Толеранттық үрдістерді тереңдету – парыз
28.05.2022
4166
0

Дін бағалы құндылық және даналық қайнары ретінде адамзат тарихымен бірге жасасып келеді. Еліміз өркендеуінде дін ерекше орын алатын тәуелсіз мемлекет ретінде танымал. Ұлттар мен ұлыстардың, дәстүрлі наным-сенім өкілдерінің өзара бірлігі мен ынтымағы салтанат құрған елдің ертеңі жарқын. Дінсіз, ділсіз, тіл мен менталитетсіз халықтың болашағы бұлыңғыр. Дін – ұлтты ұйыстыратын ықпалды күш.

Жалпы, мемлекеттік даму стра­тегиясында жас ұрпақ пен олардың тәрбиесіне баса назар аударылады. Жасөспірімдердің патриоттық, әлеуметтік мәртебесін көтеру және оларды рухани-өнегелік әдептер мен отбасылық құндылықтарға бейімдеп тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Адам баласының отбасында алған имандылық, патриоттық тәрбиесі жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғамдық нормалар мен дәстүрлерге қатысты түсінігін қалыптастыруға қызмет етуі шарт.
Бүгінгі Қазақстан – өз аумағында өмір сүріп, күн кешіп жатқан халықтардың тату көршілігі мен толерантты іс-қимылының және мәдениеттері мен діндерінің өзара ықпалдастығының, келісімінің бірден-бір үлгісі. Еліміздің Ата Заңына сәйкес, Қазақстан – әр азаматтың діни наным-сенім бостандығына қатысты құқығын құрметтейтін, дініне қарамастан азаматтар теңдігіне кепілдік беретін, мемлекет халқының рухани мұрасымен ұштасатын діндердің мәдени-тарихи құндылығын және конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің маңыздылығын мойындайтын демократиялық, зайырлы мемлекет. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысындағы конфессияаралық жағдайлар жоғарыда аталған Конституциялық нормаларға толығымен сай екендігі анық.
Өңірдегі конфессияаралық жағдайды тұрақтандыру, толеранттық үрдістерді тереңдету және конфессияаралық мәдениетті қалыптастыру және жетілдіру тәсілдерінің бірі – мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан ақпараттық-профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу болып отыр. Бұл орайда, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы жанындағы діни бірлестіктермен өзара қарым-қатынас кеңесінің және «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» іс-әрекеті үлкен рөл атқаруда.
Ресми деректерге жүгінсек, өңірде Әділет органдарында ресми түрде тіркелген жүзден астам діни бірлестік пен олардың филиалдары өздерінің діни қызметтерін жүзеге асыруда. Түрлі сараптамалық құрылымдардың мегаполисте жүргізілген әлеуметтік зерттеулері тұрғысынан алғанда, тұрғындардың дінге бет бұруы соңғы уақытта 65 пайыздан бастап, 90 пайыз аралығын қамтыған. Бұл көрсеткіш діни фактордың оңтүстік өңір жұртшылығы арасындағы маңызы мен діннің қоғамдағы ықпалы қаншалықты екенін айқындайтыны мәлім.
Осы орайда, Түркістан облысының дін саласындағы саясаты жалпы елдегі тәрізді, тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейді. Атап айтқанда, деструк­тивті діни ағымдарға қарсы жалпы профилактикалық шаралар ұйымдастыру, діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың алдын алу бойынша іс-қимыл кешенін жүзеге асыру, теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккен жеке тұлғалармен арнайы жұмыстар жүргізу, ақпараттық-әдістемелік құралдар әзірлеп, баспадан шығару, дәстүрлі діни құндылықтарды халық арасында насихаттау, қоғамдағы дін қатынастарын зерттеп, зерделеу – басты назарда. Сондай-ақ, қалалық, аудандық және облыстық ақпараттық түсіндірме топтары мүшелерінің біліктілігін көтеруге арналған форумдарға республикаға танымал дін, тарих саласы мамандарын, саясаттанушылар мен әлеуметтанушыларды жұмылдыра отырып тренингтер мен семинар-кеңестер өткізу дәстүрге айналған. Сонымен қатар, облыс көлеміндегі шалғай ауылдар мен елдімекен тұрғындарымен өткізілген кездесулерде ауылдағы жастар мен жасөспірімдерді облыстық ақпараттық-түсіндірме топтарының кездесулеріне қатыстыру мәселесі де жолға қойылған. Кездесулер барысында ата-аналарға, жастарға көмекші құрал ретінде дінтанушылар сараптамасы арқылы мақұлданған арнайы аудио-бейне өнімдер, діни экстремизмнің алдын алу мақсатында және кереғар діни ағымдардың қоғамға зияны жөнінде әр түрлі тақырыптар мен мазмұндар бойынша әдістемелік құралдар мен кітаптар таратылып, ақпараттық-насихаттық жұмыстар кеңінен жүргізіледі.
Адамзаттың асыл құндылықтары­ның бірі – Тәуелсіздік десек, оның маңызды шарты – этносаралық бірлік пен өзара келісім. Татулық пен ынтымақтастықты арттыруға атсалысу – парыз.

Жанар НҰРЛЫБЕК,
Түркістан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір