АЗАМАТТЫҚТЫҢ ФОРМУЛАСЫН ЖАСАҒАН…
19.05.2022
411
0

Осы біз азамат, азаматтық, азаматтық жауапкершілік, белсенділік деген ұғымдарды қалай түсініп, қалай пайымдап жүрміз?! Зерделей қарасақ, осы «азамат деген сөзді кез келген болымсыз жағдайда оңды-солды» қолданып, жалпылама әрі қарабайыр түсініп жүрген сияқтымыз.

Ойшыл сыншы С.Әшімбаевтың «Азаматтық формуласы», «Азаматтық позиция – айқындаушы күш» атты сыни-философиялық мақалаларында Азаматтықтың айналасындағы көп жайларға жан-жақты жауап аламыз. Сыншы «осы сөздің төңірегінде нақ­тыр­ақ, тереңірек ойланып, оны басқа өнер-білімімен, озық тарихымен там­сан­­дырған елдердің басындағы терең та­мырлы азаматтық дәстүрлердің даму кезеңдерімен салыстыра» отырып қарастырады. Осы ретте орыс халқының даму тарихындағы ең айрықша ұлы кезеңдер – Петр Біріншінің реформасы, 1842 жылғы соғыстағы орыстардың ұлы жеңісі, 1825 жылғы декабристер көтерілісі бұл халықтың бойындағы бұлықсыған ұлттық-сана сезімнің жылдам оянып, азаматтық-адамгершілік дәстүрлердің шұғыл дамуында ерекше рөл атқарғанын айта келіп: «Міне, орыс жұртындағы жалпы азаматтықтың үлгі-өнегесі мен тарихи формуласы осындай ұлан асу тарихи кезеңдерде, қиын-жағдайда қалыптасқан. Бір ғана декабристер көтерілісі – Россияның ең озық ойлы, алдыңғы қатарлы тамаша интеллигент ұлдарының азаматтық-адамгершілік әрі патриоттық ерліктерінің өзі неге тұрады! Егер 1825 жылғы декабристер көтерілісі болмаса 1917 жылғы Ұлы Октябрь революциясының болу-болмауы да екіталай еді ғой?!» – дейді Сағат.
Иә, себепсіз ешнәрсе жоқ. Біздің азамат­тыққа деген қарабайыр тым жеңіл түсінігіміздің, не нәрсеге де, қандай құ­былыс­қа да «белгілі нәрсе ғой» деп шынайы мән бермей, немқұрайлылық білдіруіміздің салдарынан өмірімізде орын алмайтындай кемшіліктерге кез болып, әсіресе рухани-әлеуметтік дамуымызда жөн-жосықсыз келеңсіздіктерге жол беріп отырғанымыз жасырын емес. Өйткені дер кезінде мән бермей, көз жұмып қараған жағдайларға қолдан мүмкіндік беріп, асқындырып отырған өзіміз кінәліміз. Осының бәрі бойымыздағы азаматтық жауапкершілік пен белсенділіктің төмендігін, тіпті аздығын көрсететінін айта келіп, сыншы «азаматтық күрес пен әрекеттен бойды мүлдем аулақ ұстауға итермелейтін тоғышарлық мінезден туған ымырашылдық позицияның өзі емес пе?!» – дейді. Шындығында солай. С. Әшімбаев кешегі кеңестік кезеңнің тоқырау жылдарындағы жағдайларды айтып отырғанымен, бұл әлеуметтік «ауру» –тоғышарлық пен немқұрайдылықтың бүгінгі күні де өміріміз бен қоғамды жайлап алғаны жасырын емес. «Тоғышарлық психология үстемдік алған жерде адамның ең басты қасиетінің бірі күрескерлік рухқа дақ түсіп, ол біртіндеп жаси береді» дейді сыншы. Расында да күрескерліктің жасуы немқұрайлылықтың жайлана орнығуына жол ашады. Шындық пен әділдік те мән-маңызын жоғалта бастайды. Тегінде шындық қайда болса, әділдік сонда екені ақиқат. Ал бұлар күрессіз келмейтіні тағы белгілі. Бүгінде біздің қоғамымызды шеңгелдеп шырмап алған сыбайлас жемқорлық көзіңді бақырайтып қойып, шындықты белден басып жүре беретін болды. Қайда барсаң да, қандай шындықты айтсаң да: «Ой, оны қайтесің, белгілі жәйт қой, айта бергеннен ештеңе шықпайды. Қазір бәрі солай!» деп немқұрайлылықпен қолды бір-ақ сілтеп, «аузыңды ашпа» дегендей айтқаныңа өзіңді кінәлі етіп қояды.
Рухани жұттың осындай көріністеріне қарсы күрестен қашудың нәтижесінде «жұт жеті ағайынды» дегендей жаман індеттің салалап, балалап көбейіп кетуіне жол ашылатынын дәлелдей отырып сыншы, тоғышарлықтың түрлерін жіліктеп көрсетіп береді: «Олар: көзқарастағы тайыздық, мінездегі өзімшілдік, дүниетанымдағы дүмшелік, сөздегі екіұштылық, ниеттегі арамдық пен ашкөзділік, көңілдегі көрсоқырлық пен пейілдегі тарлық, көкейдегі тойымсыздық, позициядағы самарқау бейтараптық, әрекеттегі жалтақтық, қарым-қатынас­тағы есеп пен пайдакүнемдік, принциптегі солқылдақтық, мақсат-мұраттағы жер бауырлаған ұсақтық, сенімдегі немқұрайдылық. Осының бәрі тоғышарлық «аурудың» басты-басты симптомдары. Сондықтан да бұларға қарсы күрес азаматтық жауапкершіліктің бірден-бір негізгі шарты болуға тиіс!».
Тоғышарлық індет адамзат өмірінде ежелден бар нәрсе. Оған қарсы күрес те әр кезеңде үздіксіз жүргізіліп келген. Адамзат ақыл-ойының ірі тұлғаларының еңбектерінде олардың осы бір келеңсіз құбылысқа қарсы қалай күрескенін және оның туу себептеріне тарихи тұрғыдан талдау жасай келіп, індетті құбылыстың кез келген кемелдікке ұмтылған қоғамның дамуына тигізетін кесапат кесірі мен әлеуметтік залалды зардаптарын ашып көрсеткенін сыншы А.И.Герцен, Г.В.Плеханов еңбектеріне жүгіне отырып сараптайды. Қоғам дамуындағы әлеуметтік қауіпті құбылыс – немқұрайдылық пен тоғышарлыққа қарсы күресті ХІХ ғасырдағы орыс жазушылары да өздерінің суреткерлік-азаматтық өмірлерінің ең жоғарғы мәні деп білген. Сол кезеңдегі орыс қоғамындағы тоғышарлық-обломовшылдықты батыл әшкерелеген И.А.Гончоровтың «Обломов» атты романы айрықша бағаланды. Ал А.П.Чехов пен А.М.Горькийдің орындары бұл тұрғыда тіпті өзгеше болыпты. «А.П.Чехов әңгімелеріндегі тоғышарлыққа қарсы бағытталған ерекше көркемдікпен берілген гуманистік-адамгершілік терең тенденция бұл жазушыны бүгінгі оқушыға да етене жақын – ет жақын етіп тұрған эстетикалық факторлардың бірі. Мәселен, оның «Равнодушие паралич души» деген керемет кең мағыналы сөзі бүкіл шығармаларына ортақ философиялық лейтмотив секілді», – дейді Сағат, бұл тұрғыдағы әңгімені зерделей келе.
Жалпы алғанда, адам өмірінің қай кезеңінде де өмірдің тасын өрге сүйреп, тауқыметін тартқан, қоғамдық дамудың прогресшіл қозғаушы күші бола білген тек қана тұлғалар, яғни ақиық азаматтар болғанын айта келіп, С.Әшімбаев қазақ тарихындағы осындай азаматтарды, халықтық масштабтағы әлеуметтік-адамгершілік іс-әрекеттерімен танылған, ұлт­тың рухани-мәдени дамуына ұлан-ғайыр үлес қосқан тарихи тұлғаларды атап өтіп, оларды алдағы уақытта әрбір жаңа ұрпаққа жаңаша насихаттап отырудың зор маңызы барын қадап ескертеді.
Аталған мақалада көтерілген мәселенің енді бірі кітап жайында. «Әркімге де өзі қызмет етіп жүрген саласының ыстық-суығы жақсы таныс. Сол себепті де рухани-интеллектуалдық саладағы кейбір көңіл көншітпейтін немқұрайлылықтың бірен-саран көріністеріне тоқталмақпыз», – деп бастаған С.Әшімбаев еліміздегі кітап шығару, оны тарату, жалпы кітаптың халыққа жетуі, оқылуы туралы ойларын ортаға салады. Бұл мәселе бізге де жақын болғандықтан көңіл қоя оқыдық. Автор кітаптардың ұзақ уақыт бойы шаңға сүрленіп дүкен сөрелерінде өтпей, кей үйлердің төріне жетпей жатқанын көріп қынжылады. «Бұл қалай? Неліктен өтпей жатыр? Тиражы көп пе? Әлде оқушы аз ба? Немесе оқуға, болмаса сатып алуға құлық жоқ па? Жоқ, бәрі де орынды, бәрі де өз орнымен екен, тек басты гәп басқада сияқты» дей келіп, біз сияқты ұлттық интеллигенциясы жаңа қалыптасып келе жатқан елдің кітап алуға келгенде тоқмейіл­сушілік мінез танытуы тым ерте де әрі тіпті орынсыз екеніне реніш білдіреді. Әсіресе, ел басқарып отырған көзі ашық деген жігіттердің дүние-жиһаз, машина алуға келгенде ешнәрседен айылын жимайтынын, ал кітап сатып алуға келгенде кежегелерінің кейін тартып қалатынын көргенде: «Өз халқының рухани мәдениеті – әдебиеті мен өнерін, тарихын білуге құлқы жоқ адамның ел басқаруға да құқы жоқ емес пе?!» дейді. Әрине, құптайтын пікір. Ал енді Қазақ совет энциклопедиясы томдарының өтпей жатқанын көргенде Сағат, тіпті шыдай алмайды. Қазақ халқының тарихында тұңғыш рет жарыққа шығып отырған жөні бөлек басылымға немқұрайды қарау деген барып тұрған көргенсіз көзқарас екеніне жаны ауырады. Кітаптардың өтпей жатуы олардың нашарлығынан емес, рухани асыл қазына алды – кітапқа деген көзқарастың нашарлығынан екенін айта келіп: «Мұның өзі біздің тұтастай алғанда азаматтық-адамгершілік болмысымызға шіркеу түсірерліктей үлкен сын болып отыр. Олай дейтініміз, кітаптың қадірін білмеу ұлттық мәдениетіңнің қайнар көзін қадірлемеу емес пе?!» – дейді ашына.
Кітапқа байланысты орын алып отырған осындай кемшіліктерді айта келіп, бұрынғы одақтас елдердегі кітап­қа деген көзқарастың озық дәстүрлерін үлгі етіп ұсынады. Балтық бойы, Кавказ елдеріндегі кітап сатып алудағы, оқудағы рухани интеллектуалдық ізденісті, ұлттық мәдениетке деген ерекше сүйіспеншілікті сүйсіне әңгімелейді және үйренетін тәжірибелер көп екенін айтады.
Сағат Әшімбаев кітапқа деген көзқарас әдебиетте тілге деген көзқараспен тікелей байланысты екенін көтереді. Өйткені әдебиет тіл арқылы жасалады да, ал тіл сол әдебиет арқылы дамып отырады. «Демек, әдебиетке деген сүйіспеншілік ана тіліне деген ұлы махаббатпен ұласып жатқан сабақтас ұғымдар. Ал екеуіне деген сүйіспеншілік азаматтықтың басты факторы болып саналады» – дейді ол. Сыншының тіліміз туралы өзін қазақпын деген адамның сай сүйегін сырқыратып тұрып сөйлеген жанайқайын талай естігенбіз. Ойшыл азаматтың «Тілге деген немқұрайлылық айналып келгенде, болашаққа деген немқұрайлылық», «азаматтықтың алғы шарты ана тіліңді сыйлау – ана сүтін ақтауға пара-пар парасатты ұғым, патриоттық парыз» деген сөздері қай уақытта да маңызын жоғалтпайтын құнды пікірлер.
Тіл мәселесі бүгінде өзекті, өткір күйін­де. Тәуелсіз мемлекет болғанымызға отыз жылдан асты. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланғанына да сонша уақыт. Бірақ тілдің халі сол мүшкіл күйінде. Жетім баланың жағдайын кешуде. Ұлт­тың, тілдің мәселесін айта-айта дауысы қарлығып қойды жұрт. Күдер үзіп, іштен тынды. Кешегі қаңтар оқиғасының бір себебі де осында жатқан сияқты көрінеді.
Ал кітаптың жағдайы дәл қазір мүлдем құлдырап кеткенін ашық айтпасақ болмайды. Егемен ел болғанымызға отыз жылдан асты. Кітап мәселесі сол құлдырау үстінде. Таралымы 50 мыңнан 500-ге бір-ақ түскен. Оның өзі оқылмайды. Кітап дүкендері мен дүңгіршектері сықасқан Ресейдің өздеріне керек емес басылымдары. Араларынан бір де бір қазақ кітабын таппайсыз. Ал ауылға осы тәуелсіздік жылдары кітап жеткізу сап тиылды. Кітап оқымайтын ұрпақ өсіп шықты. Кітаптың таралуы, оқылуы деген мәселелер ешкімді ойландырмайды. Аз таралымның (500-2000 дана) өзі өтпейді, оқырман қолына жетпейді. Елімізде бүгінде баспа көп. Сол баспалар ұйымдасып, кітап таратумен тұрақты айналысатын бір бірлестік ашатын уақыт келді. Бұл мәселелерді әлденше рет баспасөз беттерінде көтердік те. Ешкім құлақ аспады. Қарап отырсаң кітап мәселесі қараусыз, иесіз қалғандай. 2000-ыншы жылдың алғашқы кезеңінде белгілі баспагер, қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед Мәдениет және ақпарат министрі болып тұрған кезде бұл салада белгілі бір жүйе қалыптасып қалған болатын. Кітап таралымын да біртіндеп өсіріп келе жатқан. Айталық 2000-2001 жылдары баспадан шыққан әр кітаптың таралымы 1000 дана болса, 2002 жылы – 2000, 2003 жылы – 3000 данаға көтерілген болатын. Осы үрдіс жалғаса береді деген үмітте едік. Кітап ісінің білгір маманы М.Құл-Мұхаммед кейін басқа қызметке ауысып кеткен соң, әлгі үміт үзілді. Кітап ісі қожырап кетті. Таралым да сол алғашқы 500-1000 данаға жетер-жетпес халге қайта түсті. Тегінде қандай сала болмасын өз маманы басқарса өсу, өрлеу болатыны белгілі жәйт қой. М. Құл-Мұхаммед негізін қалап қалыптастырған «Атамұра» баспа корпорациясы бүгінде кітап шығару, тарату ісінде көш бастап, елімізді бұл салада үлкен танымалдыққа жеткізіп отыр. Еліміздегі баспалардың осы «Атамұра» баспа корпорациясынан үйренері көп қой деп ойлаймын.
Азаматтық туралы толғаныстарын С. Әшімбаев «Азаматтық позиция – айқындаушы күш» атты мақаласында одан ары тереңдете түседі. «…Көптеген ақын-жазушылар бойындағы азаматтық позицияның айқын еместігі, бұлдырлығы, тіпті қалыптаспағандығы мен жоқтығы салдарынан бүгінгі әдебиет дамуына елеулі нұқсан келіп, көптеген кедергілер туып отыр», – дейді Сағат аталмыш еңбегінде.
Жалпы, әдебиет дамуына ғылыми-техникалық, әлеуметтік-экономикалық прогрестің әсерінен гөрі шығармашылық соны жаңалықтар мен жаңашыл ізденістер сияқты көркемдік құбылыстардың соны серпін әкелетінін айтады. Осы тұрғыдан келгенде Абай поэзиясының туған әдебиетіміздегі азаматтық позиция­ның тарихи үлгісін көрсеткенін оның «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңін талдау арқылы дәлелдеп береді. Өлеңдегі «Жақсы менен жаманды айыр­май», «бас басына би болған», «бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ» деген сияқты ұлттық ұлы трагедияны айқара ашып көрсетуі азаматтық позицияның тамаша дәлелі еді. Осылай туған халқының басындағы керітартпа, келеңсіз психологияны шынайы бере білу – ақындық қана емес, үлкен азаматтықты, азаматтық позицияны танытатындығын айтады сыншы. Сол сияқты Абайдың «Сегіз аяғын» да осындай дәрежедегі дүние деп бағалайды. «Шіркін-ай, осы өлеңдердегі телегей-теңіз терең философиялық ойлардан бізге жарым-жартылай болса да қорытынды шығарғанның өзі неге тұрар еді?!» дейді Сағат.
Осы орайда С.Әшімбаев аз өмір сүрсе де «артына өлмейтұғын сөз қалдырған» сөйтсе де өкініштісі сол, аты аз айтылып, өзі де, шығармашылығы да көңіл төрінен орын ала алмай, лайықты бағаланбай, көлеңкеде қалып келе жатқан ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы тоқталады. «Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға» деген ақынның биік мақсатқа құлаш ұрған мағыналы тіршілігіне бір жағы сүйсіне, бір жағы таңғала әңгімелейді. Жап-жас жігіттің шығармашылығындағы жоғарыда айтып отырғандай, азамат­тық позиция алғы шарттарының бірі саналатын әлеуметтік мақсат пен мұрат биіктігі, адалдық пен әділдікке құштарлық, шындыққа сүйіспеншілік идеялары бүгінгі бізді ойландыратынына үндейді. «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам!». Өлеңдегі ақынның арман-мақсаты, ой-сезімі, бар жан-дүниесі айқын атойлап көрінеді. Алдына мұндай ұлы мақсат – халықтық мақсат қоя білудің өзі анадайдан айқұлақтанып тұрған азаматтық позиция ауқымының кеңдігіне қуана ризашылығын білдіреді. Мұндай мысалдарды ақын өлеңдерінен көптеп келтіріп, оларды азаматтық позицияның эталоны сияқты елестететінін айтады. Сонымен «Біз Сұлтанмахмұт Торайғыровты ХХ ғасырдың басындағы ең қиын кез – аласапыран тұста әдебиеттегі азаматтық позицияның тарихи тағылымы зор үздік үлгісін көрсеткені үшін де ұлттық ұлы тұлғаларымыздың бірі санауға тиіспіз», – деген түйінді ойын айтады сыншы. Автор осылай Абай мен Сұлтанмахмұт өлеңдерін азаматтық позиция тұрғысынан талдай келіп: «…екі ұлы тұлғаның ой жағынан рухани жақындығын, ең басты мәселе – ел бірлігі мәселесі сол кездің өзінде екеуінің де арқасына аяздай батып, жанын жегідей жегенін көрсетеді», – дейді.
Асылы әдебиеттегі шеберлік пен көркемдік мәселелерінің де тірелетін жері азаматтық позиция екен. Сөйтіп бұлардан шығатын қорытынды, шынайы азаматтық позиция жоқ жерде шынайы шеберлік болуы мүмкін еместігін түйіндейді. Яғни, азаматтық позицияға жете мән бермеу, оны жетілдірмеу, оған атүсті жеңіл қарау, оның қалыптасуы мен дамуы үшін жан аямай ізденбеудің ақыры ой дағдарысына әкелетінін айтады сыншы. Ал үздік көркем шығарма жазу – шексіз әлем – ой әлеміндегі жаңаша ойлау шеберлігінің жаңаша үлгісін көрсету деген сөз. Сонымен азаматтық позиция шығармашылықтағы ең шешуші фактор болумен бірге әдебиет дамуының да алғы шарты екен.
Осылай тұжырым жасай отырып С.Әшімбаев аталмыш мақаласында ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің айналасы жүз жыл ішінде әлемдегі ең ұлы әдебиет дәрежесіне көтерілуінің себебін талдап, таразылап, зерттеп, зерделей келіп: «Яғни бұрын-соңды ешбір елде және ешбір жерде кездеспеген ұлттық сезімнің жылдам оянып, азаматтық ой-сананың саналы түрде күрт дамуымен тікелей байланысты еді. Демек әдебиет дамуындағы шешуші факторлардың бірі ұлттық кемелденген сана-сезімнің құрамдас бөлігі азаматтық позиция деп есептейміз», – деген тұжырым жасайды. Сөйтіп, әдебиет­тің даму дәрежесі ұлттың ой-сезімінің даму дәрежесін көрсететіндігін, танытатындығын айтады. Бұл ретте Толстой, Чехов, Достоевскийлердің орыс әдебиеті ғана емес, әлемдік әдеби-көркем ойдың дамуын даңғыраған даңғыл жолға түсіргені ақиқат. Әлем әдебиетіндегі әртүрлі ағымдардың да түп негізі осы аталған алыптар шығармашылығында жатқаны көпке аян. Мифологиялық реализмнің түп-тамыры да Гогольден басталғаны айтылып жүр. Оның атақты «Өлі жандарын» алайықшы. Мұндай шығарма елін шын сүйген азамат жазушының қаламынан ғана туатындығын айтады автор. Шындығында, өз елінің тағдыры мен талайын жан-тәнімен ойлаған адамның ғана осындай шыншыл шығарма жазатындығына мойынсұнасың. Сондай-ақ ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Латын Америкасы елдері әдебиеттерінің де әлемдік деңгейге самғап көтерілуінің себептеріне үңіле отырып, сыншы оның өзіндік ерекшеліктеріне тоқталады. «Атап айтқанда, – дейді Сағат Әшімбаев, – Латын Америкасы әдебиеттеріндегі революциялық рух, суреткерлік белсенділік, әлеуметтік жауапкершілік, гуманистік көзқарас, парасатты дүниетаным, қысқасы, осының бәрі келіп шығатын азаматтық позиция оны көркемдік-эстетикалық дамудың ең биік орбитасына шырқатып шығарып жіберді». Сөйтіп бұл ел әдебиеттеріндегі жазушылардың Пабло Неруда, Алехо Карпентьер, Хулио Кортасар, Габриэль Гарсиа Маркес, т.б. шығармаларынсыз әлем әдебиетінің дамуын елестете алмайтынымызды айтады. Бұлардың қай-қайсысы да бұрын соңды болмаған жаңа көркемдік құбылыс жасап, шығармашылық биікке көтеріліп, әлем жұртшылығын мойындатқан тұлғалар. Латын Америкасы жазушыларынан төрт Нобель сыйлығының лауреаттары шығуы да жайдан жай болмаса керек.
Аталған ел жазушыларының шығармаларындағы әлеуметтік белсенділікті, азаматтық, қайраткерлік позицияны, патриоттық ой-сананы айта келіп, біздегі жаңалыққа деген енжарлық пен бейжайлыққа, тоқмейілсіген тоғышар психология­ның көріністеріне сын айтып, қынжыла отырып, сол тоқырау жылдарындағы (80-90 жылдар) әдебиетіміздің жай-күйін де сөз етеді. Жаңа ойы, тың жаңалығы жоқ, сезіміңнің толысуына, көзқарасыңның өсуіне, дүниетанымыңның тереңдеуіне пәлендей берері жоқ топырлап шығып жатқан роман, повестерді тілге тиек ете талдай отырып, сын тезіне салады. Сонымен нағыз әдебиет туындысы белгілі бір көркемдік, эстетикалық, философиялық заңдылықтардың негізінде, азаматтық үлкен ойдан, терең парасатты дүниетанымнан, әлеуметтік қажеттілікке жауап ретінде адамгершілік қажеттіліктен туатындығын түйіндейді. Яғни нағыз көркем шығарма – азаматтық позицияның көркемдік формаға айналуы екен.
Түйіп айтсақ, белгілі бір әдеби шығарманың идеялық және көркемдік дәрежесінің жоғары немесе төмендігі автордың азаматтық позициясы мен ойлау масштабының жоғары, не төмендіге тікелей байланысты екен.
Қорытындылай келгенде, көрнекті әдебиет сыншысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев Азаматтық сияқты қоғамдық-әлеуметтік әрі адамгершілік-философиялық мәні зор категорияны сөз ете отырып, осы бір қасиетті ұғымның қарапайым көпшілік байқай бермейтін қыры мен сырын жан-жақты ашып берген. Сөйтіп, азамат деген кім? Нағыз азамат пен жалған азаматтың айырмасы қандай? Осылардың ара-жігін ажыратып, нағыз азаматтықтың формуласын жасап берді. Бұл тұста Сағат сыншы ғана емес, ойшыл философ ретінде танылады. Қауым көңіл бөлмей жүрген көп нәрсеге жұрттың көзін жеткізеді. Азаматтың, азаматтықтың өмірдегі, қоғамдағы айырықша орынын белгілейтін адамгершілік сезімдер мен қасиеттердің молдығы сол жеке адамның ғана рухани құдірет күшін танытып қоймайды. Сонымен бірге сол өмір сүріп отырған ортаның, яғни сол қоғамның да орасан зор рухани-моральдық байлығы боп саналады екен.
Сөйтіп, қай заманда да өмірдің тасын өгіздей өрге сүйреп, елі үшін тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, халық пен қоғам дамуының ілгерішіл қозғаушы күші бола білген тек қана тұлғалар, шынайы азамат­тар, солардың азаматтық іс-әрекеттері екеніне көпті иландырады. Содан келіп азаматтық жоқ жерде азаматтық позиция да болмайтынын ұғындырады. Негізі азаматтық позиция дегеніміздің өзі сол тұлғаның қоғамдық-әлеуметтік бет-бейнесін танытатын, яғни елдік, ұлттық, адамгершілік үлкен мүдделерге қызмет ететін парасатты көзқарас екендігін баса айтады сыншы.
«Сондықтан да азаматтық формуласына жататын әлеуметтік аспектідегі адамгершілік, патриоттық, күрескерлік іс-әрекеттерге ұмтылу бүгінгі замандас тіршілігінің ең басты мұраты, әрі ең басты мәні болып табылады», – дейді С. Әшімбаев. Дәл уақытында айтылған құнды пікір. Иә, елін-жерін, халқының мүддесін ойлайтын нағыз азаматтар ғана Мемлекетіміздің болашағын жарқын ете алады. Жаңа Қазақстанды да сондай азаматтар жасайды.

Тұрлыбек МӘМЕСЕЙІТ,
жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір