Әнуар паша
05.07.2022
1434
0

«Ittiһdar ve tirakki» (Бірлесу және Прогресс) партиясының осынау құдіретті пашасы, аса қажырлы әрі идеалист болумен бірге, барынша қиялшыл және әсершілдігімен де аты шыққан адам еді. Ол Османлы империясын құтқарып қалуға барын салды. Амал қанша, қалай әрекет жасаса да талайы оңынан келмей-ақ қойды. Алып империя бірлік пен прогресс жағдайында он жылға әрең төтеп бере алды. Ал олар жақтырмайтын II Абдулхамит хан одан да жаман жағдайлардың өзінде империяны 33 жыл аман сақтап келген болатын.

Ойлаған межемізге жетіп, істі табыспен аяқтауымызға кесір болар пәлендей кедергілер жоқ еді. Бәріне де қол жеткізуге жақын қалып еді. Әттең, «бірінші дүниежүзілік соғысты» табысты аяқтаған болсақ, Ұлы «Тұран империясы» құрылар еді де, патшалық Ресей жоқ болар еді. Амал қанша, тағдыр бізді есіркемеді, астан-кестен болдық.
Алайда соғыстың алдында ол басқаша ойда болды. Бас қолбасшы ретінде күллі Османлы әскеріне әмірін жүргізіп тұрды. Ол – Османлылар әулетіне күйеу еді. Қай жағынан айтқанда да, мейлі отбасы үйелменімен, байлық-барлығымен де, абырой-атағымен де барынша дәуірлеп тұрды. Оның үстіне Германия билеушісімен жақсы дос болды.
Сол замандағы Еуропаның бетке ұстар мемлекет қайраткері есептеліп жүрген Германияның кайзері Вильгельммен арасынан қыл өтпестей дос болатын. Бұл тұста патшалық Ресейдің күні батуға айналып, мұсылмандардың ең қасқой дұшпаны шарасыз жағдайға түсіп қалып еді.
Ислам дүниесінің көмегіне арқа сүйей отырып, аса зор, қуатты империя құрып шығуға, бір кездердегідей әлемдік саясат­тың тізгінін қайтадан қолға алуға деген күмән қалмауға айналған. Әнуар паша армандаған мұндай тәтті қиялға берілген басқа адамдар аз емес болатын. Талат Жамал пашалар оның сондай қанатты қиялға мінген ең жақын серіктері еді.
Амал не, үйдегі ниетті базардағы нарық бұзып кетті. Немістерге жақтасып «дүниежүзілік соғысқа» кіруіміз жеңіліспен аяқталып, орны толмастай қасіретке ұрындырды.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылы Сұлтан II Абдулхамит хан «Бейлер бейі сарайында» бақылауда өмір өткізіп жатқан. Ол – Әнуар пашамен кездескісі келетінін айтады, паша да оған қарсы болмайды.
Абдулхамит хан Әнуар пашамен барынша ашық-жарқын, көңілді сұхбат өткізіп, ойындағысын ірікпеді. Өткен-кеткеннен, болашақтан ой-толғай отырып былай дейді:
– Балам Әнуар, тақта отыз үш жыл салтанат құрдым. Тақта отырған кезімде, жеке тұлғалардың еркіндігі мен қадір-қасиетіне ылғи да назар аударып отырдым. Бірақ бетімен кетушілікті, қалай болса солай лағуды дәріптейтін еркіндік дегендерді еш уақытта ұнатқан емеспін. Әсіресе баспасөзде белең алған порнографиялық суреттер мен шимай-шатпақтарға, астыртын бүлдіруші ой-пиғылдардың өріс алуына батыл түрде жол бермедім. Ұлттық салт-дәстүріміздің бұзылуына да бей-жай қарай алмадым. Еуропалықтардың мәдениетін әрдайым жоғары бағалап келдім. Бірақ христиандықтың мұсылмандықтан пәлендей бір артық жерін көре алмадым. Басқаларға көзсіз еліктеуді жаным сүймейді. Істің тетігі сол мәдениетті өз жағдая­тымызға қарай бейімдеп, игеруде болып отыр. Мен өзім де осы мәдениеттің жақсы жақтарын саралап, сарайыма пайдаландым. Ондағы мақсатым – сарай халыққа өнеге болсын, батыстың үлгілі үрдісі мемлекеттің бақылап, бағыттауы арқылы жоғарыдан төменге орнықсын дегендік еді. Көкейімде Рум елі мен Анадолы халқының қоғамдық сана-деңгейін көтеруді ынталандырып, жігерлендіру ниеті тұрды.
Патшалық мәртебеме жүгіне отырып осы елдің тарихында ең алғашқы депутат­тар мәжілісін мен шақыртып едім. Алайда депутаттардың әлі де жеткілікті дәрежеде пісіп жетіле қоймағанын байқасымен, сол мәжілісті жаптырып тастадым. Сен Османлы мәжіліс (парламент) депутат­тарының ұйғарымымен жарияланған соғыс туралы қаулының бізге қаншаға түскенін білемісің? Орыспен соғысамыз деп ақырында күллі Балқаннан, Рум елінен айырылып қалдық. Сол бір шешімді әу бастан-ақ ұнатпадым. Әйтсе де оны тоқтатып тастай алмадым.
Митхар паша бұл мәселеде өте кесір келтірді. Соғыстың үрейлі зұлматын тез-ақ аңғарып үлгердім. Плевненің даңқты қорғанысы мен Карстың ерлікпен шайқасуына қарамай жеңіліп қалдық. Орыс әскерлері Аястафаносқа дейін баса-көктеп келді. Тіпті әскери шенділері Ыстамбұлға да алшаңдай кіріп, бізді абыройсыз шартқа қол қойдырып кетті. Сол шартқа қол қойғаннан кейін қаржы министріміз Саффат пашаның еңіреп жылағанын естігенімде ауыр қасіретке баттым.
Енді келіп сендер де бір соғысқа кірісіп кеттіңдер. Бұл да асығыстық, асылық болды. Жеңілтектікке бой алдырып, мемлекетті қатерге байладыңдар. Аллаға шүкір, мемлекетіміз бен халқымызға қайырлы болып, абыроймен аяқталып та қалар. Алла сақтасын, егер ол жамандықпен аяқталса, онда біздің қолымызда не қаларын көз алдыңа келтіре алармысың, күйеу бала?
«Жедел қимыл армиясын» бастап Ыстамбұлға жорық жасадың. Жеңімпаз болдың, қаланы қолға алдың. Сарайға да таяп келдің. Мені де тақтан тайдырдың. Сен үшін бәрі де әп-әдемі болып жатқан сияқты. Есіңде болсын, қарамағымдағы қарулы күшке оқ атпауларын, қан төкпеулерін айрықша тапсырдым. Егер бірер қарсылыққа тап бола қалсаң, ол саған тым қымбатқа түскен болар еді. Сондықтан да бұл реткі текетіресте ешкімнің де мұрны қанамады. Әйтсе де жолдастарыңның көзі еш нәрсені де көргісі келмесе керек. Менің қолданған іс-шараларымды жақтырмай-ақ қойды. Ақыры мені тайдырып, жарамсыз шүберектей көшеге лақтырып тастады. Белгілі «31 наурыз оқиғасын» менен көрді. Алайда оған менің ешқандай да қатысым жоқ болатын. Опасыздарды желіктірушілер, әлбетте, болды. Бірақ олардың ешбірінің Сарайға қатысы жоқ болатын. Әр дәуірде де мемлекеттің жаулары болып тұрады. Істің ақ-қарасын тексермей, ешбір негізсіз, албаты қаралап, әркімге бір жармасу деген ар-ұятқа жатпайтын нәрсе.
Мені ең қинап, жаныма батқаны – қарамағымнан қуалап жіберген бір адамды мені биліктен оқшаулайтын қарарды жария ететін комиссияның мүшелігіне кіргізгенің болды. Ол – Емануел Қарасу еді. Бұл еврейді менің қарсы алдыма не деп шығардың? Сол арқылы халифалық пен оның салтанат тағын мұндағы еврейлерге масқара еттің. Солониктегі бір «Масон ложасының белгілі ұстазы болып келген осы адам Хазіреті Пайғамбардан (S.A.V) бері қарай қастерленіп көкке көтерілген халифалық, айналып келгенде бір Мусавидің (Яһуди) аузымен қасиетті Осман әулетінің тақтан тайдырылғанын әлемге жария еткіздің. Бұған мәз болып масайрай бердің!
Әрине, қазір билік қолыңда, көңілің шат, есебің түгел, ертеңің бұдан да жарқын болып көрінер. Әйтсе де ұлым, мұның бәріне тым сеніп кетпе! Саған ақырғы рет мынадай бір ақыл айтқым келеді: бүгін біреуді марапаттағандарың ертең оны жолдан тайдырып жіберуі де ғажап емес! Абай бол! Алла бағыңды ашсын! Алла Тағала еліңе, мемлекетіңе зауал жібермесін!
Бұрынғы патша өзінің орнықты да жанашыр сөздерін сонымен аяқтады. Әнуар паша орнынан тұрды да, бейне бір әскерше ізет сәлемін берді. Абдулхамит ханның аса мейірбандықпен айтқан осынау сөздерін толқи тыңдап ойға шомды. Алайда бұл кезде болары болып қойған еді. Соғыс ылаңы өршіген өрттей алаулап, елдің төрт тарабын бірдей шарпып кеткен болатын.
Әнуар паша соғыс аяқталғанға дейін үмітін үзбеді. Ең соңына қарай жеңілгенін сезбеді немесе сезінгісі келмеді.
Десе де ащы шындық күн өткен сайын көзге бадырайып көріне берді. Империяның үстінде құзғындар құңқылдай бастағандай болатын. Айтпақшы, осыдан ертеректе елдің дұшпандары оны «Сырқат адам» деп шетке шығарып қойған еді. Оның ішкі-сыртқы жауларының қасарысқан қастандық әрекеттері арқылы «Сырқат адамды» өлім төсегіне біржола сұлатып салды.
Империяның дауыл құлатқан шынардай гүрс етіп қирауы да Әнуар пашаның ұшқыр қиялына тосқауыл бола алмапты. Ол әлі де күллі түрік дүниесін бірлестіре аларын ұлы «Тұран» мемлекетін армандауын қоймаған болатын.
Ыстамбұлдан кетер алдында былай деген еді: «Біз таяуда елден кетеміз, өйткені бітімшілер Османлы елінен бәрінен бұрын бізді қолға түсіруге барын салары сөзсіз. Алайда олар біздің ұйымымызды, адамдарымызды, бәрінен де біздің жарқын идеяларымызды тартып ала алмас еді. Ендігі жерде бізді жұбататын нәрсе осы ғана.
…Енді осы реткі дүниежүзілік соғыстың екінші кезеңі басталмақшы, кезінде Балқан соғысында да екінші кезеңде жеңіске жеткенімізді еске түсіруге тиіспіз.
Бітім шарты бітісімен Әнуар паша бір суасты кемесімен Одессаға жетіп, одан әрі Мәскеуге барды. Большевиктік Ресейдің капиталистерге өшпенділігін пайдалана отырып, ағылшындарға қарсы соғысу үшін көмек алудан дәмелі болды. «Бірінші дүниежүзілік соғыстан бұрынырақ құрған «Teskilat-I mahsusa» (төтенше ұйым) қызметкерлерінің күллі ислам дүниесі аумағында ағылшындарға қарсы күреске жұмылдыруға қажетті көмекті большевиктік Ресейден алып тұрғаны белгілі. Алайда ол да ұзаққа созылмады. Өйткені оған Лениннен басқа сенім білдірген коммунист басшы Ресейде жоқ болатын. Әнуар пашаға олар мүлде сенбеген.
Мәскеуден Кавказға өтіп кеткен Ән­уар паша Батуми конгресіне қатысады. Конгреске келген түрік халықтары өкілдерімен кездесіп, әңгімелеседі. Оларға капиталистік елдердің оңбағандықтарын айтып, қалайда орыстармен одақтаса отырып, күресті жалғастырудың қажеттілігін ұғындырмақ болады. Орыстың достығында баян жоқ болса да, басқа шығар жол болмағандықтан, әрі алған қолдау-жәрдемдеріне борыштарлық білдіру тұрғысынан осылай сөйлеуге мәжбүр болса керек.
Әнуар паша Батумида тұрған кезінде, Анадолыға қайта оралып, ұлт-азаттық күресіне қатынаспақшы болады. Алайда бұрыннан-ақ Әнуар пашамен ара қатынасы белгілі Мұстафа Кемал кедергі келтіріп, қарсы болады.
Әнуар паша Анадолыға барар жолдың жабық екеніне көз жеткізгеннен кейін кері қайтып, Мәскеуге барады. Енді большевиктердің көсемдерімен ынтымақтаса отырып, Ауғанстан, Түркістан және Үндістан жерінде ағылшындарға қарсы майдан ашпаққа бекиді. Бірақ коммунистер Әнуар пашаға сенбей қояды. Әнуар паша ақыры бір сәтті күні Мәскеуден қашып шықты. Түркістан өлкесіне қашып барып, Бұхара, Самарқан, Ташкент қалаларындағы түріктер арасында ұйымдастыру ісімен айналыса бастады. Негізгі мақсаты – коммунистік Ресейге қарсы майдан ашып, тәуелсіз түрік мемлекетін құру еді. Амал нешік, арманы қанша асқақ болғанымен, мүмкіндігі барынша аз болатын. Мұсылман түріктердің дұшпандары әлдеқайда қуатты еді. 1922 жылдың тамызында орыс әскерімен қиян-кескі соғысып жатқан түрікмен қарулы күштеріне басшылық жасап тұрған кезінде, коммунистердің қадап атқан оғынан мерт болады.
Міне, осылайша бір дәуір талай жерді шулатқан Әнуар пашаның дабырасы да, обал-сауабы да біржола аяқтаған болатын. Әйтсе де, тағдыры аяқталып бітпеген әрі еш уақытта естен шығарып жіберуге болмайтын бір нәрсе, тек бір ғана ізгі ниет, жалаң батырлық пен көзсіз ерлік саяси мақсат үшін жетерлік бола алмайтыны сияқты, нақты жағдайды нақты көріп бағалай білу керектігі де, бос қиялшыл болмай, сезімге бой алдырмай, не істесең де ақылмен қиюластыра істей білу керек еді.

Түрікшеден аударған
Әлімғазы Дәулетхан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір