Қараңғы көшедегі шырақ
28.05.2022
610
0

Тұтқадағы дауыс алыстай берді…
Маңдайыма тамған жаң­бырдың алғашқы тамшысынан: «Күн өлді» – дедім.
Бұрын үлкендер ауыр жұмысты жоспарлаған кезде ертең жаңбыр жауса екен деп тілеуші едік. Тілегіміз қабыл болса көкке сеніммен қарайтынбыз. Бүгінгі жоспарым үзілгенде көзқарасымда күмән болды. Әрине, кез келген ауа райы­на қарамай өзіңді өлтіру мәселе емес. Керісінше, ол өлгенде күн аяз немесе аспан тесілгендей жаңбыр құйып тұрды деген естелікке жақсы ма деп ойлаймын. Айналып келгенде өз өміріңді қалай, қашан аяқтауыңды шешуге құқылы шығарсың.
Күздің екінші айы, тұла бойыңды жағымды жылытқан күн. Қатты ыстық та, суық та емес. Орталық саябақты аралап, «Хилтон» қонақ үйінің ең жоғарғы қабатына көтерілесің, терезедегі әдемі көрініс, осы күннің құрметіне ашылған шарап. Қабырғадағы колонкадан төгілген әуезді ән өлім туралы ойларыңды көркемдей түсетіндей, кеңістік пен уақыт үшеуін бір нүктеде тоғыстырады…
Бұл әңгіменің «Әйел жұпары» фильміне мүлде қатысы жоқ, жаңа осыны жазып отырып есіме түскені. Атмосферасы өте әдемі фильм. Бас кейіпкер, Хэм әкейдің: «Еркек не соғыста, не атылып өлу керек» деген сөзін ұстанатын сияқты, әрине, майдан көріп, сол жерде жанарынан айырылған адамда басқа қандай арман болсын? Сюжет барысында басқа да нәзік детальдарды көп байқайсың, оны сөзбен түсіндірген қызық емес.
Көше бойы­мен аққан суды кім қаттырақ шашады деп уәделескендей, жолдың шетіне тығылған адамдарға қарамастан, зулаған көліктер. Блюздың еденнен төбеге дейін созылған терезесінен көптеген қызықты нәрсені көруге болады. Көбінесе құлаққап тағып отырғанда кино көргендей күй кешетінмін. Бұл орталық көшелердің бірінде орналасқан, өнерге жақын, неше түрлі образдағы адамдардың келетін жері еді. Аптасына жеті күн, тәулік бойы істейтін кітап дүкеніне жапсарлас орналасқандықтан, гуманитарлық бағыттағы адамдар ғана паналайтын. Кейде түскі астан кейін кофе ішуге келетін қызметкерлер болмаса, алтыдан кейін тұрақты қонақтар ғана отырады.
Шатырдың шетінен тырс-тырс құлаған жауынның суы. Жаңбырдан кейін тазарған ауа, көшелер тыныштықта мүлгиді. Сапырылыс аяқталды. Адамдар да баяу. Тағы да шыдамдылық танытуға тура келеді. Ертең қарашаның бірі…
Өлгеннен кейін нирванаға кенелу үшін жоспарымды жақсы көретін мезгілімде жүзеге асыруым керек.
Блюздың есігі ашылған сайын елеңдеймін. Сыбырлап айтайын. «Өзіңді күнде өлтіру» деген тағы бір тәсіл бар. Бірақ оны қолданудың өзіндік шарттары бар. Ол үшін жалғыз болмау керек, әсіресе көпшілік жүретін жерде. Жынды деп ойлауы мүмкін, ал біздің қоғамда «маскүнем» деген айдар тағады ондайларға.
Әлі сағат төрт болатын. Қарсы бұрышта қоғам белсендісі атанған, 37-де оққа ұшқан ақынның немересі ноутпен жұмыс істеп отыр. Қазақша ойламайтындар ойын қорықпай, ашық айтатынын көп байқаймын. Бізден басқа отырған ешкім жоқ, бардың жанында кеңседе істейтін екі қыз кофелерін күтіп тұр. Студент кезімде Лениннің ескерткішінің жанындағы жиында болғам. Әлдекімдер айқайлап өлең оқыды, ән айтты, тілді насихаттады. Ол жылда болатын жиын еді. Формальды дүниелер. Кейіннен білдім. Зиялы деген сөздің мәні мен үшін галстукпен ғана шектелетін болу керек. Жалқаулығыма рақмет. Одан кейін олардың ешбірін көрмедім.
Кіреберісте тұрған газеттің жаңа сандарын сапырдым. «Мінсіз өлім» тақырыбы қатты қызықтырды. «Ар және әдебиет» газетінің бірінші бетінде жұқалтаң тартқан, жанары мейірімге толы кісінің суреті: «Көктемнің шуақ­ты күндерінің бірінде, әдебиетіміздің белді өкілі, ақын, сыншы… мезгілсіз ажал құшты. Ақынды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі жексенбі күні, Мәдениет және Өнер үйінде өтеді…» ары қарай артында қалған бала-шағасы мен туыстарына қайғыра көңіл айтамыз деген мәтінмен аяқталыпты. Тақырып мәтінге мүлде келмейтін сияқты. Әлде бір әріптен қате кетті ме?
– Аға, маған тағы бір кофе жасаңызшы.
– Екі шыны іштің, ендігісі артық болар. Шәй жасап берейін?
– Жақсы.
– Лимон, жалбыз қосайын ба?
– Артық болмайтын шығар. Жігіттер келіп жүр ме?
– Аптаның бір күнінде келмей қалулары мүмкін, былай кешке әдеттегі орындарында болады. Сен көрінбейсің.
– Мен бармын ғой, – «уақытша» дегенді ішімнен айттым.
Ағамен шай ішіп алған соң, жұмыс уақытының аяқталуын күттім. Мінсіз өлім қандай болады, ол үшін не істеу керек? Сонда менікі жай өлім бола ма? Осы бір ойлардан арыла алмай, арты-артынан темекі тартып отырғанда орыс баспасында істейтін кісілер кіріп келді. Бәрінің айтатын әңгімелері өлген кісінің төңірегінде: жақсы адам болатын, не жетпейді, ақылы сонша нәрсеге жеткенде қолындағы жалғыз өмірін сақтауға жетпеді ме? – деп, орындарына жайғасып жатты. Ішіндегі ең жасы тапсырыс беруге кетті. Жақсы бала, мектеп бітіре салысымен жұмысқа келді. Алғашында газет тарат­ты, корректор болды, енді бірер жылда жауапты хатшы болуы да ғажап емес. Өзі ішпесе де ағаларымен келіп тұрады. Себебі жұмыстан кейін «шәй ішу» – дәстүр. Әдетте орыс бөлімінде жұмыс орнында тамақ ішу деген атымен жоқ еді. Біздің редакцияда жұмыстан бөлек: түскі ас, бестің шәйі, тойдың сарқыты сияқты ырың-жырыңдар боп тұратын.
Кеш қарая бастады. Топ-тобымен кірген адамдардың көбін танымадым. Ағаларға сәлем беріп, құрдастарыма қарай жақындадым.
– Ағадан айрылдық. – деді, бәрінің көңілі түсіп кеткен. Марқұмның үйінен келе жатыр екен.
Бәрі жайғасып болған соң, үнсіз екі рюмка көтерілді. Біраз естеліктер айтты. Тағы да рюмка көтерілді. Үнсіз. Менің қызықсыз өмірімнің тағы бір жылы осылай басталды…
* * *
Сенбі күні кешке дейін қабырғаны зерттедім. Таңғы асқа омлет қуырдым. Бала кезде осыны шешем үйретіп еді. Неше түрлі тамақ істеп үйретсе де, оның жалғыз құпиясы оттың кондициясын дұрыс таңдау болатын. Тағы бір сөзі: «Тамақ махаббатпен піседі».
Қараша айы осындай сарында өтеді. Бұл – депрессия емес. Біздің халықта, әсіресе өз тілімізде ойлап, сөйлейтін адамдар ешқашан ондай нәрсеге ұшырамайды. Өз тілімізде деген сөздің астын сызу керек. Тағдырдың тауқыметін көргендер «уақыт емдейдіге» салып ұмытып кетеді. Бөлмеге қамалып, қоғамнан баз кешетін шетелдіктерді көргенде миығынан күлетіні де сондықтан. Таңғалу, сезім білдіру, жалпы эмоцияны сыртқа шығаруға келгенде аздап шорқақтаумыз. Бізге «кім не дейді?» деген маңызды.
Түстен кейін редакторға хабарластым. Бір аптадан кейін жұмысқа шығатынымды ескерттім. Қабырғада ілулі тұрған «Таксидегі еркекке» біраз қарап жаттым. Бұл картинаны әйелім екеуміз арбаттан алғанбыз, үйленгеніміздің алғашқы бақытты жылдары еді. Үйден кетіп бара жатқанда осы суретті ғана алдым. Ол аквариумдегі жалғыз балығымызды алды.
– Обалына қалып жүрмейік. Сен де тамақтануды ұмытпа. Киімдерімді жинап жүргенде алдағы өміріме нұсқаулық беріп, сосын әдеттегідей құшағыма кіріп мойнымнан иіскеп, шығатын уақыт болды, – деді.
Екеуміз есіктің алдына шығып екі жаққа жүре бердік.
Жақын араласатын драматург ағам қалада пәтер жалдап тұрған кезінде сабақтан кейін соғып тұратынмын. Ананы-мынаны әңгімелеген соң терезеге қарап: «ішетін күн екен бүгін» деуші еді. Сосын, жұпыны шапанын иығына іліп, «бұрышқа» қарай жол бастайтын. Қазір ол бұрыш жоқ. Синатраның әні, сары фильтрлі мальборо, қырау-қырау терезе, ол кездер Фицжеральдтің «джаз дәуіріне» ұқсайтын.
– «Мүйізтұмсық» деген пьесаны білесің бе? – деп бұрышқа кіріп, тапсырысымызды күтіп отырғанда кезекті әңгімесін бастады.
– Мүйізтұмсық деген не? – дедім, сұрағына сұрақпен жауап беріп.
– Жалғыз мүйізі бар, ой орысшасын ұмытып тұрғаным…
– Носорог па?
– Иә!
– Енді сөйтіп айтпайсың ба, мына сөзді бірінші рет естіп тұрмын, – деймін мен. Қалада өскен соң дым білмейді деп міңгірлеп жатып шылым тұтатты, мен әдеттегідей күлдім.
– Міне, сол «Носорог» пьесасының негізгі мәні екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Әлгі жан­уар ауылға кіріп, адамдар есін жиғанша жан-жағын жайпап, бәрін қиратады. Соғыс та солай оқыстан басталған жоқ па? – деді. Мен ойланып қалдым. Кез келген мәтіндегі автордың түпкі ойын зерттеуге, символдар мен образдардың мәнін түсіндіруге шебер еді. Сондай әңгімелерін сүйсініп тыңдайтынмын. Әсіресе тарих мұғалімі мен директордың әңгімесі кетпейді есімнен. Сол жердегі: ашық тұрған терезеден естілген балалардың шуы оқытушы мен директордың әңгімесіне кедергі келтіреді. Мұндағы кілт сөз – «тарих». Ондай әңгімелер бізде көп болды. Жатақхана терезесінен көзіңе түсетін, тіршілігі қайнап жатқан қаланың бір бұрышында айтылған сол әңгімелердің аяғы жоқ сияқты еді. Қазір сол кездерді ойлап отырып: «Біздің өтe бір жарлы, әрі өтe бір бақытты сoнау бір шағымыздағы Париж, мінe, oсындай бoлатын» деген сөз ойыма оралады. Жүрегіміз үмітке толы сол шақтар қандай аяулы еді.
Телефон екінші рет толғаған кезде барып ойлардың ортасынан шығып, экранға қарадым, белгісіз нөмір. Дыбысын өшіре салдым. Екі минут өтпей қайтадан сол нөмір жанды экраннан. Ақыры көтердім, ар жақтағы жас жігіттің дауысы жарқын естіледі.
– Сэм аға, дауысында біртүрлі сенімсіздік бар еді. – Сіз бе? – Сәмет деген шын атымды қолданыстан алып тастау үшін өзімше өзгертіп алғам.
– Иә.
– Әрең дегенде таптым ғой сізді. Мен баяғы студентіңізбін, сізге кофе әкеп беретін.
– Атың кім еді?
– Ақбаев Арман.
– Иә, енді таныдым.
– Сізге жолығайын деп едім.
– Қашан?
– Бүгін болса, тіпті жақсы. Сізді «Блюзға» іздеп келгем, нөміріңізді осы жерден таптым.
– Қандай шаруамен келдің?
– Шынымды айтсам, біраз жыл болды сізді іздегеніме. Жеке сөйлессек…
– Жақсы, тек кездесетін басқа жер тап.
– Онда қайта хабарласып мекен-жайды айтам.
Телефонды қойып, асықпай жиналдым. Жатақхана тұрғындары кешкі астың қамына кіріскен сияқты. Дәлізден әртүрлі қоспалардың, майға шыжғырған пияздың иісі шығады. Сағат алтыға таяп қалған екен. Менің де қарным ашты. Әдетте түскі ас пен таңғы астың біреуін ғана ішетінмін. Жұмыс істеп жүргенде таңертең су ішіп қана шығып кететінмін. Сол себепті күніне екі рет қана толық тамақтануға ағзам әбден үйреніп алған. Есікті бекітіп, далаға шығатын есікке беттедім. 201-бөлменің алдында балалар отыр екен. Түрлерінде бір үрей бар, тек ең кішкентайы бармағын аузына салып, ұйқысырап отыр.
– Хатидже, бірдеңе болды ма? Үйге кіре алмай отырған болар дедім.
– Әкеміздің кеткеніне көп күн болды, қайтып келмейтін сияқты.
– Жұмыста шығар, келмеймін деп өзі айтты ма?
– Анам кеше түнімен жылап шықты.
– Анаң қайда?
– Есікті ашпайды. Былғарымен қапталып, әрбір жерден мақтасы шыққан есікке қорқынышпен қарады. Мен телефонды алып үлгергенше, форма киген екі қызметкер келді. Айтулары бойынша қарсыдағы көрші хабарласқан, балалардың отырғанына біраз болыпты. Менен жақсы араласасың ба деп сұрады. Үлкен қызы бір-екі рет тұз сұрағаны болмаса, әке-шешесін танымайтынымды айттым.
– Әкелері адасқан топқа қосылып, шетел ауыпты. Сөйлеп тұрып балаларға көз тастады. Олардың жанарында тұрып қалған сұраққа не айтам деп басы қатып, жандүниесінде арпалыс жүріп жатқандай. Хатиджеге, оның қолында отырған інісіне, олардың қасындағы үш балаға қарадым. Біз тұрған дәліз белгісіз кеңістікке ауысып, өкпем тарылып, ауа ауырлағандай болды. Телефонмен сөйлескендей болып, асығыс баспалдақпен түсіп кеттім. Кеш үйіріліп, есіктің алдына адам қарасы көбейе бастапты. Жедел жәрдем, басқа да орталықтардың көліктері тұр. Бес баланың жанарындағы күмәнді ешқандай құдай сейілте алмайды енді…

* * *
Қараша. Сырт киімнің саңылауынан жүгірген суық жел. Пальтомның жағасын көтеріп, жан-жағымнан өткен адамдардың асыққанына қарап қызықтым. Олардың әр минуты санаулы сияқты. Олар бір жаққа асығады, оларды біреу күтеді, түптің түбінде жолдары қандай да бір нәтижемен аяқталады. Менің жолымның аяғында тек қана бос кеңістік немесе мүлдем қараңғылық тұрған сияқты. Өнер атаулыға қызығып, оқыған мәтін, көрген суреттердің мәнін түсіну үшін қатты ойланатынмын. Миымды қанша қинап, өзімді қанша мықшындасам да нәтиже шықпайтын. Ол кездері мен де асыққан болуым керек. Әсіресе «Қара шаршының» мәнін білгім келіп көп қиналдым. Сәтсіз. Кәдімгі қара шаршы, басқа түк те жоқ. Одан кейін екі-үш айдай өткен. Ұйқысыз түндердің бірінде «Қара шаршыға» қарап жатып өткен өмірімді көрдім. Бүгінгі күнге дейін сүрген өмір өзімдікі еместей қара шаршының ішінен өзімді танымадым. Осындай сәттерде қаланың қараңғы көшелеріндегі шырақтарға ұқсайтын естеліктер өміріңе сәуле түсіретін сияқты.
Жоспарланған кез­десу ұзаққа созылмады. Британдық стильде жасалған бардың жайлы орындығында айтылған әңгіменің көбі есімде қалмапты. «Түс көрмейтін адам» деген тақырыбы бар романның қолжазбасын ары аударып, бері аударып, бір аптадан кейін хабарласатынымды айттым. Тақырыбы қанша қызықтырғанымен бас салып оқуға құштарым болмады. Сосын аздап шарап ішілді.
Ескі үйдің жанынан өткенде «кіріп шығу» деген ойдың қалай пайда болғанын білмеймін. Кілтті екі рет бұрадым. Бұрынғы «иіс». Қайтып келіп, күтіп жүрген шығар дедім, ешкім жоқ. Ортаңғы бөлмедегі кітап оқитын креслома отырдым. Үстелде ашық қалған соңғы кітапты қолыма алдым. Оқып отырып ұйықтап кетіппін. Түсімде оны тағы көрдім. Әдемі береткасын сәл ғана қисайтып киіп алған, жолдың арғы бетіндегі аялдамадан қолын бұлғайды. Сосын аялдамадағы автобусқа бір, маған бір қарап, көзінен ыршып түскен жасты сүртіп, жымиды да, автобусқа қарай жүгіріп кетті. Ернінен «ертең келемін» деген сөзді оқығандай қуанып, барлығы өңімде болғандай, оянғанда тағы бір үміттің оты жарқ етті. Көзімді ашсам ала көлеңке бөлмеде отырмын. Жаңағы көрген түсімнің ізі де жоқ. Тек аквариумдегі судың бетінде қалқыған өлі балық, өлі тыныштық және мен…

Санжар Бекжанов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір