БІЗ БІЛЕТІН БЕСТСЕЛЛЕР
27.06.2022
393
0

1969 жылы І.Есенберлиннің «Қаһар» романы жарық көрді. Ол уақытта қазіргі ғаламтордың орнына жүретін қазақша «ұзынқұлақтан шыққан» сүйінші хабар ел арасына жылдам тарап кеткен. Басқа өңірде қайдам, бұл жаңалықтың Кенесарының туған ауылынан жиырма шақырым жердегі біздің Қарашілік үшін қатты әсері болғаны есімде қалыпты. Себебі іс жүзінде қазақтың соңғы ханы өмірге келген Бурабай, Зеренді өңірі ұлы көтерілістің бастапқы ошағы болатын. Оның үстіне екінің бірінің бабасы сол азаттық соғысына қатысқан немесе шейіт болған.

Ешман деген ауылдас ағамыз болды. Қызу қанды, өткір кісі еді. Кенесары көтерілісі реакциялық қарсылық есебінде қабылданатын заманда еш адам Ешағаңның көзінше Хан Кене туралы теріс пікір айта алмайтын. Ешағаң райкомсың ба, обкомсың ба, бетіңе қарамай сазайын беретін. Әрі біздің ауылда ондай кісілер көп еді.
Қайдан тапқанын бір Құдай біледі, біздің ауылға «Қаһардың» алғашқы данасын осы Ешағаң алып келді. Теледидары жоқ заман, кешкісін ақсақалдар бізді ұстап алып, шамның жарығымен қисса, кітап оқытады. Оған да құлықты бала бар, құлықсыз бала бар, алайда кереметі сонда, Ешағаң алып келген жалғыз «Қаһарды» ақсақалдарға оқып беруге бәріміз де ынталы едік.
Шал-кемпір Мұқанбетжан ақсақалдың үйіне жиналады, қазанда бүлкілдеп ет пісіп жатады. Кітап оқуға тиісті бала дайын. Алайда кітаптың өзі, яғни Ешағаң жоқ. Бір шал бала жүгіртеді. Ешағаң да өз бағасын білетін кісі. Ақыры, біраз бұлданып алып жетеді.
Есепші кезінен қалған ескі сөмкесінен «Қаһарды» шығарады. Әлі күнге дейін есімде: мұқабасы қара түсті болатын. Кітапты Асқар деген бала екеуміз кезектесіп оқимыз, баяғы. Шалдар «аһылап, үһілеп» тыңдап отырады. Ара-арасында «пах! пах!» деп көздеріне жас алып қалатындары да бар.
Ауыл арасындағы әңгімені естіп өстік қой, әр шалдың кітап кейіпкерлерінің арасынан өз бабасын іздейтінін де білеміз. Алайда бірлі-жарым болмаса, іздеген бабалардың аты ұшыраса бермейді. «Ойпырмай, менің Бердалы бабам жазылмай қалыпты ғой?!» – деп «аһ» ұрған Сайдалы шал іргеге қарай, теріс қарап жантая бергенде, нағыз қызық басталады.
– Кенесарының штабында болған менің Аю Алтай бабам қайда?! – деп бір шал түк жазығы жоқ Асқар екеумізге шүйлігеді.
– Кенесарының бір полкін басқарған менің Арлан Шамай нағашым қайда?! – деп ашу шақырған екінші шал кейіп, алдында жатқан таяғына ұмтылады. Шалдың мінезі жаман. Асқар екеуіміз қызылкөз бәледен аулағырақ сырғимыз.
Шынында да, Қарашілік ауылының қарттары «Қаһардан» іздеген бабалар көтерілістің басынан аяғына дейін қатысып, ерлік көрсеткен батырлар еді. Оны естіп, біліп өстік. Бірақ «Қаһарда» жоқ, жазылмаған.
«Оны Есенберлиннен сұра!..» дегенді қайтып айтарсың, Асқар екеуміз жер шұқып, төмен қараймыз.
Романда атақты қарауыл Баубек батыр туралы да сөз жоқ. Ал көтерілістің бастапқы ошағы болған өңірдегі әңгіме-аңыз мүлдем басқаша еді, дариға…
Оның құпиясын да кейін түсіндік. Роман авторының туған ауылы Атбасар көтеріліс ошағынан екі жүз шақырым оңтүстік-батыс қапталда жатыр. Сондықтан қозғалыстың бастапқы кезеңінің оқиғаларын автордың білмей қалуы да мүмкін еді…
Шалдардың «анау қайда, мынау қайда?» деп «аһ» ұрған қауқылы бәсеңсіген тұста біреуі: «Жә, бала, жалғастыр!» деп пәрмен береді бізге.
Кенесары қолының бес мың сарбазбен Қараөткел бекінісін алған тұсын өзім оқығаным есімде қалыпты. Әсері керемет еді. Екі-үш шалдың иығы бүлкілдеп, көзіне жас алғаны да есімде.
Сәрсенбай шалдың: «Хан Кене бекіністі алғанда қамалға шапқан ат үстінде тік тұрып кірген екен, жарықтық», – деген сөзі де әлі күнге дейін құлағымызда.
Ол кезде «бестселлер» деген түсінікті біздің ел білмейді. Қазір ойлап отырсам «Қаһардың» бестселлерлік сипаты алғаш рет сол ауылда басталған тәрізді.
Асқар екеуіміз романды алқа-қотан отырған шалдардың алдында кезектесіп оқимыз. Кей тұсты қайталатып оқытады. Әйтеуір не керек, алпыс тоғызыншы жылдың соғымды қысы біздің ауыл үшін солай өтті.
Ең қиыны шалдардың романның бір оқылған тұсын қайта оқытатыны еді. Оқымай көр, шатақ шалдардың әрқайсысының алдында асатаяғы жатады. «Тәйттің» артынан жонарқаңа асатаяқ сарт етуі мүмкін…
Асқар екеуіміз үшін кітап оқудың тағы да бір қиындығы болғаны есімде қалыпты. Ол заманның прозасында эротиканың зады түгілі аты да жоқ. Компартия оған қатаң тыйым салған.
Жалпы, эротиканы айтпағанда, роман көтеріп отырған тақырыптың өзі халықтың көкейінде болғанымен, сол дәуірдің саясатына қарсы еді ғой. Алайда Ілияс Есенберлин басын бәйгеге тігіп жүріп, азаттық қозғалысының ұрпаққа аманат болар шежіресін жазып шықты. Ал ол нағыз ерлік болатын.
Оған дейін қазақ прозасында эротика тақырыбы да көтерілген емес. Ілияс Есенберлинді бұл орайда да тыңнан жол салған жазушы деуге әбден негіз бар.
Асқар екеуіміз «Қаһарды» кезектесіп оқыған кезде есік жақта қазан-ошақпен айналысқан қыз-келіншектер жүреді. Кенесары қолы Қараөткел бекінісін алып, Созақтан бір-ақ шыққаннан соң Зейнеп ханшаның хикаясы басталады.
Кадет Жасағанбергеннің еркектік құлығын ояту үшін Зейнептің түн ортасында бөлмеге жез леген әкеліп, тыржалаңаш жуынатын тұсы бар емес пе? Оны тастап кетуге тағы болмайды, амалсыз оқимыз. Сол кезде қазан-ошақ басында жүрген қыз-келіншектің бірі қалмай, бетін басып далаға зытады. Қазіргінің эротикалық киноны қайныатасымен бірге шай ішіп отырып көретін келіншегі жоқ ол заманда…
Керісінше, Зейнеп пен Қараүлектің махаббат хикаясына келгенде көзі күлімдеп, қасында отырған кемпірінің мықынын мытып-мытып жіберетін мыстан шалдар да бар болатын…
Сол жылы өмірге келген ұлға Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, қызға Күнімжан, Бопай деп ат қою үрдісі басталып, сол дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Ол да «Қаһар» романының бестселлерлік бағасының әсері.
Қысқасы, не керек, «Қаһар» романы біздің ауылда осылайша нағыз бестселлерлік деңгейдегі культке айналды. Қолма қол саудадағы құны бір қой болатын. Ол кезде бір қойыңыз – әжептәуір құнды тауар.
Содан бері де жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Іле-шала жетпісінші жылдардың орта шенінен қазақ прозасында жаппай роман жазу үрдісі басталды. Ақиқатында, соңы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына ұласқан азаттық пен тәуелсіздік мұратындағы ұлттық рухты оятуға қазақ романистикасының сол кездегі серпіні қатты әсер еткені даусыз. Әлбетте, ол серпіннің бастауында Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы тұр.
Ғылыми анықтамалар «бестселлер» терминіне оқырманның жаппай қызығушылығын оятқан шығарма есебінде анықтама береді. Әрі ол шығарманың әдеби орындалуы сипаттамасынан жоғары тұр.
Рас, қазақ әдебиеті таңдай қақтырарлық тамаша туындыға таңсық емес. Алайда солардың көпшілігіне «Қаһар» романына тән оқырманның ынтасы, құлқы бұйырған емес. Ол да шындық.

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір