КУРОРТ пен «ҚҰР ӨРТ»
24.07.2023
169
0

Әдетте, жазды «курортты маусым» дейді. Әлбетте, отыз күн оразадан соңғы айт мерекесі сияқты сағынтып жететін пейіштік мезет шынында да бәрімізге арман.
Қазақ даласында туризм нысан­дарын айтпағанда, ел мәртебесіне айналған курорт, санаторий де аз емес. Биылғы аптапты жаз саялы курорттарға деген құлақты онан әрі арттырып тұр. Алматы Алакөлге ағылуда. Астананың есі-дерті екібастан Бурабай мен Зерендіде, Баянауылда. Себебі күн ысыған үстіне ыси түсті.
Курорттардың ыңғайлылығы сан-алуан тұрмыстың комфортынан да басқа сол өңірдегі ауа райына бай­ланысты. Арқаның ауа райы ежелден құбылмалы. Бір апта аптап ұрып тұрса, келесі жұмада нөсер шелектеп құяды. Жаңбырдың соңы бұршақ пен дауылға ұласып жатқанда қайдағы курорт, қайдағы демалыс?! Қыруар қаржыға сатып алған жолдама құны желге ұшып, Айнакөлге бір сүңги алмай қайтатындар да көп.
Алайда курортты өңірлердің ауа райы биыл демалушыға қолайлы болып тұр. Кешеге дейін кербез Көк­шедегі термометр сызығы 40 градустан түскен жоқ. Әрине, күннің ыстығы туристер үшін қолайлы. Дегенмен бір жақсылыққа бір жамандықтың ере келетіні тағы бар.
Баяғыда бір әжеміз «курорт» деген сөзге тілі келмей «құр өрт» деуші еді. Әжеміздің сол сөзінің мәртебесі асқан кез осы маусым болып тұр, әттеген!
Семей ормандарын жайпап, он бес адамның өмірін жалмаған алапат курортты өңірлерге де ауыз сала бастады. Осыдан оншақты күн бұрын Бурабайдағы Көкшетау сілемдерінің 600 метрлік биігінде өрт шығып, зордың күшімен ауыздықталды. Әйтеуір адам шығыны жоқ.
Өткен аптада Баянауыл ұлт­тық саябағы өртенді. Төтенше жағ­дай министрлігі аймақта өрт қа­сіре­тіне байланысты төтенше жағ­дай жариялады. Демек, курортты аймақтағы қауіпті ахуал билікті де алаңдата бастады деген сөз.
Қазір Керекудегі «Ертіс орман­дары» бірлестігінде өрт өршіп тұр. Кешегі мәлімет бойынша, апат ау­қымы – 850 Га. 75 тонна су құйылса да өрттің беті қайтар емес. Өртті сөн­діруге 300 адам мен 5 тікұшақ тартылған.
Мемлекет қазынасына ол да үлкен шығын.
Жаңа министр, генерал С.Шәріп­ханов жергілікті жағдай­ды жақсы біледі. Министр қыз­ме­тіне тағайындардың алдында Көк­шетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы төтенше жағдайлар академиясын басқарған.
Қысқасы, курортты өңірдегі өрт қауіпсіздігі үкімет назарында. Таулы аймақтағы орман өртін көргеніміз бар. Ана жылы Бурабайдың ең ұшар биігі өртеніп, 120 гектар орманды алқап күлге айналған. Шынар басына өрт сөндіру машинасын айтпағанда, өрт сөндірушінің де жете қоюы күмәнді.
Әйтеуір, тікұшақтардың көмегімен, онан да бұрын көп ұзамай Арқаның ақ жауыны басталып, Бурабай бір жолға аман қалған.
«Аман қалған» дегенді айғайлатып көрсетсе де болғандай, енді оған «бір жолға» дегенді қоссақ та болады.
Екі ғасырдың өліарасында зергер тасты Зерендіде Қошқарбай деген қарағайы тұтасқан тау өртенді. Біз заңғар биіктің өртену қатерін сонда көрдік. Тау өртеніп, сыңсыған қарағайдан түк қалмаған.
Бұрын орманы мен жидек-бүлдір­гені сыңсып тұрған таудың бір түп талы жоқ қаракүйе күйін көріп, талайлар «аһ!» ұрып, зар илеген. Қош­қар­байдың сол сәттегі кейпі шынында да аянышты, одан да бетер қорқынышты еді…
Бұрын Қошқарбайдың сыңсыған қарағайының арасынан жылт-жылт етіп, еліктің тұмсығы көрініп тұратын. Қазір тауда елік түгілі тірі тышқан жоқ. Бәрі зым-зия қашып, безіп кеткен.

Отқа оранған орманнан елік безіп барады…

«Отқа оранған орманнан елік безіп барады» деп зар илеген кезіміз де сол.
Әлбетте, далаға орман өрті ықылым заманнан таңсық емес. Тіпті алапат өрттің ұлттық фольклордың тақырыбына айналған заманы өткен.
Абыз қариялар Арқа тарихындағы ең алапат өрттің осыдан 600-700 жылдай бұрын болғанын айтады. Пойыз терезесінен қарағанда Ақадырдан Көкшеге дейінгі мың шақырым алқаптан орман көре алмайсың. Көретінің – қара күйе ізі әлі де кете қоймаған жалаңаш қоңырайған төбелер ғана.
Сол заманда жаз аптапты болып, Ақадырдан Көкшетауға дейін созы­лып жатқан кең байтақ қарағайлы алқап тегіс өртенген дейді қариялар. Көзге елестете беріңіз, бүгінге жетсе, «қазақ тайгасы» дейтіндей алқап. Өрт жаңбырлы сүмбілеге дейін жалғасып, даланы тып-типыл еткен ол заманда. Әйтпесе, өлкенің Сарыарқа емес, жасыл Арқа атанатындай көрінісі болған…
Сол алапат апатқа байланысты ел арасында бертінге дейін «Қара күйе, қара өрт» деген қисса болғаны да рас. Өкінішке қарай, қанша іздесек те сол қиссаның бірер шумағын болмаса, толық мәтінін кездестіре алмадық. Кейбір деректер «Қара күйе, қара өрт» қиссасының кейбір бөліктері Ғылым Академиясында дейді.
«Отқа оранған орманнан елік безіп барады…» демекші, өрт жергілікті фауна мен флораға да қатерлі. Мә­селен, Көкшетауда ең соңғы аю 1915 жылы атылды делінеді. Қазір орманы сыңсыған өлкеде аю жоқ. Экологтар бұрын қоңыр аюы қотанға кіріп ұйықтайтын өлкедегі бұл дағдарысты да алдымен орман өрттерімен байланыстырады.
Расында да, бұрын Көкше орман­дарында аю өріп жүрген. Қазір сол кезеңнен қалған «Аюлы», «Аю алған», т.б. топонимикалық атаулар әлі де кездеседі.
Орман аюы мен өртіне қатысты тағы да бір әке-шешеден қалған әңгімені айта кету парыз.
Қазақ өртті «тілсіз жау» деп қи­сын­дайды. Десек те тілсіздік пен мұң­сыздықтың да айырмасы бар. «Қара күйе қара өртке» дейін жасыл Арқа болған Сарыарқада саны күрт өскен орман аюы елдің малына, жанына шабатын болған.
Ал одан қорғану үшін қазақ не істеген дейсіз ғой. Киіз үй тігу он­ша қиын іс емес. Уығыңды қадап, көтересің. Сонымен үйің дайын. Ал қазекең оны да ауырсынып, киіз үйін орман шетінен жыраққа апару­дың орнына… үй іргесіндегі аюы қаптаған орманды өртеп, соны кейін шегіндірген…
Ондай әрекетті біз естіп өстік.
Ал қазіргі елдің берекесін алған орман өртінің де күнәһары – адам деген пікір бар. Адам орманда от жағады, темекі шегеді. Кейбір деректер орманның қасақана өртенуі мүмкін дегенді де айтады.
Себебі қарағай жаппай құрылысқа ие құрылыстық материал. Оны өсіру үшін бақандай 800 жыл керек.
Қарағайды қаржыға айналдыру үшін орманды өртеу керек. Өртенген қарағай есептен шығарылады, сосын оны кесіп, құрылыс материалына, яғни қаржыға айналдыруға болады.
Міне, курортты аймақтың проб­лемасы осындай.
Қазіргі елдегі жаппай орман өртте­рінің ақиқаты осындай.
Алда-жалда тиісті шешім қа­был­данбаса, бүгінгі саялы курорт­тарымыздың орнында «құр өрт» қана қалуы әбден ықтимал!..

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір