ойдың жағасында,
Оңаша отырғаным рас еді.
Жететін ешкім де жоқ сезім жалғап,
Кететін кескін де жоқ көзіңді арбап.
Қандай ауыр сөз еді, қандай жеңіл,
Сені ұмыттым дегенім өзімді алдап.
Қалайша ұмытуға дәтім шыдар,
Жүрегімде ар, иман ақылшы бар.
Өзіңді ойламаған бір таң атса,
Мәңгілік қалғып кеткен сәтім шығар.
* * *
Жырдан көркем жан екенсің текті асыл,
Жүрегіме жағып кеттің от жасыл.
Білгендеймін жолығарыңды өзіңнің,
Бұрын да өмір сүргендеймін көп ғасыр.
Бұрын да өмір сүргендеймін, қай дәуір,
Онда арнап жазбаушы едім айға жыр.
Сені жырлау үшін қайта дүниеге,
Келгендеймін құйып алып ойға нұр.
Сені жырлау үшін келсем сірә мен,
Өз қалпынан өзгермесе мына әлем.
Бір ұлы сөз айтылады күн ертең,
Кеңістікті көлбей ұшып бір әуен.