КУРОРТ­тЫ МАУСЫМ: түйткілдер мен тілектер
22.07.2022
460
0

Жаз – курорт­ты маусым. Жыл он екі айдың жандүниеңді жаңғыртар шағын есте қаларлықтай өткізгенге не жетсін, сірә да?! Оның үстіне Алматының күні де күйіп тұр. Оңтүстік өңірде термометрдің қызыл сызығы 40 градустан түспейді. Амалсыз курорт­ты Көкшеге, суы салқын Алакөлге тартады ауа жетпей ыстықтан аузын ашқан жұрт.

 

Алайда үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады, туржолдаманың бағасы деген керемет тағы бар. Оның үстіне жазғы уақыт­та курорт­ты аймақтармен жол қатынасы да қиын. Теміржолды айтпағанда, ұшақ билеті де жоқ.
Жол мұраты жету болғандықтан, діт­теген жеріңе жетуін жетерсің-ау, ал сол курорт­тағы ахуал қандай өзі? Баға ше?
Жақында курорт­ты өңірде болып қайт­тық. Баға аспандап тұр. «Оқжетпес» шипажайындағы бір күндік демалыс құны 39 мың теңгеден, Зерендідегі «Зереннұр» шипажайындағы бір күндік төлем 41 мың теңгеден басталады! Бұл – қазақстандықтардың тіршілік минумынан артық мөлшер. Демек, қазіргі курорт – қарапайым халық үшін арман ғана.
Көкше курорт­тарындағы баға Түркиядағы демалыстан да қымбат. Ал Сарыағаштағы бір күндік демалыс құны 9 мыңнан басталады.
Бағаның аспандап тұрғанына қарамастан, Бурабай мен Зерендіге ағылған туристер тасқынына әсте толас жоқ. Әсіресе ресейліктер көп. Омбы, Челябі сияқты көрші орыс қалаларынан автомаршрут­тар ұйымдастырылған. Мәскеу мен Питерден келушілер де өріп жүр.
Алакөлдегі жағдай да осыған ұқсас.
Әрине, туристер Қазақстанға ақша әкеледі. Яғни, турист – елде туризм бизнесін дамытудың кепілі. Соңғы жылдары үкімет те осы мәселеге көңіл аудара бастады.
Айтары жоқ, елде туризмді табыс көзіне айналдырудың мүмкіндігі баршылық. Саялы курорт­тарын айтпағанда тарихи Жібек Жолындағы көне қалалар мен жәдігерлерді көруге деген шетелдік құлық та үлкен. Алайда елімізде туризмді дамыту ісі енді ғана басталды.
Елдің бәрі есі шыға ынтығатын Бурабай алдағы уақыт­та реконструкцияға жабылады деген сыбыс та дүңк-дүңк. Білгіштер ендігі басты демалыс орны Зеренді болады, дегенді де айтып жүр. Оның үстіне екі-үш жыл бұрын Зеренді мен Бурабай арасындағы 80 шақырым қашықтыққа 28 млрд теңгеге заманауи автожол тартылды. Соған қарағанда, жоғарыда айтылған сөз тегін емес сияқты…
Бәрі де отандық туризмді дамытудың қамы екені белгілі. Осыдан бірер жыл бұрын біздегі туризмнің кірісі отандық орташа жылдық табыстың 0,2 пайызын ғана құрайтын. Бір ғана Испанияның мемлекет­тік бюджетінің 62 пайызы туризмнен тұратынын ескерсек, әлбет­те бұл – өте аз.
Қазақстандық, оның ішіндегі Көкшедегі туризмнің негізгі екі қайнаркөзі бар. Біріншісі – сенбі, жексенбі күндері Бурабайға автокөлікпен келетін ішкі туристер, екіншісі – ұзақ мерзімге келетін ресейліктер.
Жасыратыны жоқ, ресейліктер – негізінен жабайы туристер, яғни көлігіне күркесін, ішім-жемін тиеп келіп, орман, көл маңында демалатындар. Олардың артында тау-төбе қоқыс қалады. Ара-тұра солардың сөндірмей кеткен отынан орман өртенеді.

«Саңырауқұлақ туризмі…»
Ондай да бар

Алдынғы жылы сондай жабайы туристің бірімен тілдескеніміз бар. Орыстың жеңсік асының бірі – Көкше ормандарында қаулап өсетін саңырау­құлақ. Әлгі «турист» бізге демалу үшін емес, алдымен саңырауқұлақ жинап алу үшін келіпті. Себебі Көкшеде қазақ ұнатып, жей қоймайтын саңырауқұлақ – келімсек үшін үлкен олжа, жеңсік ас.
Туризм мәселесінде осындай жанама факторлар көп. Осы тұста ел арасында тараған тағы да бір сыбысқа тоқталу парыз. Өткен ғасырдың ортасында Көкшеге жабайы қабан аудандастырылды.
Тегі шошқа болғандықтан ба, қабан шіркінің тез өсіп, көбейеді екен. Бұрын тұмсығымен топырақтың тоңын айыратын қабанды кинодан ғана көрген біздің елдің Түктітаудың жынысында өріп жүрген сансыз қабаннан шошынып, орманға бара алмай қалған заманы да өткен, ағайын…

 

Түктітаудың бір қапталы – қазақ ауылы Қарашілік, екінші шеті – орыс қыстағы. Әлбет­те, әжептәуір мешіті бар Қарашілік қабан жемейді. Керісінше, келесі қапталдың құдайы берді дейсің. Қабан еті – тегін, күні-түні қуырдақ. Түктінің қойнауы дүңк-дүңк мылтықтың дауысы. Кәдімгі кішігірім соғыс. Қызылшыл орекең Түктінің қабанын қынадай қырсын кеп.
Қабанға да жан керек, қыра берсе, оған да ақыл кіреді екен… Ақыры Түктінің қабаны орыс жағынан үдере қашып, қазақ ауылының іргесіне топтасқаны… Тіпті Түктінің жабайы шошқасы орыс көрсе – аш пәледен қаш пәле, тұра қашып, қазақ көрсе – «е, е, мынау қазақ екен ғой» деп маңқиып тұра беретін жағдайға жеткен…
Қазіргі жабайы туристер арасында елге аң аулап, балық аулау үшін ғана келетіндер де бар. Олардан туризмге пайда жоқ. Оны да ескеру керек.
Бұл қалжың аралас тұжырымның да өзіндік гәбі бар. Туризм мен тұмса табиғат табыс көзіне айналар тұста оған ұлт­тық, мемлекет­тік деңгейде қорғаныш, қамқорлық керек.
Мәселен, Түркияда курорт­ты мау­сымда елдің негізі отельдері тек шетелдік туристерді ғана қабылдайды. Ондағы мақсат – зиянды жабайы туризмнің алдын алу.
Бұл орайда бағасы қымбат, тәртібі басымдау Бурабайдан гөрі жабайы туристер Имантау-Шалқар, Зеренді аймағын таңдайды. Дегенмен Қазақстанның Швейцариясы атанған Бурабайдың аты – қашанда Бурабай. Ресейліктер ежелден қазақ даласының осы жауһарына құмар. 2018 жылы Бурабай курорт­тары туристер тарту көрсеткіші бойынша ТМД-да бірінші орынды иемденді.
2019 жылы Ақмола облысының қонақүйлеріне 19 мың шетелдік турист келіп қонақтаған. Статистика бойынша аймаққа сол жылы келген туристердің жалпы саны 50 мың адамнан асады.
Ал өткен жылы Ақмола облысының қонақ үйлеріне қоныстанған шетелдіктердің саны 2800 адам. Оның дені ресейліктер. Үстіміздегі жылы курорт­ты өңірдің қонақ үйлеріне қоныстанушылар саны бұдан екі-үш есе көп болады деп күтілуде.
Демек, биыл түскен қаржыны дұрыс пайдаланған жағдайда отандық туризм саласы бюджетке айтарлықтай қаржы құяды деген сөз.

«Жұмбақтас» үстіндегі… секс…

Демалыс бар да, демалудың мәдениеті бар. Біреу курорт­ты денсаулықтың кепілі, енді біреу көңіл көтеру мүмкіндігі санайды. Сырқат адамда курортқа бару мүмкіндігі шектеулі, олар негізінен Бурабай емес, арзан шипажайларға барады. Ал демалыс құны удай қымбат Бурабайға негізінен «байлар келеді», дейді жергілікті ел. Әр байдың құшағында бір-бір еркетотай көңкілдесі, ахахау, ехехеу. Арақ, шарап.
Мәселенің дәл осы жерден ушығатыны тағы рас. «Алматының бізге көшірілген ойынханалары аздай, енді бұзылғандығы да келді» деп қынжылады жергілікті жұрт. Осы бір ыңғайсыздау мәселеге орай айтсақ, Бурабай шыңдарына аюдай қаріптермен жазылған бір ащы қалжың күні кеше ғана өшірілген тәрізді.
Оны Еркеш Ибрахимнің былайша өлеңмен өрнектегені де есте:
«Бурабайда ойып жазған
жартасқа,
Нақылдар бар марқасқа:
«Демалуға әйелдерін жіберген,

Мың рақмет алыстағы
жолдасқа!..»
Әлбет­те, қазақ қоғамына серілік, ауызекі тілде «о» қарпінен басталатын құбылыс екі бастан жат емес. Қазекең әуелден оның «жанын шығарған» ғой… Алайда демалушы туристердің әрекеті тіптен керемет. Тіпті Гиннес кітабына жазса болғандай…
Айнакөлдің ортасындағы тылсымды «Жұмбақтасты» әр қазақ біледі, әрі оны қасиет­ті де санайды. Алдыңғы жылы әлдебіреудің сол «Жұмбастасқа» ашынасымен бірге жүзіп барып, басқа жер құрып қалғандай… әулие бітімнің үстінде «махаббат қызығын» жасағаны әлеу­мет­тік желіге тарады.
Жығылсаң – түйеден жығыл демекші, бұл енді жаратушының көз алдындағы төсек қатынасымен бірдей оқиға…
Әлбет­те, бұл оқиға «Жұмбақтасты» киелі санайтын елдің ашу-ызасын тудырды. Әрине, «курортқа көңілдесіңмен келме» деген қағида жоқ. «Кел. Бірақ жергілікті руханият­ты, сенім-нанымды қорлама!..»
Көкше курорт­тарына байланысты кінәрат­ты құбылыстың бірі де осы демалыс мәдениетіне байланысты болып тұр. Оған қоса, экологиялық мәдениет тағы бар. Жабайы туристерден тау-төбе қоқыс қалады, оның біразы Айнакөлге, Шортан, Шабақты көлдеріне құйылады.

Түйін

Сонымен, ағайын, елде курорт­ты маусым басталып кет­ті. Оған ауа-райы да қолайлы болып тұр. Бұйыртса, биыл туризм саласы ел бюджетінің олқы тұсын айтарлықтай толтырады деген үміт бар.
Алайда салаға байланысты жоғарыда айтылғандай кінәрат­тар да баршылық. Ендігі мәселе – солардан арылуда…

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір