Әлди-әлди, жүрегім, көз іл, дерттім!..
03.08.2022
1102
0

 

Салтанат
Мадиярқызы

АППАҚ ТҮН
Періштелер үрлеген ұлпасындай
бақбақтың,
Қар билеген.
Әдемі!
Кей пейілдей аппақ түн.

Аппақ түнде ақ бұлтқа келгендей ме
айналғым,
Құшағына құладым, ең сүйкімді
ойлардың!

Көкке қарап, тіледім,
Көк Тәңірдей елестеп.
Күбірледі жүрегім:
«Құдай көкте емес», деп.

Бүршік жарып ақ бұлт…
Көктем!
Кеткен көк гүлдеп.
Әйнекті кеп сүйемін, қарға айналып
кеткім кеп!

Жұбата алмас жүректі ең аяулы
көздер де,
Сүлейменнің жүзігі мөр ғып алған
сөздер де.

Үнсіздіктің әуенін жаным сүйген,
жақсы-ақ тым.
Ұйқыммен құн төлейін, аялдасын
аппақ Түн.

Емші уақыт, алдымен өз дертіңді
емдеп ал!
Мендік көзбен қарасаң, Құдай барлық
жерде бар.
Аппақ түн…
ШАХМАТ
Ала тақтада қара да болам, ақ болам.
Ақ пенен қара – ойлар ғой
тыным таппаған.
Көк тұман мені адастырғысы келеді-ау,
Көп күмән – қара,
Мендік ой – аппақ.
«Шах» саған.

Тақта да – көне,
ойын ба, ой ма ескірер?
Бақылап ойды, сағаттар сырғып
кеш кірер.
Бетпердесіндей, көп фигуралар ертеді,
Патша көңіліме жақын
келе алмай пешкілер.

Уәзірлердің жекпе-жегін де көрейін,
Қолбасы шықсын,
Мықтысы жықсын!
Не дейін?
Қара түске де,
қара күшке де сенім жоқ.
Ақылмен алып, атыммен
шауып келейін.

Жайратып келем, жау шебін бұзып,
шегінбей.
Шегіну де бір, жеңілу де бір – жеңілдеу.
Төрт бұрыштарда жалғасып жатыр
бір соғыс,
Ақ пенен қара айқасып жатқан өмірдей.

Жау әскерінің сарбазым алып соңғысын,
Қос баһадүрімнің қалыпты, міне,
жалғызы.
Квадраттардың ішіне қалай сыйып жүр,
Кең дүниеге сия алмай жүрген
болмысым.

Ала тақтада қара болмай-ақ, ақ болдым.
Ақ болдым дағы, Ақ пейілдерге
жақ болдым.
Патша көңілді тұрған тағынан
жылжытпай,
Қаралықтардың барлығына да
«МАТ» қойдым!

 

Сезім Мергенбай

ҮРЕЙЛІ ИЛЛЮЗИЯ
Жел жұлып ап дір-дір қаққан
табиғаттың көйлегін,
Көз алдыма салып берер
бір сұмырай бейнені.
Есі ауысқан мыстанға ұқсап
кеңк-кеңк күліп жел апай,
Жан сыздатып солқ-солқ жылап,
Мыңқ-мыңқ етіп сөйледі:

«Қалқа, несін шошынасың?
Кәрі үнім бе шошытқан?
Арыным ба айналаны
төңкеруге асыққан?
Мен сенмін ғой…
Сілкіп-жұлқып жаныңды,
Қатпарына қатпар қосып алғанын
тым кеш ұққан.

Ана әжейдің реңіне бейнеленген
сұр әжім
Сендік жан ғой, қалқа,
бірақ сүйсін олай кім өзін?
Қалқа, сенің ішкі үніңнен жат па
менің дауысым?
Қалқа, сенің болмысыңнан жат па
менің мінезім?
Қалқа, несін шошынасың?
Түлен түртті деймісің?
Көтере алмай есі ауды деп
ойлаймысың қайғысын?
Мен сенмін ғой…
Қит еткенге морт сынып,
Тар маңдайын тау-тасқа ұрар,
Көрмеймісің, байғұсым?!».

Тілім жұтып, тәлтіректеп,
дәрмен қалмай барады,
Сандырақтап ауыз жаппай,
мыңқылдап тұр жел әлі…
Дерексіздік әлеміне сіңіп кеткен
шығармын,
Не жынданып кетсем керек.
Жынданғам ғой небәрі!

Жел жұлып ап дір-дір қаққан
табиғаттың көйлегін,
Көз алдыма салып берер
бір сұмырай бейнені…
Иллюзияға иланғам ғой…
Иллюзияға иландым.
Солай болса мейлі еді…
КӨЗ ІЛ
Өп-өтірік еңсені тік ұстап ап,
Умаждалған қағаздай бүк түсеміз.
Умаждалған аппақ ар бұрышта қап,
еңкілдейді, ә?
Несіне езу тарттым?!
Әлди-әлди, ойларым, әлди-әлди,
Әлди-әлди, жүрегім,
Көз іл, дерттім!

Көмейімде өлсе-өлсін талай түйдек,
Қабағыңа қара шер кілеукелеп,
Қоғамыңа қарама көп ой билеп
мағынасыз.
Бәрібір бәз баяғы,
қалпынан айнымайды ештеңе де.
Жасын ауа сімірген көзді аядым.

Әлди-әлди, ойларым, әлди-әлди,
Әлди-әлди, жүрегім,
Көз іл, дерттім,
Күн батыстан шыққанда оянарсың…

Арайлым
Мұраталиева

ЖАЗҒЫ БЛЮЗ
Өзімді еске алдым кешегі,
Армысың, ескі Елес, о, шерлі!
Өткен шақ самал боп еседі,
Саксофон үніндей әсерлі.

Ол кезде басқаша болатын
Сәлемің.
Ал бүгін өзгесің.
Әсерлі әніне салатын,
Кінәлап қайтемін Жаз кешін.

Сенсіз де жазар ем ойлы өлең,
Бір нәрсе жетпейді…
білім бе?
Сен маған қазақша сөйлеп ең,
Мен саған жүректің тілінде.

Ұмытпау үшін де атыңды,
Өткенге орала беремін.
Маңдайға жазылған мәтінді
Оқуды үйреніп келемін.

Өлең боп төгілдің сиядан,
Санамда жоқ еді жат ұғым.
Телефон соғуға ұялам,
Немесе жетпейді батылым…

Өзімді еске алдым кешегі,
Армысың, ескі Елес, о, шерлі!
Өткен шақ самал боп еседі,
Саксофон үніндей әсерлі…

* * *
Жаңбыр жауып, салғанда шатыр әнін,
Үнсіз билей бастады жапырағым.

Қайыңдардың тиіспей сырғасына,
Айды биге шақырдым қыр басына.

Аспан, маған төге ғой болса сырың,
Қалып қойды үйімде қолшатырым.

Сол бір тұнық тамшыңа жуынайын,
Өлең болып қайтадан туылайын.

Терек едім сынбайтын, сағы мықты..
Сезесің ғой мендегі сағынышты.

Өмір жайлы ойлармен егесемін,
Көз алдымда бейнесі неге соның?

Табиғаттың сүйсінем әр ісіне,
Және біздің сезімдер валісіне.

Айтарым да көп еді түнге менің,
Тыныштықты сүйемін – үндемедім.

Жаңбыр жауып, салғанда шатыр әнін,
Үнсіз билей бастады жапырағым…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір