Әнге ынтық жүректердің Жұбанышы
22.07.2022
303
0

Қашан көрсең де жүзінен жылы шуақ төгіліп тұратын, күндей күлімдеп жүретін оны өнерсүйер қауым өте жақсы көреді. Жарасымды әзілі жан жадыратса, байсалды әңгімесінен басалқы мінез байқалады. Үлкенге інілік ілтипатпен ізет көрсете біледі, кішіге қамқор аға, жанашыр дос бола алады. Және осының бәрі – «елге жақсы көрініп, жағымды әсер қалдырайын­шы» деген жасанды әрекет, жалған кішіпейілдік емес, ішкі жандүниеден толқып шығар, сонысымен-ақ кісі шырайын кіргізер таза шынайылықтың өзі. Мұндай табиғилық кімді тәнті етпесін?

Атынан бұрын атағы шықты


Жұбаныш Жексенұлының бізге атынан бұрын атағы, өзінен бұрын әні жет­ті. Ара-тұра ауылдан қалаға қатынаған ағайындар оның атын ауыздарынан тастамай, ақырында «өздерінің Жұбанышын» танымайтын «өгей» Алматының өзімшіл жұртына таң қалысып, бас шайқап қайтатын. Оның кәдімгі мәшиненің магнитоласына салатын төрт бұрышты аудиокассетаға жазылған әндері де оңтүстік өңіріне тәуір таралды. Бірде, қос ғасыр тоғысар жылы Мақтаарал жаққа іссапармен барып қайтқан, өзі әйдік газет­те істейтін әйгілі журналист ағамыз:
– Мен Жұбаныш деген керемет әншінің кассетасын алып келдім, – деді бас бармағын шошайтып. – Әкімшіліктің менің жүріп-тұруым үшін берген көліктің жүргізушісінен ат­тай қалап сұрап алдым. Жұмыс жайымен ауылдарды аралаған кезде тек қана осы кассетаны қойғызумен болдым. Әншінің дауысы маған естіген замат ұнады. Бір ғажап ерекшелік бар! Оның жанында мына Алматы сахналарының төрін бермей жүрген кейбір «жұлдыздарымыз» түк те болмай қалады. Сондай талант­тар неге ауылдан ұзамай қалып қояды екен-ей…

 

Оны Алматының өзі іздеді

Ол уақыт­та Жұбаныш Жетісайдағы педколледжде музыкалық жетекші еді. Көп ұзамай Шымкентке ауысты. 2001 жылдан «Шаншар» әзіл-сықақ театрының концерт­теріне тұрақты қатысып, Алматыға, астанаға, еліміздің өзге де өңірлеріне сапар шекті, көпшілік көрерменге көзтаныс бола бастады. Бірақ сонда да ол танымал болуға, өнер мен мәдениет­тің үлкен ордасы, қалың музыкант­тың қайнаған ортасы саналатын Алматыға тезірек табан іліктіруге, республикалық телерадио эфирін жаулауға асыққан жоқ. Әнін айтып, шеберлігін шыңдап, шығармашылық тұрғыдан өсе түсуге талпынып, ішкі әзірлігін пысықтап жүре берді. Оның өзі секілді, «жұлдыз» атануға жұлқынып кіріспейтін кірпияз әнші, жұртшылыққа Таразда жүріп-ақ танылған талғамды өнерпаз Ғани Мәтебаев сол кездерде-ақ:
– Жұбаныш – бөтен ештеңеге алаңдамай, тек қана өзінің кәсіби деңгейін көтеру үшін тер төгіп жүрген әнші ғой. «Концерт­терден қалмайын, түсірілімдерге тынбай қатысайын, көпшілікке жиірек көріне берейін» деген мақсат жоқ онда. Ол өзін үлкен дәрежедегі мықты әнші болуға дайындап жүр. Өзгелер «қайтсек тез арада елге таныламыз, қайтсек атақты боламыз?» деп жанталасып, «эфир үшін жан пида» деп жанығып жүргенде, ол тып-тыныш қана өз тірлігімен айналысты. Көресіз, көп ұзамай-ақ ол жарқ етіп шығады! – деген еді.
Расында да, Жұбаныш Алматыға аса ұмтылған жоқ, Алматының өзі Жұбанышты іздеді. Ән өнеріндегі бірсарындылықтан, бірін-бірі қайталай бастаған ұқсас дауыстардан, шырқау мәнеріндегі таптаурын тәсілдерден жалыққан тыңдарман да, өнер ортасы да өзгеше үн, бөлек болмысқа зәру еді. Жұбаныш әнсүйер қауымның сол аңсарына дөп келді. Қазақ эстрадасы ішкі әзірлігі өте күшті, рухани қуаты мол, тынысы кең, құлашын алысқа сермейтін дара дарынмен толықты.

Бір кеште – төрт ән!

2003 жылы Алматыдағы Республика сарайында ақын, сазгер, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың шығармашылық кеші өт­ті. Автордың үздік әндері шырқалған кеште Жұбаныш Жексенұлы… төрт ән орындады! Бұл – бір әнші бір концерт­те төрт ән шырқаған қазақ эстрадасындағы екінші оқиға еді (біріншісінде – Әсет Бейсеуовты еске алу кешінде Мақпал Жүнісова төрт ән орындаған-ды). Жалпы, Жұбаныш Мұхаңның шығармашылығына қалай құрметпен қараса, ақын да әншінің өнерін жоғары бағалайтыны байқалады. Бұған М.Шахановтың: «Жұбаныш – даусында ешкімге ұқсамайтын өзіндік бояуы бар әнші», – деген лебізі дәлел бола алады. Ал тағы бір танымал ақын-сазгер Исраил Сапарбай өнерпазға: «Жұбаныш Жексенұлы – қазақтың маңдайына біткен майталман әнші», – деген баға берді.
Әнші репертуары – оның талғам деңгейінен хабар береді. Жұбаныш отансүйгіштік, туған жер тақырыбындағы туындыларды да («Қазақстаным», «Ауылымды аңсадым», «Жаным апа», «Шағаласы Шардараның», «Арқалықтың ақ таңы», т.б.), өмір жайлы терең толғаныстарға жетелейтін мазмұнды әндерді де («Өмір-өзен», «Өкінбе сен», «Ерлер достығы», «Неткен өмір», «Әт­тең-ай», т.б.), махаббат лирикасын да («Нурикамал», «Дудар-ай», «Махаббат елі», «Сүймегендер сағынбайды», «Көзіңнен айналайын», т.б.) жатсын­байды. Ол ән шырқағанда шығарманың табиғатын түсініп, ішкі әуенін тауып, образға еніп айтады. Сонысымен де тыңдарманын тәнті етеді.

Әннің мәйегі – мәтін

– Менің көзімнің жеткені: қазақ әнінің басты мәйегі – мәтіні екен, – дейді Жұбаныштың өзі. – Алдымен өлең-сөз мықты болуы керек, әйтпесе қандай тамаша әннің де қадірі кетеді. Сөз бен әуен әдемі қабысып, өзара жымдасқанда ғана өзгеше дүние туады.
Рас сөз. Ж.Жексенұлын жастардың қаншалықты сүйіп тыңдайтынын біз біле бермейміз, бірақ аға буын мен орта буын өкілдерінің оның өнеріне деген ықыласы бөлек екені шындық. Ал олар – сөз құдіретін сезіне білетін, ән құрылымын айыра алатын, жүректен шыққан өнер туындысын жүрекпен ұғынуға қабілет­ті, өмірлік тәжірибесі мол тыңдармандар. Әншінің өз репертуа­рына сақ та сауат­ты қарауы – осындай жауапкершілікті түсіне білгендіктен шығар? Қалай болғанда да, сахнада «чип-чиптер» мен «кс-кс чик-чиктер» ойқастай бастаған заманда сөз қадірін білетін, саз қадірін білетін Жұбаныш – есті әнге ынтық жүректердің шын жұбанышына айналып отыр.
Қайбір жылдары – бәлкім, телеарналардың өтініші болар, мүмкін өз қызығушылығы да бар шығар – Жұбаныш тележүргізушілікпен тым көп әуестеніп кет­ті. «Қазақтың 100 әнін» жүргізді, көрерменге «Ән-жұмбақ» жасырды, «Ұлт­тық шоудың» тізгінін ұстады және т.б. Рас, телевизия – өнер адамының танымалдығын одан бетер арт­тыра түсетін сала, оның үстіне, бұл Жұбаныштың әншілік ізденістеріне, шығармашылық мүмкіндіктерін бұдан әрі тереңдей аша түсуіне еш кедергі келтірмес деген үміт­те жүрдік. Шынында да, кейін әнші тележүргізушіліктен алыстап, өзінің ән әлеміндегі дара соқпағына түсіп, өнерін шыңдауға біржола ден қойды

* * *
Өнерсүйер қауымның Жұбанышқа риза болатын тағы бір себебі – оның бойында жасандылықтың жоқтығы. Біз мақаламыздың басында оның өмірдегі ашық-жарқындығы, қарапайымдығы, кішіпейілдігі туралы бекерге айтқан жоқпыз. Әнші сахнада да өз бойындағы табиғилықты сақтай біледі. Сахнада – бір басқа, тіршілікте – бір басқа боп, қайсысы нағыз бет-бейнесі екенін ешкім анықтай алмайтын жұмбағы көп «жұлдыздар» аз ба? Ал, Жұбаныш – шығармашылықтан жан рахатын таба білген, өнері өмірімен бірге өрілген, рухани әлемінде риясыз үйлесім орныққан адам. Сондықтан да оған жасандылық жат, сондықтан да оның жүзі жарқын, сондықтан да оның жанарынан жылы шуақ еседі, көмейінен кәусар ән төгіледі…

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір