«АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ…»
24.08.2022
811
0

Туыппын толғағы мол теңізде мен,
Теңізбен жаным менің егіз дер ем.
Өмірдің теңізіне сапар шегіп,
Өлеңнің толқындары, сені іздеп ем.
(Шөмішбай Сариев).

Ұлы ақынға ұқсастық

Шөмішбай Сариев десе, бірқатар ерекше жайттар еріксіз еске түседі. Атап айтайық па? Адам жатырқамайтын, ешкімнің көңілін қалдырмайтын ақкөңіл азамат екендігі… Жұрт жүрегінде жатталған, жиын-тойларда жаппай шырқалатын әсерлі әндердің сырлы сөздерінің айтулы авторы екендігі… Сондай-ақ оның кескін-келбетінің әлем әдебиетінің классигі, поэзия падишасы Пушкинге қатты ұқсайтындығы…
Өз басым осылардың ішінен үшінші ерекшелігіне ертерек назар аудардым-ау деймін. Теледидардың өмірге ене бастаған жылдарында қаламгер атаулы мерзімді басылымдар арқылы ғана танылатын. Шөмішбай Сариевтің ойлы өлеңдері де Алматыдан шығып, араға екі-үш күн салып ауылға жететін газет-журналдар арқылы баршаға мәлім болды. Поштаның мүлтіксіз жұмыс істейтін заманы қаламгерлердің танымалдығын қамтамасыз етті. Қап арқалаған қарт пошташы аудандығы бар, облыстығы бар, республикалығы бар, бір буда басылымды қолыңа ұстатып кетеді. Бергеніне ол мәз, көргеніңе сен мәз… Су жаңа газеттерді шетінен қарай бастағаныңда арасынан сау етіп, мұқабасы жылтырақ бірді-екілі журнал түсе қалады. Сол басылымдармен бірге талай туынды сенің үйіңе келеді. Талай ақын-жазушы өзіңмен шығармасы арқылы қауышып, құт қонған қасиетті шаңырағыңа «сәлем» береді. Сен оны бірден танисың. Жатырқамайсың. Өз әлеміңе еркін енгізесің. Жаныңа жақын тартасың. Жазған дүниелерін миыңның мүйіс-мүйісіне ұялатып тастайсың. Сара сөзін санаңа құясың. Дара сөзін жадыңа жазасың. Дәлірек айтсақ, қара сөзін қат­тайсың, өлең сөзін жаттайсың. Сөйтіп, ол сенің өміріңнің бөлінбес бөлшегіне айналады. Біз де қазақ поэзиясында айрықша із қалдырған арқалы ақын Шөмішбай Сариевпен осылай таныстық.
Ол кезде қалам мен қағазға құмартқан кез келген бала «Жалын» мен «Жұлдызды» оқиды. Екеуі де журналдың төресі. Қазақтың ең мықты ақын-жазушыларының шығармаларын солардың ішінен табасың. Тіпті бұл туындылар кітап болып шықпай тұрғанда-ақ алдымен осы екі басылымның бірінде жарық көреді. Біз де сол журнал кеміргіштердің қатарынан едік. Ең алғаш бұл ақынның бойы мен сойын емес, сырбаз кейіптегі суретін көрдік. Сол «Жалынға» шықты жарқырап. Кезекті өлеңдер топтамасы жарияланды. Суреті үш-төрт бетке жайылып жатқан топтаманың төбесінде тұр. Көрдік те таңғалдық. Орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинге қатты ұқсайды екен. Ұқсағанда бар ғой, жүдә, аузынан түсіп қалғандай. Құдай біледі, орыс поэзиясының алыбы Александр Сергеевичтің өз балалары өзіне бүйтіп ұқсамаған шығар. Дудыраған шаш, қалың қас, самайдан бастау алып, иекке жақындап келіп құлай кететін қою сақал. Оның әйгілі ақыннан аумайтындығы талай ақын-жазушылардың тіліне тиек болды.
Әдеби көштің
Әулетін сынап жүрсің сен!
Формасы – Пушкин,
мазмұны – сұрақ… кімсің сен? –
деп Жарасқан Әбдірәшевтің эпиграммасында айтылғандай, сырт-сықпыты орыс әдебиетінің классигін көзге елестететін ақын өлеңінің қызуын түсірмеуге тырысты. Ақынмен университетте бірге оқыған журналист-жазушы Дәулет Сейсенов бірде былай деп жазды: «Соңғы курсқа тақағанда ұлдардан біреу, қыздардан біреу ғана поэзия патшалығына адалдығын сақтап қалды. Сол екінің бірі – Шөмішбай Сариев еді. Ол ақындық болмысымен де, түр келбетімен де орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкинге ұқсайтын-ды. Тіпті бакенбард қойып алған соң көшеде қарсы кездескендер бұрылып қарап жататын».
Солай екені анық еді. Алматыға келіп, студент атанған шағымызда Шөмішбай ағамыздың өзін де кездестірдік. Александр Сергеевичті кім көріпті, бірақ оның елге танымал бейнесі мен қазақ шайырының сол жылдардағы сырт келбетінің үйлесімділігі талайды таңдай қақтырғаны рас-ты. Оның есімі айтылса, Алматының өлеңсүйер қауымы «Е, ана Пушкиннен аумайтын бакенбардты ақын ба?» – деп, елеңдесіп қалатын.
Тағы бір қаламгер Жұмат Әнесұлы жазған естелікке үңіліп көрелік. «Бүгіндері заман ағымына орай Шөмішбаймен сирек кездесетін болғандықтан оның бұйра шашын қайтып бара жатқан Арал теңізінің желі тербеп, туған жерінің тағдырына касқайып қарап тұрған бейнесі жиі елестейді. Шөмішбайдың бакенбарды бар, қырынан қарағанда Пушкинге ұқсайды. Содан ба, дос көңілі әрқашан Шөмішбайды ұлылықтың желі жебеп жүргей деп тілейді», – дейді автор.
Бірақ Шөмішбай ақын Пушкинге түр-сипатым келіңкірейді екен деп ешқашан астамсыған емес. Әдепкіде жастықтың желігімен ептеп еліктесе, еліктеген шығар, бірақ өмірде де, өлеңде де өз келбетін сақтады. Жарасқан ақын атап көрсеткендей, формасы Пушкин, ал мазмұны бөлек болды. Ол Пушкиннің де, ешкімнің де жолын шиырламады. Өз бағытын тапты, өз соқпағына түсті, өз биігіне шықты, өз қолтаңбасын қалдырды, өз бағасын алды. Мұқағалидың: «Қалқам, мен Лермонтов, Пушкин де емен, Есенинмін демедім ешкімге мен. Қазақтың қара өлеңі құдіретім, Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген», – деген ұстанымын, Жұмекеннің: «Сөз еттің-ау Пушкинді тағы маған, Өзге жұрттың дейсің ғой бәрі надан» немесе «Мазалама Пушкинді, менің үшін, Жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам», – деген тұжырымын ту етіп көтерген Шөмішбай Сариев қазақ поэзиясында өзіндік орны бар танымал ақынға айналды. Ел қадірлеген екі ағасының ізімен мынадай өлең өрді:
Кейінгі алдыңғыдан аңсар мейірім,
Әзілдеп білдіргендей кәусар пейілін.
Қояды ағаларым: «Пушкинбай» деп,
Мен енді Шөмішбай боп қалсам деймін.
Шынында да солай болды. Бір кезде оны Пушкинге балағандар аға буынның санатына қосылды. Кейінгі жастар қазақ ақынының жас шағын көрген жоқ. Есейе келе оның өзінің де сырт келбеті орыстың ұлы ақынының белгілі бейнесінен едәуір алшақтаңқырап кетті.
Шөмішбай Сариев Александр Пушкиннің жасынан екі есе артық ғұмыр кешіп, жетпіс бес жасына санаулы айлар қалғанда дүниеден озды.

Ең ерекше есім

Қапылы қапы кеткен қайғы есімде,
Қалады арғымағым қай көшімде?
Бара­ды құйғып-ағып өлең-тұлпар,
Өмір­дің жорға жарыс бәйгесінде.
(Шөмішбай Сариев).

Баяғыда мектепте оқып жүргенімізде «Жалында» жарық көрген өлеңін алғаш оқып, тағы бір көңіл аударғанымыз – ақын есімінің ерекшелігі еді. Шөмішбай… Біздің Аралда да Шөміш станциясы, Шөміш көлі, Шөмішкөл ауылы бар еді. Сірә, осы төңіректің жігіті шығар… Тура солай болды. Өлеңдеріне қоса берілген қысқаша өмірбаянында жазулы тұр екен. Бұл бізге қатты әсер етті. Сол жылдарда жырларымен жасын ойнатып тұрған тегеурінді екі ақынның біздің Аралдың жігіттері боп шығуы ой-санамызға мақтаныш ұялатты. Екеуі де ақжал толқынмен алысып өскен асау теңіздің перзенті екенін өмір бойы дәріптеді. Аманөткел ауылында туған Жарасқан Әбдірәшевтің де, Шөміш станциясында туған Шөмішбай Сариевтің де ақындық «мені» жоғары болды. Өздерінің қабілет-қарымына сүйеніп, оқырмандарына өлең өлкесінің биігінен тіл қатты. Алғашқысы: «Өмірде де, өлеңде болдым ашық, Тамырымды талайлар көрді басып. Бердім жауап мынадай сауалдарға: – Аты-жөнің? – Жарасқан Әбдірәшев», – деп толғап, екіншісі: «Қанатымын жыр атты ақиықтың, Жаңа бетін ашатын тарихтың. Танысалық, кел бермен, келер ұрпақ, Ақыныңмын! Шөмішбай Сариевпін!», – деп түйіндеп, өздерінің поэтикалық декларацияларын жариялады.
Шөмішбай аға өз өлеңдерін бір кезде Шалқар Сарин деген бүркеншек есіммен шығарып тұрғаны да есімізде. Бұл елеулі есім әдеби псевдоним ретінде Жазушылар одағы мүшелерінің анықтамалығында Шөкеңнің өмірбаянына қоса берілетін. Қолтықтасып қатар жатқан Арал мен Шал­қардың бір-біріне жаттығы жоқ. Сондықтан ақиық ақын осы бүркеншек есімді шын көңілімен қалаған болуы мүмкін. Тіпті Шөмішбай аға Жұмагүл жеңешемізбен де Шалқармын деп танысыпты. Бірақ қазақ поэзиясында ол лақап атпен емес, өз атымен барынша танымал болды. Белгілі бір өлең сүйгіш жандардың ғана есінде қалған Шалқар Сарин ұлт жырының айту­лы өкілі Шөмішбай Сариевке жол берді.
Ақын өз есімінің сырына үңіліп, өмір­бая­нын өзек еткен толғамдарын да өлеңмен өрді:
Атымды Шөмішбай деп қойған екен,
Есімім, өзің жайлы ойға кетем.
Ойыммен Аралымды он айналып,
Сырыммен дарияны бойлап өтем.

Атымды қойған екен, теріс демен,
Станция – ел-жұрт бар Шөміш деген.
Көл де бар Шөмішкөл деп аталатын,
Ежелгі атажұртқа қоныс мекен.

Қалжыңның оты сөнген жоқ қой әлі,
Әзілдеп құрдастарым от қояды.
«Елді мекен бар екен өз атыңда,
Өле берсең болады», – деп қояды.
Шөмішбай ағаның есіміне қатысты тағы бір мысал келтірейік. Мен 2008-2009 жылдарда «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы боп қызмет істедім. Сол күндердің бірінде академик Зейнолла Қабдоловтың жан жары Сәуле апайдың күнделігі қолыма тиді. Бұл Алаш ардақтысының ғибратты ғұмырының соңғы жеті жылындағы қимас сәттер көрініс тап­қан әсерлі жазбалар еді. Біз естеліктерді серіктестікке қарасты «Ана тілі» газетіне «Емен-дағы құласа, – бетеге екен, Дара туған тұлға да өтеді екен» деген тақырыппен екі-үш ай бойы жарияладық. Келесі жылы Сәуле Қабдолованың көлемді күнделігін «Көрген түстей, сағымдай…» деген атаумен жеке кітап етіп шығарудың реті келді. Осы жинақты дайындау барысында қадірлі Сәуле апаймен күн сайын жүздесіп, пікірлесіп отырдық.
Сәуле Төлеуқызының өз қолыммен алдымен басылымға, кейіннен баспаға әзірлеген сол күнделігінде мынадай елең еткізетін жолдар бар: «11 қараша, 2004 жыл. Бейсенбі күні түсте бардым. Көзі ашық, бәрін біліп жатыр. Бас жағында транзистор тұрған. Бір кезде Зекеңнің «Шөмішбай», – дегені. Жан-жағыма қарасам, ешкім жоқ. Сөйтіп, Зекеңнің тілі шықты. Қуандым. Бәрін түсініп жатыр. Қуанып, табанын кеудеме бастым. Реңі бұзылып, жасып қалды. Көп нәрсені ойлап жатыр ғой».
Бұл сәт бүкіл елдің көңілін толқытты. Себебі, Зейнолла Қабдоловтың ауыр нау­қасқа шалдығып, бірнеше ай бойы тіл қатпағанын, кейін өз-өзіне келгенімен, дертке қайта дес бергенін жұртшылық жақсы білетін еді. Ақынның атын атап, тіл қатып, содан соң оңала бастаған академиктің сол сәттегі ахуалы баяндалған тұс оқырманға айрықша әсер етті.
Заңғар Зекең неге Шөмішбай ағаның есімін атады? Неге басқаны емес? Осыған орай Сәуле апай былай дейді: «Бөлмедегі транзистордан Шөмішбай Сариев өлең оқып жатса керек. Сау кезінде күнде бетінен сүйіп жүрген ақын інілерінің бірі ғой. Соған елең етіп, тілі шығып, сөйлеп кетті. Зекеңнің жақсы көретін Шөмішбайы еді. Кейін бұл жөнінде ақынның өзіне де айттым». Сонымен, ұзақ уақыт сөйлей алмай, құмығып жатқан Зейнолла Қабдоловтың беті бермен қарап, елмен тілдесуіне Шөмішбай ақынның ерекше есімі себеп болды.
Ерекше есімді ақын еліне еркелеп, шабыттанып, ширығып, ақ жауындай жыр селдетті де жүрді. Еркелесе де, қанағатшылдығынан айырылған жоқ. «Өзендер таудан аққан мұрсат алып, Кей жұлдыз бір жарқ етіп, бір сәт ағып. Өмірде көргеніңнің бәрі қызық, Күн аман, Ай орнында тұрса жанып…», – деп тәубасынан танбай, тіршілігіне шүкіршілік етті.
Өйткені оның тек-табиғаты, болмыс-бітімі сондай еді.

Сиқырлы саз,
сырлы сөз

Сапарды ұзақ-алыс салғасын ба?
Кеменің мүшкіл халі бар басымда.
Толқиды алай-дүлей толқын өмір,
Тіршілік теңізінің арнасында.
(Шөмішбай Сариев).

Шөмішбай Сариев лирик ақын ретінде де, ән мәтіндерінің авторы ретінде де танымал болды. Әнге бейімдеп сөз жазу оңай емес. Әуеннің өзін құлпыртып жіберетін тіркестер болады. Ән мәтіннің, мәтін әннің бағын ашады. Бүгінде Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған әндер көгімізде қалықтап тұр. Қандай әндер дейсіз бе? Міне, қараңыз: «Айналдым сенен, атамекен-ай», «Қарағым-ай», «Сарыарқа», «Сағындым, сағым жылдар», «Бозжорға», «Өкінбе сен», «Аяулым», «Сәлем саған, туған ел», «Ойлан, балам», «Ғашықтар жыры», «Аралдан ұшқан аққулар», «Сағынышым – туған үй», «Еркеледің сен», «Дос керек», «Домбыра», «Сен мұңыңды бер маған», «Жусан иісі»… Жететін шығар. Бұл туындылардың авторлары да осал емес. Қазақ жұртына белгілі композиторлар Жанбота Тұяқбаев, Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджанов, Владимир Питерцев, Гүлнәр Дәукенова, Бейбіт Оралұлы, тағы басқалар Шөмішбай ақынмен тығыз шығармашылық байланыс орнатты. Әсіресе Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариев тандемінің жөні бөлек. Айдынды Арал мен қазыналы Қазалының қос жігіті өнердің өрінде қос арғымақтай көсіле шапты. Екеуінің жарасымды бірлестігінен әдемі әуендер өмірге келді. Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған әндер бүкіл қазақ жұртын әлдиледі. Әлдилемегенде ше?! Өйткені бұл туындыларды қазақ өнерінде айрықша қолтаңба қалдырған Роза Рымбаева, Мәдина Ерәлиева, Нағима Есқалиева, Досқан Жолжақсынов, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, Сенбек Жұмағалиев, Нұрлан Өнербаев, Жұбаныш Жексенов, Сүлеймен Ибрагимов, Бауыржан Исаев, Толқын Зәбирова сынды танымал әншілер беріле шырқап, жұртшылықтың жүрегіне жаттатты. Әншіге қонған ән деген ұғым бар. Бұл әндер аталған өнер шеберлерінің табиғатына толық сай келді.
Жақсы ән мәтіндері не тұтас, не жекелеген тіркес күйінде құлағыңда қалып қояды. Әуені мен сөзін ұнатқан адам ертелі-кеш ыңылдап айтады да жүреді. Егер бүкіл жұрт жиын-тойларда жаппай әуелетсе, ол туындының халықтық әнге айналғаны. Отырыс қызған шақта біреу әндетіп бастаса, қалғандары бірден іліп әкетсе, бұл әннің ғұмыры ұзақ болады деген сөз. Шөмішбай ағаның сөзіне жазылған дүниелер де сондай өміршең еді. Мәтіннің әрбір сөзі, әрбір тіркесі қалың қазақтың санасына сіңді. Мәселен, «Кең далам, толғанайын, толғайын, Домбырам қолға алайын, жырлайын» («Айналдым сенен, атамекен-ай»), «Қарағым-ай! Қиылып, үзіліп қарадың-ай, Қараған, қандай сұлу, жанарың-ай» («Қарағым-ай»), «Сарыарқа – қайда жүрсем сағынышым, Туған өлкем, ән-күйдің тәңірісің» («Сарыарқа»), «Сағындым, сағым жылдар, Өттің-ау ағып жылдар, Баладай алаңсыз, Баянды, баянсыз, Тағдырға бағынумен» («Сағындым, сағым жылдар»), «Аспаны бір, күні бір, Жұлдызы бір, түні бір, Даласы бір, гүлі бір, Арманы бір, сыры бір, Сәлем саған, туған ел» («Сәлем саған, туған ел»), «Бабамыздың мұңысың сен, домбыра, Анамыздың сырысың сен, домбыра, Қазағымның жүрегінен жаралған, Даламыздың үнісің сен, домбыра!» («Домбыра») деген тартымды өлең жолдары ән әлеміне бей-жай қарамайтын әрбір жанның миына мөрдей басылды.
Біздің бозбала шағымызда Мақпал Жүнісова мен Сенбек Жұмағалиев қосыла шырқайтын «Ғашықтар жыры» деген ғажайып ән бар-ды. Уыздай жап-жас екеуі бір-біріне үздіге қарап, «Көзің қандай, қарақат көзің қандай, Күлкің қандай, шарапат сезім қандай, Қуанатын балаша кезің қандай?», – деп, елді егілдіретін. КазМУ-дің қалашығындағы бүкіл студент сиқырлы әуенге елтіп, тербеле жөнелетін. Алматының ақ жаңбыры селдетіп барып, басылған шақта жігіт-желең мен қыз-қырқын құлпырған үстіне құлпырып, «Көңілге жыр тұнады сен дегенде, Жүрекке сыр тұнады сен дегенде», – деп көшеге қайта беттейді. Алатаудың баурайында махаббат жыры қалықтап тұрады. Әдемі әсер көпке дейін тарқамайды. Сол әсердің бәрі менің Шөмішбай ағамның тұмадай тұнық жауһар жырынан бастау алатын еді.
Бала кезіміздің тағы бір естен кетпес ескерткіші – «Өкінбе сен» деген ән. Той-томалақта өнерлі достарымыз гитарасын қолға алып, «Тірліктің талай гүлі солғанменен, Тағдырдың талай мұңы болғанменен, Өмірге келгеніңе өкінбе сен», – деп күңірене әндетіп, мұңға батып отырады. Қазақтың жезтаңдай бұлбұлы Мәдина Ерәлиева әсем дауысымен, шуақты күлкісімен күллі әлемді көңілді күйге бөлеп, «Сағындым, сағым жылдарды» әуелеткенде тебіренбейтін жан жоқ-ты. Өнер тарланы Досқан Жолжақсынов кең сахнаның төрінде «Ойлан, балам, өмір деген өтпелі, Бұл дүниеге кімдер келіп кетпеді?!», – деп толғағанда қоңыр дауысы жүректен жүрекке жетіп, жұрт біткенді жіпсіз байлайтын.
Ал Қазақстанда туып, дүйім жұртқа танылған Бари Алибасовтың даңқын аспандатқан әйгілі «На-На» тобы орындаған «Бозжорғаны» айтсаңшы… Екі иығын жұлып жеп, екпіндетсе де, қазақ тілінде мінсіз ән шырқаған жігерлі жігіттердің әрлі әуенін жалғаған жастар «Жорға, жорға, жорға, жорғалашы, жорғала, Жол серігім сен ғана», – деп жаппай билеп кеткен жоқ па?! Немесе Кеңес Дүйсекеевтің сөзіне жазылған «Еркеледің сенді» алайық. Ойнақы әрі мұңды. Сазды әрі сырлы. Шуақты әрі шұғылалы. Әдемі әрі әсерлі. Әлдеқайдан әуені құлағыңа шалынса болды, «Сол бір сезім кетті қайда, Сол бір кезің қайда? Сол бір көктем оралмай ма, Бақыт қайта қона алмай ма?», – деп, еріксіз ыңылдап қоя бергеніңді аңғармайсың.
Бұл нені білдіреді? Қазақ поэзиясының айтулы тұлғасы Шөмішбай Сариев ән сөзіне жазылған өлеңдері арқылы жұрт жүрегінде жатталған санаулы ақынның біріне айналды. Өлеңді өміршең дейміз. Жұрт жаппай шырқайтын әсем әндердің ғұмыры одан да ұзағырақ секілді көрінеді бізге.
Ендеше, танымал әндермен бірге ақынның сұлу сөздері де ұмытылмай, рухани құндылық ретінде сақтала бермек.

Жаһанның жақұт жырлары

Білем бе, білмеймін бе, сезем нені?
Жақсы-жаман артымнан сөз ергелі.
Еркіме қояр емес өлең деген,
Ағызып бара жатыр өзен мені…
(Шөмішбай Сариев).

Ақын біткеннің бәріне бірдей ел тану мен жер тану бақыты бұйыра бермес. Бұл жағынан Шөмішбай ағамның бес елі бағы бар. «Сөйлеткен Арал теңізім, Ойлы еткен Арал теңізім. Асау да ақжал толқынмен, Тербеткен Арал теңізім!» – деп ағынан жарылып, туған жерін жырлаудай-ақ жырлаған Шөмішбай Сариев – өзге әріптестеріне қарағанда шартарапты көбірек шарлаған жиһангез қаламгер. Әлемнің көптеген елінің топырағына ақынның табаны тиді. Жай көріп қана қайтпай, жүрген жерін жырға қосты. Бір қарағанда, қалыпты көрінетін құбылыстарға жұрт байқай бермейтін өзгеше қырынан үңілді.
Ақынның бұлжымас темірқазығы – ұлт пен жұрт мәселесі. Оның бұл тақырыпқа арналған туындылары жеткілікті. Туған елін өзгелерге танытты. Сондай-ақ бауырлас халықтарды да өлеңдеріне арқау етті. Алдымен өз халқын («Күншығыстан тараймын, Отанымын Абайдың!»), содан соң Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты көршіні («Қырғыздарға қалған өлең сауабы, Ауғандай бір поэзияға ауаны. Ұлы Орта Азия дауысында зерек бір, Дауысы бар Тоқтағұлдың дауалы»), ала тақиялы ағайын­ды («Барлық әлем әсемді сүйіп өткен, Жұлдыздарын аспанның иіп көктен. Өзбек ағам Әлішер Науаи бар, Ұлы Орталық Азияны биіктеткен!»), тәжік бауырларды («Ақын болар, туса ақын боп кім бастан, Тірлігінде елі үшін тынбастан. Ұлы Орталық Азия дауысына тәжігім, Садриддин Айни ақын үн қосқан»), түркімен туыстарды («Берекелі елде мынау бусана, Жұмбақ әлем – қиял ізін қуса да. Мақтымқұлы – адамзатқа ұлы ақын, Түркімендей бір ұлт үшін туса да») шабыттана жырлады. Сол елдердің алты Алашқа танымал тұлғаларын дәріптеді. Салт-дәстүрлерін санаға сіңірді. Түркі бірлігін ту етіп көтерді. Ол мұндай туындыларында өзінің ой-ниеті мен ұстанымына беріктігін де («Бұлттарменен көшем мен, Бірге сапар кешем мен. Алтындайын ортам бар, Мен туыспын бес елмен»), туыс елдердің әрбір ілгері қадамына қуана білетінін де («Ежелгі арман – Орталық Азия ғұрпымен, Әрбір басшы жан-жүрегі ұлтымен, Басын қосты Қазақ елі бас болып, Өзбек, Қырғыз, Тәжікстан, Түркімен!») айқын танытты.
Ақын жүрегі ғаламдағы өзгерістерге алаңдайды. Тыныштығының берекесі кеткен аймақтардың жай-күйін ойлап, мазасызданады. Содан соң: «Қан көрдім Азияның алабынан, Мұң көрдім ұлы Мысыр қабағынан. Үнді естідім Иран, Ирак жүрегінен, Жас көрдім Ауғанстан жанарынан!», – деп күйзеледі.
Жалпы, жер жүзін аралаған арқалы ақынның жыр шеруі ешқашан толастамайды. Үздіксіз жалғасып жатады. Шөмішбай шайырдың жыр жақұтын артқан қасиетті керуені алдымен Мысырға бастайды («Алдымнан Ніл өзені жатты ағып, Аңсаған, армандаған Каир жеттім»), одан соң Ұлыбританияға апарады («Букингем сарайына тіл жетпейді, Күллі әлем қасиет­теп құрметтейді»), содан кейін Кореяға құлшындырады («Сеул саздары, Кеудемде маздады»), әрі қарай Жапонияға жеткізеді («Хиросима – Нагасаки күрсінген, Бүгін және болашақпен бір сүрген»), Чехияға шақырады («Прага – бір ғажайып шаһар екен, Оянып, күнмен бірге атады екен»), Үндістанға жол ашады («Гималай шыңды асқары, Ұлы ақын тумау мүмкін бе?»), Испанияға бет түзейді («Уа, Мадрид, мен сенің көшеңдемін, Жыр болып, құлағыңда нөсерледім»), Қытайға көз тігеді («Жауап қатар сауалы мен сұрағы, Пекин – Бейжің көкейіңде тұрады»), Түркияға туралайды («Көктүрікпен ағытылып ашылды ой, Көктүрікпен шашудайын шашылды ой»), Алманияға аттанады («Түп-түзу атқан оқтай, әрі шағын, Берлинде көшесі бар ұлы Абайдың»), Италияға жылжиды («Гладиатордың қылыш, найза, семсері, Колизейдің ғимараты еңселі»), Францияға тартады («Бүгін міне, табаным тиді Парижге, Көңілім көкте, Эйфельдің мұнарасындай»), Америкаға аялдайды («Атлант мұхитында ақжал толқын, Қайрылып қанатымен көкке атылған»), Біріккен Араб Әмірліктеріне бағыт ұстайды («Толқып аққан ағындай, Алдан шықты сағымдай»), Малайзияға маңайлайды («Жүрегінен әнді алдым, Мұсылмани жандардың»), Сингапурды көктеп өтеді («Келген жанмын ел іздеп, Мұхитымен егіз көк»), сөйтеді де Индонезияға бұрылады («Жанды рухпен суардым, Жүрегімнен ту алдым»). Ақынның сырлы сапардағы көш-керуені бұдан соң да тоқтамайды.
Оның өмірдегі көш-керуені де берекелі болды. Санамызда сақталған, жадымызда жатталған естеліктердің бәрі де осыған дәлел. Ол кісінің кірген жерінің бәрі той еді. Отырған жерінің бәрі төр еді. Ақын ағамыздың төбесі көрінсе болды, отырыс өзінен-өзі қызып жүре береді. Даладай дархан, баладай аңғал Шөкеңнің әр сөзінен айналаға шуақ тарайды. Ардақты аға жарасымды қалжың айтады, тілінің уыты бар інілерін шамасы жеткенше қажайды, сосын естеліктің тиегін ағытады. Әрине, басқосу әбден қызған шақта өлеңін оқиды. Ағамыздың өлең оқығаны керемет! Дастархан басына жайғасқан жұрттың бәріне жырдан моншақ тағады. Үй ішін әп-сәтте өлең кернеп кетеді. Ешкімнің қонақтан қайтқысы келмейді. Үстел басында үйелеп қалған адам құсап, тапжылмай отырамыз. Бәрібір ертең жұмыс, сондықтан түн ортасына таман әупірімдеп тарай бастаймыз.
Осындай сәттердің бәрі қазір сағынышқа айналды…

* * *
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті», – деп ұлы Абай айтқандай, ол қаймана қазақтың ешқайсысын да жат көрмеді. Мейірімін молынан төкті. Шуағын барынша шашты. Жанының жылуын аяған жоқ. Саттар Ерубаевтың әйгілі «Менің құрдастарым» романы былай басталатын: «Менің бір жолдасым болды. Ол қарап келе жатып, айқайлағым келеді, көрінген жұртты құшақтап сүйгім келеді дейтін. Бақыттылықтан ғой деймін».
Қазаққа қадірлі Шөмішбай Сариев те тура сондай жан болды. Бәлкім, бақыттың формуласы дегеніміздің өзі де осы шығар…

 

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір