Қош болыңыз, қамқор әпке!
27.06.2022
402
0

Белгілі жазушы Кәмила Құдабаева 83 жасында озды. Ол 1939 жылы 18 мамырда Алматы облысының Талдықорған қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, Қарағанды, Жезқазған облыстық газеттерінде, радио және теледидар редакцияларында, республикалық «Жалын» баспасында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Тура би» журналында жауапты қызметтер атқарды. «Позиция — К2»  республикалық қоғамдық-саяси газетінде, «Партия» газетінде, республикалық «Бөбек» ғылыми орталығында жұмыс істеген. Республикалық «Ару жан» атты қоғамдық әйелдер журналы бас редакторының орынбасары болған.
«Қызыл көйлекті қыз», «Раушан гүлдер», «Ұйқысыз түндер», «Ең сұлу әйел» «Бидайшы бабаның арғы аталары мен кейінгі ұрпақтары» атты прозалық кітаптары «Жазушы», «Жалын» баспаларынан басылып шықты. «Қара кемпір», «Көз жасы», «Тіріжетім», «Жалғыздық» атты әңгімелері, «Айдана», «Қысқа интервью» повестері баспа беттерінде жарияланған. 2004 жылы «Жазушы» баспасынан «Жалғыз хат» атты кітабы жарық көрді. Қарақалпақ жазушысы Т.Қайыпбергеновтің жасөспірімдерге арналған повестерін, орыс жазушысы Г.Немченконың балаларға арналған повестері мен әңгімелерін, Ю.Виноградовтың «Рахмет саған, ұстазым», «Қиқар қызыл әтеш», «Тәтті каторга» сияқты шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қаламгер «Баспасөз үздігі» белгісімен марапат­талып, Валентин Пикуль атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, алтын медалінің иегері атанған.

Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының хатшылығы

Қош болыңыз, қамқор әпке!

Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары. Белгілі балалар ақыны Қастек Баян­баевтың шақыруымен «Жалын» баспасында жұмыс істеп жүрген кезім. Жаңа орта, жаңа ұжым. Өзім қызмет жасайтын балалар редакциясының күнделікті жұмысы қыз-қыз қайнап жатады. «Ойбай, басшылар аралап жүр» деген хабардың өзі аяқ-қолымызды жинап, еріксіз елеңдетіп тастайтын кеңес заманының уақыты ғой. Басшылар араласа болғаны міндетті түрде ескерту жасап, кейде ұрсып та жіберуі дағдылы көрініс.
Кіріп келген адамға қарасақ, орта бойлыдан сәл аласалау келген, шаралы қой көзді, талдырмаш келіншек. Жағдайымызды ғана емес, қандай мұң-мұқтажымыздың бар екенін сұрап, біраз бөгелді. Қызметкерлерге жанашырлық білдіретіні байқалып тұрды. Басқа басшылар тәрізді ұрсу, ескерту жағына барған жоқ. Сөйтсек, бұл кісі осы мекемедегі кәсіподақ ұйымының басшысы екен. Редакцияларды аралап, қызметкерлердің жағдайын біліп жүретін санаулы басшылардың бірі осы Кәмилә апамыз екенін артынан білдім.
Кейін әртүрлі жағдайларда ұшырасып қалып жүрдік. Ұшырасқан сайын жағдайымды сұрап, менің шығармаларым жайында жылы лебізін білдіруді ұмытпайтын. Кейде тоқтатып қойып, белгілі бір туындымды талдап та кететін. Өзі де шығармашылық жұмыспен айналысатын Кәмекеңнің жазғандары да әсерлі болушы еді. Бертінде бір кездескенімде, менің бірер әңгімемді арнайы сұрап алдырып, «Аружан» деген журналдың беттерінде жариялады. Рақмет айта барған маған орысша жазған кітабын қолтаңбасымен сыйға тартты. Осы екі эпизодтан-ақ ол кісінің шығармашылық иелеріне қамқорлықпен қарай білетінінің нақты мысалын көруге болады.
Осындай дарқан көңілді аяулы әпкеміз өмірден озыпты деген қаралы хабар төбеден жай түсіргендей болды ғой. Жаныңыз жәннатта болсын, қайран Кәмеке!

Нұрдәулет АҚЫШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір